Тайланд тауқыметі: әлем мейірімге зәру

160
0
Бөлісу:

Ел болып талқыға салар тақырып толып жатыр. Соның ішінде, соңғы күндері бүкіл әлемді алаңдатқан бір оқиға бар. Тайландтық жас футболшылар үңгірде қалып кетіп, екі аптадан астам уақыт қараңғыда күн кешті. Қуанышты хабар сол, барлығы дін-аман құтқарылды. Бұл – жүрек соғысын жиілетіп, ұлты мен діні, жасы мен жеріне қарамастан, барша адамзатты бір тілекке тоғыстырған жағдай болды.

Бұл жаңалықты бей-жай қабыл­дағандар аз. Құтқару операциясы төрткүл дүниенің назарында болды. Әлқисса, 11-16 жастағы футболшы­лар тобы мен олардың 25 жастағы жат­тықтырушысы Тхам Луанг үңгі­рінде 23 маусымда жоғалған еді. Жаңбыр жауып, үңгірді су басты. Сон­дықтан операцияға акваланг­шылар шақырылды. Балаларды Джон Волантен және Рик Стэнтон есімді британ дайверлері тапты. Волан­тен өзімен бірге камера алып барып, кездескен сәтті видеоға түсі­ріп алған. Келісіп пішкен тонның келте болмайтынындай, бәрі бір жеңнен қол шығарып, соңы сәтті аяқталды.
Балалар үңгірде екі аптадан астам уақыт өткізген. Құтқару опе­рациясы 8 шілде күні басталды. Табиғаттың тосын сыйы таусыл­майды. Сондық­тан құтқарушы­лардың алдында екі таңдау тұрды. Одан ары ахуал қиын­дамай тұрғанда балаларды тезірек алып шығу немесе жаңбыр маусымы аяқталған­ша күте тұру. 23 маусымнан бастап қараңғы қапаста қалу кімге болсын оңай емес. Бала тұрмақ үлкеннің өзі төтеп бере алмауы бек мүмкін еді. Егер уақыт жоғалтпай бастап кету туралы шешім қабылдаса, қауіп көбірек еді. Екінші жолды құп көргенде, балалар әлі біраз уақыт үңгірде қалуы керек. Адам тағдыры шешілетін сәтте бір байламға келу де оңай емес. Тайланд билігі ақыр соңында созбай, жасөспірімдерді су асты жүзуге үйретуге бел байлайды.
Бәрі дін аман шыққанын есті­генде, шүкір дестік. Өкпе инфек­циясы болуы мүмкін деген қауіппен екі баланы емдеуге кірісіп кеткен. Олар енді екі аптадай ауруханада жатады. Бастапқыда кейбірі тым әлсіреп, температуралары түскені­мен, қазіргі таңда бәрі қалпына келіпті. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқыда балаларды ерітілген та­мақтар мен энергетикалық гель­­дермен тамақтандырған. Содан кейін барып тез сіңіп кететін тағам­дарға көшірген. Туыстарымен кез­де­суге әзірге рұқсат жоқ. Тек әй­нектің ар жағынан ғана көруге бо­лады. Бала­лар­дың бойында инфек­ция жоғы рас­талғаннан кейін барып жақын­да­рымен жүздесе алады. Көп уақыт күн көзін көрмегендіктен, жарыққа шық­­қан соң біраз уақыт күннен қор­ғай­тын көзілдірік киіп жүру керек деседі.
Жас спортшыларды құтқару опе­рациясы жоспар бойынша жүр­ді. Осы ретте жұдырықтай жұмыла жұмыс істеудің жағымды әсері де бай­қалды. Балаларды үңгірден бір­тін­деп құтқарды. Өйткені кей жер­лері тар екен. Құтқару барысында психологиялық жағдайға да баса мән бергенін байқадық. Мысалы, біреуі шошып қалар болса, ол келесі балаға әсер етуі мүмкін болатын. Үңгірде қалып қойғандардың бәрі­не акваланг құрылғысымен қалай жұмыс істеу керегі түсіндірілген. Бірақ бұрын-соңды бастан өткеріп көрмеген соң, уайым басым болды. «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел ет­пе­­ген арықтан өтпейді» деген сөз де осы жағдайға дәл айтылғандай. Бірақ кей сарапшы­лар балалардың тә­жірибесі болма­уының қайта жақ­сы әсер ететінін айтқан. Себебі, қа­уіп­тің соншалық жоғары екенін олар білмеді. Қандай тәуекелге бас тігіп отырғанын да сезбеген болса керек.


