Біз елордамен мақтанамыз

186
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында  елордаға құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, белгілі табыстарға қол жеткізген елорда құрдастарының бейнелері арқылы белсенді өмірлік ұстаным мен көшбасшылық қасиеттерді  насихаттау.

Астана қаласының 20 жылдық мерей­тойына орай, өткен кездесуге елорданың төл құрдастарымен қатар аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Ізбасаров, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Абай Әбілбаев және елімізге танымал жайдарман­шы­лар, «Арал-Ас» тобының ойыншылары Данияр Бекжанов пен Ақылбек Скендіров қатысты.
Жиын барысында Астана қаласының 20 жылдағы өткені мен бүгіні жөнінде әңгіме өрбіді.
«Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының төрағасы Абай Әбілбаев: «Осыдан 20 жыл бұрын Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда – біздің еліміздің күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығы­ның көрінісі. Астана барша қазақстандық­тарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы», – деп атап өтті.
Кездесу қоңақтары «Арал-Ас» жайдарман тобының ойыншылары Данияр Бекжанов пен Ақылбек Скендіров шығармашылық өмірлеріндегі табыстары мен жеңістері туралы баяндап, әрбір жетістігін, Астанамен байланыстырды.
– Астана ең алдымен, шексіз мүмкін­діктер мекені және асқақ арман мен биік мақ­саттардың алтын кілті. Үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар,– деді жайдарманшы Данияр Бекжанов.
Кездесуде жастар: ғылым-білімге, жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашақтарын елордамыз Астанамен байланыстырып, махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символына айналған елорданың әлем алдындағы беделі төңірегінде әңгіме өрбітті.
Шырын Сарымбекова

Бөлісу:

Пікір жазу


*