Алғашқы үштікте – АҚШ, Қытай, Швейцария

613
0
Бөлісу:

Ғаламдық интеграцияның маңыздылығы күн санап артып келе жатқан заманда мемлекет үшін тікелей шетелдік инвестицияның артықшылығы айқын сезіле бастады. «Өзге мемлекеттің қаржыландыруына тек кедей елдер ғана мұқтаж» деген жаңсақ пікірді – инвестициялық тартымдылығын бірнеше сатыға жоғарылатуға күш салып, заңдарын жеңілдетіп, шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын оятатын ұсыныстар әзірлейтін дамыған елдер тәжірибесінің өзі жоққа шығарады. Азаттықтың алғашқы күнінен бастап, әлемге достыққа дайын, әріптестікке ашық мемлекет ретінде танылған Қазақстанға тәуелсіздік жылдары 300 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл бүкіл Орталық Азияға келген шетелдік қаржының 70 пайызына тең. Қазақстан экономикасына сенім артып, қаржысын салудан 27 жылдық тәжірибесі бар мемлекеттердің алғашқы үштігіне – АҚШ, Қытай, Швейцария кіреді.

Мемлекет басшысы осы айдың басында Бейжіңге жасаған ресми сапары барысында 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына Қытайдан 16 млрд доллар инвестиция келгенін ерекше атап өтті. Жоғары деңгейлі кездесу кезінде қол жеткен келісімдердің қатарында Астана – Қарағанды – Балқаш – Құрты – Қапшағай – Алматы бағытындағы жолдың Қарағанды – Балқаш бөлігін жөндеуден өткізуге 727 млн АҚШ долларын бөлу туралы келісім де бар. Президент бұл жобаның артықшылығын бюджетке түсетін табыс, жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен қазақстан­дық мердігер компаниялардың жобаға атсалысу мүмкіндігінің болуымен түсіндірді. Бүгінде Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 1200 компания жұмыс істейді. Қазіргі екіжақты қарым-қатынастар мен жыл санап өсіп отырған инвестиция көлеміне қарап, бірлескен жобалар мен кәсіпорындардың қатары көбейеді деген болжам жасауға болады.
Қазақстан экономикасына қарқынды инвестиция тартудың бір мақсаты – эконо­миканы модернизациялау. Өйткені шетелдік қаржы өзімен бірге жаңа технология­ларды да ала келеді. Бүгінде қытай капиталы әлемнің әртүрлі елдерінде қаржы секторынан бастап, авиация, медицина мен ауыл шаруа­шылығына дейінгі салаларда заманауи технологиялар және инновацияға негізделген өндіріске бағытталғанын байқауға болады. Келесі бір маңызды міндет – елдегі өндіріс көлемін арттыру. Қазақстанда қатары артқан кәсіп­орындар жаңа өнім түрлерін шығарып, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге көмектеседі. Сарапшылар өндіріс орындары көбейген сайын, халықта «кәсіпкерлік мәде­ниет» қалыптасып, бәсекеге қабілеттілік артатынын мысалға келтіреді.
Қытай – Қазақстанға жақын орналасқан ең үлкен нарықтардың бірі. Уақытпен қатар жүріп, жаңашыл технологияларды кеңінен қолдану тәжірибесі мен экономиканың әр саласында өнім шығару тетіктерін үйренуде қытайлық кәсіпкерлер – отандық бизнес субъектілерге жақсы бағдар бола алады.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*