Тұрғындардың үңгірде айлап қалып қойған кездері де жоқ емес. Мысалы, 1962 жылы француз гео­ло­гы әрі спелеологы Мишель Сифр мынадай тәжірибе жасайды. Ол Франция мен Италияның шекара­сында орналасқан Скарассон үңгі­рін­де екі ай өмір сүріп көрді. Ғалым күн көзінен ғана емес, сағат, күнтіз­бе қарамай, сырттағылармен байла­ныс­ты азайтты. Осының бәрін ол тәжі­рибе үшін жасаған. Қауіпті жағ­дайда қалғанның қалай бола­тынын өз терісінде сезіп көргісі кел­­ді. Ол күн­делік жүргізді. Не істеп, не қойғанын күн сайын түртіп отырды. Ұйқыдан тұрған соң өзінің тірі екенін хабарлау үшін сыртта­ғыларға қоңырау шалып отырған. Бірақ уақыттан, сағаттың қанша болғанынан бейхабар күйде қала берген. Арада екі ай өткен соң, сырт­қа шығады. Оған бір ай ғана өткендей болып сезілген. Шын мә­нінде, екі есе көп уақыт өткен бо­ла­тын. Осы тәжірибеден соң, қа­раң­­ғыдан жарыққа шықпаса, уақыт өл­шемі де өзгеретінін бай­қаған. Яғни, уақытты психологиялық қа­был­дауы қалыпты жағдайдан басқа­ша болады. Ол уақытының үштен бірін ұйықтау­мен өткізсе де, ұйқы қанатын циклі 24 сағат емес, 24 сағат 30 минут­қа со­зылған. Ағзасы біз әдет­те есеп­тей­­тін уақыт форма­ты­мен емес, өзінің ішкі есебімен жүр­ген. Сірә, табиғат­тың біз түсін­бейтін тылсымы әлі де көп.
Қарап отырсақ, зағип жандардың жағдайы осыған ұқсас. Яғни, олар­дың ішкі сағаты кейде тәуліктен асып кетсе, кейбірінде аз болады. Демек, күн көзінсіз қалған адамның сырт­тағы өмірмен байланысы басқаша. Мына­ны қараңыз, 24,5 сағат тәулік циклімен өмір сүретін адам дүйсен­біде 8-де, сей­сенбіде 8.30-да, сәрсен­біде 9-да тұра­ды делік. Осылай күн сайын жарты сағаттап жылжи береді де, екі аптадан соң таңғы 8-ді кешкі 8 деп ойлауы мүмкін. Мұны медици­нада «ұйқы фазасының кешіктірілу синдромы» деп атайды. Ішкі сағаты мен шынайы уақыт сәйкес келгенде ұйқысы қанық болса, сәйкес келме­ген жағдайда күні бойы мазасыздануы мүмкін.

Балалар үңгірде не жоғалтты?
Бұл сұрақтың жауабын жоғалып кеткендердің өздері ғана біледі. Әзір­ге үңгірге не айдап апарғаны бей­мәлім. Өйткені балалар мен бапкер бүгінде реабилитациядан өтіп жат­қандықтан, ешкіммен тілдеспеді. 23 маусымда команда матч өткізуі керек болған. Бірақ бір жағдайлар болып, өтпей қалады. Содан бапкер жаттығу жасаймыз деп шешкен. Балалар ве­лосипед тепкенді қатты жақсы көреді екен. Жаттықтырушы Аке facebook желі­сіндегі жеке парақшасына вело­сипедпен жүретіндерін айтып, жаз­басымен бөліскен. Бірақ ол жерде үңгірге бару жайлы бір ауыз сөз жоқ. Сол күні Пхеерапхат есімді ойын­шының туған күні екен. 16-ға тол­ған жасөспірімнің қуанышты күнін атап өту үшін дүкеннен азық-түлік алған. Бәлкім, балалар бапкерін үңгірге экскурсия жасауға көндірген болуы да мүмкін. Ол жерге балалар бұрын-соңды жиі барып тұрған деседі. Үңгірдің іші құрғақ кезде кіріп, ұзап кеткенге ұқсайды. Кейін, сел аққанда содан қашамын деп тіпті алысқа барған сыңайлы.

Жақындарымен жүздеспеулеріне не себеп?
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, балалар әлі өз-өздеріне толық кел­ме­­ген. Мұндай ауыр сынақты бас­тан өткерген соң қалыпқа келу оңай болмасы анық. Инфекция жұқты­рып алуға да ағзалары бейім-ақ. Бұл бала­лардың әрқайсының өмірі Тайланд үшін маңызды. Бүкіл ел болып, жер болып дұға қылды. Құт­қару үшін үлкен операция ұйым­дастырылды. Сондықтан осынша үлкен іс тын­дырғаннан кейін кіші­гірім нәрсе­лермен өмірлеріне қауіп төндіре алмайды. Әзірге әйнектен қарап, көз қиығын салуға ғана рұқ­сат. Әрі жақындарын көрген сәтте балалар шамадан тыс қобал­жып кетулері де ықтимал. Ол болса, кері әсе­рін тигі­зеді. Жалпы алғанда тай хал­қы төзімді келеді. Шамадан тыс эмо­ция шығаруға сараң. Құ­шақ­­та­сулары да сирек. Құтқа­рыл­ған ба­ла­лардың басым көпшілігі – кедей ауыл­дардан. Олар билік не айтса, со­ған көнуге бейім. Қайта бала­ларын дін аман құтқарып ал­ған­дары үшін алғыстан өзге айтар­лары жоқ. «Баламды көрсетпедің» деп бас көтеретін ешкім жоқ сы­ңайлы.

