АМАНАТ ХАНЗАДАЛАР

178
0
Бөлісу:

Құрандағы «Ахзаб» сүресінің 72-аятында «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, жауапкершілігінен қорықты» делінеді. VII ғасырда өмір сүрген ислам ғұламасы Абдул­ла Омар: «Егер сендер аманатты сақтай алсаңдар, екі дүниеде де ештеңе жоғалтпайсыңдар», – деген.
Аманат (араб және ағылшын тілінде – hostage) – адамның азат етілуіне мүдделі адамдарды, әлдебір талаптарды орындауға көндіру мақсатымен, күш қолдану арқылы ұсталып отырған адам. Мемлекетті, ұйымды немесе азаматты мәжбүрлеу мақсатында жасалып, аманат ретінде адамды ұстап алу мен ұстау немесе аманат адамды азат етудің шарты ретінде қандай да бір әрекетті жасаудан өзін тежеу – қылмыстық заңнама бойынша қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыс. Уикипедия осылай дейді.

Біз «аманат» ұғымының саяси сипаты туралы сөз етпекпіз. Ежелгі русь князі Ярослав Алтын Орда билеушісі Батуға толық бойұсынудың белгісі ретінде өзінің ұлы Александрды аманатқа бергендігі тарихтан белгілі. Иван Грозный Сайын-Болатты қалға ретінде ұстағаны да белгілі.
Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында Сібір ханды­ғын билеуге келген Ораз-Мұхаммед сұлтан аңдаусызда орыс қолбасшысының қақпанына түсіп қалады. Саяси тұтқын ретінде Мәскеуге жіберіледі. Ораз-Мұхам­медттің қабілет-қарымын байқаған Борис Годунов оны швед, поляк елшілерін қабылдау рәсіміне, түрлі кеңестерге қатыстырады. Ханзада 24 жасында швед жорығында шайқасқа қатысады.
Соғыста дәрежесі бойынша армиядағы үшінші адам қатарына шығады. Речь Посполита мен Қырым одағына қарсы шайқаста 27 жастағы сұлтан «орыстың воево­дасы» деген атақ алады. Ораз-Мұхаммед Мәскеуден 250 шақы­рым қашықтықтағы Қасым дейтін қуыршақ мемлекеттің басшысы болады. Поляк тарихшыларының деректеріне қарағанда, Ораз-Мұхаммед түрлі саяси оқиғалардың бел ортасында болған. Ол Ресейдегі аласапыранды пайдаланып Есім ханды Мәскеу тағына отырғызуға ұмтылады. Ораз-Мұхаммед Болот­ников бастаған кедейлер көтерілісін де өз мақсатына пайдалануға тырысады. Өкінішке қарай, көтеріліс сәтсіз аяқталып, патша жансыздары Ораз-Мұхаммедтің бүлікшілерге дем беріп отырғанын анықтайды.
Келісім бойынша Есім ханның жасағы Мәскеуге шабуылдауы керек еді. Осы тұста Ташкентте Тұрсын хан деген бүлік жасап, Қазақ хандығын екіге бөліп жі­береді. Есім хан өз басымен қайғы болып жатқан еді. Бұл кезең әйгілі «Қатаған қырғыны» деген атпен тарихта қалды. Ораз-Мұхаммед «Иван Грозныйдың ғайыптан аман қалған баласымын» деп жүрген Дмитриймен байланысады.
Оған «Василий Шуйскийдің армиясын талқандап, Мәскеу тағына отыруға көмектесемін. Есесіне Еділ бойындағы қалаларды маған бересің» деген талап қояды. Поляк-лях және татар-чуваштан тұратын біріккен армия Мәскеуді келіп қоршайды. ІІ Дмитрий қорқақтық танытып, ойсырай жеңіледі. Осы шайқастан кейін, Речь Посполита императоры ІІІ Сигизмунд Ораз-Мұхамедтің өзін Ресей тағына әкелмекші болады. Тарихшы В.Ключевский: «…Была высокая вероятность того, что престол займут не Романовы, а Мухамедовичи», – деп жазады.
Ораз-Мұхаммед орыстар үшін тамаққа тұрып қалған қылтан секілді болады. Ол әскери істі жетік білген, жанына 15 мыңдай адамды топтастырған қолбасшы еді. Бұл туралы «Большой полк насчитывал в своем составе несколько десятков тысяч человек стрельцов, пеших и конных воинов. Ураз-Мухаммеда знали и любили в войсках» деп орыс жылнамасында жазылған. Ораз-Мұхаммедтің өмірі арпалысқа толы. Ол Мәскеуге аманат ре­тінде алынған, кезінде күшпен шоқындырылып, кейін қайта мұсылман болған – ноғайлық Петр Урусовпен Қазақ хандығына оралуды көксейді. Ораз-Мұхаммедтің отбасы жалған Дмитрийдің лагерінде қалып қояды. Ораз-Мұхаммед отбасын алып кетуге әрекет жасағанда қа­пияда мерт болады. Петр Урусов Дмитрийдің басын шабады. Урусов­тың өзі 1639 жылы Кафа қаласында қақпанға түсіп, азаптап өлтіріледі.
