Ым-ишара театрлары туралы не білеміз?

Біз жыл сайын Астана күнін тойлап жатқанда мына әлемнің тынысын жүрегімен сезетін, бір-бірімен ым-ишара арқылы ғана тілдесетін ерекше жандар елеусіз қалушы еді. Ал биыл олар үшін Астана күні ерекше оқиғамен есте қалды. Олар да он екі мүшесі сау адам секілді мәдени шараға барып, рухани азық алып, мерекелік көңіл күйді сезіне алды.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Activ Life мүгедектер қоғамдық бірлестігі Wide World – «Ұлы Дүние» І халықаралық ерекше театрлар фестивалін өткізді. 4-6 шілде аралығында өткен фестиваль аясында Activ Life ым-ишара театрының тұсауы кесілді. Бұл біздің елде тұңғыш рет құрылған ым-ишара театры.
«Астана күнінде аулаға шықпайтынмын»
Біз сыртынан мүмкіндігі шектеулі деп атау берген ерекше адамдар қоғам өміріне етене атсалысуға кірісті. Енді олардың өз театры бар. Activ Lifе театры фестиваль шымылдығын өзбек драматургы Еркін Құшуақовтың «Қызыл алма» қойылымымен ашты. Фестивальге келген «Недослов» театры (Ресей, Мәскеу) «Мұнда құстар ән салмайды», «Үйлену», «Санкт-Петербург» саңыраулар театры (Ресей, Петербор) «Қонақ Х», «Петерборлық махаббат» және «Радуга» ым-ишарат театры (Украина, Киев) «Ормандағы таңғажайып көрініс», «Рейс 13-13» қойылымдарын ұсынды. Көрермендер қуанышында шек болмады. Өз театрларына еркін кіріп, есті спектакль көргенін бақытқа балады. Мәселен, 33 жастағы Сандуғаш ел қатарлы театрға барып, спектакль тамашалайтын мүмкіндік туғанына разы.
«Ұйымдастырушыларға, қойылым ұсынған театрларға көп рақмет. Бұл – біз үшін ерекше сыйлық. Бұл мені мезі қылған күнделікті тірлікті ұмыттырған күн болды» десе, Салим есімді көрермен: «Қала күнінде алаң көңілді жастарға толып кететін, ал мен оларды не ести алмай, не түсіне алмай қиналатынмын. Үйден шықпайтынмын. Енді жақсы болды, маған қатты ұнады. Фестиваль дәстүрлі түрде өтсе екен деген тілегім бар», – дейді жиырма жастағы Салим.
Көрермен көңілі осындай болғанда, үлкен сахнада өнер көрсеткен ерекше жандардың сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал оларға осындай бақытты сыйлағандардың бірі, ым-ишара театрлар фестивалін өткізу туралы бастаманың басында тұрған – Activ Life мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арнұр Ысқақов. Фестивальдің соңғы күні Арнұрмен сөйлесудің сәті түсті.
«Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар өнердің үлкен сахналарында көрінбейді. Себебі, олармен жұмыс істейтін орталықтар өз ауласының деңгейінде ғана талпынады. Өз басым қол боста шет елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалатынын зерттеймін. Кей адамдар мемлекет оларға тиісті зейнетақы тағайындады, енді басқа не керек деп ойлауы мүмкін. Ал сол мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында небір талантты адамдар бар. Солардың өнерін шыңдау, үлкен сахнаға шығару туралы арманым бүгін орындалды. Бұл ретте бізге қолдау білдірген Мәдениет және спорт министрлігіне алғысым зор. Биыл фестивальге саңыраулар театрларын ғана шақырдық. Алдағы жылы арбаға таңылғандар, аяқ-қолынан айырылып, балдақпен жүргендерді де тарту жоспарымыз бар» дейді ол. Оның айтуынша, фестивальге келген шетелдік театрлардың ең жасына – 10 жыл. Ал 30 жылдық тарихы бар театрлардың актерлері құлағы естімесе де, осы саланың оқуын бітірген кәсіби мамандар. Мәселен, Мәскеуден келген «Недослов» театрының әртістері Ресей мамандандырылған мемлекеттік өнер академиясының түлектерінен тұрады.
Ым-ишара мектебін жетілдіру керек
Астананың Activ Life саңыраулар театры үш ай бұрын құрылыпты. Актерлер «Қазақ саңыраулар қоғамынан» іріктеліп алынған. Аталған ұйымның төрағасы Жангелді Рахманұлының айтуынша, Астана қаласы бойынша қоғамға құлақ және тіл кемістігі бар 500-ден астам адам ресми тіркелген, тіркелмегені қаншама. Олардың арасында бұйығып жатқан талант иелері бар шығар. Оларды актер ретінде оқытатын оқу орны жоқ. Егер шындап қолға алса, бұл да шешімін табатын мәселе. Себебі, сынақтан өткен шетел тәжірибесі бар емес пе?
Мейірім мен ізгілікті, парасат пен өнерсүйгіштікті, ерекше қабілетті ұштастырған осынау игі шара, қалай десек те, қоғамдық сананы жаңғыртуға сүбелі үлес қосқаны даусыз. Ендігі міндет – ым-ишара мектебін жетілдіру. Фестивальдің ым-ишара тіліндегі жүргізушісі Самал Жантемірқызының айтуынша, қазір түрлі слэнг, тіркестер пайда болды.
