«7–20–25» ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

300
0
Бөлісу:

Ұлттық банк «7 – 20 – 25» тұрғын үй несиелеу бағдарламасын бекітіп, бағдарламаны жүзеге асыратын «Баспана» ипотекалық ұйымын құрғанын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін, іле «Нұр Отан» партиясында Ұлттық банк бекіткен «7 – 20 – 25» – Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй несиелеу бағдарламасын талқылаған жиын өтті.

«Бес әлеуметтік бастамаға қоғамдық ба­­қылауды жүзеге асыру үшін респуб­ли­калық қоғамдық кеңес құрылғанын біле­сіздер. Осы қоғамдық кеңестің аясында бес бағыт бойынша нақты жұмыс топтары істеп келеді. «Нұр Отан» партиясы аймақ­тарда Мемлекет басшы­сының бес әлеу­меттік бастамасын түсін­діргенде азамат­тармен, қоғамдық ұйым­дармен оны жүзеге асыру тетіктерін де талқыладық. Сонда ең көп талқылағаны­мыз, осы бірін­ші бағыт, яғни баспана-мен қамту жөнінде болды» дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұ­машев.
Оның айтуынша, бұл бағдарламаны облыс орталықтарында ғана емес, ірі елдімекендерде де тиімді жүзеге асыруға негіз бар.
«50-60 мың тұрғыны бар ауылдарда жас мамандар қызмет істейді. Олардың барлығына баспана қажет екені даусыз. Бағдарламаны осындай елдімекендерде жүзеге асырмасақ, урбанизация процесі күшеюі мүмкін. Ауылдағы мамандар қалаға көше бастауы мүмкін, міне осы тұрғыдан алғанда, бұл бағдарламаның болашағы зор деп ойлаймын» деген ол бағдарламаның өзгешелігіне тоқталды. Бұған дейінгі тұрғын үймен қамту бағдар­ламаларында мемлекеттік органдар, әкімдіктер тұтынушы мен банк арасында дәнекер ретінде өтініштерді қабылдайтын. Баспана алуға кімнің мүмкіндігі барын да солар шешетін. Аталған бағдарламада ондай орталық буын жоқ, яғни бағдар­ла­маға қатысушы тұлға мен екінші деңгейлі банктер өзара келісіп жұмыс істей береді.
Партия отырысына қатысқан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков бағдарламаның шілде айында жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.
«Парламент Сенатынан түзетулер ұсынылса, онда шілде айында бағдарлама іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Біз банкке аталған бағдарлама шеңберінде несие шартын жасау жөнінде өтініш беруді бастауға болатын күнді ресми түрде жариялаймыз. Бағдарламаға еңбек және кәсіпкерлік қызметінен тұрақты табысы бар және баспанасы жоқ Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады» деді.
Оның сөзіне қарағанда, ипотекалық кредиттеу бағдарламасына қатысатын екінші деңгейлі банктерге де талаптар қойылып отыр. Мысалы, бағдарламаға қатысуға ниетті банктердің Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «В»-дан төмен емес ұзақмер­зімді кредиттік рейтингі немесе Moody’s Investors Service және Fitch агенттіктерінің халықаралық шкаласы бойынша осыған ұқсас деңгейдегі рейтингісі болуы керек. Сондай-ақ нарықта банк секторының жиынтық активтерінің кемінде 3 пайыз үлесі болуы талап етіледі. Банктердің Ипотекалық кредиттеу бағдарламасына қатысуы үшін қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеруді оператор – «Бас­пана» компаниясы жүзеге асырады. Осы тұста ескерер жайт, бағдарлама шең­берінде қайта қаржыландыруға (бұрын берілген ипотекалық тұрғын үй қарызын толық немесе ішінара өтеу үшін тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызын алуына) жол берілмейді.
«Баспана» ипотекалық компаниясы бірнеше бағытта жұмыс істеуді көздеп отыр екен. Десе де, әзірге тек баспанасы жоқтарға және жаңа пәтерлерге ипотекаға беріледі. Одан кейін екінші деңгейлі пә­терлерді сатып алу бағыты жүзеге асады.
«Баспана» компаниясының мақсаты ипотекалық нарыққа серпін беру. Бұл нарықта екінші деңгейлі пәтерлер де бар. Сондықтан алдағы уақытта біз қосымша пакеттерді де әзірлеуді жоспарлап отыр­мыз. Оның ішінде екінші деңгейлі пәтер­лерге ипотека беру тетігі де болады. Оны сәл кейінірек жасаймыз. Шамамен, екі-үш айдан кейін әзірлейтін шығармыз» дейді О.Смоляков. Оның айтуынша, екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алудың шарттары өзгеше болады. Себебі, аталған бағыт әлеуметтік бастамаға жатпайды. Сондықтан алғашқы жарна 20 пайыздан жоғары болуы мүмкін екен.
«Несиенің мөлшерлемесі де 7 пайыз болмайды. Оның мөлшері нарықтық талаптарға жақын болуы мүмкін, алайда банктердің 14-15 пайызынан төмен болуы керек. Әлбетте, жеңілдік болады. Бірақ «7 – 20 – 25»-тен өзгеше» дейді.
Қалай десек те, тұрғын үй несиелеу нарығына тағы бір ойыншы қосылды. Бұл ойыншы «7 – 20 – 25» бағдарламасын түсіндіру үшін барлық тетікті іске қосуға көшкен. Мәселен, Ұлттық банктің мобильді қосымшасында 2018 жылдың 19 маусымынан бастап «7 – 20 – 25» жаңа бөлімі іске қосылды. Онда аталған бағ­дар­ламаға қатысты қызықты сұрақтардың барлығына жауап алуға болады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*