Астананың түркі әлемінде бәсі биік

588
0
Бөлісу:

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Алматыда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елорданың 20 жылдық мерекесіне орай «Астананың түркі әлеміндегі рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Түркияның Алматыдағы Бас консулының орынбасары Алтай Алпер, Анкарадағы Еуразия Экономикалық қатынастар қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, Ұлттық кітапхана ди­ректоры Жанат Сейдуманов, жазушы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов  және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Алқалы мәжі­лістің моде­раторлық тізгінін ақын Дәу­летбек Байтұр­сынұлы ұстап, Елорда тойы – елдің тойы екенін атап өтті.


Жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев Астананың 20 жылдығына орай Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы­ның құттықтауын жеткізіп, бауырлас елдер арасындағы сенімді серіктестік жан-жақты нығайып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ түбі бір туыс мемлекеттер «түркі әлемінің астанасы» деп ерекше ықы­лас танытып отырған Астана қала­сының рөліне басымдық беріп, айтулы дата қарсаңында Андолу жерінде атқа­рылып отырған жұмыстар туралы баяндады.
Анкарадан арнайы келген Еуразия Экономикалық қатынастар қауымдас­тығының төрағасы Хикмет Ерен өз сөзін күні кеше Түркияда президенттік және парла­менттік сайлаулар өтіп, халықтың 88 пайызы қатысқан таңдау нәтижесінде Реджеп Тайып Ердоған ел президенті ре­тінде қайта сайлан­ған саяси жаңа­лықтан бастады. Бұл оқиға екі ел ара­сындағы ежел­ден жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынастардың одан әрі ілге­рілеуіне оң ықпалын тигізеріне сенім білдірді.
– Тұңғыш президентіміз  Ататүрік Түркия Республикасының 10 жылдығында «Азғантай уақытта көп іс тындырдық» деген еді. Сол сияқты Қа­зақстан да тәуелсіздік алған 27 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жұдырықтай жұмылып қолдау білдірген 18 миллион халықтың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Прези­денттің ел басқарудағы ең үлкен тарихи шешімі бас қаланы Алматыдан Астанаға көшіруі болды. Елорда 20 жылда қарыштап дамып, бейбітшілік қаласына айналды. Президент бастамасымен бүкіл әлем елдерін біртұтастық пен бітімгерлікке шақырған келелі басқосулар мен ма­ңызды оқиғалар болды. Әсіресе, Сирия­дағы шиеленісті жағдайды тоқтатуға байланысты өткізген отырыстар Ас­та­наның беделін өсіріп, абы­ройын ас­қақтатты, төрткүл дүние ал­дында бәсін биіктетті. 1999 жылы ЮНЕСКО ше­шімімен Астанаға «Әлем қаласы» деген мәртебе берілгенінің куәсі болдық.
Жаңа қаланың осы құрметке әбден лайық­ты екеніне бүгінгі таңда көзіміз жетіп отыр, – деді Хикмет Ерен.


