Жаңа жәрдемақыны 14 мың отбасы алады

172
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен кешегі жалпы отырыста Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда мақұлдады. Құжаттың негізгі жаңалығы сол, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, яғни екі аптадан соң, Қазақстанда жаңа жәрдемақы пайда болады.

Бұл жәрдемақы 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедекке бала кезінен күтім жасайтын адамдарға төленбек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа жәр­дем­ақыны еліміз бойынша шамамен 14 мыңдай отбасы алатын болады. Ал жәр­дем­ақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшеріне тең немесе
29 699 теңгені құрайды. Жәрдемақы өмір-бойға тағайындалады, бұл ретте бірінші топтағы мүгедекке күтім жасаған жылдар күтуші азаматқа зейнетке шыққанда еңбек өтілі ретінде есептеледі.
Бұдан бөлек, министрлік бала кезден бірінші топтағы мүгедектерге берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының көлемі қазіргі кезде 54 306 теңге екенін еске салады. Бұған қосымша, бірінші топтағы мүгедектер «жеке оңалту бағдар­ламалары» негізінде медициналық-әлеу­меттік көрсеткіштерге сәйкес қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілуде екен.
Сондай-ақ ведомствоның хабарлауын­ша, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ту­ралы» қолданыстағы заңға енгізілетін тү­зетулер әлеуметтік қызмет көрсетуге тек мемлекеттің ғана емес, сонымен бірге аза­маттардың өздерінің, отбасы мүшеле­рінің, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар­дың бірдей қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе, кәсіпкерлердің қатысуын кеңейту арқылы көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етуге тиіс көрінеді.
Сондай-ақ «Әлеуметтік қызметтер порталын» құру жоспарланып отыр. Ол арнайы әлеуметтік қызметті алушылар және оларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы дербес ақпараттан құралады. Портал қызметін тұтынушылар санының табиғи өсіміне және кемуіне, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін мамандар құрамының өзге­руіне қарай жүйелі түрде өзектілендіріліп отырмақ.
Мұның сыртында осы заң жобасы арқылы қолданыстағы «Мемлекеттік атау­лы әлеуметтік көмек туралы» заңына түзе­тулер енгізіледі, олар бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шара­ларының мерзімдері өзгерген жағдайда әлеуметтік келісімшарттың мерзімі де ұзартылады. Бұл әлеуметтік келісімшарт мерзімін ұзартуға рұқсат етілетін объек­тивті жағдайларды белгілеуге мүмкіндік береді, соның арқасында аз қамтылған азаматтардың келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындауының тиімділігін арттырады.
Бұған қоса, құжатта «әскери қызметтен босатылған адамдарға әскери тіркеуге алынатын жерге немесе Қазақстан аума­ғын­дағы өзі тұруды таңдаған жеріне темір­жол, автомобиль және ішкі су көлігімен мемлекеттің есебінен жету құқығын беру», «Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бірінші кезекте әлеуметтік қызмет көр­сету», «арнаулы меморгандардың қызмет­кері болған зейнеткерлерді жерлеу үшін біржолғы төлем көлемін нақтылау», «Қа­рулы Күштердің Жоғарғы қолбас­шы­лығының президенттік резерві» ұғы­мын енгізу және оны қалыптастырудың құ­қықтық тәртібін айқындау» жөніндегі түзетулер бар.
Сенаторлар осы отырыста Қазақстан­ның кейбір конституциялық заңдарына енгізілетін түзетулер қаралды. Құжат сайлау тетіктерін жетілдіруге, оның ішінде жаңа институттар енгізу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы жетілдіруге арналған.
Заң жобасы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңына түзету енгізеді, оған сәйкес, мемлекеттік Ел­таңбада «Қазақстан» жазуы енді Qazaqstan болып, латын әріптерімен жазылады.
Талқылау барысында заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Онда қолданыстағы лауазымға сайлау және лауазымнан босатудың қолданыстағы тәртібін сақтау мақсатында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін төте сайлау енгізуге қатысты ережелерді алып тастау көзделіп отыр.
Отырыста «Кейбір заңнамалық актілерге сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Ол бойынша қолданыстағы Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулер сайлаушылар мен сайлау комиссия­ларының мүшелерін жергілікті бюджет қаржысы есебінен оқыту мүмкіндігін береді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*