Түркі жұрты тәу ететін туристік нысан

651
0
Бөлісу:

Ер Түріктің бесігі атанған Түркістан қаласы биыл Елбасының Жарлығымен облыс орталығы болғаны белгілі. Әу бастан-ақ бұл өңір туристік мекен саналатын. Тек туристік потенциалын толық пайдалана алмай жүргенбіз. Енді облыс орталығы болған көне шаһардың гүлденер, көркейер сәті туды! Түркістан енді түлеп қана қоймайды онда тарихымызды тануға, қазақтың өзінің түп-тамырын танып білуіне бұрынғыдан да жоғары жағдай жасалады. Түркістан шаһарында тұтас Қазақстан үшін ғана емес, түркі әлемі үшін қасиетті Қожа Ахмет Яссауи бабамызбен қатар қазақтың 21 ханы, 47 батыры, 19 биі және 8 сұлтаны, яғни бар тарихы жатыр.
Орта ғасырларда Қазақ хандығының ордасы болған, қазақ жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше ықпал еткен осынша хандарымыз, билеріміз, батырларымыз бен сұлтандарымыздың мәңгілік мекеніне айналған қалаға алыстан ат арылтып келушілер толастаған емес. Иә, бабалар сөзімен айтқанда, Түркіс-
тан – түмен бап жатқан киелі қабірстан. Бұл өңір – араб, қытай, парсылар мен еуропалықтар көз тіккен Ұлы Жібек жолының ортасындағы ең үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи астанасы.

Миллионнан аса зияратшылар келген
Түркістан қаласының негіз­гі табыс көзі осы туризм сала­сын­да. Мәселен, 2016 жылы мұн­да 1 млн 60 мың турист келсе, 2017 жылы 1 млн 144 мың жан саяхаттаған. Туристерге көрсетiлген қызметтерден қала бюджетіне 5 млрд 300 млн теңге табыс түскен. Осылайша, қала экономикасының ұлғаюына туризм саласы едәуір үлес қосып отыр. Жыл басынан бергі 5 айда 520 765 зияратшы мен турист келген. Оның 10 435-ы алыс-жақын шетел азаматтары. Турис­тер есебінен 45 млн теңге табыс түсіп, Түркістан туризм орталығына сұранып тұрған мекен екенін дәлелдей түсті. Соны­мен қоса, киелі қалаға қонақ болып келушілерден 2005,9 млн теңге кіріс кірген.
Айта кетейік, шаһарда 2016 жылы 708 адамды қабылдауға мүмкiндiгi бар 12 қонақ үй болса, 2017 жылы оған жоғары деңгейлi 3 қонақ үй қосылып, барлығы 889 жатын орынды құрады. Туристiк нысандарды көбейту, сервистi жетiлдiру бойынша жыл басынан берi заманауи үлгідегі 3 бірдей қонақ үй («Евразия», «Ханака», «Алтын ұя») iске қо­сылып, қонақтарға жоға­ры деңгейлi сапалы қызмет түр­ле­­рін ұсынып отыр. Жалпы, туризмнің өңірлік өнімдегі үлесі 5,4 пайызды құрайды.
Түркістан қаласына сипат­та­ма беретін болсақ, ең алдымен Ислам дінін таратушыларының бірі, сопылық ілімнің негізін қалау­шы, ғұлама дегдар, әулие тарихатшы, ақын, философ Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жерленген кесенесі бар өңірдің 1500 жылдан астам тарихы бар. Сондай-ақ Түркістан қала­сы ірі кәсіпорындарымен, бі­лім және мәдениет орта­лық­тары­мен, отандық және ше­тел­­дік туризм саласымен та­ныл­­­­ған. Аймақта мал және егін шаруашылығы дамыған. Ауыл шаруашылығында дәнді дақылдардың және мақтаның жоғары сапалы өнімдері ерекше орын алады. Сонымен қатар қала – ірі сауда-саттық орталығы. Онда бірнеше үлкен базар бар. Қаланың теміржол стансасы Орынбор – Ташкент бағытында орналасқан. Қазақстанның ірі қалалары – Астана, Алматы және барлық облыс орталықтарының темір­жол бағыттарымен байла­ныс­та.
Түркістан қаласынан Еуро­па және Азия елдерімен эко­но­микалық және мәдени байла­ныс­ты күшейту мақсатында Сол­түстік Еуропадан Батыс Қы­тайға дейін трансұлттық инфра­құрылымдық көлік дәлізі өтеді.
1991 жылы 10 факультеті бар Түркістан мемлекеттік уни­­верситеті ашылып, ол 1993 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті болып атауы өзгертіледі. Қазір­гі таңда жоғары оқу орны түркі­тіл­дес 35 елдің (Түркия, Кипр, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ауған­стан, Түркіменстан, Өзбек­стан) және Ресейдің ай­мақ­тары, Мол­дова мен біратар Еуропа мем­лекеттерінің мамандарын дайын­дайтын орталыққа айнал­ған.
Енді міне, 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Президент бұл қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан үлкен өркениет орталығы еке­нін, Түркістан сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы болатынын жеткізді қол қою сәтінде. Одан бөлек, «Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орна­ла­суы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркіс­тан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық» деп атап өтті Елбасы.
Енді түркі жұртын тамсан­ды­рып отырған Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жатқан кесенеге, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тоқталып өтейік.

