Рақмет, Рамазан!

79
0
Бөлісу:

Міне, отыз күн Ораза да өте шықты. Биылғы Рамазанның реті бөлек. Күн қатты ысымады. Ауыз бекіткен ағайын­ның Аллаға деген ықыласы да бөлек болды. Мешіттерге баратын мыңдаған адамдар имандылыққа бет бұрған жұрт­тың көбейгенін, жақсылық жасауға асық­қандардың амалы арт­қанын көрсетті.

Мұны Ақтөбедегі Нұрдәулет ме­шітіне бас сұққан жамағаттың ниет­терінен байқадым.
Қасиетті айда қазақтың қадірін арттырған шаруаларды қолға алып, елдің алғысына бөленген мешіттің басы-қасында жүрген көреген қария, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері Мақсат Байжарқынов ағамыздың жақ­сылығын жұрт жыл он екі ай аузынан тастамайды. Жаны жомарт, жүрегі таза ақсақал балаларымен бірге Рамазан айында Нұрдәулет мешіті мен Қазақ деп аталатын асханада көптеген игі шара­ларды іске асырды. Айталық аймақтың айтулы имамдарын жинап, барлығы 100 адамға Дәстүр салтанат үйінде ауызашар ұйымдастырды.
Мешітке бас сұққан ақтөбелік аза­маттар мен қонақтарға жүздеген құты­дағы су мен арнаулы ыдысқа салынған құрма, 200 дана нан тегін үлестірілді.
Қазақ асханасында Ораза ұстаған және өзге де студенттер үшін тегін ас беріліп, ол санмен айтқанда 5713 порцияны құрады. 168 қорап құрма мен құтыдағы су таратылды.
– Алға, Зайсандағы балалар үйіне, Қарттар мен мүгедектер үйіне, Үміт балалар үйіне 550 мың теңге аударылды. Мешітке намазға келген азаматтар да құр қалмай, 80 қорап құрма әкелген. Барлығы жұртшылыққа таратылды.
Бәрі де Алла ризашылығы үшін жасалды. Бұл Рамазан айындағы ғана жасаған жақсылығымыз. Негізі ме­кемелер мен жекелеген азаматтарға жыл бойына түрлі көмек береміз, – дейді жақсылыққа жаны құштар азамат Ербол Байжарқынов.
1999 жылы маусымда хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың туылған күні және Ақтөбе қаласының 130 жылдық торқалы тойы қарсаңында пайдалануға берілген Нұрдәулет меші­тінің өз тарихы бар. Алла үйі ашылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осында арнайы келген.
Бұл ғимарат қазір Ақтөбедегі әдемі сәулет өнері қатарында. Қала орталы­ғындағы Нұрдәулеттің нұры баршаның жандүниесіне жылу сыйлап тұр. Рамазан айына рахмет айтқан жұрт жаны жады­рап қайтады.

Ирина Қосмағамбетова

Бөлісу:

Пікір жазу


*