Фотоөнер деген бір сиқыр

92
0
Бөлісу:

Сұлулықты суреттеу үшін ақын өлең жазады, жазушы қара сөзден қамал тұрғызады, суретші қылқаламына жүгінеді. Ал фотограф фотоаппара­тының тетігін басса жетіп жатыр, сұлулықты қас-қағым сәтте қағып алады. Иә, фотограф үшін сол сәтте сәтті кадр түсіріп үлгеру маңызды. Бір қарағанда, бұл өте оңай көрінеді. Шындығында, сәтті кадр шығару асқан шеберлікті талап етеді. Салмағы ауыр фотоаппаратын асынған фотосурет шеберлерінің жұмысы біз біле бермейтін қызыққа толы, қиындығы да жетіп артылады. Кейде әлемде қанша фотограф болса, сонша стиль бардай көрінеді. Олардың туындылары бір-бірін толықтыруы мүмкін, тек қайталамайды. Фотоөнердің бір сиқыры осы шығар, бәлкім.

Астанада өткен Fotofest.kz ха­лықаралық фотофестивалінде ашылған көр­меден соң солай демеске шараң қалмайды. Мәселен, Жапониядан келген Ясухиро Огава кейіпкерлерін де, объектісін де ірі планда алады. Оның кейіпкерлері түрлі жастағы адамдар – ақсақал, ақ жаулықты ана, әскери жігіт, ерлі-зайыпты жастар, бала. Бірінің жүзінен өмірге құштарлықты, екіншісінен аңғалдықты, үшіншісінен табандылық пен сенімді көресіз, ал төртіншісінің жүзінен мейірім еседі. Ресейлік Алексей Кузьмичев елор­да перзентханаларынан суреттер ұсы­ныпты. Өмірге келгеніне небәрі екі-үш күн болған сәбиін бауырына басқан аналар бейнесі де бір-бірін қайталамайды. Әр ананың көңіл күйі әртүрлі. Лачезар Димитровтың (Англия) суреттері қимыл-қозғалыстан тұра ма дейсіз. Теміржол, пойызға мініп бара жатқан жолаушы, пойыз доңғалақтарын тексеріп жүрген теміржолшы, Есілде балық аулап жүрген жұрт. Қырғыз суретшісі Еркін Болжуровтың тақырыбы – ұлттық дәстүр. Суреттеріндегі дәс­түрдің бояуы қанық. Әсіресе, көкпар­шының атынан құлап бара жатқан сәті көрермен аянышын туғызады. Әттеген-ай деп қаласыз. Сосын сіз көкпар емес, сурет тама­шалап тұрғаныңыз еске түседі. Астанада әр бейсенбі сайын дәстүрлі түрде өтетін жастар­дың «Домбыра патиі» де қырғыз фотогра­фының нысанасына іліккен екен. Башқұрт­стандық Елена Болдыреваның бір суретіне сол жерде тұрып «Тұлпардың тұяғы» деп тақырып қойып үлгердік. Аламанда шауып бара жатқан тұлпарлардың шабысын тұяқтарын ғана объективке алу арқылы сәтті көрсете білген. Израильден келген Ерез Маромның суреттері Астанадағы ислам мәдениетіне арналыпты. Астананың әсем ғимараттарын ойға келе бермейтін ракурс­тармен бере білуі де үлкен өнер, шеберлік. Бұл жерде «National Geographic Қазақстан» журналының бас фотографы Ерболат Шадырақовтың қолтаңбасын бөле-жара айтуға тура келеді.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылхан Әбдірайымұлы айтқандай, қазақстандық фотографтардың жұмысы шетелдік әріптестерінен бір мысқал да кем емес. Рас. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газе­ті­нің фототілшісі Ерлан Омаровтың суреттері қимыл-қозғалыста. Фонтанмен ойнаған бала, «Көкпардағы» қызу тартыс, этноауылдағы қызған өмір, барлық суреті «сөйлеп тұр».
Астанаға келген қонақты ұялмай алып баратын бір орын болса, ол «Бәйтерек» мо­ну­менті жанындағы әлем фотографтарының объективіне ілінген суреттер көрмесі. Шілде айының соңына дейін созылатын көрмеге қойылған суреттердің авторлары – кіл кәсіби мамандар. Олардың арасында кім жоқ дейсіз, мемлекет басшыларының жеке фотографтары, әлем елдеріне көшіп-қонып, сурет түсіріп қана ғұмыр кешетін фотосурет шеберлері, бір ғана суретімен атағы аспандағандар да бар. Олар Астана туралы суреттер сыйлап қоймай, өз қоржындарын да қомақты дүниеге толтырды. Олардың ендігі көрмелерінің тақырыбы – Астана!
«Астанаға келмей тұрып, сіздің ел туралы интернеттен ақпарат іздедім, Астана туралы алғашқы ойым қателеспегенімді көрсетті. 5 жыл бұрын Алматыда болғанмын, екі қаланың айырмасы жер мен көктей. Астанаға келіп қор­жыным толып қайтып барамын. Фран­цияға барғанда Астана туралы көрмем өтуі әбден мүмкін» дейді француз фотографы Филипп Шансель.
Ал италиялық фотограф Филиппо Вен­тури біздің елге көңілді деп баға берді. «Аста­надан тамаша дүниелерді көп көрдім. Әсіресе «Астана опера» ғимараты қатты ұнады, астана­лықтар күлімдеп жүреді екен. Өз басым Қа­зақстанды өте салмақты ел ретінде қабыл­дадым» дейді.


