Тасқа қашалған тарих

321
0
Бөлісу:

Мәдени ескерткіштер адамзат баласына және қоршаған ортаға аса қажет. Себебі, адам тек табиғат аясында ғана емес, мәдени ескерт­кіштер саясында да тіршілік етеді. Сол себепті, табиғатты, мәдени ортаны қорғау бір үдеден шығуы тиіс екендігін айта кеткеніміз жөн.

Мәдени мұраларды жүйелеп, қалпына келтіру, сақтау, одан ары дамыту ісіне аса көңіл бөліп, бұл жұмыстарға білек түре кірісетін кез келді.
Дәстүрлі мәдениетті жаңарту, өз хал­қыңның тарихи тәжірибесіне жүгіну – тәуелсіздігін сезінген елдің өмірінен ойып орын алатыны заңды құбылыс.


«Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ат­қарылып жатқан барлық шаралар, еліміз­дегі орындалып жатқан басқа да игі істер әлемдегі өркениетті елдермен тереземізді тең ұстауға үлесін қосуда. «Өсетін ел тари­хын таспен жазады, өшетін ел жаспен жа­за­ды» демекші, «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сын іске асыру барысында Мәдениет және спорт министрлігінің жартастарға сал­ған «Бабалар үндеуін» қорғап сақтау­дағы іс-шараларын атап айтуға болады. 2003 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында «Таңбалы» қорық-музейі «Та­мы­ры терең, өмірі өлең – ырысты ел» тақы­ры­­бында мәдени шара ұйымдас­тыр­ды. Жалпы, көне жәдігер­лердің тари­хы­на терең үңілгілері келген туристерге қорық-музейдің есігі қашанда айқара ашық.
Бұл өңірде қазақ халқының тарихтағы қалдырып кеткен іздері сонау қола дәуірден бүгінгі күнге дейін сайрап жатыр. Мәселен, қола дәуірі тұрғындарының тұрағы, бейіттері, сақ тайпаларының өмірінен мәлімет беретін жәдігерлер, үйсін тай­паларының қоныстары мен оба-молалары, Түркі қағанаты кезеңіне сай келетін жартас суреттер, түркілік ғұрыппен жерленген бейіт, Қазақ хандығы құрылған Қозыбасы, Жоңғарларға қарсы соғыстың бетбұрысына айналған Аңырақай шайқасы, ғұлама ақын Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арқау болған атаулар мен тікелей ақын өмір сүрген, жер жәннат­ы.
Жетісу тарихында Жібек жолының алатын орны ерекше. 1997 жылдары ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен (Ұлы Жібек жолы ғылыми экспедициясының болжамы бойынша) Ұлы Жібек жолы Таңбалы аумағынан кесіп өткендігі мәлім болды. Ежелгі жазба деректерге сүйенсек, Жетісу өлкесіндегі қалалардың, Византия, Иран, Орта Азия, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістан сынды елдермен саудамен тығыз байланыс жасап отырған.
Осыдан-ақ, Жетісу қалалары арқылы өткен Жібек жолының бағыттарын дәл көруге болады. Біздің заманымызға дейінгі X ғасырдан бастап Іле аңғары бойындағы сауда жолы жандана бастады. Аңғарға Жібек жолының тармақтары Қордай, Бес­мойнақ, Қастек асулары арқылы келген.
Бесмойнақ, Қастек асуларынан өткен көпестер Іле Алатауы бойымен бөктерлей жүріп отырып, Қарғалы, Алматы, Талғар
/Талхиз/ қалалары мен солардың айна­ласындағы қоныстарды аралап, оңтүстік және солтүстік Іле жолдары арқылы Шығыс Түркістанға шығып, ішкі Қытайға жол тартқан.
Қордай асуы арқылы Жартасты, Таңбалы аумағындағы қалаларды аралап, Қопа, Жиренайғыр, Күрті өзендерін бойлап, Қапшағай тұсынан Іледен өтіп, Жоңғар қақпасы арқылы Қытайға жол тартқанын болжауға болады.
Тағы бір дерекке зер салсақ, осы жол Іледен Қапшағай маңынан өткен соң екінші тармаққа бөлініп, Көксу-Қаратал-Лепсі аңғарына баратын, мұнда Екі Оғыз, Қоялық, Көктума қала жұрттары арқылы өтіп, Шығыс Түркістанға, Алтайға, Моңғолияға бет алып отырған. Саудагер көпестер керуен жолы бойындағы қала­ларға, елдімекендерге келіп сауда жүр­гізген, шөл даладағы құдықтарды қас­терлеп, түбіне қонып, керуен шөгерген. Сол жолдардың сілемдері, қасиетті құдық­тардың, бұлақтардың жұрнағы осы күнге дейін сақталып отыр.
Жібек жолының бір тармағы Қордай – Мәтібұлақ – Жартасты – Таңбалы арқылы өтуіне бірнеше себептер болды деген болжам бар. Мәтібұлақ, Аққайнар, Таңбалы Іле өзендерінің бойында көне қалалар мен рулы ел қоныстары сауда жұмысына тиімді болды. Көне құдықтар­дың болуы керуен көліктері мен адамдарды су тапшылығынан құтқарды, кішігірім оазистерде тынығып, сапарын жалғас­тыруға жағдай туғызған.
Киелі жер болғандықтан, керуен шөгеріліп, құрбандық шалынып, зиярат етіп, сиынғандар қауіп-қатерден құтылған. Ұлы Жібек жолының осы тармағы – Қытайға өтудің қолайлы, қысқа жолы. Таңбалыдағы қола дәуірі адамдарының тұрақтары, көне бейіттері, жартастағы сурет бейнелері мен жазулар бұл жердің тарихы ежелден басталғандығын дәлел­дейді.
