КІТАПҚА ҚАРЖЫ ҚҰЙҒАН КӘСІПКЕР

264
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» бағдарламасын қолдау қоғамдық қорының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов – қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға барынша көмектесіп жүрген азамат. Елге жасаған жақсылығын көрсетіп, мақтануды ұнатпайтыны тағы бар. Бастысы, оның жасаған қамқорлығы әрбір ісінен көрініс тауып жатыр. Оның бір дәлелі – Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы. Кітапхана бүгінде адам танымастай өзгерген. Ақшасы артылса, мешіт салуға ұмтылатындар көп. Мешіттердің көп болғаны да жақсы. Жол мен көпір салатын да кәсіпкерлер баршылық. Алайда кітапханаға қаржы бөліп жатқандар жоқтың қасы. Біздің бүгінгі кейіпкерімізге кітапхананы жаңғыртуға не себепкер болды? «Туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосу үшін алысқа аттанбай-ақ, өркен жайған ортасына жақсылық жасаса да жеткілікті» деп санайтын Ерболат Қасымовтан білгіміз келгені де – осы.

Өнер мектебіндегі спорт кешені
Бүгінде бизнесмендердің рухани салаға көңіл бөліп, қолдау білдіріп, көмектесуі сирек. Біздің кейіпкеріміз адамның материалдық жағдайын ғана ойламайды, оның рухани баюына да мүмкіндік жасағысы келіп тұрады. Бұған дәлел ретінде оның кітапхана мен мек­тептерге көр­сетіп жатқан қамқор­лығын айтсақ та жетікілікті. Осы заманда жас балалар, оның ішінде жеткіншек­тердің күн ұзаққа гаджет пен ұялы телефоннан бас көтермейтіні белгілі. Кітап оқымай, қажет дүниесін интернеттен ала салуы оны қынжылтады. Осыны тежеу мақса­тында Ерболат Қасымов мектептерге, кітапхана мен спортзалдарға көңіл бөліп, жеткіншектердің қолдануына қолайлы жағдай жасауды қолға алған.
– Мәселен, кітапханада интернет жоқ емес, бар. Қажет дүниесін іздеп, сол жерден де таба алады. Үйде интернетті шұқылап, уақытын бос өткізгеннен гөрі, кітапханаға келсе, екінші біреумен ой қосып, пікірлесіп, кітаптан іздеуге құлқы оянады. Оған қоса кітапханада робото­тех­­ника курсы ашыл­мақшы. Ол да – балаларды кітапқа қызықтырудың бір жолы, – деді Ерболат Қасымов.
Заманауи стильде жасалған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы – Ерболат Қасымовтың кітапсүйер қауымға тартқан үлкен сыйы. 6 айға созыл­ған жөндеу жұмыстарының нәти­же­сінде, қазір дәл сондай кітапхана Қазақстан­да жоқ деуге болады. Негізгі идея Петербордағы кітапханадан алынып, заман талабына сай безендіріл­ген. Тіпті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Заманауи кітапха­на­ның үлгісі көрсетілді. Енді мемлекет тара­пынан ақша бөлініп, алдағы уақытта қаладағы барлық кітапхана осы стандарт бойынша жасалады» деген еді. Әкімнің бұл ойын кәсіпкер де қолдайтынын білдірді:
– Әрине, қалада 24 кітапхана бар, оның бәрін жөндеуге үлкен қаражат керек. Соған қарамастан, кітапханаларды заманауи стильде жасаған жөн. Өсіп келе жатқан ұрпақ – Қа­зақстанның болашағы. Ұрпағымызды жоғалтып алмау үшін оларға барлық мүмкіндік жасап, стимул беруіміз керек, – дейді ол.

Жекеменшікте жауапкершілік көп
Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған соң, Ерболат Қасымов аймағындағы 6 мектептің директорын жинап, ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған мектепке спорт кешенін салып беретінін айтқан екен. ҰБТ мерзімі де өтті. Қай мектептің бағы жанғанын алдағы уақытта білетін боламыз. Біздің кейіпкер қамқорлықты өзі түлеп ұшқан алтын ұя мектебінен бастады. Қазір кәсіпкер бітірген мектепте арнайы спорт кешені ашылған. Бұл оның білім ошақтарына көрсеткен көмегінің бастамасы деуге болады. Себебі, кейін К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің директоры хабарласып, спорт кешенін салуға одан көмек сұраған.
– Шынымен де, елімізде дарынды балаларға арналған мектептер саусақпен санарлықтай. Оның үстіне, балалар әр күнін аспаптарда ойнап, үздіксіз дайындықтың үстінде өткізуде. Олар кішкене болса да, бойларын сергіту үшін спорт кешені керек. Бұл жеткіншіктердің салауатты өмір салтын ұстануына бірден бір көмек болар еді, – дейді ол.
Музыка мектебіндегі спорт кешені – Қасымовтың дарынды балаларға арнаған сыйы. Оқушылар да, мектеп басшылығы да кәсіпкерге дән риза.
Осы жылы Алматы облысы Райымбек ауылында жекеменшік мектеп салу да ойында бар. Ол мемлекет қарауында болмайды екен. «240 орынды мектеп бастапқыда бастауыш сыныптан тұратын болады. Баланың қалып­тасуының негізгі діңгегі – бастауыш. Бағасы да қолжетімді, яғни 15-30 мың аралығында. Мәселен, қаладағы мектептердің материалдық-техникалық базасы мықты. Ауыл-аймақтағы мектептердің халі, білім беру процесі әлі күнге дейін ақсап жатыр. Жекеменшік мектепте талап қатты әрі біліктілік те жоғары болады» дейді.

Жүрек қалауы – елге қамқорлық жасау
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы­лар, тұрмысы нашар адамдардың кәсіп­кер азаматтардан көмек сұрап көп ке­ле­тіні бесенеден белгілі. Ерболат Қасымов та мұқтаж жандардан көмегін аяған емес. Мәселен, тұрмыс-тіршілігі төмен отба­сындағы 30 балаға демалуға жолдама берді. Былтырғы жылы EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін көруге зейнеткерлер мен өз ісінің үздіктеріне тегін билет таратты. Оның 300-і – Алматыға, 1000-ы Астанаға бөлінді. «Жасаған жақсылығыңды жария етуге болмайды. Біреуін жұмысқа алсаң, енді бірінің үйін тұрғызасың. Көпбалалы аналарға, отбасында екі бірдей адам ауырып, қиналғандарға қол ұшын беруден қашпаймыз. Бірақ «тегін» дүниеге құмартып тұратын адамдар да баршылық. Соған еті үйреніп кетеді. Өз басым мұндайға қарсымын» дейді ол.
Қазір кәсіпкер Қаскелеңде 180 пәтерлі тұрғын үй салуда. Оның алпыс пайызы аяқталған. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы мемлекеттік «7 – 20 – 25» бағдарламасын қолдамақшы. Себебі, бұл үйдің құрылысын кәсіпкер өз қаражатына салып, тиімді нұсқасын жасаған. «Өзге біреуге кіріптар болып, пәтеріне ақша төлегенше, өз баспанасы болғанға не жетсін» дейді кәсіпкер. Бұл да баспанасыз жүрген жандардың үкілі үмітін жақындата түскендей.

Қалай кәсіпкер болды?
Елде қолынан іс келетін қыз-жігіттер жоқ емес, бар. Олар да халыққа шама-шарқынша көмектесуде. Бірақ көпшілігі істеген ісін жарияға жар салып, мақ­танғысы келмейді. Сол қатарда өзінің де бар екенін жасырмады. Алайда жасаған игі ісінің бәрі – ел алдында. Мысалы, 2015 жылдан бастап қаладағы бұрынғы үкімет үйі – қазіргі ҚБТУ, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры секілді біраз ғимаратты жаңартып, Абай мен Достық даңғылы­ның қиылысындағы Абай мүсіні тұрған жолды, 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиға­сы­на арналған Тәуелсіздік монументі орналасқан көшелер жарықтандырылды.
Сол кезде ашылған біраз коммер­циалық ұйымдар бүгінгі таңда «Айсұлтан» холдингіне айналып отыр. Холдинг кәсіпкердің кенже ұлының есімімен аталған. Бүгінде оның құрамында 12-13 компания бар. Содан түскен табыстың бір бөлігі қорға аударылып тұрады. Бастапқыда жұмыс екі адаммен басталса, қазір 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізі қор қалалық әкім­шілік, «Нұр Отан» партиясының бір­лесуі­мен, әлеуметтік бағдарламаларды қол­дап, елге қолдан келгенше көмектесуде.
– Кәсіпкерлікке келмей тұрып, бұрын университетте проректор бол­ғанмын. 2002 жылы «Нұр Отан» партия­сының мүшелігіне өттім. Міне, қазір 12 жыл болды. Партияның жұмы­сымен жер-жерді аралап, халықтың қал-жағдайын көресің, кем-кетігін бай­қайсың. Сол бір кемшін тұстарды қа­­лыпқа келтіру үшін Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің «Қазақстан – 2050» бағдарламасын қолдау қоғамдық қорын аштық. Қор мемлекеттің, не шетелдің емес, маңдай термен табылған ақшамен ғана халыққа көмектесуді шешкенбіз, – деді қор президенті Ерболат Қасымов.
Оған салса, алдымен адам ақшаға құнықпай, ар алдында адал болуды дұрыс санайды. «Басқа мемлекетке қарағанда, біздің елде салықты дұрыс төлесең, ешкім мазаңды алмайды. Әрине, кәсіп­керлерде кедергілер кездеспей тұрмайды. Бірақ оның да шешімін табуға болады» дейді ол. Өзі 2009 жылы Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшесі болған, қазір кеңес төрағасының орынбасары.

Кәсіпкерлік – тынымсыз еңбек
«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дегендей, барлық нәрсе тәжірибемен келеді. Өз ісіңде тәжірибелі болған сайын, алар орның да нық болады. Бір күнде бизнесмен болып, қалтаң ақшаға толып, оңды-солды шашып жүремін деген болмайды. Бәріне тынымсыз еңбек керек» дейді Ерболат Қасымов. Айтуынша, кәсіпкер болу үшін алдымен ең төменгі сатыдан бастау керек. Өйткені өмірде кез келген нәрсенің теориясы мен тәжірибесі бар, екеуі – екі бөлек дүние. Мысалы, теория жүзінде қанша кітапты оқып, білім алса да, бастан өткерген бір күндік тәжірибе адамға көп нәрсені үйретеді екен.
– Екіншіден, маркетинг жағын ойластыру қажет. Көпшілігі ойланбастан, табыс табамын деп несие алып, дүкен ашады. Сол жерде қаздай тізіліп тұрған дүкеннің қасынан тағы біреу қосылғаны – ештеңені өзгертпейді. Соңында онысы шығынды ақтамай, жабылып, қарызға кіреді. Мәселен, түйе шаруашылығымен айналысатын танысым бастапқыда 2-3 түйемен бастаған. Қазір 5 мың түйесі, мейрамханасы мен дүкені де бар. Енді ол түйенің сүтін ұнтақ ретінде шетелге шығармақшы. Сұранысқа ие болатын дүниелер ғана пайда әкеледі, – дейді ол.
Ерболат Қасымов айтқандай, бізде басқа елдерге қарағанда экспортқа шығуға мүмкіндік бар. Оған мемлекет тарапынан қолдау табылып, жекелеген ұйымдардан көмек көрсетілуде. Бірақ көзге көрінбей, ілікпей жатқан шаруалар да жетерлік. Ақмола облысындағы кәсіпкер шет елден жасымық әкеліп, 100 гектар жерге егіпті. Қазір соның пайдасын көріп отыр. Негізі жасымық бидайға қарағанда, 2-3 есе қымбат. Бірде Швецариядан бір бизнесмен келіп, «сіздің өніміңіз делдалдың бесеуінен өтіп, қолға тиеді» деп, тікелей өзімен жұмыс істегісі келетінін білдірген. Тіпті бүкіл өнімін сатып алып, алдағы 500 гектар егістікке ақшасын төлеп кетіпті. Кәсіптің көзін таба білсек, пайда да табуға болады.
Оған қоса, шет елде демалуға, оқып, тәжірибе алуға болатынын айтып, бірақ ол жаққа көшіп кетуді қаламайтынын айтты. Одан гөрі туған елінің көрікті жерлерін көрсетіп, туризм саласын дамыта түсуін абзал көреді. Әйтпесе, Бурабай не Алакөлдегі демалыстан гөрі Түркияға бару оңтайлы болуы оны қынжылтады. «Есебін табамын десе, Алматының өзінде көрікті жер жеткілікті. Соның көзін тауып, елге көрсете алмай жатырмыз. «Мемлекеттен саған не жасағанын сұрама, өзіңнен мемлекетке не жасай алғаныңды сұра» дегендей, осы ұстаным бізге керек» дейді кейіпкеріміз.

Жастардың өсуіне не кедергі?
– Алматының бір өзінде жұмыссыз жүргендер саны 5,3 пайызға жеткен. Үлкен мегаполисте ондай болмауы керек. Бұған біріншіден, ата-ананың өзі кінәлі. Баласы қажетті балын жинамаса да, ақылы білім алуға тырысады. Сосын баласының дипломы қажетіне жарамай, жұмыссыз қалады. Мысалы, қалада аула сыпырушыға 10 мың орын бар, бірақ оған ешкім бармайтыны анық. Ата-аналар болса, «Балам жоғары білімімен аула сыпырып жүре ме, қойшы!» деп шығады. Бірақ ата-ана оның аула сыпырып жүргеніне емес, жұмыссыз отырғанына ұялу керек. «Екі қолға бір күрек» демекші, істеймін дегенге қашан да жұмыс табылады. Сыныққа сылтау іздейтіндер де аз емес… Оның үстіне бүгінгі жастар бірден бастық болып, бірден жоғары жалақы алғысы келетіні де жасырын емес. Осыдан арылу үшін психологиямызды өзгерту керек, – дейді ол. Ерболат Қасымовтың айтуынша, қазір техникалық мамандықтар сұра­ныста. Бүгінде трактор жүргізушінің жалақысы – 150 мың. Бірақ оған бір адам табылар емес. Жастардың көпшілігі заңгер және қаржы саласын таңдайды. Енді біріне оның түкке қажеті болмай, үйде жатады. Міне, осыдан барып, жұ­мыс­сыз­дардың саны артатынын айтады.
– Work and Travel бағдарламасы арқылы жастарымыз АҚШ-қа барып, даяшы, сатушы, аула сыпырушы болып, жұмыс істеп келеді. Оған намыстанбайды. Артықшылығы – тіл үйреніп, ел көргені және жалақының жоғарылығы. Бізде де солай болуы керек. Сонда ғана баланың сана-сезімі өзгереді. Одан басқа жол жоқ. Немесе шет елдегідей бала 18-ге келісімен «өз күніңді өзің көр» деп еркіне жіберу керек. Ал бізде жасы 40-50 келсе де, ата-анасының зейнетақысына қарап, өмір сүріп отырғандар жетерлік.
Ертең қа­риялар дүниеден өтсе, ол не істейді? – деген депутат Ерболат Қасымов жастар саясатын жүргізіп, оны балабақшадан бастау керектігін айтты. Шетелде байдың балалары бармен, даяшы ретінде жұмыс істеп, қарапайым­дылықты ұстанады. Соған жету үшін жұмыс істейтін адамды бірінші орынға қойып, бағаласа – жастардың бойындағы жалқаулықты да жеңуге болады деген пікірде. Кейіпкеріміздің бұл сөзінің де жаны бар. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп текке айтпаса керек-ті.

 

  Гүлзина БЕКТАС 

Бөлісу:

Пікір жазу


*