«Солардың мағынасын бұлжытпай, еститін құлаққа қаз-қалпында жеткізу, естімейтін құлаққа көрсету үшін әртістер жүз қайталап дайындалса, мен мың қайталап дайындалдым. Ақпаратты естіген соң ми беретін дабыл арқылы бірден іс-қимыл, түр-тұрпатыммен тұп-тура жеткізу – менің басты міндетім. Аударманы автоматты деңгейде, ілесе отырып жеткізу керек. Көрерменнің қас-қабағынан рөл ойнаушылардың ойларының еститіндерге де, естімейтіндерге де дұрыс жетіп жатқанын байқадым, десе де ым-ишара мектебін әлі де жетілдіре түсу керек» дейді ол.
Осынау шараның айналасында жүрген ым-ишара арқылы аударма жасап жүрген жігітті жиі көрдік. Өзін Хасан деп таныстырған ол қол қимылы әлемінің әліпбиін туысымен тілдесу мақсатында меңгерген екен. Ол фестивальде қойылым мәтінін ым-ишара тіліне аударып, дыбыстаушы міндетін атқарды.
«Бұл мамандықты қажеттіліктен таңдадым. Бүгін ел мен елдің, тілді мен тілсіздің арасын жалғаған жаңа жобаның нәтижелі, көрермендерге түсінікті болуы мақсатында еңбек еттім. Ұйымдастырушылардың ұсынысына бірден келістім, бұрын-соңды болмаған бастамаға бірнеше ел қатысып отыр. Өзге елдің ым-ишара мектебі мамандарымен пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге де мүмкіндік алдым» дейді ол.
Төзім мен сенім болса…
«Недослов» театрының директоры Бидный Сергейдің айтуынша, театр 2003 жылы құрылды, репертуарда 10 спектакль бар. Труппада 20 адам ойнайды. Бұл театр Ресей қалаларын айтпағанда, Шотландия, АҚШ, Торонто қалаларында өнер көрсеткен. Енді Астанаға жол түсіпті. Кәсіби актерлер ұсынған «Мұнда құстар ән салмайды…» қойылымын көргендердің көзіне жас алмағаны жоқ. Себебі, бұл соғыс жылдарын еске түсіретін қойылым, ананы баладан, баланы әкеден айырған соғыс, майданнан оралмаған жауынгер мен кеудесін оққа тосқан сарбаз туралы қойылым. «Недослов» театрының ым-ишара тілін қоюшы Варвара Ромашкинаның айтуынша, эмоцияға толы мұндай шығарманы сахнаға шығару оңай емес.
«Бір спектакльді шығару үшін ым-ишараны, биді, жарықты, сурдоаударманы қоюшылар – бәрі тұтас организм сияқты жұмыс істейміз. Әуелі мәтінді аламыз, үстел басына жиналып, оны ым-ишараға келтіреміз, сосын жаттап, композицияға сәйкестендіреміз. Бұл тек төзім мен сенімді талап ететін жұмыс» дейді.
«Санкт-Петербург» саңыраулар театры қойған «Петерборлық махаббат» спектаклі зәулім коттеджде тұратын отбасының кіші қызының әке өлімін тергеуімен басталады. «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, ең алдымен үй ішіндегілер күдікке ілінеді. Ары қарай оқиға шиеленісе түседі. Көрерменін өздерімен бірге стресске түсіре білген ерекше актерлер шеберлігіне тәнті болмау мүмкін емес.
Ал «Радуга» театрының жетекшісі Владимир Гончаренко ым-ишара театрлары тілдік барьер дегенді білмейді. «Біздің бүгін қойған спектакліміз еститін де, естимейтін де көрерменге арналған. Адамның табиғатқа деген қатынасы әркез үйлесімді бола бермеген. Адам табиғатты өз өмірін жақсартушы құрал ретінде көреді, мұның бұрыстығын осы қойылым арқылы білдіргіміз келді» дейді.
Үш күнге созылған фестивальде көрсетілген қойылымдарға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ұлттық Өнер университетінің режиссура және актерлік шеберлік кафедрасының профессоры Ерсайын Тәпенов төрағалық етті. Шыны керек, қазылар алқасы көрермен секілді кең болмай шықты. Олар бұл – театр, бұл – өнер, әркім өзінің мойнына алған рөлін мінсіз ойнауға міндетті деген ұстанымда болды. Спектакльді бағалағанда да сахналық костюм, актерлердің жүріс-тұрысы мен жарықтың қойылуы, режиссерлік шешімге баса мән берді. Сынайтын жерінде ешкімді де аямады.
Сонымен, алғаш рет өткен фестивальдің басты жүлдесі – «Үздік қойылым» аталымында «Недослов» театрының «Үйлену» спектаклі жеңіп алды. «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы
«Қонақ Х» спектакліне берілді. Астаналық Activ Life ұжымының әртісі Гүлжайна Ерғали «Үздік әйел бейнесі» аталымына лайық деп танылса, «Үздік ер бейнесі» аталымы «Радуга» театрының актері Владимир Ковальге тапсырылды.
Астана күніне орай өткізілген бұл фестивальде аталған шара өміршең болса екен деген тілек көп айтылды. Біз сол тілекті қабыл болғанына тілекшіміз.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