Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ: ӘЛЕМДІ СҰЛУЛЫҚ ҚҰТҚАРАДЫ ДЕГЕНГЕ АСА СЕНБЕЙМІН…

1865
5
Бөлісу:

Өлең дейтін өлкеде оның да тіккен өз отауы бар. «Үйірге қосып аз арыстанды, тигізген көкке төбемді. Осынау байтақ Қазақстанды, менікі демей көр енді!» деп,  қасиетті мекенін   жырға қосқан ақынның әрбір өлеңінен сөз маржанын теруге болады. Төлеген ақын туған аймақта өмірге келді. «Сәл бірдеңе түссе болды қазанға, Және түбі көрінбесе қапшықтың, Әркім барын шығаратын базарға, Мен жырымды ап шықтым» деп жырлаған ақын сонау тоқырау жылдарында да өлең өлкесінен табанын тайдырмай, тұрақтап қалғанының өзі оның осал еместігін  байқатқандай. Әдебиет дейтін үлкен ауылда поэзия пырағын мініп, елдікті де, ерлікті де жырлап келе жатқан Бауыржан Бабажанұлының жансарайына үңіліп көрдік. 

– Бауыржан мырза, Сіздің буын біртүрлі «өліара» ке­зеңді бастан кешіргендей кө­рінеді бізге. Том-том кітап шық­паса да, жұқалтаң кіта­­быңыз өзіне «буын» бұр­қыратып қаламақы ала­тын шақтың да қызығын көрген жоқсыздар. Нарық екі өкпеден қысқан өтпелі тұста әдебиеттің есігін ашу өлермендік пе?
– Өлермендік деуге кел­мес. Әркім өлеңді өзі үшін жазады ғой. Иә, рас, біздің буын қоғамдық формациялар ауысып жатқан тұсқа тап келді. Көбі өлеңді біржола қойып кетті. Мүмкін, дұрыс та болған шығар…
Бұрын да жаздым, тағы қайталайын, біздің буында «Пәлен газетті мен жаптым…» деген «әзіл» болды. Өйткені бүгін өлеңіңді апарып берген газет ертең мүлде жабылып қалып жататын. Ал газетке жыры жарияланған талапкер өзін нағыз ақын сезінуші еді. Қаламақы туралы тіпті ойлағанымыз да жоқ.
– «Біздің Баукен Төлеген ағасы сияқты шайыр бола­ды» дейтін аға үміті ақталды ма?
– Менің аталарым Өтеулі мен Бабан еншісі бөлінбеген адамдар болыпты. Біздің елде «Еншісі бөлінбеген Өтеулі мен Бабандай» деген сөз бар. Өтеуліден – Бабажан, Бабаннан – Атажан туады. Атажан көкем – өте сауат­ты адам еді. Жас кезде педаго­гикалық институтқа оқуға түсіп, тентектік жасап, қуы­лып кеткен. Өмір бойы фермада мал бақты. Біздің ауылда орысша сөйлеп, жаза алатын санаулы адамның бірі болды. Одақ көлеміндегі мықты басылымдардың бәрін алдырып оқитын. Бір жерге барса, міндетті түрде маған кітап сатып алатын. Әскерден келгенімде мен үшін екі жылдық «Жұлдыз» бен «Жалынды» тақтап жинап қойған екен. Соның сөзі ғой айтып отырғаның. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден ерте озды. Тірі болса, менің әрбір жетістігіме қуанар еді. Бірақ көкемнің талғамына тати­тын өлең жаза алдым ба, білмеймін…
– «Ең адал, ең таза сту­денттер» оқитын филфак пен журфактағы күндер несімен қымбат?
– Шынайылығымен, рия­­сыз­дығымен. «Ана ақын мық­­ты…», «Пә­­ленше жазу­шы емес…» деп «ай­д­а­ладағы біреу» үшін қызыл-кеңір­­дек боп ай­тысатын әпен­делер осы екі фа­куль­тетте оқи­ды. Бір күнде аяқас­­ты­нан дүрк көтеріліп, еліміз­дің бір бұрышында тұ­ра­тын қаламгерге сәлем беруге аттанып кету – оларға түк емес. Мысалы, тоқсаныншы жыл­­дарда Тыныштықбек Әбдікәкімұ­лының «Ақшам хат­тары» қолдан-қолға өтіп оқылды. Әмірхан, Сағындық, Қазыбектер бірде автормен кездесу үшін Семейге тартып кетті. Қазір болса, ол кісінің жағ­дайы қалай екен, барсақ, қысылып қалмай ма, деп ойлай­ды ғой. Ал ол кезде ондай ой еш­кімнің басына кіріп шықпайды. Олардың барып келгеннен кейін­гі беделін көрсең ғой. Құд­ды әулиеге қол берген сықылды.
