АХҚО-ның болашағы жарқын болмақ

139
0
Бөлісу:

Астананың 20 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталығының ресми қызметін арнайы гонг соғу арқылы іске қосуы айтулы шараның бірі болды. 

«Ұзақ уақыт күткен сәттің туындауымен құттықтаймын және осыдан бастап Халықаралық қаржы орталығымыз қызметіне кірісті. Осы жерде отырған барлық орталық қатысушыларына, уақытын бөліп келіп отырған қымбатты қонақтарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің елімізге небәрі – 27 жыл. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен халқымыз болашақ гүлдену жолында үлкен қадам жасады деп ойлаймын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы да осы мақсатқа қызмет ететіндігіне үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан орталықтың жұмысы барлығына қанағаттанушылық сыйлайтындай, бизнеске пайда әкелетіндей және Қазақстан одан мол пайда алатындай жасайтын боламыз» деді орталықтың тұсауын ресми кескен Нұрсұлтан Назарбаев.
Біз жұмысын жаңа ғана бастаған АХҚО-ның болашағы жайлы сала мамандарынан сұрап білген едік.

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, қаржыгер:
– АХҚО жұмысын жаңа бастап жа­тыр. Бірер жылда аяқалысы бел­гі­лі болады. Әзірге айтарымыз бол­жам ғана. Ойлағанымыздың бә­рі болады деп болжам жасай ал­май­мыз. Қаржы орталығын ашып, оның жұмысын жолға қою деген ау­қымды жұмыс. Ең бастысы – бұл ор­талықты ашу идеясы дұрыс, құп­тар­лық. Нарыққа ақпараттық тех­но­логиялар кіріп жатыр. АХҚО-ның болашағы бар. Мемлекеттің эко­номикасын, халықтың әлеу­мет­тік ахуалын жақсартуға алдағы уа­қыт­та септігі тиеді деп ойлаймын. Қа­зір халықтың да қаржылық сауат­тылығы көтеріліп келеді. Жас­тар қазіргі ақпараттық техно­ло­гия­ларды жақсы меңгерген. Сондықтан оларға үлкен жол ашылмақ.
Осында келген J.P.Morgan бан­кі президентінің АХҚО туралы сұх­батын тыңдадым. Ол кісі үлкен перспективаларды айтты. Бұл – ағыл­шын құқығына негізделген ай­мақтағы бірден-бір қаржы орта­лы­ғы. Тәуелсіз сот, халықаралық ар­­­битражды орталық тараптардың құ­қықтарының әділетті қаралуын қам­тамасыз етеді. Заңнама жағынан кел­генде алғышарттар бар. Жұмыс­ты әрі қарай қалай жүргізетіндігіміз, ұйымдастыратынымыз өзімізге байланысты.
Халықаралық қаржы орта­лық­тың көбі ағылшын құқығымен жұ­мыс істейді. Өйткені мұнда келіп жұ­мыс істейтін компаниялардың кө­бі шетелдік инвесторлар. Оларға қар­жы орталығындағы заңнамалар тү­сінікті болуы керек. Олар өзде­рі­нің үйренген заңнамасы бойынша қо­рықпай жұмысты жүргізуі керек. Бұл – дұрыс.
90-жылдары Алматыда қор бир­жасын аштық. Бұрын адам­дарымыз бұл салада жұмыс істемек түгілі оның не екенін түсінбейтін. Ағыл­шын тілін білетін жиырма шақ­ты банк қызметкерін таңдап алып, шет елдерде оқыттық. Осы­лайша, қор нарығы теңгенің ай­налымға енуіне дайын болып тұрды. Бұл жерде де сондай мәселе. Кадр мәселесінде үлкен проблема жоқ деп ойлаймын. Қазіргі жаста­ры­мыз компьютердің құлағында ой­найды. Көбі шетелде оқып кел­ген. Ағылшын тілін терең мең­гер­ген. Әрине, бастапқы кезде жұ­мыс­ты дұрыс бастап кету үшін шет елдің мамандары болғаны дұрыс. Деген­мен бұл орталықта түбінде біздің халықтың өкілдері жұмыс істеуі керек. Ақпараттық технологияны жастар жақсы меңгеріп келеді. Осы са­лада мамандық игергендер жет­кі­лікті. Дегенмен қазақылыққа са­лын­бай, конкурсты дұрыстап өткі­зіп, мықты мамандарды деңгейіне қарап таңдап алу керек. Жаста­ры­мыз өте қабілетті, шетелдердің үздік жо­ғары оқу орындарында оқып ке­ліп жатыр. Бұл жағынан ешқан­дай кемшілік болмауға тиіс. Тек дұрыс ұйымдастырып, іс басқару мәселесінде біліктілік таныту керек.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
