Мемлекет қамқорлықтан бас тартқан жоқ

1190
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздегі тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру, денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру және оның мейлінше қолжетімді болуына тоқталды. Денсаулық сақтау министрлігіне Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) тізбесін қалыптастыру және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық көмек пакетіне жаңа тәсілдер қарауды тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, жүйені оңтайландыру керек делінді. Жауапты министрлік осы бағытта бірқатар ұсыныстар әзірлеуде. Соның бірін маусымның алғашқы аптасында ұсынды.

Денсаулық сақтау министр­лігі «әлеуметтік маңызы бар ауру­лардың» тізбегін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл тізімде аурудың тек төрт түрі қалады: туберкулез, ВИЧ/СПИД, қатерлі ісік, мінез-құлық пен психика жүйесіндегі ауытқуларға қатыс­ты ауру түрлері. Яғни, емхана (по­ликлиника) деңгейінде ба­қылауға келмейтін дерт түрлері. Бұрынғы 13 топтан қалғаны ті­зім­нен шығарылады. Олардың қатарында балалардың цереб­ралды сал ауруы (ДЦП), ин­фаркт, астма, гепатит және тағы басқалары бар.

Бұл бұйрық адамгершілікке жатпайды

Министрліктің бұл ұсыны­сына наразы топтың қарасы көп. Ақмаралдың сегіз жасар қызы үш жылдан бері қант диабетіне шалдыққан. Қызы үнемі дәрігер­лердің бақылауында болуы қа­жет. Қан құрамындағы қант дең­гейі құбылмалы, күніне он­шақты рет тексеріп отырады екен. «Қан құрамын тексеретін құрал-жабдықтары мен дәрі-дәр­мек­тің өзіне шамамен 80 мың теңге қаржы кетеді. Бүгінде со­ның жартысынан көбін мемлекет тарапынан тегін алып келгенбіз. Енді әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімінен шығарып тастаса, балама қалай көмекте­семін? Үш баланың анасымын, табысымыз күнделікті тіршілігі­мізден артылмайды. Мемлекет енді ауру балалардың дәрі-дәр­мегінен ақша үнемдейін деді ме?» дейді жас ана.
Қоғамдағы наразы топтың бір­қатары Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің сайтына хат та жаз­ған. Елімізде 300 мыңнан астам қант диабетіне шалдыққан адам бар. Кардиология және ішкі ау­ру­лар ғылыми-зерттеу институ­тының зерттеу жұмыстарына сүйен­сек, 2015 – 2017 жылдары В ге­патитін жұқтырғандар саны 765 мың адам, ал С гепатитіне шал­дыққан адамдар 1 миллион­нан асады. Ел тұрғындарын алаң­дататын да осы статисти­калар. Көбіне, диагнозы әлеу­меттік маңызы бар аурулар тізімінен алынған адамдар мен ата-аналар наразы.
«Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымының жетекшісі Марианна Гурина бұл бұйрық Ата заңы­мызға қайшы деп есептейді.
– Конституцияда еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі екені айтылған. Яғни, мемлекет әрбір азама­тының алдында жауапкершілігін сезінуі керек. Біздегі жағдай қалай? Денсаулығы сыр беріп, мемлекеттен демеу күтетін адам­дар, әсіресе балалар өз күнін өзі көріп, дәрі-дәрмегіне өзі қара­жат табуы тиіс пе? Денсаулығы жақсы адамдардың өзі жұмыс таба алмай қиналып жатады. Дертіне шипа іздеген адам ден­саулығын күте ме, әлде жұмыс істеп, дәрісіне ақша таба ма? Әдетте, аурушаң балалардың анасы да жұмыссыз, үйде оты­рады. Өйткені қант диабеті, сал ауруына шалдыққан балаларға айрықша күтім керек. Министр­ліктің бұл шешімі тіпті адамгер­шілікке жатпайды, – дейді құ­қыққорғаушы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тізімнен шық­қан аурулар динамикалық ба­қылау жүйесіне көшетінін айтты. Дамыған мемлекеттердің тәжі­рибесінен алынған жаңа жүйенің табиғаты бізге жат па, әлде тиімді жобаны жауапты ведомство дұрыс түсіндіре алмай отыр ма?

Динамикалық бақылау дегеніміз не?

Бақылаудың бұл түрі – нау­қас­тардың тікелей қатысуымен жүреді. Яғни, емделуші дәрігер­мен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылауға алуы тиіс. Мұн­дай менеджменттің мақса­ты – аурудың асқынуын, мүге­дек­­тіктің көбею қаупін төмен­дету. Мамандар болжамынша, ауру­дың алдын алуға, дер кезінде диагностика жасау мен емдеуге ден қойғанда ғана, өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға қысқаруы тиіс. Ауруды басқарудың бұл үлгісі соңғы үш жылда еліміздің бірқатар облысында нобайлы жоба ретінде енгізіліпті. Ми-нистр­ліктің мәліметіне сенсек, осы жүйеден кейін аурулардың асқыну көрсеткіші едәуір төмен­деді. Осыны ескере отырып, әлеу­меттік маңызы бар сырқат­тардың бірқатары динамикалық бақылауға көшіріліп отыр.
Министрлік соңы мүгедек­тік­ке әкелетін және демогра­фиялық тұрғыда өлім-жітім дең­гейін өршітіп отыратын негізгі созылмалы аурулардың тізімін жасаған. Бұл тізімдегі созыл­малы аурулар еліміздегі жалпы өлім-жітімнің 70 пайызының се­бепкері. Сонымен қатар ха­лықтың 77 пайызы осы дерттерге шалдыққан. Олардың қатарында созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, қант диабеті, өткір миокард инфаркт, жаралы колит, артериалды гипертензия, ревматоидты артрит, бронхиалды астма т.б. аурулар бар. Бұлардың бәрі алдағы уақытта динами­калық бақылауға алынбақ.

