20 жылдыққа – 20 нысан

50
0
Бөлісу:

Оңтүстік Қазақстан облысында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы басталды. Айтулы мереке қарсаңында өңірде 20 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар ашылмақ.

Олардың қатарында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймақта орналасқан «Шымкент Темір» ЖШС-ның болат құю зауыты іске қосылады деп күтілуде. Жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын кәсіпорынның жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қуаттылығы жетеді. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар Шымкентте ұлттық теннис орталығы, зообақтың «Сафари» бөлігі мен Астана даңғылының бойында гүлзардың да ашылу рәсімі өтеді. Бұдан басқа мерейтой қарсаңында ел игілігі үшін облыс аума­ғында 4 балабақша, Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік тұрғын үй мен Төле би ауданында 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй, ал Бәйдібек ауданында 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілмек.
Түркістан қаласында «Яссы құс» шаруа қожалығының екінші кезеңі, сыйымдылығы 200 тонна болатын кө­көніс және жеміс-жидек сақтайтын сервистік орталық ашылады. Сондай-ақ 200 орынды мәдениет үйі мен 600 орынды мектеп, 60 балаға арналған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагері және спорт нысандары мен демалыс орындар ел игілігіне тапсырылады.
Акция жариялана салысымен ару Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкентте «Қошқар ата» демалыс аймағының лентасы қиылды. Яғни, абаттандыру жұмыстары жүргі­зілген Қошқар ата өзенінің жағалауы пайдалануға берілді. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шымкенттіктерді жаңа демалыс айма­ғының ашылуымен құттықтап, болашақта жүзеге асатын жобалармен таныстырды.
– Шаһардың шырайын аша түсетін Қошқар ата жағалауы – қала тұрғын­дарының сүйікті орнына айналып, мүл­дем жаңа кейіпке енетін болады. Өйткені алдағы уақытта Қошқар ата өзені бойында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, Қарасу және Қошқар ата өзендерінің бойы толық абаттан­дырылады. Жалпы, «Ескі қала» жобасы бойынша Қошқар ата өзенінің жағалауы демалыс және қорғау аймағы болып қарастырылған ,– деді өңір басшысы.
Жаңа келбетке енген жағалаудың ашылу рәсіміне келген қонақтар, демалыс аймағының келбетін көріп, қызыға тама­шалады. Қазір онда жарықшам мен орындықтар, ротондар орнатылып, түрлі ағаштар егілген. Бүгінгі таңда демалыс аймағын толық аяқтау үшін мемлекет мұқтажына алынатын тұрғын үйлер мен жер телімдеріне өтемақы төлеу үшін қар­жы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Шымшаһардағы зообақта «Африка» аймағы да ашылды. Жаңадан ашылған нысанды аралап көрген аймақ басшысы мегаполис атанған қала үшін бұл үлкен сый екенін айтты. Республикада жалпы, 3 зообақ болса, соның бірі – Шымкентте. Осы нысанды жаңғырту мақсатында былтыр зообақта қайта құру жұмыстары басталған болатын. «Мердігерлер өзіне тапсырылған міндетті орындап, жұмысты жоспар бойынша аяқтап отыр. Біздің бақтың өзге зообақтардан ерекшелігі қайта құрудан соң пайдалануға берілген «Африка» контингентіндегі павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Мереке немесе демалыс күндерінде зообаққа келетін тұрғындар саны аз емес. Енді бүгінгі «Африка» аймағы ашылған соң қыдырушылар саны бұрынғыдан да көбейеді деп сенеміз!» деді Жансейіт Қансейітұлы салтанатты шарада.
Сондай-ақ өңір басшысы елорда­­­мыз – Астана қаласының 20 жылдығына Шымкент қаласының миллион тұрғыны атынан, Астана қаласына жануардың 20 түрін сыйға тартатынын атап өтті. Бас қалаға Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.
Айта кетейік, 1980 жылы сирек кез­десетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында құрылған Шымкент зооба­ғында 75 түрлі аң болса, қазір оның саны 249 түрлі 2 565 жануарға жеткен.

Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз