Жинақы Үкіметке жақындай түстік

373
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға берудің құқықтық негізін түзетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде «жинақы» Үкіметті құруға бағытталған.

«Кейбір заңнамалық актілерге мем­лекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азамат­тардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді, мемле­кет­ке тән емес функцияларды жойып, оларды бәсекелі ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға тапсыруды көздейді.
Жаңа заң жобасының маңыздылығын атап өткен Мәжіліс төрағасы оның «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыру бойынша базалық құжат болып табылатынын еске салды.
–Біз Елбасымыздың Ұлт жоспарын орындау жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Президентіміз айтқандай, еліміздің дамуы – бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруді талап етеді. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың уақытын үнемдеп, жұмыс сапасын күшейту. Осы орайда бүгін мақұлданған заң жоба­сының орны да ерекше, рөлі де өте зор, – деді спикер.
Н.Нығматулиннің айтуынша, аталған заң жобасы мемлекеттік органдар қызмет-функцияларын жеке секторға тапсырудың нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Осының арқасында бұған дейін осы бағытта орын алып келген жүйесіздік жойылады. Беру туралы шешім тапсырылатын функ­цияларға терең талдау жасау және ашық талқыға салу, сондай-ақ нарық субъекті­лерінің осы функцияларды атқаруға дайын­дығын бағалау негізінде қабылданады екен. Бұл ретте құжатта сапасыз жүзеге асырылған жағдайда функцияларды кері қайтарып алу да қарастырылған көрінеді.
– Сарапшылардың қорытындысы бойынша мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру мәселелері жөніндегі заң мен өзін-өзі реттеу туралы заң Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың өздеріне тән емес немесе шектен тыс функ­цияларын қысқарту жөніндегі тапсыр­ма­ларын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық негізді жеткілікті дәрежеде түзеді. Бұл бірін­ші кезекте, Елбасының Ұлт жоспарында қойылған міндеттерін табысты орындау үшін керек,– деді Нұрлан Нығматулин.
Құжат қолданыстағы 3 кодексті және 4 заңды өзгертеді. Атап айтқанда, азаматтардың көрсетілетін медициналық көмек сапасына қаншалықты көңілдері толатынын анықтау бойынша функцияларды үкіметтік емес ұйымдарға беру ұсынылады (қазір ол жұмысты Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық ұйымы жүзеге асыруда). Бұл норманың енгізілуін қолдаған Мәжіліс басшысы ҮЕҰ-лардың жәрдемдесуі ден­саулық сақтау саласындағы әсіресе, штаттан тыс, оқыс жағдайларға жедел ден қоюға көмектесетіні туралы пікірін білдірді.
Депутаттар заң жобасын пысықтау барысында одан экологиялық аудит сала­сында өзін-өзі реттеуді енгізуді қарастыратын және бірыңғай «Экологиялық аудиторлық ұйымдардың ұлттық палатасын» құрып, барлық экологиялық аудиторлық ұйымдарды оған мүше болуға міндеттейтін ережелерді алып тастады. Өйткені депутаттар ұста­нымынша, бұл қадам уақыт талабына және мақсатқа сай емес, оның үстіне шаруашылық және өзге де қызметтердің І санаты үшін экологиялық аудит жүргізу қызметтің тәуекелі жоғары түрі және халықтың өмірі мен денсаулығы соның нәтижелеріне тәуелді. Демек, оған мем­лекеттің жауапкершілігін жойып, халық тағдырын жекеменшік секторға табыстау орынсыз.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­меновтің айтуынша, 2016 жылы жүргізілген талдау негізгі проблеманы – мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға берудің өлшемшарт-критерийлерінің жоқ екенін және оның жүйесіз сипатта жүріп жатқанын әшкерелеген.
Осыған байланысты, заң жобасында «мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелі ортаға берудің мақсаттары, қағи­даттары және тәсілдері», «функцияларды іріктеу мен берудің өлшемшарттары, ал­горитмі», «функциялардың іске асырылу сапасының мониторингі және сапасыз іске асырылған жағдайда оларды қайтару тетігі», «Үкіметтің және мемлекеттік органдардың өкілеттіктері, «Атамекен» ҰКП рөлі», «функцияларды орындаушылардың құқық­тары мен міндеттері», сондай-ақ «Үкіметтің жанында арнайы құрылған Комиссияның функциялары» айқындалады.
Бірқатар функцияларды жеке қолына беру мәселесі ешқашан қаралмайды. Бұларға «ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті, қор­ғанысты, қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған және басқа да функциялар» кіреді.
«Заң жобасында біз мемлекеттік орган­дарға мониторинг жүргізу және бағалау бойынша тиісті өкілеттіктер бердік. Сөйтіп, мем­лекеттік органдар тарапынан бұрын берілген функцияларын қадағалаудың болмауына қатысты мәселе өз шешімін тапты. Енді мониторинг нәтижесі жағдайдың қанағат­танғысыз екенін көрсетсе, функ­цияны қайтарып алу туралы мәселе Комиссияға шығарылады және функция заңнамалық түрде мемлекеттік органға кері қайтарылады» деді Тимур Сүлейменов.
Оның байламынша, бұл жаңарулар қоғам алдындағы міндеттемелерін сапалы орындауға жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын билік пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Осы отырыста депутаттар Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) арасындағы «ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын құптап, Сенатқа ұзатты. Келісімде «Қа­зақстан – ФАО» әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгіленген. Бұлар – «тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және экологиялық жағынан таза тағам өнімдерін өндіру», «ветеринария және мал шаруашылығы, жайылымдарды және фитосанитарияны басқару», «табиғи ресурстарды орнықты басқару (су, жер және орман ресурстарын басқару)», «балық аулау және аквадақыл», «ауыл шаруашылығы статистикасы, деректерді жинау және оларды өңдеу үшін ақпараттық технологиялар».
Жалпы отырыста Мәжіліс «Стандарттау туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, сондай-ақ «Білім туралы» заңына түзетулерді екінші оқылымда мақұлдап, Жоғарғы палатаға жіберді.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық мемлекеттік органдар басшылары атына депутаттық сауалдар жолдады. Мәселен, Н.Жұмаділдаева және бір топ нұротандық депутат Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қайырылып, түлектерді ҰБТ өткізу пунктеріне апаруға мұғалімдерді міндеттемеуді сұрады.
«ҰБТ тапсыру кезінде түлектер аттестат­тарын қолдарына алады және бұдан былай мектепте есепте тұрмайды. Алайда заңды қарым-қатынастары тоқтатылғанымен, мектеп өз түлегі үшін ары қарай жауап­кершілік арқалауын жалғастырады. Ендеше талапкерлерді ЖОО-ға түсу емтихандары тапсырылатын пунктерге алып бару міндеті мұғалімдерге жүктелмеуге тиіс» дейді депутат.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі
М.Пшембаев Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке жүгініп, жер қойнауын пайдаланушылармен келісім­шарты бойынша жеткізілген тауарлар үшін ақы төлеу мерзіміне қатысты мәселе көтерді.
Нұротандық депутат С.Бычкова да Премьер-министр Б.Сағынтаевқа сауал жолдап, онда қылмыс үшін жазаны қоғамдық жұмыстармен ауыстыру мәселелерін қаузады. «Нақты артықшылықтарының барлығына қарамастан, оны қолдануды құқықтық реттеу және тәжірибе бірқатар проблемалармен ұштасады»деген ол қоғамдық жұмыстар түрлерінің шектеулі екеніне және көше тазалаумен шектелетініне назар аудартты.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*