«Тауқұдіреттің» жыр тұғыры

166
0
Бөлісу:

Неткен халықпыз?! Отар­шыл­дықтың табанына түсіп қасірет бұлты қалыңдап, қабырғамызға қан­ша батса да ұйқылы-ояу қал­ғып-мүлгіп жүріп бара-бара саны­мыз өсудің орнына өшіп кетіпті. ХХ ғасырдың басында ұлтымыз алты миллионнан асты «Алқамдулла!» деп жарықтық Ақаң ( ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы) ел-жұртынан ақжолтай сүйінші сұрағандай еді. 1926 жылғы санақ бойынша шама­мен олар (яғни қазақтар) 3 миллион 960 мыңды құрады. Бұдан кейін халық санағы әртүрлі себеп-сал­дармен жүргізілмей, тек 1959 жылғы мәлімет бойынша 2 миллион 790 мыңға әрең ілігіпті. Сонда қалай? Көрші Өзбекстан халқы бесігін түзеп ұдайы өсумен 30 миллионнан асқанда көшпелілер ұрпағының жер қауып қалғаны ма?
Әрине, бәріне илікпей, төң­ке­ріске, тәркілеуге, қолдан жасалған қысастық пен аштық тағы басқа нәубеттерге сілтей салуға болар еді. Бірақ сатқындық пен опасыздық­тың бір ұштығы өзіміз­ге тіреліп жатқандай.
Қоғамдық-әлеуметтік өмір дауылы ұйытқып ешкімді де аямайды. Мәйтөңкелік пен жа­ғымпаздық, көре алмаушылық пен қызғаншақтыққа кім үйретті. Бір-біріміздің үстімізден домалақ арыз айдап, заман аласапыраны зар илетіп, астан-кестең болып жатса да күллісіне көз жұмбайлықпен қарап, немқұрайлылық ақыры жақсылыққа апарған жоқ. Іште ит өлсе де ешкім елгезектік танытып тұяқ серіппеді.
Тамұқтың Сират көпірінен өт­кендей күн кешкен халықтың қайта жаны сір екен. Мың өліп, мың тірі­ліпті!
Жамбыл Жабаев бастаған ақын-жыраулар шоғырына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақуат заманды, сүйікті компартияны, күн көсемдер Ленин мен Сталинді және оның серіктерін мәжбүрлеп жырла деді. Жырлады. Олар онша жазық-ты емес. Сонда, бұл құбылысқа кім кінәлі? Әйтпесе, ақын-жыраулар құдіретті сөз атынан сөйлеп, ағынан жарылып, тілге тиек етуге тақырып таппай қалған жоқ. Қақпайлап аузын буды. Бесжылдықтарда шыққан биік белестер, жасанды күмәнді жеңістер тағы басқа алға шықты. Науқаншылық пе ұран­шылдыққа итермелеп бөстекілікке итермеледі.
Күллі қазақ даласындағыдай – Қаратау күнгейі мен теріскейі де не­бір жаугершілік алашапқын «Ақ­табан шұбырынды, Алакөл сұ­лама» заман зарын тартып, қолдан қаса­қана жасалған нәубет – «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалма­сынды» бастан өткерді. Көз алдында болып жатқан бұларды ақын-жы­раулар білмей қалуы мүмкін бе? Күні кеше ғана Торғай даласында Амангелді мен Кейкі көтерілісінің шаңы әлі басылған жоқ болатын. Өмір мен өлім айқасында абадан­-дай арып алысқан Құныскерейлер аз ба еді? Созақ бүлігі кездейсоқ бүлк ете қалды ма? Бұл ірілі-ұсақты оқиғалардың бірсыпырасы жанға жазылмайтын жара, тәнге білеу-бі­леу тыртық қалдырды.
Қаратау – баулар тәжі. Оның қайткенде де тарихи орны бөлек. Онда туып-өскен жыр қырандары аз емес. Қасиетті Арыстанды – Қарабас өтіндегі Шаян мен Борал­дай өңірі де шабыт шаңқанбоз­дарынан кенде болмаған өнер өл­кесі. Онда Нұрлы Нысанбайұлы шайырлық шырағын жағып, елі үшін емешегі езіле өмір сүріп, өлең оты өзегін өртеді. Құлыншақ Май­лықожа мен Шәді бөркінің ізба­сарлары тоят таппай дүр сілкінді. Әрине, сондай сындарлы сәттерде халық өнері мен шығармашылы­-ғын өрге сүйрегендерден басқа тұр­паттағы соны серпіліс, тың туынды күту есекдәме еді. Егер ұстаздары­ның бірі Нұралы туындыларында кітабилық бағытта дамытып өр­кендетсе, Орынбай айтыскерлікті үрдіс етіп, жыраулық жалауын жо­ғарыдан желбіретіп, азаматтықты асыл мұрат тұтты. Бірақ бұдан олар поэзияның басқа жанрларынан аулақтанып, мүлде ат құйрығын кесіп, біркелкі біржақты кетті деген тұжырым шықпайды. Әрқайсысы өзінше өрнек тауып, таңдайға ұя сал­ған бұлбұл құсты шабыт шыр­қауына ұшырды.