Нұртөре Жүсіп:

«Фото және мультимедиА» музейін ашу керек

– Астанада Fotofest.kz халықаралық фотофестивалі өтті. Осы шараға бастамашы болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Биыл барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке – елордамыз жиырмасыншы мерейтойын тойлап жатыр. Осы аз ғана уақыт ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Бүгінде оның әлемдік аренадағы өзіндік орны бары – ақиқат. Осы жылы екінші мәрте өткізіліп жатқан Fotofest.kz халықаралық фотография фотофестивалі қоғамға жаңа қарқын беретініне күмәніміз жоқ. Қас-қағым сәтте бүгінгі сәтті ертеңгі тарихқа айналдыратын өзгеше өнер – фотография. Елорданың архитектуралық сәулет өнері мен мәдениетінің тарихын паш ететін шетелдік фотографтардың туындылары Астанамыздың ажарын ашып, бар әлемге танытары анық» деген болатын.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған фото саласының шеберлері Астананың 20 жылдығына орай нақты тақырыптар бойынша суреттер түсірді. Оның ішіндегі таңдаулы туындылар Астанадағы Бәйтерек ескерткішінің түбіндегі арнайы орында ілулі тұр. Көрмеге сыймай қалған басқа суреттер Ұлттық музейде өтетін көрмеге қойылады.
Ресейден келген Валера және Наталья Черкашиндер фотоөнердің артграфика саласын жетік меңгерген жандар. ТМД, Ұлыбритания, Германия, Испания, Жапония және Қытай мемлекеттерінде 10 жылдан артық зерттеу жүргізіп, 160 жеке көрмесін өткізген, 270 рет өз өнерлерін әлем жұртшылығының назарына ұсынған Черкашиндер еңбегі ерекше. Олардың жұмыстары туралы 70-тен астам телебағдарлама түсірілген. Атап айтқанда, CNN, Deutsche Wele тәрізді әйгілі телеарналарда көрсетілген. Жапония үкіметінің арнайы грантымен марапатталған екен. Art + Auction, Art Forum, Stern Magazine, The Washington Post сияқты 250-ден астам шетелдік басылымдарда жұмыстары жарық көрген.
Осы Черкашиндермен тілдескенімізде олар Қазақстан үшін маңызды бір шараны жүзеге асыруды ұсынды. «Қазақстанға «Фото және мультимедиа» музейін ашу керек» деді олар. Несі бар, жаны бар ұсыныс.
Осымен екінші рет өткізіліп отырған Fotofest.kz халықаралық фотофестивалі шеңберінде жинақталған мықты фотосуреттерді бір жерге жинақтаудың орны бар. Оның үстіне Қазақстанның әр аймағында жемісті еңбек еткен фото тілшілердің ескі суреттерін цифрландыру ісі де кезек күттірмейтін шаруа. Қазақ тілінде тұңғыш рет «Фотожурналистика» оқулығын шығарған Асылхан Әбдірайымұлы мұндай ұсынысты қуана қуаттайды.
– Біздің Сайлау Пернебаев, Сьезд Бәсібеков, Нұрғожа Жұбанов, Рахымбай Алашыбаев секілді мықты фототілшілердің мұрасын жинақтап, осы заманғы сұранысқа сай ету, яғни цифрландыру ісі біраз қаражатты қажет етеді. Оның үстіне Болат Омарәлиев сияқты аймақтарда жемісті еңбек еткен азаматтардың мұрасын жинастыру да керек. Сонда Қазақстанның кешегі келбеті мен бүгінгі сәулетті шағы арнайы бір музейге қойылса, игілікті іс болар еді, – дейді.
Fotofest.kz халықаралық фотофестивалінің директоры Сұлтан Срайлов мырза да Қазақстанның фото және мультимедиа музейін ашу ісін орынды санайды.
– Осымен екінші мәрте біз осындай шараны өткізіп отырмыз. Әлем фотографтарының назарында Қазақстан тосын және ғажайып фотосуреттер арқылы танымал болып жатыр. Қаншама жақсы суреттер өмірге келді. Фото және мультимедиа музейі болса, соның бәрін ел назарына ұсынуға үлкен мүмкіндік туар еді, – дейді ол.
Қазақстан қарқынды дамып жатыр. Мұндай музей ел үшін керек нәрсе. Әлемнің көптеген елдерінде бар. Бізге де осындай ұтымды қадамға бару керек. Фотографтардың үздік туындыларын сұрыптап, бұрынғы суреттерді цифрландырып, жаңа мультимедиа туындыларын жинақтап жеке музей етуге әбден болады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты ескерусіз қалдырмас деп үміттенеміз.