Яссауи бабамыздың кесенесі не үшін құнды?
Өткен дәуірлерде құрылыс са­ла­сында қол жеткен табыс­тар­дың көпшілігін өз бойына жи­нақтаған ғимараттардың бірі – Түркістандағы күні бүгінге дейін сақталып келген Ахмет Яссауи сәулет ғимараты.
Бізге келіп жеткен жазба мәлі­меттерден көне Ясыда, қазіргі кесе­не тұрған жерде, мұсыл­мандардың атақты әулиелерінің бірі дәруіштер шайқысы Қожа Ахметтің қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын кесене орна­тыл­­ғаны белгілі. Кейін бұл жер мұсылмандардың жаппай тәу ететін орнына айналады.
1390-95 жылдардағы Алтын Орда ханы Тоқтамыспен болған қантөгіс ұрыстарда Әмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай-Бер­ке­ні өртеп жіберді. Міне, осы жеңіс­тің құрметіне Ахмет Яссауи­дің ескі мазарының орнына жаңа зор мемориалды ескерткіш орнатуды ұйғарады. Ахмет Яссауи сәулет ғимараты – аса үлкен пор­талды-күмбезді құрылыс. Оның ені – 46,5, ұзындығы – 65,5метр. Оның орасан зор пор­талы, бірнеше күмбезі бар және орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Оңтүстік порталдың құрылысы ХІV ғасырдың өзінде аяқталмай қалған. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үшбұрыш тәрізденіп көрінеді.
ХІХ ғасыр Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарай қорғану орындары салы­нып, қам кесекпен қорша­лып, мавзолей қамалға айнал­ды­рыл­ған. Мұның кейін­гі ғасырларда Түркістан билеу­ші­лері өз кезеңіне сәйкес кесе­не құрылысын аяқтауға тырыс­қаны­мен ешқайсысы да белгілі бір нәтижеге жеткен емес.
Қазіргі кезде бұл алып құры­лыс, бізден 700-800 жыл бұрын өмір сүріп, кейіннен қазақ халқы­ның негізін құраған көне түркі тайпаларының тілі, діні, мәдениеті мен тарихын зерттеуде құнды дерек болып табылады.

Әулиелі жердің мекені
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі – республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Музей­дің негізі 1978 жылдың 30 қыр­күйе­гі­нен басталады.
Құрамында дәстүрлі ислам­ның көрнекті ғұламасы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Яссауидің ке­се­несі бар. ХІV ғасырдағы Әмір Темір заманынан жеткен тари­хи ескерткіш елімізде алғаш­қы болып 2003 жылдың шілде айынан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізі­мі­не алынды. Түркі әлемі­нің рухани астанасы киелі Түр­кіс­­танда, ондағы қасиетті әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауи­дің кесенесі негізінде ашылған музейде бүгінде 120-дан аса тарихи-мәдени, діни-рухани, археологиялық және архитектуралық ескерткіш бар. Оның ішінде 65 археологиялық, 35 діни-рухани,14 архитек­тура­лық ескерткіштер. Тарихи-мәдени ескерткіштердің 1-еуі халықаралық, 50-і республи­ка­лық және 63-і жергілікті маңызға ие. Олардың жалпы қорғау аймағы 562 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан 8 тарихи ескерткіш музейге айналып, халыққа қызмет көрсе­тіп жатыр. Олар:
Қожа Ахмет Яссауи кесе­не­сі музейі. ХІV ғасыр. Экспо­зи­зи­ция­лық алаңы 654,98 шаршы метр.
Қылует жерасты мешіті музейі. ХІІ ғасыр. 702 шаршы метр.
Жұма мешіті музейі. ХІХ ғасыр. 603,6 шаршы метр.
Шығыс моншасы музейі. ХVІ ғасыр. 130 шаршы метр.
Түркістан тарихы музейі. ХІХ ғасыр. 1050 шаршы метр.
Археология және этнография музейі. ХІХ ғасыр. 140 шаршы метр.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі музейі. ХV ғасыр. 62 шаршы метр.
Түркістан көшесі музейі. ХІХ ғасыр. 452 шаршы метр.
Музей қорында 19 270 экспо­нат бар.
Айта кетейік, Түркістан қала­сының аумағында бұдан бө­лек, Есім хан мен Гаухар ана кесе­несі, Жылаған ата бұлағы мен үңгірі, Сауран қалашығы, Үкаша ата сынды бірқатар киелі орындар бар. Яссауи бабамыздың кесе­не­сіне зиярат етіп келушілер осы әулиелі орындарға да ат басын бұрып кетеді.
Облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақты дамыту бойынша өткен жиында Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркіс­тан – Шымкент, Түркіс-
тан – Ташкент жүрдек пойызын жүргізу де маңызды екенін атап өткен. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын қолға алуды да кезек күттірмес міндет етіп отыр.
Иә, енді Түркістанның туризіміне түрен түседі.

Е.МҰРАТБЕК,
Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*