Дәрі-дәрмек тегін беріледі

Әлеуметтік маңызы бар ау­рулар тегін медициналық кепіл­дендірілген көмек пакеті есе­бінен қаржыландырылып келді. Енді тізімнен алынған ауруларға қаржы қандай пакеттен бөліне­тінін білмегендіктен жұрт на­разы. Алайда динамикалық бақылауға көшірілген дерттерді де кепілдендірілген медицина­лық көмек шеңберінде тегін емдеу тоқтатылмайды. Сонымен қатар мұндай қадағалауға алын­ған емделушілер бұрынғыша диагностикалық қызметтің не­гізгі түрлері мен салалық дәрі­герлер кеңесіне де тегін жүгіне алады. Денсаулық сақтау ми­нистрінің 2017 жылы 29 тамыз­дағы №666 бұйрығына сәйкес, амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту да жалғаса береді. Ал науқастың созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар бола қалса, тиісті меди­циналық көмек мемлекет есебі­нен көрсетіледі. Бір сөзбен айт­қанда, диспансерлеу тізімінен алынып, динамикалық бақылау­ға өтетін созылмалы ауруы бар науқастар мемлекет қамқор­лы­ғынан қағылмайды екен.
Қазақстан халқының басым бөлігі жас кезінен денсаулығын күтуге дағдыланбаған. Біз ден­саулықты күтуді әдетке айнал­дыруымыз керек. Диагности­калық бақылауға көшу арқылы осы олқылықтың орнын тол­тыруға болатынын алға тартады сала мамандары. Елімізде жыл сайын үш миллионға жуық адам ауруханаға түссе, соның 68 пайызы дәрігер көмегіне ауруы әбден асқынғаннан кейін жүгі­неді екен. Әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру қорының бас­қарма директоры Серік Тәңір­бер­генов «Бізде жыл сайын 90 мыңға жуық адам белгілі бір ауру салдарынан көз жұмады. Өкі­нішке қарай, соның 40 мыңы – еңбекке қабілетті жастағы аза­маттар. Олардың дені жүрек-қан тамыры ауруларынан немесе қатерлі ісіктен қайтыс болады» дейді. Дәрігердің пікірінше, бұ­рын бұған диагностика құрал­дары мен заманауи қондырғы­лардың жоқтығы қолбайлау бол­ған. Қазір оның бірден-бір себебі – адамдардың өз денсау­лығына жүрдім-бардым қарай­тыны.
– Біздің азаматтар ауырмаса дә­рігерге бармайды. Ұлттық са­лауатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының мәлі­ме­тінше, соңғы 10 жылда Қазақ­станда қант диабетіне шалдық­қандар саны 2 есе, қатерлі ісікке әкеп соқтыратын сырқаттар мен сүт безі обыры 3 есе артқан. Қант диабеті, әсіресе, соңғы 5 жылда жас балалар арасында 2 есе, жасөспірімдер арасында 2,6 есе көбейген. Онкологиялық ауру­лар арасында сүт безі рагі бірінші орында, ал жүрек пен қан-та­мыр жүйесі аурулары – елдегі өлім-жітімнің басты себепкері. Қай­тыс болған науқастардың 85 пайызының өліміне дәрігерге өте кеш қаралуы себеп. Яғни, ауру дер кезінде анықталған жағдайда, олардың өмірін сақтап қалуға болар еді, – деп атап өтті Серік Тәңірбергенов.
Тегін медициналық көмектің жаңа жүйесіне қатысты Серік Тарасұлы: «Әлеуметтік маңызы бар аурулар көп жағдайда әлеу­меттік-экономикалық жағдай­дан туындап жатады. Оған шал­дыққан науқастарға әлеуметтік қолдау көрсету қажеттігі даусыз. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұ­ғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік ба­қылауға алуға негізделген. ТМККК пакетінің жаңа үлгісі­мен қатар енгізілетін міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тан­дыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт сау­лығының іргетасын қалауға ықпал етпек. Тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті бұрын­ғыша бюджеттен қаржылан­дырылады. Оған қоса, мемлекет 2020 жылдан бастап 10 мил­лионнан астам азаматты сақ­тандыруды көздеп отыр. Жеңіл­дік берілген топ арасында 6,5 млн астам бала, 2,2 млн зейнет­кер, 740 мыңнан астам жүкті әйел мен көп балалы ана, 400 мыңға жуық мүгедек бар», – деген ойын білдірді.

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*