Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталды

567
0
Бөлісу:

Қазақстан 2015 жылдан бері арман тұтқан мұратына қол жеткізді.  Елбасының қатысуымен халықаралық деңгейде «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының тұсауы кесілді. Ашылу рәсімінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алып балғамен үлкен дабыл-гонгты ұрды. Әлемдегі озық тәжірибеде қабылданған дәстүр бойынша бұл биржа жұмысының басталуын білдіреді. 

Астанадағы EXPO конгресс орталығында ұйымдастырылған салтанатты рәсім басталар алдында Мемлекет басшысы отандық және шетелдік компаниялардың цифрлы технология­ларының көрмесін аралап көріп, цифрлы қар­жылық технологиялар саласындағы иннова­циялық әзірлемелермен танысты.
Ал іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы барша жұртты «Астана» халық­аралық қаржы орталығының ресми ашылуымен құттықтады.
– Біз Астана үшін осынау ауқымды әрі маңызды шараға көңіліміз ерекше толқып, зор қуанышпен келіп отырмыз. Қазақстан – ғасырлар тоғысында кең далада әсем елорда тұрғызған әлемдегі жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің бастауы, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы қаржы орталығының құрылуы халықаралық бизнес қоғамдастығының біздің елге деген сенімінің және табысты даму жолымызға берген жоғары бағасының белгісі саналатынын айтты.
– Бүгінде елімізде ауқымды құрылымдық және институттық реформалар жүзеге асырылуда. Олар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуына бағытталған, – деді ел Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бизнес ахуалды жақсарту және құқықтық ортаны жетілдіру үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
– Қаржы орталығының қазақстандық моделі әлемдік қаржы құрылымдары қызметтерінің ең үздік тәжірибелерін басшылыққа алған. Бұл орталық Қазақстанның резиденттерімен де, резидент емес субъектілермен де жұмыс істейтін болады. «Астана» қаржы орталығының қызметіне қатысушылар Қазақстан мен оның өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің капиталына қол жеткізе алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қаржы орталығының құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілгеніне және оның ресми тілі ағылшын тілі екеніне назар аударды.
– АХҚО қызметіне қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ жеңіл­детіл­ген валюта, виза және еңбек режимдері қарастырылған. Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы АХҚО-да тиісті сенім ахуалы мен тиімді ынтымақтастық қалыптасқанын айтты.Орталықтың ашылуымен бір мезетте өз жұмысын бастайтын АХҚО биржасының қызметіне де тоқталды. Сонымен қатар Н.Назарбаев биыл исламдық құнды қағаз – «сукукты» шығару жоспарланып отырғанын айтты.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің маңызды саласы – инновациялық қаржы технологияларын дамыту үшін тиімді орта қалыптастыру. Жаңа қаржы технологиялық өнімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін «реттеуші сынақ алаңы» жұмыс істейтін болады. Капитал нарықтарын дамыту және жеке тұлға­лардың қаржысын басқару да «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басымдығы болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы АХҚО-ның тұсаукесер рәсімін Астана мерейтойы қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Астана Еуразиялық кеңістіктің мойындалған орталығына айналды және қазіргі заманның ең өзекті деген мәселелері жөнінде халықаралық түсіністікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мұнда бизнес қарқынды дамып келеді, шамамен 100 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілер жұмыс жасайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елордада технологиялық және мейлінше жайлы тіршілік ортасын қалып­тастыруға бағытталған «Ақылды қала» тұжырым­дамасының жүзеге асыру барысы жөнінде айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңадан құрылған, АХҚО-ға қатысушы шетелдік азамат­тарға қызмет ететін «Экспат орталығы» жұмы­сының ерекшеліктеріне тоқталды.
– Экспат орталығы визалық көші-қон, салық, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету және әкімшілік полиция қызметтерінің бір орталықтан қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Мұнда әлемнің жетекші қаржы институттарының өкілдіктері ашылуда. Осы мүмкіндіктер мен ресурстардың бәрі «Астана» халықаралық қаржы орталығының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерді халықаралық қаржы орталығының қызметін пайдалануға шақырды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*