Еркін Болжуров, қырғыз фотографы:

Менің тақырыбым – ауыл

– Сіз Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің жеке фотографы болып істеген екенсіз. Қазір екеуі де президент емес. Десе де айтыңызшы, екеуінің қайсысымен жұмыс істеу жеңіл еді?
– Екеуімен де жұмыс істеу оңай еді. Әрине, Қырғызстандағы саяси өмір басқаша болғанымен, президент мен үшін объекті ғана еді. Сөйте тұра оларды жақсы қырынан түсіруге тырыстым, қорғағым келді. Президенттер түрлі шараларға қатысып, сұхбат беріп жатқанда фоторепортерлер нашар жағын, күлкілі шығатын тұсын түсіруге дайындалып, мимикасын аңдып тұрады. Мен, керісінше, ол қандай президент болса да жақсы жағын көрсеткім келеді. Оларға саяси тұлғадан гөрі адам ретінде қараймын.
– Ресми тұлғалардың жеке фотографтары көп құпия біледі дейді…
– Олай деуге келмес. Себебі, ресми кездесулер бекітілген протокол бойынша өтеді. Әрине, кейде протоколдан тыс жағдайлар да болады. Мысалы, Құрманбек Бакиевтің инаугурациясы біткен соң, кабинетіне барып, таққа отырайын деп жатқаныңда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақсақалдық танытты. Ол Бакиевке бата берді. Бұл оқиға маған қатты әсер етті, Қазақстан басшысына деген құрметім арта түсті. Бұл – жөн-жобаны білу, дәстүрді ұстану.
– Президенттің жеке фотографында жеке өмірге уақыт бола ма?
– Жеке өмір неге болмасын? Әрине, мұндай жұмыста жүргенде өз-өзіңе қожа емессің, ресми сапарларға тәуелдісің. Есесіне, тарихи оқиғалардың куәгерісің. Мен қазір зейнет демалысына шықтым, бірақ Бішкектегі сурет музейінде жұмыс істеп жатырмын.
– Фотографтардың кумирі бола ма?
– Әдетте өзге фотографтар әлемге әйгілі фотографтарды үлгі тұтқанын, солардың суреті ұнағанын айтып жатады. Ал мен жұмысын ұнатсам да, авторы туралы білуге қызықпайды екенмін. Тек жас кезімде қолыма Хелмут Ньютон деген фотографтың альбомы түскен. Сәнгерлерді түсіреді екен. Соның жұмысы ұнады. Онда да Хелмут деген аты жазылып тұрған соң ғана есімде қалыпты.
– Фотофестивальде түсірген суреттеріңізден ауылдың иісі аңқиды.
– Өйткені менің тақырыбым – ауыл, ауылдағы кемпір-шал, салт-дәстүр. Өзім қалада тұрсам да, ауылдарға барып сурет түсіріп келемін. Бірақ қазір ауылда салтымызды сақтаған ақсақал азайды. Ал Астанада іздегендерім табылды. Білесіз бе, менің осы фотофестивальге баратынымды естіген әріптестерім қызығып та, қызғанып та қалды. Осындай шараны өткізу үшін қаржы тауып жатқан Қазақстан жарап тұр. Біз де өзімізше ұйымдас­тырғымыз келеді, бірақ сәті түспей тұр. Қыркүйек айында біздің елде «Көшпенділер ойыны» болады. Сол шараға әлем фотографтары шақырылса, олар да айтулы шараны фотоға түсірсе, жер шарына жарнама жасалар еді деп ойлаймын. Мысалы, осы фестивальден кейін еліме барып, Астанадан түсірілген фотоларымның көрмесін өткіземін. Сол кезде жоғарыдағыларға идеямды ұсынамын.


