АҚШ – Ресей саммиті: үміт пен күдік

180
0
Бөлісу:

Соңғы бір-екі айда әлемдік саясатта шиеленіскен жағдайды реттеуге немесе оны кеңірек талқылауға қатысты үш жиын өтті. Оның біріншісі – Канадада болған «Үлкен жетіліктің» басқосуы болса, екіншісі – АҚШ президенті Дональд Трамптың Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен кездесуі, ал үшіншісі – Брюссельде кеше ғана аяқталған НАТО ұйымына мүше елдердің жиыны. Төртінші кездесу 16 шілде күні Финляндияда Владимир Путин мен Дональд Трамп арасында өтетін басқосу болып отыр.

Айта кететін бір жайт, әлем ел­дері бұған неге соншалықты мән беріп отыр? АҚШ пен Ресей мем­лекеттерінің үлкен деле­гация­сынан құралған, саммит деп ата­лып, халықаралық маңыз бе­рі­ліп отырған жиын екі ел ара­сын­дағы түйінді шешуге септігін т­и­гізе ме? Мәселе – сонда.
Қашан да тосын әрекет­тері­мен, бүйректен сирақ шығаратын пікірлерімен саяси сарапшыларды ғана емес, Еуропаның алпауыт ел­дерінің басшыларын састырып қоя­тын Трамп бұл жолы не істей ала­ды? Ресеймен толыққанды бі­тім­ге келе ме? Жоқ әлде, халық­ара­лық қауымдастықты тағы бір таң­қалдырып, тосын шешім жа­сай ма? Әлемдік баспасөз қазір Пу­тин мен Трамптың кең көлем­де­­гі кездесуінен саяси текеті­рес­тің қорытынды нәтижесін күтіп отыр­ған жайы бар. Неге? Бірін­ші­ден, Трамп – Путин кездесуі қор­даланған халықаралық проб­ле­малардың түйінін шешуі тиіс. Егер олай болмаған жағдайда сам­миттің өзі әншейін кезекті бас­қосу болып қала береді. Бүгінгі күн­ге дейін онда қандай мәсе­ле­лер талқыланатыны туралы жал­пы­лама айтылғанымен, нақты қандай құжатқа қол қойылады, ол жағы әлі белгісіз.
Осыдан бір жыл бұрын Гам­бург­те G20, одан кейін 2017 жыл­дың қараша айында Вьетнамдағы АТЭС саммитінде кездескеннен кейін Путин мен Трамп бір-бі­рі­мен жолыққан жоқ. Халықаралық қауымдастықтың бұған баса мән беріп отырғанының сыры да осы. Украинадағы жағдай әлі сол күйінде тұр. Минск келісімі орындалған жоқ. Украина болса, НАТО ұйымына кіруге барынша жанталасып бағуда. Оны Ресей қа­ламайды. Сирияда әлі соғыс. АҚШ пен әлем елдері арасында сауда текетіресі жалғасып жатыр. Әлемдік сарапшылардың алаңдап отырған тағы бір нәрсесі бар: олар Трампқа сене бермейді. Осы ап­та­ның басында The Washington Post басылымы «Трамп Путинмен кездесу кезінде көп нәрсеге көз жұма қарап, Донбасс пен Қы­рым­ға қатысты Кремльдің айтқанына көніп, кері шегініс жасап қоюы мүмкін» деген сарапшылардың пі­кі­рін жариялады. Бұл ғана емес, екі ел басшысының саммитіне Еу­ропаның бірқатар елдері де алаң­дап отыр. Лондонның The Times басылымы «Вашингтон мен Мәскеу НАТО үшін тиімсіз мә­мілеге барып қалуы ықтимал. Егер Путин Скандинавия мен Бал­тық жағалауы елдері ма­ңайын­­да НАТО ұйымының әс­кери жаттығу жиындарын өткіз­беу туралы АҚШ президентімен ке­ліссе, онда – біздің ұтыл­ғаны­мыз. Трамптың Еуропаға неге сон­шалықты әскери техника ке­рек?» деп аяқастынан мәселе кө­теріп жіберуі де ықтимал». The Times басылымы бұл мәселені бекер көтеріп отырған жоқ. Осы­дан бірер апта бұрын НАТО сам­миті басталар алдында АҚШ пре­зиденті НАТО-ның әскери қор­ғанысын арттыруға Еуропа ел­дерінің дұрыс қаржы бөлмей отыр­ғанын сынаған. АҚШ жы­лына НАТО-ның қорғаныс қабі­ле­тін арттыруға 4 пайыз қаржы бө­ліп отырғанда, Еуроодақтың 1 пайыз ғана беруі ақылға сый­май­ды» дегені белгілі. Бірақ кеше Брюс­сельде өткен НАТО самми­ті­нен кейін Еуроодақ шамалары кел­генше қаржыны 2 пайызға арт­тыратын мәлімдеді. Міне, АҚШ президентінің әлем елде­рі­не сөзсіз ықпалының көрінісі. Бір ғана пікір кейде саясаттағы бүкіл әре­кетті өзгертіп жібереді. Сарап­шы­лардың «АҚШ президенті