Шара ары қарай тұңғыш рет түп­нұсқадан аударылып, қазақ және түрік тілінде жарық көрген Тайыр Жомарт­байұлының «Қыз көрелік», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» ро­манының тұсаукесер рәсімімен жалғасты.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы алғысөзде бұл жинақтардың Астананың 20 жылдығына тарту екенін айта келе, қолдау білдірген Кечиөрен муниципа­литетінің мэрі Мұстафа Ак пен топтамаларды түрік тілінде сөйлеткен қазақ әдебиетін зерт­теуші, ғылым докторы Ашур Өздемирге алғыс білдірген.
Аудармашы кіріспеде алғашқы қазақ романдарын түпнұсқамен салыс­тырғанда бірқатар кемшіліктер мен өзгерістер бай­қағанын айта отырып, баспа тарапынан кеткен олқылықтарды оқыр­манға түсіндіре кетіпті.
Мәселен, Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік» шығармасы алғаш рет 1912 жылы Қазанда басылып шыққан екен. Бірақ Кеңес Одағы кезінде 70 жыл бойы жарияла­нуына тыйым салынған. Қуғын-сүрген құрбаны болған автор 1956 жылы ақталып шыққанымен, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Тек 1982 жылы бағы ашылып, көпшілікке жол тартады. Алайда төте жазу­дан кирилл қарпіне кө­шірілген кезде баспа тарапынан бір­неше қателік жіберілген. Кейбір өзг­е­ріске ұшыраған сөздер сол бойында қолда­нылып, түпкі мағынасы ашыл­маған. Сол уақыттағы діни және саяси көз­қарастарға сәйкес келмейтін сөй­лемдер мүлде алынып тасталған. Түпнұс­қада рим цифрларымен бөлінген бөлімдер кейінгі басылымда бір-біріне қосылып, біртұтас шығармаға айналған. Нәтижесінде, кітап бастапқы мазмұ­нынан айырылған. Сондық­тан Ашур Өздемир туындыны аудару барысында Тайыр Жомарт­байұлының өмірбаяны, шығармашылығы, «Қыз көрелік» романы туралы айқын ақпараттар беруге тырыс­қан. 1912 жылғы түпнұсқамен мұқият салыстырыла отырып, кемшіліктер толық­тырылған. Кирилл қарпімен толық нұсқасы жасалып біткеннен кейін ғана, түрік тілінде тәржімаланып, көркем аударма жасалған.
Мұндай әттегенайлар «Қамар сұлу» ро­манында да кездескен. Шығарма 1914 жылы жазылып, төте жазуымен ұзақ жылдар сақталған. Тек 1933 жылы латын қарпімен жарық көреді. Кейін латын қарпінен ки­риллицаға ауыстырылғанда түсініксіз жайттар пайда болады. Кейіп­кер-молдаларды автор сынады ма, әлде кітапты баспаға дайындап, редакциялаған редакторлар өз жандарынан сөз қосты ма айыру мүмкін болмаған. Сондықтан алғашқы нұсқаға сүйене отырып, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеу жүргізілген. Есесіне Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Міржақып Дулат­ұлының «Бақыт­сыз Жамал» романдарында аса ауыт­қушылық байқалмаған. Сол себеп­тен аудармашы бұл шығармалардың қазақ әдебиетіндегі әйел теңдігі тақырыбын алғаш көтеруімен ерекшеленетінін айтып өткен.


Бұдан кейін жазушы Несіпбек Дәутай­ұлының түрік оқырмандарына ұсынылған «Жол» атты әңгімелер және повестер жина­ғының таныстырылымы болды. Несіпбек Дәутайұлы тарихи Тараз төрінен ат терлетіп келіп, аудармашы Ашур Өздемирге және ұйымдастыру­шы­ларға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.
Соңынан Түркі әлемі мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін Қазақ­станның халық артисі Тұңғыш­бай Жаманқұловқа, ақын Рафаэль Ниязбек пен жазушы Ахметжан Ашириге Түркия Республикасы президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу мен Түркия Премьер-ми­нистрінің орынбасары Хакан Чавушоглының мерейтойлық құттықтауы тапсырылды.
Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай қолына қалам ұста­ған қауымға түрлі деңгейдегі сый­лық­тар мен арнайы алғысхаттар тапсырылды.
«Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Егемен Қа­зақстан» газетінің Алматы бөлім­шесінің меңгерушісі Нұрғали Ораз, «Айқын» газе­тінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркістан» газетінің бас редак­торы Жаңабек Шағатай Қазақстанның Түр­киядағы елшілігі мен Еуразия Эконо­микалық қатынастар қауымдастығының «Баспасөз» сыйлығымен марапатталды. Әлем сөз академиясының қызмет сый­лығына «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибрагим, Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығына ақын Жанарбек Әшімжан ие болды.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*