Таңбалы өзені бойында көне қоныстар құрбандық шалатын арнайы орындардың да ізі жатыр. Бұл тұжырымға осы жердегі қазба жұмысы кезінде шыққан көптеген мал сүйектері мен жартас суреттерінен білуге болады.
Өткен ғасырларда Таңбалы өзенінің арнасы кең болған. Өзен жағасында ру, тайпа қоныстары орын тепкен. Археоло­гиялық қазба жұмыстары кезінде Таңбалының оңтүстік-батыс бөлігінен табылған ескі қоныс орны осы пікірімізді дәлелдей түседі.
1957 жылы еліміздің зерттеушілері Таңбалы жартас суреттері туралы мәліметтерді, соның ішінде сапалы, көптеген фотоматериалдарды алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Сол уақыттан бері осы тамаша ескерткішке зерттеуші археологтар, тарихшылар, өнертанушылар, геологтар, суретшілер әлденеше рет назар аударды, әртүрлі деректі фильмдер түсірілді. Нәтижесінде, «Таңбалы» танымал ескерткішке айналды. Бірнеше бөліктен, тастағы таңбалардан, әртүрлі дәуірлердің жерлеу-ғұрыптық нысандарынан, тұрақтар мен қоныстардан, табиғи ландшафтық ортадан тұратын бұл кешеннің ұлылығына бас ию осы кезден басталды.
Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әртүрлі уақыттағы ескерт­кіштер – қола дәуірден біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырдың ортасынан XIX-XX ғасырлар аралығын қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және табыну орындары (құрбан шалынатын жерлер) ашық аспан астында өзіне тән тарихи құндылығын сақтай отырып қорғалуда.
Олардың бәрі үш мың жыл бойы біздің еліміздің көптеген ертедегі және қазіргі кездегі халықтардың тарихын нақты көрсететін археологиялық кешенді құрайды. Кешеннің барлық кезеңдердегі негізгі жартастарында ашық аспан астындағы 3000-нан астам жартас суреттері топтастырыла орналасқан (I-V топ) шатқал болып табылады. Ертедегі жартас суреттері белгілі бір бағытқа ғана бағдар­ланған жазықтықтарға ойып жасалған. Аңғарда шатқалдың әрбір жартасының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күрделі композицияларға дәйектілікпен орна­ласқан. Таңбалы жартас суреттер галереясы өзіндегі қола дәуір тайпала­рының ертедегі мифологиясы негізіндегі көркем хикаяны нақтылы түрде көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таңбалының жартас суреттерінің көпшілігі – Орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейі.
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі қызмет­керлерінің Таңбалы шатқалындығы археологиялық ескерткіштерді зерттеу және сақтау саласындағы отандық және шетелдік мамандармен бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша тарих, мәдениет және археология бірегей ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Таңбалы археологиялық ландшафтының жартас суреттерін» енгізуі үлкен жетістік екенін мақтан тұтамыз.
Қазақстанның көп ғасырлық тарихын­дағы Таңбалының мәнділігі, қола дәуірінің суретшілері алғаш рет Құдайға антро­поморфтық кескін бере отырып, оны көріп-білуге болатын бейнесін суреттеген.
Таңбалының әлемдік мәні адам ашық аспан астында Күн ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіруінде болып отыр.
Жартас суреттерінің орналасқан Таңбалы шатқалы – тек Орта Азия шеңберінде ғана емес, ғаламдық көлемдегі ең маңыздылардың бірі. Таңбалының жартас суреттері ертедегі адамдардың қоршаған әлемдік кеңістікті көру және қабылдауын көрсете отырып-ақ, ап-анық сұлулыққа ие. Бұл жартастағы суреттер біздің санамызға әсер етіп қана қоймай, ғасырлар арқылы сәлемдеме түрінде бізге жеткендей. Мұнда қола дәуіріндегі жартас суреттерінің жүйесіз емес, жоғарыда айтылғандай, белгілі дәйектілікпен орна­ласқандығын және белгілі экспозициядағы жазықтықты алып жатқандығын бай­қаймыз.
Елбасының сөзімен айтқанда, бүгінгі атқарылып жатқан істерді, болашақ үшін, елдігіміздің ертеңі үшін іске асыруымыз керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы сөз бар. Өткен тарихи мәде­ниетімізге зер салып қарасақ, бабалар ескерткіштерінің бізге айтары аз емес. Болашаққа жол сілтеу үшін бабалардың «Өмір тарихына» көз жүгірту басты мақ­сатымыз болмақ.

Р.ШАРИПОВ,
«Таңбалы» қорық-музейінің
Ғылыми зерттеу, қор сақтау және
көпшілік жұмыстар
бөлімінің басшысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз