Жұрт жүрегіндегісін айтады
Парламент Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары қарапайым халықтың ыстық ықыласын тудырды. Олардың шалғайдағы елдімекендердің тыныс-тіршілігін білуге деген ықыласы, жұртшылықтың өтініші мен пікірін тыңдауға құлшыныстары, түйінді мәселелерді шешуге ниет білдіруін тұрғындар жақсылыққа балап отыр.
Мәжіліс депутаттары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Сергей Звольский және Мұхтар Ерман Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында Петропавлдағы Оқушылар сарайының құрылысымен танысты.
Жаңа ғимарат 1800 балаға есептелген, құрылыстың біту мерзімі қыркүйек айына жоспарланған. Оқушылар сарайының басты мақсаты – балалардың жобалау-зерттеу қызметін және ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту. Сондықтан бұл мекеменің келешек иелерін тәрбиелеудегі орны орасан зор болғалы тұр. Оқушылар сарайының базасында IT орталығы жұмыс істемек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол балалар мен жастардың интеллектуалды даму үшін және бос уақытын тиімді өткізетін игілікті орын болмақ.
Оқушылар сарайының директоры Дина Әбілмәжінованың айтуынша, ІТ технологияларының жаңа, неғұрлым сұранысқа ие бағыттарын дамыту басты міндет болып саналады.
Белгіленген жоспарларды іске асыру үшін ІТ технологиялардың жаңа бағыттарының бірыңғай тұжырымдамасы дайындалған. Балаларды тиімді оқыту үшін зертханалар жұмыс істейді. Олардың арасында өнеркәсіптік интернет-заттар зертханасы, робототехника және мехатроника кабинеті, дрон жинау кабинеті, электроника және электротехника кабинеті, SDR радио зертханасы, 3D прототип кабинеті, виртуалды нақтылық, бағдарламалау кабинеттері жұмыс істейді.
– Оқушылар сарайы және жоғары технологиялық базасы бар IT орталығы – балалар мен жастарды интеллектуалды дамыту орталығы. Осында ғылыми және шығармашылық қызметті дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалған.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жастардың ғылыммен айналысуына мүмкіндіктер беру туралы жан-жақты айтылған. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары бірінші кезекте жастарға бағытталған. Бізде дарынды жастар көп, мұндай орталықтар олардың барлық әлеуетін іске асыруға бағытталған, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман.
Ал Маңғыстау облысында жүрген Мәжіліс депутаттары – «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция мүшелері Тарас Хитуов, Кәрібай Мұсырман, Асылбек Смағұлов және Сәкен Өтебаев Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне» барды.
Депутаттар келгенде мектеп оқушылары таңғы жаттығуларын аяқтап, депутаттарды асыға күтіп тұрды. Халық қалаулыларын тұрғындар жылы қарсы алды. Депутаттар жиналған қауымға алғыс айтып, халықтың сұрақтары, өтініш-ұсыныстарын қабылдауға дайын екендігін жеткізді.
Мектеп директоры Өтеген Сәбитов балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулитын мектеп 2015 жылы салынғанын және қазір оның аумағы таршылық ететінін айтты.
– Қазір 9-15 жас аралығындағы 750 бала 42 спорт тобында жаттығады. Оларға 26 жаттықтырушы сабақ береді, оның 18-і – жоғары білімді. Спортшыларымыз республикалық және халықаралық ойындардан жүлделі орындар алып жүр. Мәселен, Көкшетауда өткен Азия чемпионаты мен әлемдік қол күресі ойындарында топ жарған болатын.
Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов спорт мектебіне қосымша ғимараттар салу мәселесін Парламент отырысында көтеретіндерін айтты. Бұдан өзге де мәселелерге халық қалаулылары тиянақты жауап берді. Астаналықтардың бұл келісін ауылдықтар аса зор ықыласпен құптады.
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