Депутаттар – Сыр өңірінде

1072
0
Бөлісу:

Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» пар­тия­сы депутаттық фракциясының мүшелері Абзал Ералиев, Бақытбек Смағұл, Генадий Ши­повских Сыр өңіріне жасаған сапары барысында Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысты.

«СКЗ-U» зауыты – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шетелдік озық әрі тиімді, қоршаған орта үшін қауіпсіз технологияларды қолданатын зауыт мемлекеттің үдемелі – индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында 2007 жылы құрылып, 2011 жылы пайдалануға берілген. Тәулігіне – 1500, жылына 500 000 тонна күкірт қышқылын өндіреді. Бүгінде 277 адам жұмыс істейді. Оның 65 пайызы жергілікті азаматтар. Солардың бірі – Сәбит Дауылбаев.
Сәбит қызмет жолын осында қатардағы жұмысшы болып бастаған. Бүгінде күкірт қышқылы цехының бастығы.
– Мұнда 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Жұмыс өте жақсы, барлық жағдай жасалған. Қолмен жұмыс істемейсің. Барлығы автоматтандырылған. Айлық та уақытылы беріледі. Ең бастысы сауатты, техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтап жұмыс істесең болды.
Зауытта өнім өндірудің қуат үнемдеуші әдістері де кең қолданылады. Яғни, қышқылды өндіру барысында шығатын буды турбогенераторлар арқылы электр энергиясын өндіруге қолданылады.
– Мемлекет басшысы Үкіметке энергия үнемдеу саласында жалпы ішкі өнімді үнемдеуді 2020 жылға қарай 25 пайызға төмендету бойынша зор міндет жүктеген болатын. Осы бағыттағы кәсіпорынның қосып отырған үлесі қомақты. Зауыт қышқылды өндіру барысында шығатын бұдан, қосымша жалпы құны 4,3 миллиард теңге көлеміндегі сағатына 18 мВт электр энергиясын өндіреді. Бұл зауытты электр энергиясымен қамтып қана қоймай аудандық электр желісіне де арзан энергия ұсынып отыр, – деді зауыт басшысының орынбасары Сәулебек Дүйсенбеков.
Ұжым мүшелерімен де кездескен халық қалаулылары зауыт жұмысына өз риза­шылықтарын білдірді.
– Уранның әлемдік қорының үштен бірінен астамы елімізде шоғырланған. Оны өндіруде күкірт қышқылының рөлі зор. Бұрын күкірт қышқылын алу үшін өзге елдерге тәуелді болсақ, енді бәрі керісінше. Зауыт толық қуатында, тұрақты жұмыс істеп тұр. Осылайша, ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып отырмыз. Алдағы уақытта күкірт қышқылы еліміздегі уран өндіретін кәсіпорындарда ғана емес, өзге де халық шаруашылығында кеңінен қолданылады, – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Мәжілісмендер тұрғындардың өтініш­терін де тыңдап, Парламент қабырғасындағы атқарылған жұмыстарды, сонымен бірге Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысын кеңінен айтып өтті.

Нұрлыбек ҚАСЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*