Ана жылы Әділ Ботпанов­тың кітабы шығып, Жазушылар Одағында тұсаукесері өтерде филология факультетінің студенттері мені жатақханаға кездесуге шақырды. Өздері «17-жатақханадағы кездесу» деп атайды екен. Солармен әңгімелесіп отырып, баяғы өзі­мізді көргендей болдым. Мек­тепке барып, оқушыларды сырттай бақылап тұрып «Шір­кін, балмұздақ әлі тәтті екен ғой…» дейтін Қарауылбек Қазиев­тің кейіпкерінің күйін кештім.
– Әділдей ақынды жоғалту Сізге оңай тимегені анық. Ботпанов са­ғынышы әлі де жүректі сыздата ма?
– Әділ – біз­дің буын­ның басы еді. Менің ең ал­ғаш көріп, ара­ласқан ақыным – Әділ. Оның кейбір ойларынан шоши­тынмын. Ол біздің әдебиетіміз мүлде өзгеруі керек деген пікірде болды. Кейін кітабын әзірлегенімде оның тынбай ізденіп, басқа бір кеңістікке шыға алмай аласұрғанын көрдім. Түрлі экспериментке барған. Тіпті төрт жол өлеңнің әр жолын әр жаққа қаратып та жазып көрген. Прозалық дүниелерінде де басқаша жазуға ұмтылғаны байқалады. «Бір жаққа кетіп қалып, ұзақ жылдардан кейін қайтып келсем…» – дейді екен қасындағы жігіттерге.
Тағдыр деген бар. Кей адамның аузына сөзді Құдай салады дейді қазақ. Әділ бір өлеңінде:
– Өмірзая жұлдыз болып келем мен,
Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.
Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,
Тіршілігің тек әншейін қырт екен, – деп еді. «Түптің түбі тірі-өліден безініп, Жалғыз мола жерленетін шығармын…» деген тағы бірде. Шынында да, ол Өмірзая сынды жарқ етті де, жоқ болды. Өлі-тірісі белгісіз. Жоғ”алып кеткеніне биыл 21 жыл толды. Былтыр ағасы Данабек: «Бауке, тірі болса, осы 20 жылда бір хабары болар еді ғой. Құран оқытсақ қайтеді…», – деп хабарласқан. Мен оны ағайындарымен, бала-шағасымен ақылдасып, өздері шешкендері дұрыс болатынын айттым.
Жалпы, Әділдің өмірі жұм­баққа толы. Жоғалып, жаппай іздеу салынып жатқан шақта құзырлы органның адамдары әкесіне келіп, баласының екі жылда келетіндігін, әзірге шу шығармау керектігін айтқан. Әйтпесе, зияны тиіп кетеді-мыс. Бұл кісілер іздеуді доға­рып, екі жылдан кейін барса, әлгілер танып кетіпті. Бұны ма­ған марқұм Әнуарбек ақсақал айтқан.
Өзім ауық-ауық интернет арқылы Әділді іздеп отырамын. Бірде Екатеринбургтегі бір көлік сататын мекеменің жар­намасына көзім түсті. «Менеджер — Ботпанов Адиль Ануарбекович» делі­ніпті. Дереу қоңырау шалдым. Менімен сөйлескен кісі меке­мелерінде ондай кісі жұмыс істемейтіндігін айтты.
Көп ұзамай әлгі жарнама жоғалып кетті. Міне, осы жағдайлар көңіліңді сан-саққа жетелейді.
Өлім — хақ. Одан қашып құтылатын ешкім жоқ. Өлген адам­ның моласы, жақын­да­ры­ның, бала-шағасының жүрек­терін суытып, тағзым етіп баратын жері болғаны жақсы. Ал ол болмағасын, үміт те үзілмейді…


– «Бауыржанның өлеңде­рінің басты әсері – оны осы қазір ғана өзің жазғандай күй кешесің. Бұл – нағыз ақын­дықтың басты критерийі» дейді Мейірхан ақын. Жақсы ағаның жақсы бағасы бөлекше әсер ететін болар…


