Жерұйық жер, ертегі ел, киелі өлке!

339
0
Бөлісу:

Туризм – жаһандық экономиканың қозғаушы күші, драйвері. Осы сала әлемдік ЖІӨ-нің құрылымында 10%-дық үлесті жалғыз өзі еншілеп отыр. Бір жыл ішінде жаһандық туризм саласына 800 миллиард доллар инвестиция құйылған. Әрбір 30 турист 1 жұмыс орнының ашылуына септеседі. Сондықтан Елбасы туризмді дамытуға баса мән беруде.

«Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективті табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қа­был­дауы керек» деді биылғы Жолдауында Президент Н.Назарбаев.
«Қазақстан – 2050» cтратегиясында бекітілген еліміздің әлемдегі дамыған ел­дер­дің отыздығына кіру міндеті, «Жаң­ғыру 3.0» және «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сы тікелей туристік саланы дамытуға ықпал етеді. Туризм елімізде ұлттық эко­номиканың алты драйверінің «Олим­пиадалық трассасы» деп аталатын тізіміне кірді. Бұл қатарға онымен бірге, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салалары жатады.
Бұл ретте Елбасы Үкімет алдына өршіл міндет қойды. Ол бойынша Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі туризм секторының үлесі қазіргі 1%-дан 2025 жылға қарай 8%-ға дейін арттырылуға тиіс. Демалу, емделу, тынығу, көңіл көтеру мақсатында Ұлы дала еліне сапар шегетін жатжұрттықтар саны 13-15 миллионға дейін жеткізілмек.
Осынша турист қайдан тартылады? Ел Үкіметі бірнеше бағытты белгілеп отыр. Оның біріншісі Ресейді нысанаға алады. Себебі, 145 миллиондық тұрғыны бар бұл ірі ел іргеде, шекаралас қоныстанған. Екі ел­дің географиялық қана емес, тарихи жа­қындығы бар. Ресейліктер, әсіресе, ше­каралас аймақ тұрғындары соңғы жылдары өздеріндегі денсаулық сақтау саласы күйзеліске кезіккендіктен, Қазақстанға емделуге келеді.


Бұған қоса, солтүстік көршімізде жуыр­да ғана «Натали Турс», «Матрешка», «Аврора», «Нева Тревел», Polar Tour,
DSBW-Tours және басқа да ірі турком­паниялары бірінен соң бірі банкротқа ұшы­рап, турбизнесі безгек тигендей қалтырап-дірілдеп жатқандықтан, ре­сейліктердің біразы туристік жолдамаларды Қазақстан және Беларусь туроператорлардан сатып алуға ден қойды. Рас, бұлар транзиттік туристер болып табылады және олар елді араламайды.
Үкімет жолай шетелге кетіп бара жат­қан­дарын емес, Қазақстанда демалуға бет алған ресейліктер санын ұлғайтуға баса мән беруге. Жалпы, әлем бойынша шамамен 38 миллион ресейлік турист саяхат жасайды, олар шетелде әр сапар сайын орташа алғанда 880 евро қаржы қалдырады. Бүгінде Қазақстанға солтүстік көршіден 1,5 мил­лион турист келеді екен. Енді осы көр­сеткішті 3 миллионға жеткізу көзделуде. Еліміз турист тарту бойынша өзінің басты нарығы ретінде Ресейдің Волга, Орал, Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округтерін белгілеп отыр.
Көршінің шектес жатқан өңірлерінен саяхатшыларды бері тарту үшін Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресейдің президенті В.Путин төрағалығымен арнайы түрде Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу мәселесін пысықтауға кірісті. «Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудағы жаңа тәсілдер мен үрдістер» тақырыбын арқау ететін форум биылғы қараша айында Петропавл қаласында ұйымдастырылады деп күтілуде.
Дегенмен Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ресейлік туристердің «сапасыздығына» шағым­данады.
– Қазақстанға келетін ресейлік туристің сапасы сын көтермейді. Олардың 70 па­йыздан астамы өз автокөліктерімен келеді, онымен қоймай, ішіп-жейтін азық-түліктерін де өздерімен бірге ала келеді. Салдарынан, олардың саяхатынан келер экономикалық тиімділік мардымсыз болып отыр. Сондықтан біздің міндет – Ресейден бері ағылатын сапалық туризмнің көлемін арттыру болады, – деген министр оны арт­тырудың егжей-тегжейі алдағы өңіраралық форумда белгілі болатынын білдірді.
Негізі, ресейліктерді елімізде «санато­риялық-курорттық, діни, іскерлік сапарлар қызықтырады» деп болжанып отыр.
Турист тартудың екінші бағыты Қытай­ды нұсқайды. Бұл елден 2 миллион саяхат­шы тарту жоспарлануда. Шың елінің аза­мат­тарына «экологиялық, құмарлық ойын, аң аулау, гастрономиялық, санаториялық-курорттық туризм» ұсынылмақ.
Қытай туристері саяхаттау барысында ақша шашудан бірінші орында тұрған көрінеді. 2016 жылы олар туристік мақсатта дүниежүзі бойынша 290 миллиард доллар шығындаған. Олардан кейінгі орындарға АҚШ (151 млрд), Германия (87 млрд), Ұлыбритания (73 млрд) және Франция (48 млрд) тұрғындары жайғасты.


Ел Үкіметі туризмді дамыту үшін қажетті жағдайлар түзу арқылы осы қаржылық ағындардың бір бөлігін өз елімізге бағдар­лауға күш салмақ. Бұл ретте алпауыт елдер ортасында отырған шағын мемлекет болғандықтан, Қазақстан етек-жеңін де жинақы ұстап, «ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық мүдделер арасында нәзік теңгерімді сақтауға» баса көңіл бөледі.
Мәселен, 2018 жылдың соңына дейін, шектеулі мерзімге Алматы мен Астана аралығында сапарлайтын Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізіліп отыр. Бұл режим Қытай туристеріне қатысты биылғы қаңтар айы ортасынан, ал үндістандықтарға сәуір айы басында қолданыла бастады. Бүгінде осы игілікті Қытай мен Үндістанның шама­мен 9,8 мың адамы пайдаланған. Олар осы сапарлары барысында ел экономикасында кем дегенде 350 доллар қалдырған. Мәде­ниет және спорт министрлігінің есебінше, жыл соңына дейін бұл сан аталған екі елден келген 1 миллион транзиттік саяхатшыны құрайтын болады.
Ал болашақта Үнді елінің Ұлы дала елінде болып қайтқан саяхатшыларының қатары жыл сайын 1,5 миллионға жетеді деп болжануда. Оларды да «экологиялық, құмар ойын, аң аулау, гастрономиялық, сана­ториялық-курорттық туризм» қы­зықтыруы мүмкін.
Парсы шығанағы елдерінен 1 миллион турист тарту жоспарлануда. Олардың іңкәр­лігі киелі жерлерге сапарға, діни, эко­ло­гиялық, құмар ойындары, аң аулау туриз­міне аууы ықтимал деп белгіленуде.
Еуропа мен Азияның өзге мемлекетте­рінен келешекте жыл сайын 2,3 миллион адам күтіледі. Олардың қазақ еліне аттануы­на киелі жерлерге сапар, мәдени-тарихи, діни, экологиялық, құмар ойын, аң аулау, гастрономиялық, санаториялық-ку­рорттық, медициналық және іскерлік мақсаттағы туризм ынталандыруы ғажап емес.
Әрине, осы мақсатта елге кірген шетел­дік туристер көңіл құмарлығын қандырып, рухани, мәдени тоят табуы үшін тиісті туристік нысандар болғаны аса маңызды.
Осы орайда ел Үкіметі саяхатшыларды магниттей тартатын және отандық осы саланы ілгері сүйрейтін жетекші 10 инвес­тициялық жобаны белгілеп отыр. Оларды жүзеге асыру арқасында елімізге келетін туристер саны 4,2 есеге, яғни қазіргі 3,2 миллионнан 13-15 миллионға дейін өсуге тиіс. Сондай-ақ осы «ондыққа» 5,8 миллиард доллар инвестиция тартылады және оларда 64 мың жұмыс орны ашылмақ. Тағы бір игілігі сол, бұл жобалардан Қазақ­станға жыл сайын 6,5 миллиард доллар көлемінде табыс құйылады деп болжануда.