Жаттықтырушы жазалана ма?
Бұл да белгісіз. Футболшы­лардың ата-аналары бапкерді әу бастан кінәлі санамаған. Кешірім берген. Қайта балаларына қамқор болғаны үшін риза. Әдетте, тай халқы рухани тазарып, күнәларын жуу үшін монас­тырларға кетеді. Бәлкім, аз уақытқа сонда барып келер. Содан кейін қайтадан қалып­ты өмірін жалғастыра алады. Бір қызығы, Тайланд тұрғын­дары кінә­ліні іздеп бас қатыра бер­мейді десе­ді. Міндетті түрде біреуді айыптап, мойнына ілу де оларға тән емес. Оларда фатализм яки тағдырға мойынсұнып, солай болуды жазға­нына шүбәсіз сену басым.

Тыныштандыратын дәрілер еккен бе?
Көпшілікті алаңдататын келесі сауал осындай. Жарыққа алып шық­пас бұрын седатив препараттар берді ме деп сұрайтындар жетерлік. Билік бұл сұраққа жауап беруден басын алып қашуға тырысады. Тайланд премьер-министрі Прают Чан-оча жеңіл тыныштандыратын дәрілер егілгенін айтқан. Бірақ опе­рацияға қатысқандардың бірқа­тары балалар жартылай ес білмеген жағдайда болғанын айтып жатыр. Құтқарушы­лардың мұндай қадамға баруы да бекер емес. Логикаға салып қарасақ, бұл келеңсіз жағдай­лардың алдын алады. Өйткені жас балаға өмірінде тұңғыш рет тастай қараңғыда жүзу оңай ма? Оның үстіне ауыр аква­лангты қосыңыз. Әрі жоғарыға шы­ғар жолда тас өткелдер көп. Мұндайға ересектер­дің өзі дайын бола бер­мейді. Осы себепті, дайверлер опера­ция іске аспас бұрын австралиялық анесте­зиолог дәрігер Ричард Харрис­тің көмегіне жүгінген. Яғни, маман балаларға бағыт беріп, даярлаған. Тарихта мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған.

Қаражат қайдан бөлінген?
Ақшаның көп бөлігі Тайланд үкіметінің есебінен берілген. Бірақ басқа мемлекеттер де бұл жағдайға бей-жай қарамады. Мысалы, АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің 30 офицеріне қызметтері үшін Амери­ка өзі төлеген болуы керек. Яғни, бұл да көмек қолын созған есеп деп қабыл­даса болады. Жергілікті ха­лық та ба­рынша қолдау білдірген. Компа­ниялар тегін көлікпен қам­тамасыз етіп, фермерлер азық-түлік­пен көмектескен. Шетелдік дайвер­лердің келім-кетімін әуеком­паниялар өз мойындарына алған. Басқалардың қолдауынсыз бұл операцияны сәтті іске асыру, бәлкім мүмкін болмас па еді? Себебі, су астында жүзу саласы қарқынды дамымаған. Тіпті бүкіл әлемде тәжірибелі дайверлерді саусақпен санауға болады. Тхам Луанг үңгірін егжей-тегжейлі зертте­ген ғалымның бары да олжа десек, артық емес. Үңгірлер зерттеуімен танымал ғалым Верн Ансворт бала­лар табыл­ған жерді бұрын зерттеген. Әрі сол маңға жақын тұрады. Оқиға орнына ертеңіне-ақ жетіп, мәселемен таныс­қан. Шетелден жүзгіштерді алдыру идеясын да сол ұсынған.

Тақырыптың тоқ етері:

Асылы, басты құндылық – адам. Оған қауіп төніп, басына бұлт төнгенде жай күнгі бас қатырғылардың бәрі де бос әуре боп қалады. Өрімдей жас 12 баланың тағдыры қыл үстінде тұрғанда, аянбай амал қылғандарға қол соқпау мүмкін емес. Тіпті мәселе адамның санында да емес. Жауыздық жалмаған қазіргі қоғамды селт еткізіп, сабасына түсірер мұндай оқиғалар керек те шығар. Талай адам тәубесіне де келген болар. Мұқағали мейірімге мұқтаж болып «Мейірім бер, мұңайғанда жасыңды сүртем мен сенің» дейтіні бар емес пе? Расында, адамның адамсыз күні жоқ. Қолдау қажет кезде қол ұшын берсек, үзілгелі тұрған үмітті жалғай білсек, керегі де сол емес пе? Жақсы аяқталған мына жағдай тағы бір мәрте бәріміздің мейірімге мұқтаж екенімізді сездіргендей.

Жадыра Төлеуханқызы

Бөлісу:

Пікір жазу


*