Музыкалық терминдер бір ізге түсуі тиіс

835
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Білім және ғылым үдерісіндегі музыкалық терминология мәселелері» атты ғылыми семинар өтті.

Алқалы жиында музыкалық терминология мәселелерін зерде­леу, латын әліпбиіне көшу бары­сында әлемдік деңгейде тұрақ­талған музыкалық терминдерді қолдану, мазмұндық ерекшелікте­ріне сай аудару немесе сол қал­пында қалдыру мәселелері тал­қыланды.
Мекеме директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов қазіргі таңда латын әліпбиі оң­тайлы шешімін тапқанымен, тер­миндердің аударылуы төңірегіндегі пікірталас екіге айырылып отыр­ғанын жеткізді.
– Бірінші жақ халықаралық терминдерді аудару қажет деп санаса, екіншісі түпнұсқа түрінде қолдану қажет деген көзқарасты ұстанады. Күнделікті өмірде кезде­сетін кірме сөздердің қайсысын аудару қажет немесе түпнұсқасын сақтау керек деген мәселе бүкіл салада талқыланып жатыр. Сол сияқты өзіміз күнделікті естіп жүрген, музыкаға қатысты сөздер­ді де сұрыптайтын уақыт келді. Кейбір музыкалық терминдер құ­лаққа сіңіп кеткендігі сонша­лықты, ешқайсымыз оларды басқа тілден енген термин ретінде қа­был­дамаймыз. Мәселен, «музыка, баритон, оркестр» сөзі – ежелгі грек тіліне; вокал, композитор, клар­нет сөзі – латын тіліне; вио­лончель, пианино, нота – италиян тіліне; валторна, клавиатура,
туш – неміс тіліне; вальс, балет, гобой – француз тіліне; романс, танго, фламенко – испан тіліне; фольклор, поп-музыка, хит – ағылшын тіліне тиесілі.
Дегенмен бұл музыкалық тер­мин­дерді бүкіл халық біледі, тү­сінеді, ендеше тәржімалаудың қажеті бар ма? Оның үстіне, латын әліпбиіне көшетін болсақ, бұл сөздер түпнұсқа күйінде жазылуы тиіс.
Музыкалық білім және ғылым үдерісінде терминдердің тұрақтал­маған аудармалары өздігінше іске асқаны да байқалады. Мәселен, «үндестік» сөзі «гармония» терми­ніне қолданылса, кейде «тональ­ностьке» байланысты пайдала­нады. Мұндай алақұлалық келе­шек ұрпақты шатастырып, білім­сіздік пен сауатсыздыққа әкелуі мүмкін, – деді.
Әдебиет және өнер институты Музыкатану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, профессор Сара Күзембай «Ұлт рухын жаңғырту жолында қазақ әндері мен күй­лерінің орны өте маңызды. Себебі, ілкі заманнан сақталған асыл мұрамызда халық даналығынан туған керемет шығармалар бар. Бесік жырларынан басқа бала уату, жұмбақ саусақ, жұмбақ өлең, төл­дер еркесі, жаңылтпаш, ертегі, әліп-би сияқты өлеңдер қазақ мә­де­­ниетіндегі қалыптасқан термин­дердің негізін құрайды» деп атап өтті.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек аталған мәселелер ескеріліп, ұлттық терминологияны қалыптастыру үшін «Салалық терминологиялық секцияларды құру керек» деген ұсыныс көтерді. Өйткені осы уақытқа дейін ұлттық терминология нақты жүйелен­беген. Әр сала өз бетінше жұмыс істегеннен гөрі ІD технологияларға сүйеніп, арнайы портал ашып, бекітілген терминдік сөздердің ортақ базасын жасау жұмыстарын қолға алу қажет.
– 120-дан астам салалық тер­минологиялық секцияларды Ұлт­тық ғылым академиясының жүйе­сімен жүзеге асырсақ деген ұсы­нысым бар. Негізгі жауапты ұйым­дар ретінде ғылыми-зерттеу инс­титуттары тағайындалса дейміз. Мәселен, музыкатану терминде­ріне М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жауапты болады. Басқа өнер түрлері бойын­ша Қазақ ғылыми-зерттеу мәде­ниет институты атсалысуы керек. Өнер секциясында бүкіл респуб­лика бойынша оқу орындары – консерватория, өнер академиясы, арнайы мамандандырылған мек­тептер мен колледждер, компо­зи­торлар одағы қосылып, жұмыс істеуі керек. Атқарылған шаруалар порталда көрініс тауып, кез келген тұтынушы ой-пікірін жолдай ала­тандай болса, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп есептеймін.
