«Жүрсіннің жүйріктері»: Үмітті ақтады ма?

327
0
Бөлісу:

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін айтыс пен халықтың арасы жақындай түсті. Еліміздің жетекші арналары айтыстың телевизиялық нұсқасын жасауға тырысып бағуда. Осыған дейін «Жекпе-жек»,  «Аламан айтыс», «Айтыс алаңы», «Жастар жырлайды», «Жұлдыздар айтысады» сынды бағдарламалар  өткізілді. Күні кеше Qazaqstan  ұлттық телеарнасында «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы өз мәресіне жетті. 

«Жүрсіннің жүйріктері» бағдар­ламасының Ұлттық арнада­ғы ғұмыры 5 айға созылды. Аға буын мен жастардың арасындағы жыр додаға 20 ақын қатысты. Жобадағы үлкендердің көшін Серік Қалиев бастады. Мұхтар Ниязов жастарға бас болды. Ере­же бойынша қос ақынға бірін­ші айналымда арнайы тақырып беріледі. Екінші кезең «Егерде мен…» деп аталады. Бұл бөлімде ақындар өздерін паро­дия жанрында сынап көреді. Екі айналымның тақырыбын алаңдағы домбыраны айналдыру арқылы таңдап алады.
«Жүрсіннің жүйріктері» жо­ба­сының көтерген тақыры­п­тары да ерекше. Ел ішіндегі өзекті мәсе­лелер, сыртқы саясат, шетел басшыларының күйі, дін мен діл, спорт тіпті әзіл әлемінің айналасын да ақындар шолып өтті. Бірінші айналымда «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», «Қош келдің, әз Наурыз», «Ауылым алтын бесігім», «Ердің туы – на­мыс», «Құмар ойындар», «Ұлы көш», «ҰБТ», «Несиенің жыры», «Діннің тұтастығы ел­дің тұтастығы» сынды өзекті тақырыптар айтысқа арқау болды. «Егер де мен» бөлімінде ақындар «Алматы және Астана», «Жаңа жыл мен Наурыз», «Дональд Трамп – Ким Чен Ын», «Әке мен бала», «МАИ қызметкері мен көлік жүргізушісі», «Мұхтар Шаха­нов пен Нұрлан Оразалин», «Голов­кин және Альварес», «Теңге мен доллар», «Тұрсынбек Қабатов пен Максим Галкин», «Кирилл әліпбиі және латын әліпбиі» болып қалжың-қағытпадан жыр-десте өрді.


