Домбыра күнін елмен бірге мерекеледі

714
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында өткен, «Ұлттық домбыра күніне» арналған концертке барып, бір күйді бір мезгілде құйқылжыта орындаған 2 мыңдай домбырашының өнерін тамашалады. Жиналған қалың нөпір халық алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті барша қазақстандықтарды тұңғыш рет атап өтіліп отырған жаңа мейрам – «Ұлттық домбыра күнімен» құттықтады.

Мемлекет басшысы байырғыдан келе жатқан бұл музыкалық аспап қазақ халқының мәдениеті мен тарихында айрықша орын алатынын айтты.
– Жақында менің Жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы домбыра қазақтың бренді болып саналатынын да атап өтті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға дом­быра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулет­керейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәде­ниеті­міздің бірегей үлгілері, – деген Нұрсұлтан Назарбаев Астанада күй атасы Құрманғазыға, Алматыда белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевке ескерткіш орнатылғанын еске салды.
– Әрбір ұлт пен ұлыстың сүйікті төл ас­паптары болады. Ал домбыра бүкіл Ұлы даланы ғана емес, сонымен қатар барша түркітілдес және басқа да халықтардың басын біріктіреді. Домбыра ежелгі замандардан бері біздің қуанышымызды, жеңісіміз бен салтанаты­мызды шарықтатып, сүйемелдеп келеді. Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұр­пақтан-ұрпаққа беріледі. «Ұлттық домбыра күнінің» Астанада – тәуелсіз Қазақстан­ның жүрегінде дүниеге келуінің символдық мәні бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент домбыраның жай ғана музы­ка­лық аспап емес, қасиетті мирас екенін нықтады. Сондай-ақ қазақтардың әрдайым домбыраны төрде сақтағанын, ал күйшілер кез келген ша­ңы­­рақ­­тың құтты қонағы болғанын айтып, бұл ізгі дәстүр одан ары жалғасуы керек­тігін білдірді.
Домбыра мерекесін еліміздің бас қаласы дүбірлете, думандата атап өтті. «Қазақ елі» алаңында өткен іс-шара барысында дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен екі мыңнан астам өнерпаз бір оркестр ретінде домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады. Күй тарту­шылардың арасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қа­зақстанның еңбегі сіңген артисі Айгүл Үлкенбаева, дирижер Арман Жүлдебаев, Асылбек Еңсепов, сондай-ақ «Бастау», «Серпер», «Асыл тобы», «МузАрт» топтары және басқалары болды. Бұдан бөлек Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінің, Тәттімбет атын­дағы халық аспаптары академиялық оркестрі­нің, «Отырар Сазы» ұлттық аспаптар фольклор­лық-этнографиялық оркестрінің, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармо­ниясының ұлттық аспаптар оркестрі­нің, Ақтау қаласы қазақ халық аспаптары оркестрінің артистері де сахнаға шықты.
Күйшілер «Көңіл ашар», «Адай», «Балбы­рауын», «Ерке сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін төгіп, елді бір арқаландырды. Мұның сыртында концертте Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» және «Махамбет», Құрман­ға­зының «Серпер» және «Саранжап», Даулет­керейдің «Көроғлы» және «Қыз Ақжелең», Дина Нұрпейісованың «16 жыл» сияқты туындылары асқақтады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*