Түрікмен елшісін қабылдады

160
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмековпен кездесті. Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова еліміздің ішкі саясатындағы маңызды бағыттарға назар аударды.

Бүгінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы іске асырылып жатыр. Қазақстан жаңа әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылуды мақсат тұтады. Әлеуметтік жауапты мемлекет құруға бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік баста­масы» жобасы орындалуда.
Гүлшара Әбдіқалықова кең ауқымды бағыттар бойынша жоғары деңгейдегі өзара сенімге негізделген сындарлы саяси диалогтың арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып, ынтымақтастық стратегиялық мәрте­беге ие болғанын айтты.
– Түрікменстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы тек тату көрші мен сенімді серіктес қана емес, бауырлас мемлекет. Біздің елдерді ортақ мәдениет, шынайы достық пен өзара іс-қимыл байланыстырады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан түрлі көпжақты басқосулар, БҰҰ, ТМД, ИЫҰ және басқа да ұйымдар аясында ынтымақтасып келеді. Парла­мен­та­ралық және ведомствоаралық бай­ла­ныс­тар нығаюда. Өңіраралық бай­ла­ныс­тардың өрісі кеңеюде. Эко­­­но­­­­­­­ми­калық ынтымақтастық жөнін­дегі үкіметаралық комиссия жұмысы жолға қойылған.
– Халықаралық Аралды құтқару қоры өңірлік өзара іс-қимылдың маңызды алаңы болып қала береді, – деді Мемлекеттік хатшы.
Қазақстан мен Түрікменстанда әлемдік, сондай-ақ өңірлік державалар игеруге және жеткізуге мүдделі болып отырған көмірсутек ресурстарының елеулі қоры бар. Екі елдің көлік-транзит әлеуеті де орасан зор. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 99,3 миллион доллар болды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Түрікменс­танның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Т.Көмековке өзара қарым-қатынасты тату көршілік пен стратегиялық серіктестік рухында одан әрі ілгерілету жолында мол табыс тіледі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*