Медиа нарықтың мүмкіндігі қандай?

298
0
Бөлісу:

Елімізде алғаш рет «Азия медиа диалогы» тақырыбы аясында медиа әлемнің мәселелерін қозғаған жиын өтті. Астананың 20 жылдығына орайластырылған басқосуды Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Азия және Тынық мұхит хабар тарату одағы (АТМХТО), «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы, сондай-ақ «Астана Конвеншн бюро» мекемесі ұйымдастырды.
Үш күнге созылған жиынға әлемнің 40 елінен 150-ден астам делегат келді. Форум бағдарламасы үш ірі шарадан тұрды: «Азия елдеріндегі радио», «Азия ән фестивалі» және «Медиа – 2020» форумы. Әр шараның көтерген өз жүгі бар. Қатысушылар географиясы мен биографиясы соған дәлел.
– Телевизия мен радио жоғары технология бойынша әрдайым дамуы керек екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Қазақстандық БАҚ та бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс. Жоба аясында медиа саласындағы басшылар үшін семинарлар тың амалмен радио форматын дайын­­дауға, аудиторияны зерттеу құралдарын бағалауға, Еуропа мен Азияның медиа нарықтарының интерактивті үлгілерін және озық тәжірибелерін көрсетуге, сол ар­қылы көпплатформалы және бірплатформалы бағдарламаларды қолдануға қатысты мәселелер көтеріледі, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев форум алдындағы баспасөз мәслихатында.
Ауқымды шараның алғашқы күні радиоға арналды. Radio Asia 2018 деп аталған халықаралық конференцияға Үндістан, Мальдив аралдары, Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Түркіменстан, Түркия, Индонезия сынды Азия елдерінің радиожурналистері қатысып, радиожурналистиканың бүгінгі мәселелерін талқылады. Жиыннан түйгеніміз, бүгінгі радиолар өз әріптестерімен ғана емес, YouTube, Facebook желілерімен де аудитория үшін таласқа түсіп отыр. Ronnie Stanton Media компаниясының басшысы Ронни Стэнтонның айтуынша, радионың бәсекеге қабілетті болуы тұтас әлемнің өзекті мәселесіне айналды. Ол мәселені шешу үшін аудитория мен контентке зерттеу жүргізу пайдалы.
«Бізде стратегиялық жоспар, цифрлар мен статистика болуы мүмкін. Бірақ бұл жоспарды өз ісіне берілген мамандарсыз жү­зеге асыра алмаймыз. Мәселен, таң­ғы 4-те тұрып, ертеңгілік шоу бағдарлама жүргізетін адам тың­дар­манын сендіре алатын талантты болуы керек. Таланттар мен түрлі сын-қатерлер туралы айтқанда, менеджментті де ұмытпау керек. Дұрыс менеджмент болмаса, на­­рықта өз орныңызды табу қиын» дейді ол.
Еліміздегі «Жетінші арна­ның» креатив директоры Евгений Переверзев Қазақстанда музыкалық-ақпараттық бағыттағы радио көп болғанымен, ашық пікір алмасатын радио жоқ деп санайды.
«Қазақстан аумағында FM форматындағы станцияларға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Радионы ермек ретінде көреді. Бізде әңгімелесіп, пікір алмасатын радио жоқ, радиостанциялардың барлығы музыкалық-ақпараттық бағытта. Ақпараттық-музыкалық радио қатарына «Қазақ радиосын» ғана енгізуге болады. Нарық әлі қалыптаспады, радиодан үнемі музыка ойнап тұрады. Былайша айтқанда, радио плеерге айналып барады, радионың өзіндік пікірі жоқ, сауатты жүргізушілер жоқ, нарық өте жұтаң» дейді ол.
«Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек радионарықтағы жаңалықтардан қалмау үшін менеджерлердің әр жаңалықты бақылап, сараптап отыруы, тыңдарманның қалауын дөп басып, оларға қажет жобаларды ұсына білуі маңызды деген пікір білдірді. Сөйтіп, түркітілдес ел­дердің радио одағын құруды ұсынды.