Жобаның тағы бір ерекшелігі – әділқазы алқаларында. Тұрақты әділқазылар – Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, Намазалы Омашев, Әсия Беркенова болды. Жүрсін Ерман әділқазылар қата­рын­да отырғанымен, тек пікір білдіріп, екі ақын тең түссе соңғы шешімді шығарушы болып бекі­тіл­ді. Мұнан бөлек Бауыржан Халиолла өз ойын еркін айтатын сарапшы атанды.
Жалпы, бағдарлама 4 кезең, 24 бөлімге ұласты. Аламан айтыста қоғамның түйткілді мәселелері, мәдениет , ішкі-сыртқы саясат шеңбері назардан тыс қалмады. Абадан ақындар суырып-салып, жанап өтіп, 5 ай бойы ұлттық арна­ны айшықты жырға бөледі.
4 кезеңнен тұрған жобаның финалында Дидар Қамиев пен Мұхтар Ниязов кездесті. 2 мен 3- орын үшін Рүстем Қайыртайұлы мен Ержан Әміров аламан көрігін қыздырды. «Кер бестінің жалын тарап келген» Дидар Қамиев, Қызылорданың қызыл тілді ақыны Мұхтар Ниязовқа тойтарыс бере алмады. Жобаның бас жүлдесін Мұхтар ақын иеленді. 1-орынды Дидар Қамиев, 2-орынды Рүстем Қайыртай алса, Ержан Әміровке 3-орын бұйырды.
«Жүрсіннің жүйріктері» жоба­сына қатысушы, ақын Серікзат Дүйсенғазы бағдарлама жайында:
– Ұлттық арнада ұлттық өнер­­дің салтанат құрғаны кө­ңіл қуантады. Айтыс біраз жыл эфирден көрінбей кетті. Тұн­шы­­­­ғып қалды, халық іздеді. Ерлан Қариннің бастамасымен Ұлт­тық арна арнайы жоба жаса­ды. «Жүрсіннің жүйріктері» – ұлттық өнерден де шоу жасауға болатынын танытқан бағдарлама. Ақындардың араға апта салмай айтысқан күндері болды. Бағдар­ла­ма толығымен өз-өзін ақтап шықты.
– «Мен қазақпын» мен «Жүр­сін­нің жүйріктері» – әлеуетті жоба­лар. Міне, біздің рухани жаң­ғырғанымыздың көрінісі. Мұнымен тоқтамау керек. Жыр-терме мен күйден де дәл осындай жоба жасасақ ғанибет емес пе? Қазақтың ұлттық мәдениетіне қатыс­ты дүниелерді бағдарлама түрінде халыққа таралғаны құп­тар­лық іс, – деп өз ойын түйіндеді.
Жобаның төрт кезеңінде де шашасына шаң жұқтырмай, жыр-бәйгесінде алғашқы болып мәре сызығын кескен Мұхтар Ниязов та ұлттық өнердің әспеттелгеніне дән риза. «Айтыс алаңы», «Жұлдыздар айтысады», «Жүрсіннің жүйрік­те­ріне» қатысқан ақын әр жобаны жанай өтті. «Айтыс алаңының» жарнамасы жақсы жасалған жоба болғанымен, аяғы сұйылып кет­ке­нін, «Жұлдыздар айтысады» жобасына жыр құрауға бейімі бар жұлдыздарды шақыру керектігін айтты. «Жұлдыздар айтысы» өзіне тәжірибе болғанын, бірақ ендігіде бұл жобаның жалғасын таппағаны жөн екенін жеткізді.
– «Жүрсіннің жүйріктері» – осы­ған дейінгі телевизия­лық айтыстардың қателігінен қоры­тын­ды шығарып, таза кәсіби ақындар қатысқан шынайы дода болды деп ойлаймын. Айтыс оңайға түскен жоқ. Десе де, кәсіби ақындардың бәсекесі болғаннан кейін, бұл жерде айтыстың көрігі қызған үстіне қыза түсті. Жаңа формат – пародиялық айтыс бол­ды. Мысалы, «Доллар мен тең­­генің» айтысы. Біреуі – дол­лар, екіншісі теңге боп жыр до­да­сына түсті. Баяғыда «өлі мен тірінің» айтысы, «ақынның дом­бырасымен айтысы», «жан-жану­­ар­лардың айтысы» деген айтыс түр­лерінің болғанын білеміз. Айтыс – әдебиеттің көркем жанры. Жоғарыдағылар – жай ғана жеткізудің түрлері. Пародиялық айтыс – көне қалыпты жаңа фор­мат­қа лайықтады. Айтысымыз көптің көңілінен шықты. Осы орайда Ерлан Қарин мен Жүрсін Ерманның еңбегін елеусіз қалдыр­ған болмас. Ағаларымыз шабы­тымызға қанат бітіріп, жас­тар­ға серпін берді. Жоба о бастан жас буын мен аға буынның айтысы деп жоспарланды. Бұл – құптарлық дүние. Көп жағдайда айтысқа табаны қызып жүрген айтыскерлер қатысады да, аға буын шеткері қалады. 10 жас ақын мен 10 орта буын өкілі қатысқан аламан айтыс болды. Жоба 4 кезең­нен тұрды. Кемшілікті ізде­сең табасың ғой. Бірақ бұл жолы жетістік жағы басым болды деп ойлай­мын, – деп жоба барысын түсіндіріп берді.