Давид Акопиян, Армения президентінің жеке фотографы:

Сочидегі суреттен кейін қазақ достарым көбейді

Фотофестиваль қонағы болған Давид Акопиянды қазақ­стандықтар жақсы та­ниды. Сочиде өткен ТМД басшы­ла­рының саммитінде Қазақстан Президентінің суретін түсіріп атағы аспандаған Давидті сөзге тартқан едік.
– Давид, бұл сұрақтан мезі болған да шығарсыз, десе де атышулы суреттің қалай түсірілгенін айтып беріңізші?
– Сочидегі мемлекет басшы­ларының кездесуі тар форматта өтті. Біз оларды үлкен залда күтіп отырдық. Күзетшілер әрі-бері жүрген кезде жарықты байқадым да алға жақындап, президентім Серж Азатовичті түсірмек болдым. Менен де басқа фотографтар есікке ентелеп күтіп тұр. Мен фотоаппаратымның жарығын ретке келтіріп дайын тұрған едім, бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келді. Мен түсіре бердім, түсіре бердім. Кешке суреттерді қарап отырып, өзім де таңқалдым. Сәтті шыққан кадрды әлеуметтік желіге салдым да, ұйықтап қалдым. Ал таңертең оянсам… ары қарай өзіңіз де білесіз.
– Бұдан өзге танымал фотоларыңыз бар ма?
– Арменияда да көп кадр түсірдім. Серж Саргсянның Рим папасымен бірге түскен фотосын да көп адам көрді. Бірақ олардың ешбірі Назарбаевтың фотосы секілді үлкен назарға іліккен жоқ. Facebook-та мыңнан астам қазақ достасуға өтініш жіберді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Осы суреттен кейін мені Қазақстанға түрлі шараларға шақыратын болды.
– Сіз сонда Астанаға бұған дейін де келген болдыңыз ғой?
– Астанада соңғы рет үш ай бұрын болдым. Қайда барсам да немен айналысатынымды сұрап жатады. Президенттің әлгі суретінің авторы екенімді айтсам болды, барлығы білетін болып шығады. Өткенде мешіт пен музейде де танып жатыр.
– Сіз тек ақ-қара түсте түсіресіз бе? Көрмеге тек ақ-қара түсті суреттер қойылыпты.
– Әркезде әрқалай. Көп жағдайда фотоаппаратымды ақ-қара түске қосып қоямын. Кейіпкерімнің образын осы түс жақсы беретін сияқты. Ал негізінде, түрлі түсте түсіре бермеймін.
– Президенттің жеке фотографы болудың қызығы мен қиындығы неде?
– Жұмысыңды жақсы көрсең, оның қиындығы болмайды деп ойлаймын. Менің президентім – өте салмақты адам. Фотоға түсуді қатты ұнатпайды. Суреттің сәтті шығуы, көп жағдайда, объективке ілінген тұлғаға да байланысты. Мысалы, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама өзінің жеке фотографы Пит Соуздың бағын ашты деп ойлаймын. Өйткені Обама жиын кездерінде өзін еркін ұстайтын. Егер Пит Соуз басқа президентпен жұмыс істесе, дәл сондай қызықты кадрлар шықпауы мүмкін еді.
– Сіздің президентіңіз Қазақстан басшысының суретіне қатысты пікір білдірді ме?
– Сәтті шығыпты деді. Қазақстан осы сурет арқылы Арменияны жақын тани түскенін айтты.
– Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонмен сурет түсіреді. Оларды сіз өзіңізге бәсекелес санайсыз ба?
– Қазір техника дамып жатыр. Бүгінде техникаң мен объективіңнің қандай екені маңызды емес, жариялайтын фотоң бағаланады. Айфонмен де жақсы фото шығаруға болады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*