Тұран-Астана университеті ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Гонконг, Малайзия не­месе Сингапур қаржы орталығын ал­сақ, олардың бәрі теңіз жаға­лауын­да орналасқан. Сондықтан да дү­ниежүзіне теңіз жолдарымен шы­ғуға жеңілдік бар. Біздің ел томаға-тұйық, құрлықта орналасқан. Сырт­қа шығуымыз өте қымбатқа тү­се­ді. Өйткені ең арзан көлік – теңіз көлігі. Теңіз жағасындағы Ұлыб­­­ритания, Нидерланды, Ис­па­ния, Жапония сияқты кішкентай арал­дың бәрі бүкіл дүниежүзін би­леп кетті. Осының бәрі теңіздің, мұ­­­хиттың арқасы. Алайда көңілге се­нім тудыратыны – соңғы кезде біз Астананы «Нұрлы жол» арқылы бү­кіл дүниежүзімен құрлықтағы те­мір­жолмен, автокөлік жолымен жал­ғастыруымыз. Оның үстіне кө­ліктің тағы бір түрі бар, оны көп­шілік аңғара бермейді. Ол – мұнай мен газды тасымал жасайтын құ­быр­лы көлік. Ол жағынан келгенде Қы­тайға апаратын мұнай-газ құбы­ры өркендеп, дамып келеді. Сон­дық­тан да теңіздің жоқтығын біз теміржол, автокөлік жолы, құбыр кө­лігі және әуе көлігі арқылы да то­лықтырып келе жатырмыз. Күн­нен күнге әуе жолдарына қосымша рейс­тер қосылып жатқанына да куә болып отырмыз. Сондықтан бірте-бірте Жібек жолында орналасқан елдер арқылы Батыс Еуропа мен Қы­тайдың ортасындағы дәліз ретін­де үлкен қаржы-қаражат орта­лығын көтеруімізге әбден мүмкіндік бар деп есептеуге болады.
Егер әр нәрсені байыппен іс­тей­­тін болса, түбінде нәтиже бере­тіні сөзсіз. АХҚО жұмысын бас­­­тағаннан бірден 50 компанияның тіркеліп, іске кірісіп кеткендігі осы жұмыстың басы-қасында болған, бас­шылықтың маңайында жүрген азаматтардың іссапарларының және олардың жүргізген келіс­сөз­де­рінің нәтижесі. Бұл – бір жағы­нан. Ал ең негізгісі – бұл еліміздің ха­лықаралық аренадағы беделі. Біз Еуропа қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына да жетекшілік ет­тік. БҰҰ-да өзіміздің жақсы орны­мыз бар. Мұның бәрі Елбасының са­раб­дал саясатының нәтижесі.
Қазіргі біздің бір келіп тірелген қиын­дығымыз – сыртқы қарызы­мыз күн сайын өсіп отыр. Бұл Үкі­мет­тің қарызы емес. Негізгі қарыз­ды жасап отырған сыртқы саудамен ай­налысатын ұлттық компаниялар мен ірі фирмалар. Оны фирмаара­лық қарыздар деп атайды. Осы қа­рыз­­дың жылдан жылға келе жат­қа­ны біздің сыртқы саудадағы менед­ж­менттің өте әлсіз екендігін көрсетеді жә­не сыртқа шығаратын экспорт кә­сіпорындарын қолдайтын үлкен мем­лекеттік жүйе құрылмаған.
АҚШ-та сыртқы сауданы қол­дай­тын 30-ға тарта комитеттер мен де­партаменттер жұмыс істейді. Біз де сыртқы саудамен айналысатын компанияларды қолдауымыз керек. Сондай-ақ тек сырттан ақша ізде­мей өзіміздің қаржылық орталық ар­қы­лы сыртқы сауданы қаржылан­дырар болсақ, мүмкін фирмааралық қарыз қысқарып, соның нәтиже­сін­де сыртқы қарызымыздың мөл­ше­рі де азаяр еді деген үміт бар. Бі­рақ оның бәрі қайда келіп тірелуі мүм­кін. Ол – сыбайлас жемқорлық. Сон­дықтан АХҚО-ның жұмысын ба­рынша ашық жүргізуге тиіспіз.