Бізге 120 сала бойынша 20-25 мың термин керек, бұл кемінде 2 миллионға жуық сөз. Әзірге біздің мамандар пайдаланатын ұлттық қорымыз 1 пайыз ғана. Оның үстіне, астро-физика, экономика, технология, космос, қаржы саласы бұрын орыс тілін қолданса, қазір ағылшын тіліне бет бұрды. Алайда астрономия саласы, ғарыштық зерт­теулер институтының маман­да­рының айтуынша, ағылшын тілінде екі-үш сөзбен берілген терминдер, қазақша бір-ақ ауыз сөзге еркін сыйып кетеді екен. Яғни, астрономиялық терминдер қазақ тілінде әлдеқайда көп әрі өте қолайлы. Бірақ оны керек қылып жатқан ешкім жоқ.
Бастысы, термин жасағанда негізгі категорияларды қалдырып, ұлттық тілде жасалатын терминдер қорын көбейтуді ескеру қажет. Ахмет Байтұрсыновтың терми­нологиялық принциптеріне сүйен­ген жөн. Өйткені біздің зия­лыларымыз еуропа, шығыс, түркі тілдерін жақсы білген және зерт­теген, – деп пікірталас өрбітті.
Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Ақлима Ома­рова «Музыкалық терминдерді қолдануға келгенде 1930 жыл­дар­дағы басылымдардағы қазақ және латын жазбаларын және сирек қорда сақталған ұлт зиялыларының музыкалық сахналық қойылымдар туралы мақалаларын негізге алуға болады. Себебі, авторлардың объек­тивті деңгейі, ұлттық опера театрының ерекшелігін қабыл­дауға дұрыс бағыттауы, музыкалық терминдерді орынды пайдалануы көмекші құрал бола алады. Б.Май­линнің, Ж.Шаниннің, М.Әуе­зовтің, Қ.Өтепұлының, С.Мұқа­новтың тілдік қолданысы және әртүрлі жазу әдістері (арап графи­касы, латын және кириллицада) ескерілуі керек» дегенді айтады.
Музыкатану бөлімінің мең­геру­шісі Айнұр Қазтуғанова ұлт­тық терминдерге назар аударған кезде, тек домбыраның терминдік қорының өзінде 50-ден астам қа­ғыс түрі, 40-қа жуық перне атауы бар екенін айтады. Олардың ішін­де төкпе және шертпе дәстүр­лерінің өзіндік қағыстық термино­логиясы қалыптасқан.
– Атап айтқанда, төкпе дәс­түрінде – қара қағыс, сүйретпе қағыс, бұрма қағыс, төре қағыс, түйдек қағыс, ілме қағыс, сипай қағыс, орама қағыс, шәлдіріс қа­ғыс, саулама қағыс, тентек қағыс, қақпалы қағыс, бұқтырма қағысты мысалға алуға болады. Шертпе дәстүрінде – ілме қағыс, қосақ серпу, сыңар қосақ, сүйретпе қағу, дара шертіс, көсіп шерту, тебеген шертіс, қымтап шертіс, дара ілме, табандату шертпе қағыс, ілме қағыс, қосақ серпу, табандату және басқа сөздер кездеседі. Перне атауларына келетін болсақ, «қашаған перне», «оғыз перне», «тылсым перне» деп кете береді. Осы перне аттарының бір нұсқа­сын Таласбек Әсемқұлов жеткізген болса, екіншісін Ақселеу Сейдім­бек кезінде Бегімсал Орынбектен жазып алған екен. Өкінішке орай, бұл терминдердің басым бөлігі ғы­лым және білім үдерісінде қолда­ныл­майды. Оны нотамен ойна­латын жаттанды күйлер мен ды­быстан-дыбысқа жүретін талдау әдістері дәлелдейді.
Қазіргі тәжірибеде, білім және ғылым саласында ұлттық термин­дерді қолданысқа енгізгеннен гөрі кірме терминдерді аударып пай­далану әдетке айналған. Мәселен, «интонацияны – әуен, транспози­цияны – көшірме, интервалды – арақашықтық» деп, ал ұлттық тер­миндерді керісінше орысшаға аударып айтамыз. Мысалы,
шанақ – корпус, перне – ладки, қағыс – штрих, тиек – подставка» деп жалғаса береді. Осындай жағдайлардың салдарынан ұлттық термин ұмытылып барады. Әрине қазір, бір ғасыр бойы қалыптасқан сауаттандыру жүйесіне өзгерістер енгізу қиынға түседі. Дегенмен қар­қынды дамып, жаңа бетбұрыс­тар жолында ұлттық құндылық­тарды енгізе алсақ, қандай да бір жетістікке қол жеткізер едік.
Тағы бір айта кететін мәселе, музыкалық терминдер сөздігі мен музыкалық энциклопедияларға шолу жасағанда, қазақтың ұлттық терминдеріне мазмұнына сай келмейтін анықтамалар берілген. Олардың қатарында күй, күйші, домбыра, сері, жыр, ақын сияқты сөздер бар. Мәселен, «күй» – сөз­діктерде «кюй» деп жазып, анық­тамасында «аспапты пьеса» деп көрсетілген. «Аспапты пьеса» күйдің мағынасын ашпайды, тіпті онда күй туралы айтылып жатқа­нын да білмейсің. Жалпы, «ас­папты пьеса» дегенде композитор шығармашылығындағы «Мимо­лет­ность», «Песня без слов», «Нок­тюрн» тәрізді туындылар еске түседі. Сондықтан күйге анық­тама бергенде «қазақтың ұлттық аспаптық музыкалық жанры» деген ләзім, – деген мә­селе көтерді.
Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Зулфия Қасы­мова «отандық поп-музыкадағы терминдерді аудармай, түпнұсқада қалдыру керек» деген ой тастады. Оған дәйекті дәлелдері де жоқ емес.
«Поп-музыканың стильдік, орын­даушылық, музыкалық әдістеріне қатысты терминдердің қазақ тіліне аударуға сай келмей­тіні айқындалды. Мәселен, «поп-му­зыка, регтайм, джаз, блюз, ритм-н-блюз, соул, фанк, кантри, рок-н-ролл, рок, регги, диксиленд, фриджаз, джюбили, хот-джаз, джангл, джамп-джаз, фюжн, арт-рок, хард-рок, метал, хэви-метал, диско, техно, рэп, R-n-B, рок-опера, мюзикл» тектес сөздер. Сонымен қатар әндердің музыка­лық мәнерлеу әдістері мен орын­даушылық ерекшеліктерге байла­нысты «рифф, бенд, биг-бэнд, брасс-бэнд, ритм-секшн, бит, граун-битбэкграунд, андеграунд, продюсер, саундтрек, кавер, хит, шоу» және академиялық музы­кадан алынған «эстрада, квартет, дуэт, вокал, концерт, оранжировка, ансамбль» терминдерін жатқызуға болады. Қазақстанда ең көп тара­ғаны дәстүрлі поп-музыка – трад­поп. Оған басқа да белгілі R-n-B, синти-поп сияқты стильдер кіреді. Аз түрде джаз бен рок-н-ролл да көрініс табады. Тәуелсіздік жыл­дары әлемде шоу-бизнес – ағыл­шын тілінде SHOW BUSINESS деп аталатын көңіл көтеру индус­триясы ерекше бояуға ие болды. Ол ұлттық мәдениетіміздің ерек­шелігіне сай келіп, той-бизнес деп те аталды. Осылайша, отандық поп-индустриямыздың жаңа түрі пайда болды. Дегенмен жоғарыда атап өткен англицизмдерді латын әліпбиіне көшу барысында түп­нұсқада пайдалану қолайлы бол­мақ. Бұл мәселенің оқыту бары­сында да, ғылыми зерттемелерде де, орындаушылық қызметте де маңызы зор» дейді ол.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбектің айтуынша, профессор Ш.Кұрманбайұлының «Термино­логиялық әдебиеттердің библио­графиялық көрсеткіші» атты еңбе­гінде жалпы сала бойынша 270-тен астам терминологиялық сөздік жарық көрген екен. Алайда бұл сан­дық көрсеткіш әлі де қанағат­танарлықсыз көрінеді.
– Мәдениет, өнер, компью­терлік техника, психология, кеден ісі, педагогика, банк ісі, әлеумет­тану, радиотехника, энергетика, авиация, сәулет өнері, байланыс сияқты салаларда терминология­лық жүйе қазіргі таңда мемлекеттік тілде қалыптасып, сөздіктер шы­ғарылу үстінде. Бірақ жауапты мамандар, тілші-терминологтар назардан тыс қалып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, басылған сөздіктер қазіргі лексикография талаптары­на жауап бермейді және мүлдем сәйкес келмейді. Көпшілігі орыс тіліндегі терминнің қасына қазақ тіліндегі нұсқасын берумен шек­теледі. Үшіншіден, белгілі бір са­ладағы терминологиялық жүйені әзірлеуде көптеген кемшіліктер мен қателіктер байқалады, кейін бұл сөздіктен орын алып жатады. Төртіншіден, Мемлекеттік тілдегі терминологияның қазіргі даму сә­тінде «терминологиялық дау-да­майларды» Терминком толық реттеп отырған жоқ. Осыған бай­ланысты бірмағыналылық, дәлдік және синонимия сияқты талаптар­ға жауап бермейтін терминдердің саны күн санап артып келеді. Сон­дай-ақ терминологиялық сөздік­тердің өте аз әрі шектеулі басылуы тапшылық тудырып, қажеттілікті арттырып отыр, – деп түйіндеді.
Семинар соңында мекеме бас­шысы Уәлихан Қалижан арнайы қабылданған резолюцияны оқып берді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*