аяқастынан болжап болмайтын әре­кеттерге барады» деп отырға­ны да бекер емес. Оның үстіне қазіргі кезде АҚШ-тың өзінде Ақ үй басшысын жақтырмайтын­дар­дың қатары азаймай тұр. New York Magazine журналы елді елең ет­кізерлік тағы бір деректі жария етті. Оның қаншалықты ақиқат еке­ні белгісіз, бірақ назар аудар­лық ақпарат екенін аңға­руға болады. Дональд Трампты 1987 жылдың өзінде-ақ КСРО-ның із кескен барлаушылары өз­деріне қызмет етуге жалдап ал­­ған. 1986 жы­лы КСРО-ның АҚШ-тағы ел­шісі Юрий Дубининмен кез­дес­кен Трамп келер жылы үлкен қо­нақүй салу үшін Мәскеуге ба­ра­ды. Бірақ қонақүй бизнесі кейін­ге қалдырылғанымен, До­на­льд Трамп Мәскеуден жоғары сая­си амбициялық көңіл күймен ора­лады. Оның көп жылдар бойы са­лық декларациясын жасырып келуінде әртүрлі жолдармен Ре­сейден келген белгісіз қаржының ізі жатыр» деп жазады журнал. Әри­не, «Ақ үй басшысының пре­зи­дент болуына Ресейдің қатысы бар» деген дақпырт әлі күнге дейін айтылып келсе де, мұның еш­қайсысы да дәлелденген жоқ. Рес­ми Мәскеу де мұны жоққа шы­ғарып келеді.
Міне, америкалық қоғамға кү­мән туғызатын осындай жайт­тар­ды саралай келе көптеген са­рап­шылар «саясатта өте тәжі­ри­белі президент Путиннен жеке әң­гімеде Трамп ұтылып қала ма?» деп қауіптенеді. «Жеке кездесуде До­нальд Трамп өзін қалай ұстай­ды?» деген көзқарас та қазір аме­рикалық элитаны алаңдатып отыр. «Саяси текетіресте халық­ара­лық қауымдастықтың көзқа­ра­сын елемей, америкалық пози­ция тұрғысынан мәселе шешіліп кете ме?» деген сауал да еуро­па­лық­тарды мазасыздандырады.
– Путимен кездесуге асық­пын. Бәрін де тамаша жасаймыз. Ресеймен, Қытаймен, тағы басқа елдермен дұрыс қатынаста болу қайта жақсы емес пе? Біз бәрінің де ойдағыдай болуын қалаймыз. Кейбір ақымақ адамдарға мұны қалай түсіндіреміз? Путинге ар­на­ған сыйлығым бар, оның не еке­нін кездесуде көрерсіздер, –де­ді ол Fox News телеарнасына бер­ген сұхбатында.
Одан бұрынырақта Ақ үй бас­шы­сы «Путин маған басты қар­сы­лас болып саналғанымен, оны­мен келіссөз жүргізу Ұлыбритания Пре­мьер-министрі Тереза Мэй­мен келіскеннен оңайырақ» деп жауап бергені белгілі. «Трамп айт­ты» делініп, бүкіл әлемдік бұ­қара­лық ақпарат құралдары мен ин­тернет сайттарда өріп жүрген бұл пікірге қарап, не түйін жасауға болады? Ең алдымен, америкалық эли­та АҚШ президентінің Ресей бас­шысымен қарым-қатынасты жақ­сартқанын қаламайды. Өйт­кені Қырымның аннексиялануы мен Донбастағы соғыс және Си­риядағы саяси ойында Ресей ба­сым болып тұрғанда, АҚШ кері ше­гініс жасамауы тиіс. Италия­ның Il Giornale басылымына бер­ген сұхбатында Ресейдің Қор­ға­ныс министрі Сергей Шойгу екі ел арасындағы жағдайды реттеуге мүм­кіндік бермей отырған топ­тың бар екенін растады. Ол – америкалық элита.
– Біз Америка тарапынан жағ­дайды шиеленістіріп тұрған Ресейдің халықаралық аренадағы агрессиялық саясаты деген пікірді жиі естиміз. Өкінішке қарай, қол­дан жасалып отырған дүр­да­раз­дыққа ең алдымен америкалық элитаның әрекеті мен ұстанған көз­қарасы себеп болып отыр. Олар­дың ойынша, әлем екіге бө­лі­неді. «Дүниеге түзу, позициялық көзқарас – америкалықтарда, ал қал­ған елдердікі дұрыс емес» де­ген бағытта саясат ұстанады. Мұн­­­дай жағдайда қарым-қаты­нас­ты қалай реттеуге болады? Басқа емес, соңғы жылдардағы оқи­ғаларды алып қарайықшы. АҚШ ғаламдық қауіпсіздікке арналған көптеген халықаралық ке­лісімшарттарды біржақты бұз­ды. Жыл өткен сайын НАТО-ның әскери базалары Ресейдің ше­кара­сына қарай жақындап келеді. Мұндай жағдайда біз қорғансыз күй­де отыра беруіміз керек пе? –дейді Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу.