«Бұл барлығымызға осы мемлекеттердегі соңғы жаңа­лық­тардан, өзгерістерден және басқа да медиа трендтерден дер кезінде хабардар болуға мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу арқылы мамандарымыздың кәсібілігін арттыра аламыз. Меніңше, аталған мәселені осы форум аясында әріп­тестік меморандумдарына қол қою арқылы шешуге болады» деді.
Бұл жиында бізді елең еткізген дерек: аудиторияға жүргізілген зерттеулер әлем халқының теле­дидарға қарағанда радио тыңдағанды жөн көреді екен. Радио мен жаңа медиа саласындағы халықаралық сарапшы Стив Ахерн осы пікірімен жаңа медиа радионы өлтіреді деген болжамның көбесін сөгіп тастады.
– Барлығымыз көріп отырмыз, радио қаншама жаңа медианы бастан өткерді. Аудио тәрізді радио да өз жұмысын жалғастыра береді. Әрине, қазіргі уақытта радиостансалар түрлі платформаларда хабар таратады. Аудиожазбаларды подкаст түрінде жариялап, жүктеп алуға мүмкіндік береді. Бұл – жақсы үрдіс, – дейді Стив Ахерн.
«Азия медиа диалогын» «Медиа – 2020» форумы түйіндеді. Форумды ашқан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова дамушы елдердің ақпараттық ағынындағы Орталық Азияның рөлін қайта қараудың маңызын айтты.
Бұл форум фейк ақпараттарға арналды. Еуропа хабар таратушылар одағының Шығыс Еуропа ел­дерімен байланыс бөлімінің жетекшісі Радка Бетчева фейк жаңалықтар тұтас журналистикаға деген сенімді азайт­қанын, ал оның салдары оңай бол­май­тынын айтады. «Фейк ақ­параттар дау-дамай туғызады. Сон­дықтан ақпараттың қайдан алынғанына мән берген маңызды» дейді. Ал француз сарапшысы, журналист Джон Магуайр бүгінгі журналистер беделінің құлдырап кеткенін тілге тиек етті.
«Журналистикаға 44 жыл бұрын келдім. Ол кезде ұялы телефон болған жоқ, интернет пен әлеуметтік желілер де жоқ. Бәрі де басқаша еді. Баспасөзді халық құрметтейтін. Ал қазір әлемде БАҚ-қа деген сенім азайды. АҚШ-та дәстүрлі хабар тарату жағы осал, онда барлығы жекешелендірілген және ақшаға келіп тіреледі. Киберкеңістіктің әр бұрышында отырған адамдар бір-бірінің пікірін тыңдамайды, бірін-бірі түсінгісі келмейді. Адамдар планшет, телефон, компьютер арқылы кез келген жерден-ақ қалаған ақпаратын ала алады. Сондықтан медианың рөлі де азайып барады» дейді ол.
Оның ойынша, бұл мәселенің шешімі – арнайы ынтымақтастық құру, өзгелердің пікіріне құлақ асуды үйрену. Жалған ақпараттарға қарсы тұру. Ол бұл бағытта өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Яғни, жалған хабарлармен күресу үшін француз телевизиясында «Рас па, өтірік пе?» деп аталатын бағдарлама көрсетіледі екен. 15 минуттық бағдарлама ақ­параттың рас-өтірігін қалай анық­тауға болатынын үйретеді.
Жиында жалған ақпараттармен күресудің түрлі тәсілдері айтылды. Соның бірі – Орталық Азия БАҚ-тарының одағын құру.
«Тәуелсіз зерттеулер әлемдегі беделді БАҚ-тардың үнемі объективті бола бермейтінін көрсетіп отыр. Бір жағынан Батыс елдері Қытайдың, ислам елдерінің журналистикасын субъектив деп айыптайды. Осының барлығы ортақ алаңда талқылануы керек және оң контентке қол жеткізу үшін дұрыс медиаландшафт құруымыз қажет» деді All India радиосының бас директоры Файяз Шехрияр. Осы сәтте форум модераторы, «Қазмедиа орталығы» төрағасының орынбасары Ерлік Қаражан Орта­лықазиялық БАҚ одағын құру туралы ұсыныс айтты.

 

Халима ТӘЖІҚҰЛ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*