Екінші акселераттау бағдарламасы басталады

574
0
Бөлісу:

EXPO – 2017 көрме кешенінде орналасқан Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі акселераттаудың екінші бағдарламасының басталатынын хабарлайды. Қатысушылар EXPO аумағында тегін жұмыс кеңістігіне, стартап диагностика, бизнес-үдерістерді баптауға, инвестициялар мен жобаның дамуын жеделдетуге қол жеткізеді.

Қазақстанның инновациялық эко­жүйе­сін дамыту, жоғары технология­лық жобаларды қолдау және стартап-коман­да­лар, ІТ ком­паниялар, инвестор­лар және басқа қызығу­шылық танытқан тарап­тар үшін халықаралық цифрлық және материалдық платформаны дамыту­дың бірегей орталығына айналуды көздеп отырған технопарк өзінің әзірлемелерін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ла­масын дамыту шеңберінде жүргізе­ді.
– Акселератор – технологиялық стар­тап­тарды дамытудың қарқынды бағдар­ла­масы. Оның ұзақтығы –12 апта. Екінші кезеңге лайықты деген 15 жобаны іріктеп аламыз. Оларға бағдарлама аясында табысын молай­тып, инвестиция тарту, сенімді серіктес табуға көмектесіп, өз жобасы туралы бүкіл елге айтуға, жарнама жасауға мүмкіндік береміз. Бағдарламаға қатысушылар жобасын сынақтан өткізіп, міндеттерін 12 аптаға бөліп, мақсатын айқындайды. Әр жобамен 2 сарапшы жұмыс істейді. Тәлімгерліктен бөлек, қатысушылар жекелей кеңес пен оқу-ағарту курсына қол жеткізе алады. Сон­дай-ақ әр жобаға жұмыс орны бөлініп, аймақ­тардан келген стартап иелеріне жатын орын қарастырылады, – дейді Astana Hub акселераторының директоры Абай Дәуітов.
Акселерация жобасына қатысу үшін acelerator.astanahub.com сайтындағы өтінішті толтыру керек. Екінші акселерат­тық бағдар­лама аяқталған соң, күзге салым үшінші бағдарламаны қолға алу жоспар­ланып отыр. «Алғашқы кезеңде жоба­лар тексеріліп, келесі кезеңде әрбір стар­тап иесімен әңгімелесу ұйымдасты­ры­лады. Сол кезеңде сарапшылар өтініш білдіргендердің арасынан 20 команданы іріктеп алады. Олар 2 апталық сынақ мерзіміне шақырылып, солардың арасы­нан жақсы нәтижеге қол жеткізе алады-ау дегендері анық­талады» дейді акселератор жетекшісі.
Стартап иелеріне акселератор трекинг, білім беру және консалтинг, қауымдастық және нетворкинг, стартаптар аукционы, PR, сондай-ақ корпорацияларға және мемлекеттік органдарға шығу сияқты құрал­дар ұсынады. Әрбір жобаға жеке сарапшы мен болжам жасауға, іс-әрекет жоспарын дайындауға, нә­тижеге назар аударуға көмектесетін тәлімгер бе­кітіледі. Мамандардың айтуынша, Astana Hub акселераторына үш ай қатысу – жобадан тыс бір жыл бойы атқарылған шаруаға тең болмақ. Бағдарлама 100 000 доллардан бастап 1 000 000 долларға дейінгі инвестиция­ларды қажет ететін немесе инвестицияны қажет етпейтін, алайда табысын бірнеше есе арт­тырғысы келетін стаптартарға тиімді. Сон­дай-ақ инвестиция құйылған бірақ команданың тиімді дамуы үшін білімі, тәжірибесі мен құзыреті жетіспейтінін түсінетін инвес­тор­­ларға қажет. Акселераттау бағдарлама­сына қатысу­шыларға қойылатын өзіндік талаптар бар.
Ол – MVP және MVO сатысын­дағы ауқымды өнімнің болуы; жоба бағытталған нарықтың жалпы көлемі жылына 100 млн АҚШ доллары­нан кем болмауы; командада кемінде 2 негізгі қатысушы және СЕО-ның жобаға толық тартылуы қажет.
Жыл басында Astana Hub технопар­кі­нің базасында акселераттаудың #garage алғашқы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдар­лама қорытындысы бойынша, үш айлық акселераттау нәтижесінде сатылымын ұлғайтқан, алғашқы инвестициясын тартып, өзінің бизнес-моделін жаңа даму деңгейіне көтерген 10 қазақстандық IT-стартап шы­ғарылған. Алғашқы акселераттау бағдарла­масын табысты аяқтағандардың бірі – Рината Илюбаеваның айтуынша, оған қатысушылар үлкен білім қорын жинақтайды.
– Біріншіден, стартапты жасау мен оны жүргізу, дамыту бағытында біздің тәлімгерлер мен спикерлер берген ақыл-кеңестері мен білімі өте құнды. Екінші­ден, алған білімімізді стартап жасау бары­сын­да тәжірибеде қолдана алдық. Мәселен, бүгін біз жаңа ақпарат, білім алсақ, ертесі күні оны қолдануға тырыс­тық. Өзіміз жіберген қателіктерімізден сабақ алдық. Оған қоса, ментормен әрдайым байланыста болдық, ол кез келген қиын жағдайда көмек­тесіп, шешімін табуға қол ұшын берді. Жаңадан қолға алып жатқан жобаны әркез қолдап отыратыны – үлкен көмек. Біздің жобамыздағы монетизация жүйесін қосқан кезде акселера­тордан алған біліміміз пайдаға асты. Өйткені алдында біздің жобамыз тегін еді, акселерация кезінде ол ақылы жобаға айналды. Со­ның арқасында біз табыс таба баста­дық. Одан бөлек, жобамыз туралы ел біліп, ғаламторда алға жылжытудың арқасында біз алғашқы клиенттерімізді таптық. Қандай кезеңде тұрса да, кез келген стартап иесіне акселерация бағдарлама­сы­­нан өтуге шақырамын, ол өзіңнің кемшін тұстарыңды анықтап, оны қалай жоюға болатынын көсетеді, – дейді Рината Илюбаева.
Сонымен қатар акселератор шеңбе­рін­де стартаптар аукционын өткізу жос­пар­ланып отыр. Аукцион кезінде жоба қолайлы шарттар бойынша инвес­ти­ция тарту мүмкіндігіне ие болады.

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*