«Екі мәрте «Алтын домбыра» ием­дендіңіз, «Жүрсіннің жүйрігі» атандыңыз сіздің жетістігіңіздің, жеңісіңіздің құпиясы неде?», – деген сұрағымызға ақын:
«Оның құпиясы мынау деп дөп басып айта алмаймын. Бірін­ші­ден, «жігіттің өзімен талассаң да, бағымен таласпа» деген сөз бар. Адамның өзінің бір артық бағы, несібесі болады. Дегенмен дайын­дықты жауапкершілікпен жасап, көптің алдында айтыстың табиғатын сақтауға деген ұмты­лыс, сосын айтысқа деген, адал­дық­қа деген ниет сияқты ішкі се­­беп­­­­тері бар шығар. Мұның бәрі – маң­­дайға жазылған, ризыққа беріл­­ген нәрсе» деп жауап берді.
Көпшілікке ұнаған жобаның кем­шін тұсы да жоқ емес. Жоба­ның басы-қасында жүрген Жүрсін Ерман бағдарламаны барынша талдап берді. Эфир уақытының қысқалығы, кейбір ақындардың жыр-шумағының монтажда-
луы – жобаның қателігі екенін баса айтты.
– Жоба Qazaqstan ұлттық те­ле­­­арнасында 4,5 ай бойы жүр­ді. Идея менікі емес. Идея авто­ры – Ерлан Қарин. Ұлттық өнер­ге жанашыр жан. Қариннің бас­­­тамасын Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің ха­лық­аралық одағы құптады. Ерлан Қарин «Жамбылдың жам­поз­дары», «Сүйінбайдың сүлей­лері», «Доскейдің дүлдүл­де­ріне» қаратып, жобаның атын «Жүр­сін­нің жүйріктері» деп қойды. Жобаның басынан аяғына дейінгі айты­старға шолу жасайтын болсақ, Ұлттық арна бағдарлама бойы екі қателік жіберіп, бір осал­дық танытты. Бірінші қателік – эфир уақытының қысқалығы. Ақындар кең көсіле алмады. Екіншісі, бағдарларманы теле­арна «аға буын мен жас буын ара­сындағы айтыс» деді. Аға буын айтыс­тан шеттеп қалғаны рас. Алайда арасында орта жолдан қосылғандары да болды. Қадағалау жүр­гізу керек еді. Осал тұсы – па­родиялық айтысқа беріл­ген тақы­рыптардың ашы­лу­ы­на арна шыдамады. Мысалы, «Оразалин мен Шаханов», «Теңге мен дол­лар­дың» және тағы басқа айтыс өткір түрде өтті. Тақырыпқа шы­дас беру керек еді. Монтаждау кезін­де Ұлттық арна айтыстың біраз бөлігін қиып тастаған. Мұны көрермен байқады. Ай­тыс­ты мейлінше ұзағырақ беру керек еді. Көбі қысқарып қал­ды. Сонда да жұрт ыстық ықы­ласпен қабылдады. Елдің айтыс­қа шөліркеп қалғаны бірден бай­қалады. Жалпы қарағанда, жоба өз көздегеніне жетті. За­ман талаптарына сай келеді. 2004 жылы «Хабар» арнасының бұрынғы директоры Дариға Нұрсұлтанқызымен «Жекпе-жек» айтысты тікелей эфирде беруге келісім жасасқанмын. Айтыс – сөз­бен шарпысасын өнер. Тіке­­лей эфирде ақынды барлық қыры­нан байқай аласың. Айтысты кон­цертке, шоуға айналдыруға болмайды. Айтыстың болмысы бөлек, – деп жобаның кем-кетігін атап өтті.
Көпшіліктің көкейіндегі сұрақ – «Жобаның екінші маусымы бола ма?». Бұл турасында Жүр­сін Ерман: «Ерлан Қарин жоба жал­ға­сын табады деген. Жоба­ның екін­ші маусымында кіл жүйрік­тер­ді топқа қосу ойымызда бар» деді.
Ұлттық арна ұлттық өнерге қол­­дау білдіргені – рухани жаңғы­ру­дың бастамасы. Айтыс – билік пен қоғамның айнасы. Заман мен адам арасындағы таразы іспет­ті. Саясат қалыбы, мәдениет майданы, тарих беттерін бір арнаға тоғыстыратын да – айтыс.Қазақ пен айтыстың арасына тосқауыл қоюдың қажеті жоқ. Сөз өнерінің қадірін білетін жұрт әркез қажетін іздейді. Сұрапыл жыр мен кестелі шумақтарды аңсап шөліркейді. Демек, рухани жаңғырудың өзегі – айтыс. Бұған Ұлттық арнаның дер кезінде мұрындық болғаны көңіл қуантады. Ендігіде жыр көшінің тоқтамағанын қалаймыз. Ерлан Қарин мен Жүрсін Ерман бас болып, бірінші маусымдағы қателіктерді ой елегінен өткізіп, жаңа маусымда айтыс желкенінің қайта көтерілгенін қалаймыз.

Айзат ЖОЛДАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*