Байқоңырдың тағы бір мәселесі шешілді

409
0
Бөлісу:

Байқоңырдағы жергілікті тұрғындар енді қазақстандық мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары осыны қарастыратын жаңа заң жобасын мақұлдады.

Депутаттар қарауына «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Ресей Федера­циясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кент­терінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылған болатын.
Құжат бойынша жұмыс тобының басшысы Бақытбек Смағұлдың айтуынша, Байқоңыр қаласының халқы еліміздің барлық өңірлерінде қолжетімді жоғары мамандандырылған медици­налық көмекке қол жеткізу мүмкіндігінен айырылған. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 2017 жылғы 9 қарашада Ресейдің Челябі қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің 14-ші Өңіраралық ынтымақтастығы фору­мының қорытындылары бойынша екі ел арасындағы келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін аталған хаттамаға қол қойылыпты.
– Бүгінде «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы Келісім аясында біздің азаматтарға ресейлік медициналық ұйымдар көрсететін медициналық көмек Қазақстанда қарастырылған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне сәйкес келмейді. Сондай-ақ Қазақстан мен РФ арасында ұқсас нозологиялар бойынша сырқаттарды диагностикалау мен емдеудің клини­калық-экономикалық стандарттары да елеулі түрде өзгешеленеді. Бұл тарап­тардың тиісті қызметтерінің өзара іс-қимылын қиындатады, – деді Б.Смағұл.
Сондықтан заң жобасы Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кент­терінде тұрып жатқан азаматтарға ұлттық заңнамамыз бойынша Қазақ­станның медициналық ұйымдары тарапынан медициналық көмек көрсету мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді.
«Бұл құжат біздің еліміздің азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейтіні маңызды. Сонымен қатар Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттері тұрғындарында жоғары деңгейде мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады, бұл мүгедекке айналуға соқты­ратын қолайсыз сандардың тәуекелін төмендетеді және өмір сапасын артты­рады. Алайда қазақстандық медициналық ұйым­дардың Байқоңыр қаласының аумағындағы қызметін құқықтық бекіту тек аталған Келісімге тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін ғана мүмкін болады. Осыған байланысты, қазақстандық тарап Келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттама жобасын әзірледі» деді Бақытбек Смағұл.
Ол жұмыс тобындағы және палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысындағы заң жобасын талқылауларға мүдделі мемлекеттік органдардың, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері және сарапшылар тартылғанын, Мәжілістің барлық комитеттері құжатқа оң қорытынды бергенін жеткізді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың түсіндіруінше, хаттаманы Парламент ратификациялағаннан кейін медициналық көмекті кепілдендірілген көлемде көрсету үшін жергілікті тұрғындарды қазақстандық медици­налық ұйымдарға жаппай тіркеу жүреді. Министр тиісті медициналық инфра­құрылым түзіліп жатқанын білдірді.
– Осы өзгерістер күшіне енгенге дейін, қос мемлекет үкіметтерінің уағдаластықтарына сәйкес, 2016 жылдың 12 тамызында Байқоңыр қаласында Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық меди­циналық орталық» мемлекеттік кәсіпор­ны­ның филиалы іске қосылды. Ол Байқоңыр­дағы бұрынғы перзентхана үйі ғимаратында орналасты. Бұл бөлімше өңір тұрғын­дарына стационарлық және стационарды ауыстырушы көмек көрсетеді, осы мақсатта тәулік бойғы 60 төсек-орын және күндізгі 20 төсек-орын құрылды, – деді Е.Біртанов.
Бұдан бөлек, 2018 жылғы 1 қаңтарда Байқоңыр қаласында емхана ашылған, ол 30 мың адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Қазіргі кезде 17 мыңнан астам адам тіркеліп үлгеріпті. Сондай-ақ жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің 8 учаскесі жұмысқа кірісуде, олар дә­рігерлер-мен және орта буын маман­дарымен толық дерлік қамтамасыз етіліпті.
2019 жылы хирургия бөлімін ашу, онда операциялық блок пен реани­мациялық бөлім құру жоспарлануда. Бірақ министр «Байқоңыр қаласы аумағында қазақстандық медициналық ұйымдар қызметінің құқықтық бекітілуі тек аталған хаттама күшіне енгеннен кейін ғана мүмкін болатынын» қай­талады. Сөзін түйіндей келе, Е.Бір­танов осы құжат ережелерінің күшіне енуі Байқоңыр жақта өмір сүріп жатқан Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырудың да құқықтық негізін түзетінін атап өтті. Заң жобасы Сенатқа жіберілді.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Иордан хашимит корольдігінің үкіметтері арасындағы «азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» саласындағы ынтымақ­тастық туралы келісімді ратифика­циялайтын заң жобасын құптап, оны да жоғарғы палатаға ұзатты. Сонымен қатар Мәжіліс кейбір конституциялық заңдар, сайлау мәселелері, сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы туралы заң жобаларына Сенаттың түзетулерін қарап, келісім берді.
Жиын соңында депутаттар бірқатар мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Мәселен, Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жүгінген нұротандық депутат Н.Сабильянов табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген зиянды өтеу туралы мәселе көтерді. «ШҚО Аягөз ауданының әкімдігі зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге ақшалай төлемдер жасамаған» деді ол. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ш.Өтемісов те Премьер-министрге қайырылып, жылу энергиясын өндіретін комму­налдық кәсіпорындар қыз­метіндегі мәселелерді тілге тиек етті. «Барлық тұ­тынушылардың еліміздің коммуналдық кәсіпорындары алдындағы қарызы 2018 жылғы мамырда 11 841 млн теңгеге жетті» деді депутат. Депутат А.Смағұлов Әділет министрі М.Беке­таевқа деп сауал жолдап, Үкімет әзірлеген заң жобала­рының сапасына сын айтылатынын жеткізді.

Айхан Шәріп

Бөлісу:

Пікір жазу


*