Ораз-Мұхаммедтің отбасы орыс қыспағында қалады. Я.Ханыков деген тарихшының «Сведения о роде Тевкелевых» деген кітабында келтірілген деректерге қарағанда, Құтлы-Мұхаммед Тевкелеевтің түбі Ораз-Мұхаммедке барып тіреледі. Ал Тевкелевтің қазақ тарихында қандай орны болғаны тарихтан белгілі.
Қазақ даласы Ресей үшiн Шығыс мемлекеттерiмен жалғас­тыратын көпiр iспеттi болатын. Орта Азия елдерiне, Қытайға жол ашатын қақпа деп бiлген I Петр (1682-1725) қазақ жерiне бiрнеше экспедиция жiбердi. 1718 жылы Семей қамалының, 1720 жылы Өскемен бекiнiсiнiң негiзi қаланды. 1730 жылы 8 қыркүйекте Уфаға Әбiлқайыр ханның Сейiтқүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшiлiгi келдi. 1731 жылы 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоанновна Әбiлқайыр ханға грамота жiбердi. 1731 жылы 30 сәуiрде Кiшi жүзге орыс тiлмашы, елшi А.Тевкелев бастаған елшiлiк келдi. Олармен бiрге Петерборға жiберiлген қазақ елшiлерi де оралды. Сонымен, 1731 жылы 10 қазанда өткен қазақ құрылтайында Кiшi жүздiң Ресейге қосылуы туралы шешiм қабылданды. 1731 жылы 15 желтоқсанда Тевкелевпен келiссөз жүргiзген Орта жүз ханы Сәмеке Ресейге қосылу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс 1734 жылдан кейiн жүзеге асырыла бастады. 1734 жылы 10 маусымда Анна Иоанновна Әбiлқайырға Ор өзенінің сағасынан бекiнiс салу қажеттiгi жөнiнде хат жолдап, қала салынатын жерге И.Кириллов пен А.Тевкелевтi жiбердi. Жайық бойына 14 қамал салынды. 1740 жылы Орынбор экспедициясы бастығы, генерал-князь В.Урусов Орынборға елшiлiк басқарып келдi. 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ерәлi сұлтандармен, Жәнiбек, Бөгенбай, Есет батырлармен, кейiнiрек Орта жүз ханы Әбiлмәмбет және Абылай сұлтанмен келiссөз жүргiздi. Оның барысында Кiшi жүз бен Орта жүздiң 399 өкiлi Ресейге қарайтындығы жөнiндегi шартқа қол қойды. Алайда осы шарттан кейiн де Ресейге Кiшi жүздiң бiраз бөлiгi, Орта жүздiң аз ғана бөлiгi қосылды.
Аманатқа берілген ханзадалар ғұмырына көз салсақ, олардың жай адам болмағанын көреміз. Ресей билігі «түбінде осы қауіпті болады-ау» деген балаларды аманатқа алып отырған. Соның бірі – Әз-Жәнібектің бесінші ұрпағы Әбілқайыр ханның ұлы Қожахмет. Ол Шыңғыс ханнан бастап таратқанда, хан әулетінің он тоғызыншы ұрпағы. Ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханды былайша си­паттайтыны бар: «Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ».
Әбілқайыр – 1730 жылы көк­темде Балқаштың оңтүстік-шығысындағы Итішпес елді­мекенінде жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақтың жеңісіне қол жеткізген адам. 1731 жылы Ресей қарамағына кіргені жөнінде ант береді. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол ас­тында қалған қазақ жері мен қала­ларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ ара­сындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді көздейді. Патша тағындағы Анна Иоанновнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына толық мойынсұнғысы келмейді. Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге ұмтылады. Сол кездегі қалыптасқан саяси жағдайлардан шығу үшін орыс билеушілерімен арпалыса жүріп, жоңғар қон­тайшысы Қалдан Серенмен астыртын байланыста болады. Абылай ханмен де тығыз байланыс жасайды. Абылай ханның бір әйелі Қарашаш Әбілқайырдың қызы екені белгілі. Орта жүздегі Барақ сұлтан Ор бекінісі маңында Әбілқайырды өлтіреді. Ханның моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде жатыр.