Оқырман хабардар болуы үшін елімізде қолға алынып отырған он ірі туристік жобаға толығырақ тоқтала кеткен жөн. Бірінші жоба Астанада, Есіл өзені бойында (Radisson қонақүйі ауданында) бой кө­теруге тиіс «Көшпенділер тарихы» орта­лығы болмақ. Көшпелі өмір салты мен оның құндылықтарын, асыл мирастарын паш ететін, бір мезгілде демалыстың және оқытудың интерактивті орталығы қызметін атқаратын бұл ірі әрі бірегей нысан инвесторға 25 миллиард теңгеге түспек. Ол 1 миллион адамға дейін туристік ағынды тартуға және 3 мың жұмыс орнын ашуға тиіс. Қолданысқа берілген соң, 195 мил­лиард теңге тиімділік әкеледі деп тұспал­дануда.
Екіншісі жоба аясында бірнеше туристік объект бір туристік аймаққа біріктірілді. Атап айтқанда, географиялық жағынан шектес жатқандықтан, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Имантау – Шалқар аймағы» Ақмола облысындағы Зеренді аймағымен ұштастырылып, «Имантау – Шалқар – Зеренді курорттық аймағы» түзілді. Мұнда жыл сайын 230 мың адам тынығатын көрінеді, енді бұл ағынды 400 мыңға дейін ұлғайту көзделуде. Бұл үшін 142 миллиард теңге ин­вестиция тартылмақ. Нәтижесінде, 7 мың адам «екі қолға бір күрек» табады деп тұспалдануда.
Қазір Имантау және Шалқар көлдері жағалауларында 37 демалыс базасы жұмыс жасауда. Ал Зерендіде 9 демалыс базасы бар. Жалпы алғанда, 46 база қонақүй, тамақ­тандыру, пантоемдеу, марал фермасы қыз­меттерін көрсетеді. Туристік ағын арт­қан соң, бұл біріктілген аймақ елге 78 миллиард теңге тиімділік береді деп күтілуде.
Үшінші ірі жоба ретінде Павлодар облысындағы «Баянауыл курорттық аймағы» таңдалды. Ол бағытқа жыл сайын 200 мың саяхатшы бет алады. Бұл санды 450 мыңға дейін арттыру қарастырылуда. Бұл мақсатта 120 миллиард теңге инвестиция қажет болады. Ашылатын жұмыс орын­дарының саны 7 мыңға жететін көрінеді. Бұл шаралар 68 миллиард теңгеден аса тиімділік беруге тиісті.
Бұл курорттық аймақтың өз тау-шаңғы кешені жұмыс жасамақ. Тағы бір артық­шылығы ретінде 4 көлдің, яғни Жасыбай, Сабындыкөл, Торыайғыр, Біржанкөлдің ортасындағы тұнық табиғат төрінде, «Баянауыл» ұлттық паркіне кіретін сайын даланың шұратында орналасуы аталды. Сонымен бірге, оның аумағында таулардың барлығы мәлім.
Әлемдегі ең ірі көлдердің бірі саналатын Балқаштың жағалауы төртінші ірі жобаға ілігіп отыр. Бұл аймақтың көркемдігіне өткен жылы 130 мың ішкі және сыртқы ту­ристер сұқтанып, табиғаты аясында ты­ны­ғып қайтты. Бұл ауқым енді 400 мыңға дейін өсуі ықтимал. Алайда өздігінен өспейді, ол үшін 140,1 миллиард теңге инвестиция салу, сондай-ақ 3,5 мың адам жұмыс жасауы, жаңаша қызмет көрсетуі керек. Сонда 78 миллиард теңге пайда әкелмек.
Көлдің бірегейлігі сол, оны тар бұғаз екіге жарады, ал көлдің екі бөлігіндегі су химиялық сипаттамалары бойынша әртүрлі болып келеді. Батыс бөлігінде су тұщы деуге болады, ал шығысында тұзды.
Алматы және Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл көлінің жағалауы болса, үздік ондықтың алғашқы бестігін тұйықтайды. Және бұл олардың арасындағы ең ірісі де: былтыр 772 мың адам Алакөлдің шипалы суына тәнін малып, жарасын жазып, ләззатқа батыпты. Үкімет бұл жаққа 2,5 миллионға дейін турист шақырмақ ниет­те. Бұл үшін 320 миллиард теңге инвести­ция талап етіледі. Ол табылса, 10 мың жұмыс орны құрылмақ және жарты триллиондай, нақтырақ айтсақ, 487,5 миллиард теңге тиімділік бермек.
Алакөлдің бірегейлігі сол, көл екендігіне қарамастан, оның суы теңіздікі! Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев сол себепті де оны «Алакөл теңізі» деп атайтыны анықталды. Бір ғажабы, сонымен бірге Алакөлдің суы өзге теңіздерден ерек­ше­ленеді: оның тұзы құрамының хлоридтік-натрийлік сипаты басым және Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элементтерден тұрады! Осы қасиетіне орай Кеңес Одағы кезінде ғарышкерлерді Жерге оралған соң, Алакөл суына түсіп, тәнді тазартуға және сауықтыруға жолдайтын. Бұл аймақ емдік суы, саф әрі шипалы ауасы, күкіртті сутекті батпағы бар әлемдегі теңдессіз курорт ре­тінде жаһанға жарнамаланатын болады.


Алматы облысындағы «Шарын» шат­қалы ғаламшарымызда тек америкалық баламасы ғана бар бірегей орын екендігіне қарамастан, оған ие Қазақстан не «пиарын» жетістіре, не инфрақұрылымы мен қызмет көрсетуін келістіре алмай келді. Салдары­нан, ол саяхатшыларда аса ықылас-ынта туғыза алмағаны рас: бір жыл ішінде қазақстандықтар мен жатжұрттықтардың тек 100 мыңы ғана оны көруге келген. Алда дүниежүзілік дәріптеуін асырып, келушілер қатарын 1 миллион адамға дейін көбейту көзделуде. Және бұған небәрі 45 миллион теңге ғана қажет. Осының арқасында 2,5 мың жұмыс орны ашылуға тиіс екен. Бұл шаралар 7,8 миллиард теңге «жалпы қосылған құн» әкеледі.
Шарын шатқалының туристі таң­ғалдырар көрнекті орындарының бірі «Қамалдар алқабы» деп аталады. Миллиард­таған жылдар бұрын мұхит толқындары мен жел мүжіген бұл жартастар пішіні бойынша әлдебір алыптар тұрғызған қамалдарды көзге елестетеді. «Қамалдар алқабы» 2 шақырымға созылып жатыр. Оның ені әр жерде 20-дан 80 метрге дейін барады. Үкімет ұлттық парк аумағында саяхатшылардың жақсы демалуы үшін барлық жағдайлар түзілгенін айтады. Парк қызметкерлері жол бастап, ең әсем жерлерді көрсетеді, сондай-ақ шатқалдың шытырман тарихынан сыр шертеді. Мұнда 1500-ден астам өсімдік түрі өсуде, оның 17-сі құрудың аз-ақ алдында тұр және Қызыл кітапқа енген. Бұдан өзге шатқалды сүтқоректілердің 62 түрі, ұя салатын құстардың 103 түрі, рептилиялардың 25 түрі мекендейді.
«Алматы өңірінің таулы кластерінің» жарнамасы аз емес, Шымбұлақта тіпті президенттер мен патша әулеттерінің өкілдері де ақпарат құралдары көзінше шаңғы тепкен. Бірақ Түрген, Шымбұлақ, Ақбұлақ, Табаған, Үлкен Алматы арнасын қамтитын бұл ауқымды кластер әзірге жалпы алғанда 500 мың туристі ғана өз бағытына икемдей алыпты. Болашақта бұл санды 2,5 миллионға жеткізу міндеті қо­йыл­ды. Бұл 197,2 миллиард теңге инвести­ция салуды, қосымша 10 мың жұмыс орнын құруды қажетсінеді. Егер ол шарт орын­далса, 487,5 миллиард теңге қосымша табысқа кенелтуі ықтимал.