Әлем осылай саяси текетіресте тұр­ғанда, әркім өзінің мәселесінің ше­шілуін қалайды. НАТО ұйы­мына мүшелікке енуге жан­та­ла­сып жатқан Украина болса, 16 шіл­де күні Хельсинкиде өтетін сам­митте Трамптың ұпайы үстем бол­ғанын қалайды.
– Бұл шын мәнінде «украи­на­лық апта» болып отыр. Брюс­сель­де Украина – ЕО, оның соңынан НАТО ұйымымен ынтымақ­тас­тық мәселесі қаралды. Сондықтан қазіргі күрделі саяси оқиғаларды ес­кере келе Дональд Трамп Вла­ди­мир Путинді дұрыс жолға сала­ды деп сенемін. Сондықтан да АҚШ президентіне жеңіс тілей­мін және солай боларына сене­мін, – деді Петр Порошенко Бри­­­танияның Financial Times ба­сылымына берген сұхбатында.
Әрине, басқа елдерден гөрі ең алдымен Хельсинкиде өтетін АҚШ – Ресей саммитіне ресми Киев алаңдап отыр. Екі тарап қа­лай келіседі, Путин қандай қа­дам­ға барады, Трамп Украинаның позициясын қаншалықты қорғай алады? Осы сауалдың барлығы да Петр Порошенконы қатты алаң­датып отырғаны сөзсіз. Себебі, ук­раин президентінің мазасыз­да­натындай жөні бар. Ол прези­дент­тік тақтағы ұлықтау рәсімінде алдағы үш-төрт жылда Донбасты қайтаруға халық алдында уәде берген. Енді міне, келер жылы сайлау. Донбаста әлі соғыс жүріп жатыр. Порошенконың қайтадан президенттік орынтаққа келуі күмәнді. Себебі, ел ішінде оған қарсы саяси күштер көбейіп келеді. Соған қарамастан ресми Киев АҚШ пен Еуроодақ, оның ішін­де әсіресе, Германия мен Фран­цияға арқа сүйеп отыр. «Нор­ман төрттігі» Минск келі­сі­мін орындатуға Ресейге шамасы жет­пей отыр. Егер осы келісім орын­далса, Порошенконың да ке­лесі президенттік мерзімде жеңіс­ке жетуі неғайбыл. Осының бар­л­ығын есептей келе, әлемдік сарап­шылар 16 шілде күні Фин­лян­дияда өтетін АҚШ – Ресей сам­митінен үлкен үміт күтеді. Күдік те жоқ емес.
– Әлемде проблема көп. Оны әркім өз мүддесі тұрғысынан шеш­кенді қалайды. Бірақ ортақ шешім, ортақ диалог алаңы керек. Фин­ляндия бұл бағытта үлкен жұ­мыстар жүргізуге ниетті. Біз АҚШ, Ресей үшін де сенімді әріп­тес, серіктес елміз. Егер ортақ түйін­ді шешуге талпыныс жаса­сақ, әлем де тұрақтылыққа көше­ді. Путин мен Трамп саммитте яд­ролық қару мәселесі мен Си­рия­дағы және Украинадағы жағ­дай­ды толық реттейді деп сене­мін. Сондықтан «кім ұтты, кім ұтылды» деген тұрғыда кездесудің қорытындысын саудаға салуға бол­майды, – дейді кездесуге әзір­ле­ніп жатқан Финляндияның жо­ға­ры дәрежедегі ресми өкіл­дері.
Жалпы, тарихқа қарасақ Фин­­­лян­дияның астанасы Хель­син­ки Кеңес Одағы мен АҚШ ара­сындағы қарым-қатынасты реттеуде барлық уақытта белгілі бір рөл атқарған. 1990 жылы осын­­­да КСРО президенті Михаил Гор­бачев пен Джордж Буш Ку­вейт дағдарысын реттеуге қатыс­ты кезекті кездесуін өткізген. 1997 жылы Билл Клинтон мен Борис Ельцин Балтық жағалауы елдерін НАТО ұйымына мүшелікке алуға қатысты жиында екеуі бас қосқан. Енді міне, халықаралық жағдай тағы да шиеленіскен кезде Ресей және АҚШ президенттері, Вла­димир Путин мен Дональд Трамп тағы да жолығайын деп отыр. Бірақ бұл жолғы саммит халық­ара­лық жағдайды реттейтін кез­десуге айнала ма? Әлем үшін қазір бас­ты сауал да осы болып тұр.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*