– Әмірхан достың орны да ойсырап тұрған болар. «Итаяқ­­тан су ішкен…» деп тө­гіл­тіп жазып едіңіз бір кез­дері. «Өзгермеген Әмірхан» туралы естелік жазамын деп ой­ламаған да шығарсыз. Дегенмен дос бейнесін еске алғанда, ойға не оралады?
– Сол мақалада «өзгер­мегендігін» артықшылығы етіп көрсетіп едім. Сөйтсем, менікі қате екен. Адам өзгеріп тұруы керек екен. Заманға, ортаға бейімделуі қажет екен. Әмірхан өзгере алмады. «Әй, осы ит мүлде Шымкенттің жігітіне ұқсамайды…», – деп еді бір досымыз. Әдетте оңтүстіктің жігіттері өмір сүруге икемді келеді ғой. Соны айтқаны.
Әмірхан – өте көп оқыған жігіт. Онысы мақалаларынан байқалып тұратын. Ол өзін кітап арқылы тәрбиеледі. Ал өмір кейде кітаптың «дегені­мен» жүре бермейді.
Бірде екеуміз телефон арқылы біраз әңгімелестік. Бізден кейінгі буындағы бір жігіттер туралы айта келіп: «Олар тым аспан жаққа ке­тіп қалды…» – деді. «Кете берсін, нең бар…», – деп едім, «Қайта алмай қала­ды ғой…» – деп қатты ренжіді.
Әмірхан дүниеден озардан екі күн бұрын бір қызық күйде бол­дым. Әуелі өзіме… «келген» екен деп ойладым. Кейін жан-жаққа звондап, жақындарымды түгендей бастадым. Сосын «Дерт» дейтін өлең жазып, фейсбукке жарияладым. Міне, мынадай:

ДЕРТ
Бір сәт мігір таба алмай,
Жан секілді жын қаққан.
Біреу келіп қалардай,
Кететіндей бір жаққа…

Мазам қашып күнімен,
Қарағаным жол кілең…
Телефонға үңілем,
Терезеге телмірем.

Бір орында тұра алман,
Атқақтайды жүрегім.
Сыртқа асығыс шығам да,
Үйге қайта кіремін.

Күл ғып сенім-тіреуді,
Қол созғанда түн — көрдей.
Құтқаруға біреуді,
Қалатындай үлгермей…

Хәл бұл, адам сенгісіз,
Күлсең, маған күл, мейлің.
Қайда барам, белгісіз,
Кімді күтем…
Білмеймін.

Жан ба әлде кірлеген,
Құзға сүйреп дүйім дау?
Жынды дейтін жынды емен,
Саумын деу де қиындау…

Аяғына қан түскен,
Тұлпардайын дерегі.
Тәңірім-ау, тал түсте,
Дедектеткен не мені?

Қолыңды соз тағы да,
Қиналдым-ау бір,
Алла-ай.
Аласұрған жаныма,
Не керегін біле алмай…

Бұл – 2014 жылы сәуірдің 6-сында жазылып, жарияланған өлең. Кейбіреулер сол сәтте: «Ғашық болған шығарсың…» – деп әзілдеп жатты. 8 сәуір күні таңертең Әмірхан звондады. Бір күн бұрын телефондап, ала алмай қойып едім. Ұзақ сөйлестік. Трубканы қойғасын іле-шала тағы хабарласты. Ал екі сағаттан соң оның кенеттен дүние салғандығы жөнінде хабар естідім…
Жалпы, Әділ де, Әмір де қазақ әдебиеті үшін өте керек жігіттер еді. Бірақ ешкім маңдайындағы жазудан асқан емес…


– Сұлулыққа қызықпайтын адам болмаса керек. Әдемі әйел­ді, сұлу қызды, тұнық таби­ғат­ты көргенде көңілің кө­тері­ліп қалатыны рас қой. Бірақ әлемді сұлулық құтқара­тынына аса сенбеймін.


– «Бауыржанның өлеңде­рінің басты әсері – оны осы қа­зір ғана өзің жаз­ған­дай күй ке­ше­сің. Бұл – на­ғыз ақын­дық­тың басты кри­терийі», – дей­ді Мейір­хан ақын. Жақ­сы аға­ның жақ­сы­ ба­ғасы бө­лекше әсер ете­тін болар…
–Жалпы, өлең жазатын адамның ке­зекті дүниесін бітіргенде: «Осыған пәленше қалай қарар екен…» дейтін адамдары болады. Мен үшін Мейірхан ағам – сондай кісілердің бірі. Сондықтан оның аузынан бұндай лепес есту – үлкен мерей.
– Тәуелсіздікпен бірге ержеткен буынның да алды аға жасына жетті. Жас­тық­тың келбеті бөлек қой, ағалықтың бейнесі қалай болады екен?
– «Ағаның көрдік алқасын, Ақылдан басқа түгі жоқ», – дейді Есенғали ағам. Әдетте іні біткен ағаға өкпелеп жүреді. Бұл – заңды құбылыс. Мен де кезінде «Менің ағаларым…» деген өлең жаздым. Сөйтсем, оным балалық екен. Ағаларым­ның көп жақсылығын көрдім. Оны сұхбаттарымда айтып жүрмін. Өзім жақсы аға болдым деп айта алмаймын. Мені де боқтап жүргендер бар. Мейлі. Мүмкіндігім жеткен жерге дейін көмегімді беруге тырысамын. Біраз жастың қолтығынан демедім. Ешкімге ақыл айтқан емеспін, өйткені ол құрғырың өзімде де аз. Оны жұртқа берсем, не болмақ?
Сол азғантай ақылыма сал­сам, ағаның да, адамның да жақсысы – зиянын тигізбегені. Мен де қал-қадарымша ешкімге зиян жасамауға тырысамын.


