Қазақстанның көркемдігін барша әлемге паш етеміз

308
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Щучинск – Бурабай курорттық аймағындағы туризмнің жаңа нысандарын аралады. Ақмола облысының Бурабай кентінде Мемлекет басшысы Promenade Burabay нысанының құрылыс жоспарымен танысты. Бұл кешен жайлы қонақ бөлмелерден, пентхаустардан, коммерциялық орындар мен конгресс орталықтан тұрады.

Қазақстан Президенті сондай-ақ «Визит-Центр» орталығына барды. Мұнда Елбасыға өңірдің туристік кластері, атап айтқанда Щучинск – Бурабай курорттық аймағын, «Абылай хан» алаңын, «Ақ бура» курорттық аймағын және басқа да нысандарды одан әрі дамытуға арналған жобалар таныстырылды.
«Визит-Центр» орталығы – тақырыптық музейлер, 5D кинотеатры, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында тіршілік ететін және өзге елдерден әкелінген жабайы хайуанаттар саябағы бар туристік кешен.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Щучинскідегі «трамплинді шаңғы спортының республикалық базасын» аралап көрді. Бұл оқу-жаттығу жүргізуге, дайындық жасауға әрі жарыс өткізуге арналған жаңа спорттық және туристік нысан болып есептеледі.
Республикалық шаңғы спорты базасы шаңғы стадионын, мылтықпен ату алаңын, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық спорт кешенін, трамплиннен секіруге арналған құрылымды, әкімшілік-тұрмыстық және басқа да мақсаттағы үй-жайларды қамтиды.
Спорт базасымен танысу барысында Қазақстан Президентіне еліміздің туризм саласын дамыту перспективалары туралы мәлімделді. «Туристік Қазақстан» бағдарламасының алдағы уақытта жүзеге асырылу және Щучинск – Бурабай курорттық аймағын әрі қарай жетілдіру жоспарлары жөнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин баяндама жасады.
Баяндамаларды мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуетін арттырудың өзектілігін айтты.
– Қазіргі уақытта қазақстандықтар отанымыздың көрікті жерлерімен таныса алатындай демалыс орындарын салу басты міндет саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы қазақ еліне тұмса табиғаттың өзі берген ғажайып тартуларына тамсанатынын жеткізді.
– Биыл Алакөлде болдым, бұл – Балқашымыз сияқты бірегей курорттық аймақ. Оларды гүлденту ісін жаңа ғана қолға алып жатырмыз. Алакөлге теміржол тартылды, адамдар жайлы жетуі үшін енді әуежайды да дамыту керек. «Алакөл теңізі», мен оны солай атаймын. Жылына 95 күн бойы жағажайда қыздырынып, суға түсуге мүмкіндік береді. Әлемде бұдан басқа осындай суға түсу маусымы бар басқа курортты атаңыздаршы?! – деді Н.Назарбаев.
Президент Каспий теңізі жағалауын «жеке жұмыс жасауды қажет ететін ерекше игілік» деп атады. Бұған дейін туризм саласындағы әлеует пен перспективаларды толыққанды жүзеге асыруға экономикалық жағдай мұрша бермегенін айтқан Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның осыған білек сыбана кірісуге дайын екенін мәлімдеді.
– Қазақстандықтар әлемдегі барлық курортқа барды, сан алуан теңіздерді көрді. Мен де солардың қатарынанмын. Біздің ендігі мақсат – Қазақстанның мүмкіндіктерін көрсету, отандық туризмді дамыту, еліміздің қандай көркем екенін паш ету болмақ. Мемлекет осының нақты жоспары бойынша жұмыс жасауда, – деп хабарлады Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті Щучинск – Бурабай курорттық аймағының аумағындағы инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тиісті кадрларды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақсартудың маңыз­дылығына ерекше тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Бұлар – Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары.
–Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өңірлер басшыларын және инвесторлар­ды еліміздің туристік кластерін дамыту үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды.

 

Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*