Қазақ хандарының барлығы бір нәрсені жақсы білген. Хандық жойылса, елдік те жойылады. Сондықтан Ресейдің қол астына қарағанда хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруға ұмтылыс жасаған. Ресей империясы қазақ жерін толық отарлауды мақсат еткен еді. Осы мақсат жолында аманатқа жас сұлтандардың бірін ұстауды жөн көрген. Әбілқайыр да осы кепті бастан кешті. Сүйікті ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алу жолында талай әрекет жасайды. Патша губернаторларымен қанша рет тартысады. Олар Қожахметті қайтармайды. 1737 жылғы 24 жел­тоқсанда патшайымға Анна Иоанновнаға жазған хатында «Ея императорскому величеству, как я обесчался, в том и стою, а по указу в.и.в. найменников з детьми своими Нуралы-салтаном и с Хажей-Ахметоем и з братом моим Нияз-салтаном в службу в.и.в. милостия я доволен: а сын же мой Ходжа-Ахметь за болезния возвратился» деп қиыла өтініш жасайды.
1738 жылғы 13 тамыздағы кезекті бір хатында Анна Иоан­новнадан «Я всеподданейше с сыном моим, который в Оренбурге живет, приппадая к ногам в.и.в., просим, дабы оной мой сын для свидания с сродниками и братьями ево з другим моим сыном во знак верного подданства моего – Ходжа-Ахметом сменен и таким же жалованьем, как первой сын мой, снабжен и по закону нашему содержан, и вместо меня в.и.в. должной поклон отправить допущен был. За что мы все за высочайшее здравие в.и.в. бога молить и верно служить, даже до окончания жизни нашей должны» деп аяққа жығыла отырып өтінеді.
1739 жылғы 8 маусымда патшаға жазған хатында «понеже ко услугам вашего величества отправил я сына своего Ходжу-Ахмета, и вся Киргис-касацкая орда в покорности находится, и тем я успокоился» деп тағы да алдынан өтеді.
Патшайым бұл өтініштердің біріне де құлақ аспайды. Кейіннен құпия кеңесші И. Неплюевке қайта қолқа салады. «Свиданием с вами по-прежнему удовольствоваться могу: что нам обьявлять соиз­волили, имы вам в том верим.
И об вас так думаю, что вы вновь прибыть изволили. И о нашем состоянии действительно ведать не изволите и столько нам не верите затем, что Ходжа-Ахмет-салтана не даете, и просите ево из двух которого-нибудь брата. Ежели оного Ходжа-Ахмет-салтана с Чингизом сменить не изволите, то еще до всемилостивейшей государыни нарочного от себя послать намерение имею, ибо без того дела наши окончаться не могут» деп жазады.
Не керек, Ресей билеушілері Қожахметті елге қайтармай, қамақ-қыспақта ұстайды. Кейін Айшуақ сұлтан Қожахмет сұлтанның орнына Орынборға аманатқа алынады.
Балаларының ішінен аманат сұраған Ресей үкіметіне Абылай хан да арнайы шарт қойған. Баласына тархан атағын беру, қазақтарға Ресей жерінде емін-еркін жүруге рұқсат, шекаралық командирлердің қазаққа оң көзқараста болуы, ханның қолына орыс әскерін беру тәрізді талаптары орындалмады. Оның үстіне Абылай хан Ресейге адалдық жөнінде Қызылжарға ке­ліп ант беруге келіскен жоқ, пат­шаның жіберген сыйлықтарын да алмады. Абылайдың Тоғым деген баласы қосшыларымен Петерборға аманатқа емес, елшілікке, патша жүзін көруге 1778 жылы аттанғаны бар.
Жәңгір ханның, Кенесарының басынан да балаларын аманатқа беру жағдайы өтті. Оның бәрі – жеке жазатын тақырыптар. Жал­пы, аманатқа берілген қазақ хан­задалары туралы толыққанды зертеу жұмыстарын жасау керек.

 

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*