Рахман АЛШАНОВ,
экономика ғы­лымдарының докторы:
– АХҚО жұмысын енді ғана бас­тады. АХҚО-да «Қазтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты ұлттық ком­паниялар мен қаржы иелерін АХҚО-ға шығарған кезде қалай бо­лады? Оның бәрін қазірден ой­лас­тыру керек. «Шетелдіктерді көп­теп тартсақ, біздің инвесторлар тиім­ді мүмкіндіктен айырылып қал­май ма?» деген мәселелерді де на­зар­дан тыс қалдырмауға тиіспіз. Жұ­мыс күрделі. Сондықтан оны бай­қау керек. Бұл жұмысты жүр­гізу­­ге үлкен дайындық, деңгей ке­рек. Өйткені бұл жаңа және тым күр­делі жұмыс. Бұл мәселеге атүсті қа­рауға болмайды. Қаржы жүйесі жұ­мысында көптеген қиындық кез­десуі мүмкін. Мықты мамандар бол­са, оны алып шығады.
АХҚО-н Үкімет бюджетінен қол­дау аз емес. Жыл сайын 40 мил­лиард теңге бөлінеді деп отыр. Төрт жылға – 160 миллиард теңге. Оның қайтарымы қалай болады? Бұл – бюд­жетке үлкен салмақ. Ақыры ашып, соншама қаржы салғаннан кейін ол пайда әкелуі керек қой. Бұл қаржы орталығы шетелдіктерге емес, өз елімізге пайда әкелуі тиіс. Не­гіз­гі мақсат – елімізге инвести­ция тарту, жаңа жобаларға жол ашу.
Қазақстан – шағын мемлекет. Жаңа ашылған қаржы орталығына шетелдік алпауыт компаниялар ра­сында да қызығушылық таныта ма? Сұрақтар аз емес.
Біз үшін Гонконг, Дубай, Лон­дон, Сингапур, Франкфурт, Нью-Йорк қор биржасымен жарысу үл­кен мәселе. Тіпті іргеміздегі Мәс­кеу­дің өзі бізге үлкен бәсеке жасап отыр. Дүниежүзінде қаражат жеткі­лік­ті, бірақ оны дұрыс жолмен елге қарай тартып, экономикамызды көтеретін болсақ, оған кім қарсы бо­лады? Негізгі бастама жаман емес, бірақ бұл жерде үлкен дең­гей­де жұмыс істеу керек.
Шын мәнінде, үлкен компа­ния­лар үнемі жаңа нарықтарды іздеу үстінде болады. Өз өкілдігін бар­лық жерде ашуы мүмкін. Өкіл­дігін ашып, қармақты «салып» қойып, «әліптің артын бағып» оты­рады. Қазіргі таңда Италия, Фран­ция­ның көптеген компаниялары елімізде өз өкілдігін ашып қойған. Сол сияқты қаржы орталығында да дүниежүзіндегі танымал ком­па­ния­лар өз өкілдігін ашады. Жағ­дай­ды сырттан бақылып отырып, пайдасы болатынына көздері жетсе, қомақты қаржы құяды. Оларды тартып, қы­зық­тыру үшін көп жұмыс ат­қаруы­мыз керек. Инвестицияның артын­да үлкен сенім жатыр. Біз ең алды­мен шетелдік инвесторлардың се­ні­міне ие болуға тиіспіз. Олар жақ­­сы сөзімізге бола келмейді, соңы­нан өздері де қомақты пайда табатынына сенімді болғандықтан келеді. Инвесторларды тарту біздің жұмысты дұрыс үйлестіре білуімізге байланысты. Егер жұмыс дұрыс жүргізілмесе, келген компания­лар­дың өзінен оп-оңай айырылып қалуы­мыз мүмкін.
Халыққа АХҚО жұмысын ашық көр­сетіп отыруға тиіспіз. Жұмысы таза, ашық болса, соншама қаржы құйып басталған істің нәтижесі болуы керек.

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*