Орынбай Тайманов бізге әлі бейтаныс. Оның шығармашылық шілтері енді-енді ашылып келеді. 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, «Правда» газетінде «Дом­быра» өлеңі жариялануы ескі құ­рылысқа терезе ашқанмен бірдей. Жастық жалыны шарпыған жыл­дары бірте-бірте тәжірибесі толы­сып, өрт пен сел, дауыл мен жауын тарпысқандай еді. Жанақ, Түбек, Сүйінбай, Майкөт, Бақтыбай, қыр­ғыз ақыны Қанағат және Жамбыл өнеге-үлгілерінен үйрене жүріп, батпан-батпан жыр жүгін көтеріп әкетті. Бірде ел үстінен күн көріп, пысықайлық танытқан бір әкім­қараны:
– Алыстан мейман келді ауылыңа,
Сәлем бере келіп ем қауымыңа.
Інге кірген суырдай тыржиясың,
Кірерсің күнің туса бауырыма.
Қаһарлансам соғатын өлеңімнің
Кездесіп қалып жүрме дауылына.
Ел куә алған беттен танбасыма,
Қайтер ең қарғыс айтсам өз басыңа,
Басыңды ыңқылдамай көтер болыс,
Жатпаса жара шығып жам­ба­сы­ңа, – деп қағытады ол, шымбайға батырып. Жырау шалқар шығар­машылығы халықтық поэзия дәс­түрлері, үрдістерімен тығыз бай­ланыста өрбіп, терең тамыр тартып жатыр. Ол ауыл аралап жүріп, көңілге көріп-білгенін тоқып, жүз­деген жеке жыр топтамаларын туғызып, «Жәнібек батыр», «За­ман­хан», «Мырзашөл» (соңғы екеуінің тағдыры әлі белгісіз) толғау-дас­тандарын қалдырған ақын мәңгілік асыл мұраларында ерлік пен елдік қасиеттерді асқақтата айшықтайды.
Көркем ой кемеңгері, қазақ ауыз әдебиетінің бесаспап білгірі, әйгілі академик М.Әуезов осы ұлттық нұр­лы нақыштардың ерекшелігін ашып көрсетеді: «Қазақтың айтыс ақыны мен дастаншы жырау ақын­дарының айырмасы аз болатын. Өйткені үлкен жырау айтысқа да жүйрік келеді. Найман ішіне келіп, бір күнде он жеті ақынмен айтыс­қан сол жолдың өзінде «Қозы Көр­пеш – Баянды» жаңадан, тыңнан жырлап шыққаны мәлім. Ал айтыс­тың Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ірі ақындары, екінші жа­ғынан ірі дастаншы ақындар бол­ғаны да мәлім.
Сарыбаспен айтысқанда екінші бір зор сапаға ауысады. Онда Жамбыл үш кезек жауап айтып, Домалақ, Сұраншы, Саурық үшеуі туралы үш тамаша дастан жырлап шығады». (М.Әуезов шығарма томдық шығармалар жинағы. 180-183 беттер).
Сондай айтыстар арасында О.Тайманұлы жырлаған «Жәнібек батыр» дастаны – шоқтығы биік шығарма. Ол күрделі кезеңге ар­налған. Ноғайлы дәуірі біздің әдебиетте онша көрініп жүрген жоқ. Сол аласапыран уақыттың та­биғатын тілге тиек ете отырып, жырау ақын шабыт шыңына кө­теріледі. 1966 жылы Көппай Әлім­бетовтен жазып алынған 3000 жол­дық ұзақ дастанның бас жағы «Ал­памыс батырға» ұқсағанмен ары қарай оқиғалары басқаша өрбіп, өскелең өркен жаяды. Жаратқанға жалбарынып бір перезентке зар болған қарт пен кейуана тілегі қа­был болып, зиярат еткен баба түкті шашты Әзіздің басынан ертеңгі күнге елеңдеп аттанады. Олардың кіндігінен дүниеге Жәнібек пен Мақпал келеді.
О.Тайманұлының қайта түлеп, қырандай қанатын қомдап, қиырға қанат қаққаны өткен ғасыр оты­зыншы жылдарының ортасына таман келеді. Жеті ағайынды жұттан жүдеп, тұралап шыққан халық енді-енді еңсе көтере бастаған болатын. Оның «халық тілімен сөйлеймін» дейтіні де осы кезеңдер. Саясаттың сойқаны саябырсып, дуайнат да­уыл­дан кейін тымырсық толас ты­ныштық та ой мен сөз қазынасына азда болса бір пәс ден қойыла бас­тағантұғын, Сыр мен Ұлытау, Қа­ра­тау мен Алатау, Сарыарқа, Алтай мен Атырау атырабы бұған елең ете қалды. Бұл тау мен даланы жаң­ғыртып, тарланбоз топжарған тұл­парларының тоғысуына жол ашты. Суырып салма сөз саңлақтары ға­сырлар бойғы жиған-тергенін жи­нақтап, ой олжасын ортаға салды. 1943 жылғы желтоқсан басында Алматыда республикалық ақындар айтысы өтті. Оны тебіреністі тол­ғаумен жиырмасыншы жүзжылдық Гомері – Жамбыл ашты:
… Уа, Орынбай, Шашубай,
Сендер өзен басындай
Ағытыңдар өлеңді
Жазғытұрғы тасқындай.
Нартай, Кенен, Нұрлыбек,
Маясар, Қуат, Жақсыбай!
Өлең – жырды дүрсілдет
Жарқылдатып жасындай.
Сөздеріңнің күшінен
Жау жүрегі түршіксін,
Жырларыңды естіген,
Дос құмардан бір шықсын! – деді ол кіші әріптестеріне жауапкерші­лік жүгін артып, мұндағы Орынбай (Ж.Жабаевтың өзі «Тауқұдірет» атандырған) айтыскер ақын жетпіс беске иек артқан осы Орынбай Тайманұлы. Ол бұған дейінгі көп­теген жыр додасында суытылған сәйгүліктей суырылып шығып жүрді. Он сегіз жастағы көкірт айбозым тәжірибесі орасан тіс­қақ­қан Құланаян Құлманберген (Май­көт, Жамбыл айтыс мектебінен өткен) сөз таластырады.
Бұрын-соңды болмаған мұндай аламан айтысқа Сыр бойынан Нартай, Арқадан Шашубай мен Нұрлыбек, Жетісудан Кенен мен Қуат, тағы басқа біраз жыр жам­поздары шақырылып, қамау терін алған арғымақтай байқауға түсті. Олардың бірталайын білетін Жәкең халқына тән даналықпен ат қой­-ғыш болады деседі. Кененді «Ұзын­тұра», Үмбетәліні – «Қаражорға», Жақ­сыбайды – «Айқасқа», Нұр­лыбекті – «Таутеке», Сәбитті – «Балуаншолақ», ал Орынбайды еркелетіп, «Тауқұдірет» атанды­ра-ды соңынан ерген әріптес серік­терінің қыбын тапқандай.
Мені әлі қайран қалдырады. Қалың жылқы ішінде күні ертең маңдайы жарқырап тұлпар шы­ғатын жануарды құлын кезінен танитын халықтың өлеңдария өнері­нің үлкен өкілі оны неге «Тау­құдірет» деп атады? Басқа теңеу таппағандай. Қазақ энцикло­пе­диясында ол қанаттыға мынандай сипаттама береді: «Балшықшылар туысына жататын құс. Дене тұрқы 30 см дейін барады. Қауыр­сын­дарының түсі ұқсас, арқа жағы жи­ренқоңыр, қара дақты, төсі мен бауыры ақшыл, тұмсығы ұзын. Жер жүзінде Австралиядан (Олар бұнда тек қыстайды) басқа ендіктер мен бойлықтарда кең тараған. Оның
13 түрі болса, Қазақстанда бес тұқымы ғана мекендейді. Тауқұдірет батпақты жерді жайлайды. Ұялау кезінде қоразы маңыраған қозы дауысына ұқсас (қанатынан) үн шығарады. Мұхиттай кең айдынды жыр мен бармақтай құстың қандай қатысы бар? Қандай ұқсастық тапты екен?
Асылында кешегі мен бүгінді ұштастырып, ертеңге еркін қадам басқан ой мен сезім сайыпқы­ран­дары өлмек емес. Ақын даусы тауды тебірентіп, дала демімен тұтасып, боз көзеде тәтті шырылмен шыр­-лай ұшқан беймаза бозша құспен үнде­сіп, қайта естілгендей. Қазы­на­лы һәм киелі Қаратаудың Шаян­дай шалқар, шүрәтті айма­ғынан ұш­-
қан «Боралдай бозтор­ғайы» ата-нып, жыр көсегесін кө­герте түскен Орын­­бай Тайманұлы қалай әс­пет­тесе де жарасады. Өлең өлкесінің кәусар бұлағына бас қой­ған көп шәкірттерінің бірі Нартай Беке­жанов оған деген ыстық ықы­лас пен сәулелі сүйіспеншілікті бы­лай біл­діріпті:
– Орынбай озған ақын талай елден,
Шамасын шаң шалмастан
асқан белден
Төккен жыры сәуірдің нөсеріндей
Қарқыны кем болған жоқ
аққан селден.
Сығалап құралайды көзге ататын
Атақты айтар сөзге
ол сұр мерген…
Отырсың саясында көріп рақат
Дарағың көктеп шығып еккен жерден.
Тойыңа қызмет етіп беремін деп,
Жан көке, әдейі арнап
келдім елден.
Қадірмен қартайғанда еңбегіңді
Халқың орын берді ұлы төрден.
Арманың бұл өмірде жоқ емес пе?
Қызығын бір ғасырдың
көзін көрген…
Жыр жүгірісі Орынбай Тай­манұлы халық поэзиясынан ойып орын алады. Дүйім жұртты думанға бөлеп, оның құрметіне Боралдай бойында жақында өткен аламан айтыс соның айғағындай. Оның абырой-атағын да барған сайын аспанда биіктей береді.

 

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН 

Бөлісу:

Пікір жазу


*