Әдетте іні біткен ағаға өкпелеп жүреді. Бұл – заңды құбылыс. Мен де кезінде «Менің ағаларым…» деген өлең жаздым. Сөйтсем, оным балалық екен. Ағаларым­ның көп жақсылығын көрдім. Оны сұхбаттарымда айтып жүрмін. Өзім жақсы аға болдым деп айта алмаймын. Мені де боқтап жүргендер бар. Мейлі. Мүмкіндігім жеткен жерге дейін көмегімді беруге тырысамын. Біраз жастың қолтығынан демедім. Ешкімге ақыл айтқан емеспін, өйткені ол құрғырың өзімде де аз. Оны жұртқа берсем, не болмақ?


– 16 жастағы арман орын­далды ма?
– Орындалғаны бар, орын­далмағаны бар, өмір сонысымен де қызық қой.
– «Әлемді сұлулық құт­қарады» дейді. Сұлулыққа жиі қызығасыз ба?
– Сұлулыққа қызықпайтын адам болмаса керек. Әдемі әйел­ді, сұлу қызды, тұнық таби­ғат­ты көргенде көңілің кө­тері­ліп қалатыны рас қой. Бірақ әлемді сұлулық құтқара­тынына аса сенбеймін. Ме­нің­ше, бұл қанатты сөз пайда болған кездегі сұлулықтың өлшемі де басқа болса керек. Әлемді бір құтқарса, мейірім құтқарады.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

5 пікір жазылған

  1. Нұрхан 14 Шілде, 2018 at 18:00 Жауап

    Бауыржан ақын,Бауыржан аға аңғалдығыңызбен,азаматтығыңыз сұхбатыңыздан да аңқып шығып тұрады

  2. Малика 14 Шілде, 2018 at 18:46 Жауап

    Бауыржан Бабажанұлын жанына адалдық тұнған азамат деп танимыз. Өмірді еш бүкпесіз қырынан көрсете білу, адамзат әлемінің небір иірімдерін жүрегімен сезіну, оның асау тұстарын үнемі бағындыра ұстауға өзін ғана емес, өзгелерді де ұмтылдыру – екінің біріне бұйырмаған бақыт. Бауке, сіз, сол бақытты ой ұшқырлығымен, мәдениетті түрде тізгіндеген ақынсыз. Жырсүйер қауымға тағы бір өміршең поэма жазатын сәт келіп тұр, қапы қалмаңыз!
    Өзіңді аса құрмет тұтатын ағаң Данабек, жеңгең Малика.
    14.07.2018 жыл, сағат: 17:45
    Ақтөбе қаласы

  3. Тамара 15 Шілде, 2018 at 14:53 Жауап

    Алемди бир куткарса мейирим куткарады деген ойыныз оте дурыс аитылган.Алланын берген сулулыгынан -акылсыз бас меииримсиз журек болса ,сулулыкта жапа шегуи мумкин

  4. Малика 15 Шілде, 2018 at 19:21 Жауап

    Ата-ананың балаға мейірімі баланың ата-анаға, қоршаған ортаға мейірімін оятса, жұбайлардың бір-біріне мейірімі, алыс-жақын ағайынның мейірімі адамзат әлемін мейірімді болуға жетелейді. Сұлулық деген –
    мейірім тұнған жүрек иесінің көзінен нұр болып төгіліп тұратын қасиет дер едім. Оны ешбір косметикалық құрал алмастыра алмайды. Мейірімді адам – сұлу адам.

  5. Тұрсынай 17 Шілде, 2018 at 19:20 Жауап

    Мейірім мен махаббат дүниені құтқарса керек. Өйткені марқұм қайын атам студент кезімізде ,,махаббатың бар ма?,, деп сұраса, көбі ұялатын. Соң өзі байсалды, маңғаз келбетімен: ,,Махаббат – Отанға, туысқа, жарға, досқа, перзентке, жақындарыңа деген адал сезім,,-деген еді. Уақыт өте келе бұл пікірдің өте дұрыстығы байқалады.

Пікір жазу


*