Даралап тұрар бір сипаттамасы сол, бұл барлық төрт маусымды қамтитын туристік, спорттық курорттық аймақ саналады және шипажайларға қойылатын ең заманауи халықаралық талаптарға жауап береді. Шаңғы жолының жалпы ауданы 500 гектарға өркен жайған, объектілері 1600-3700 метр биіктіктерде орналасқан. Мұнда бір мезгілде 33 мың шаңғышы сүйікті спортымен айналыса алады.
Сегізінші туристік алып жоба Түркістан облысындағы «байырғы Түркістанды қалпына келтіруді» қарастырады. Бұл қасиетті қаланың шетелдік туристік ағыны бүгінде 500 мың адам деп бағалануда. Егер 70 миллиард теңге инвестиция салса және әр саланың 3 мың маманын жұмысқа тартса, бұл көрсеткішті 1,5 миллионға дейін ұлғайту мүмкін көрінеді. Бұл жағдайда 292,5 миллиард теңге «жалпы қосылған құнға» қол жеткізіледі.
Жуырда ғана жаңадан құрылған облыс­тың орталығына айналған бұл шаһардың «тарихи орталығының қорғалатын аймағы» 88,7 гектарды қамтиды. Алайда жүргізілген археологиялық зерттеулер қорытынды­сында, байырғы қалашықтың Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-шығысымен шектесетін және қамал қабырғаларымен шектелген бір бөлігі оның шеті емес, қайта орталығы «цитадель» болып табылатыны анықталды.
Қаланың бұл бөлігінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті, Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі, жартылай жерастында орналасқан әйгілі «Шығыс моншасы» жайғасқан.
Туристік ондық қатарына тоғызыншы болып, «Ащысор» туристік аймағы да енді. Егер 750 миллиард теңге инвестиция құйып, дамытса, ол жақта жылына 750 мың адам демала алады екен. Ресми ақпарат бойынша, әзірге ол жақта ешқандай турис­тік ағын жоқ. Жоба толыққанды жүзеге асса, 146 миллиард теңгеден астам пайда келтіруі, 21 мың жұмыс орнының ашылуына ықпал жасауы ықтимал екен.
Каспий теңізіндегі Ащысор және Қарақия тарихи шығанақтарын қалпына келтіру облыстың экономикасын әрта­раптандыру мақсатында туризм, ауыл шаруашылығы және көліктік логистика салаларына инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етпек. Жоба Таяу Шығыстан, Ираннан, Ресейден және Еуропалық одақ елдерінен турист тартуға бағдарланған.
Он ірі әрі басым жобаны Щу­чинск – Бурабай курорттық аймағын дамыту қоры­тындылайды. Бұл жобалардың барлығы – Қазақстанның туристік карта­сы­ның» басымдықты объектілері.
Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ішкі туризмді дамыту бағытында да жұмыс жүргізілуде. Түркістан, Отырар, Күлтөбе, Сауран қалашықтарын қайта қалпына келтіру, Таңбалы, Отырар, Ұлытау музей-қорықта­рын дамыту және Солтүстік Қазақстан облысында жаңа «Ботай», ал Астанада «Бозоқ» қорықтарын құру қазақстандық­тардың өз елін тануға деген құштарлығына жаңаша серпін берсе керек. 2017 жыл қорытындысы бойынша ішкі туризм 19,74%-ға өсті, ел азаматтары өңірлер арасында 5,6 миллион сапар жасаған.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда туризм саласының дамуы қуантады және келешегінен үлкен үміт күттіреді. Туристік салаға келген инвестициялар ағыны былтыр үштен бірге, 30,4 пайызға ұлғайып шыға келді. Бұл секторда еңбек етіп жүрген қазақстандықтар саны 470 мың адамды құрады. Шетелдік туристер ағыны 18,5%-ға артты.
Енді ел Үкіметі бұл көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, еселеп арттыру үшін қарқынды жұмысты қолға алып отыр.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*