Арабиядағы 6 күн

722
0
Бөлісу:

Кезекті еңбек демалысының күні белгіленген бойда жоспар жасай бастайсың. Биылғы демалыс жаздың алғашқы айына түсті. Әдетте ауылға тартып кететін мен осы жолы өзгеріс енгізем деп шештім. Ел көріп, жер көріп қайтқанды дұрыс санадым. Таңдау оңай болған жоқ. Бірнеше нұсқаларды қарастыра келе, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар шектік. Өйткені бағасы қолайлы, жүрекке жақын, туристер үшін тартымды ел. Әмірліктердегі әдемі өмір, қалыптасқан таптаурындардың рас-өтірігін, көргенім мен білгенімді басқаға да айта отырайын. Айтпақшы, Дубайда 2020 жылы өтетін EXPO көрмесіне қызу дайындық жүріп жатыр.

Әу баста шетелге шығу туралы ой­­ланғанда өздігімізбен барсақ па, жоқ әлде дайын тур алсақ па деп ұзақ ойландық. Сапарға өзіммен бір­­ге анам және құрбым үшеуміз ат­тандық. Егер құрбым екеуміз ғана бар­ғанда, бәлкім, тәуекел етер ме едік. Анам болғандықтан, туристік агент­тіктің қызметіне жүгіндік. Ба­рып-қайту билеті, әуежайдан күтіп алу, екі мезгіл тамақ және үш жұл­дыз­ды қонақүй алдын-ала дайын­дал­ды. Сондықтан шетелге алғаш шық­­саңыз, осы қызметке жүгін­ге­ніңіз жөн. Жаз айында «жанып» тұр­­ған турлар өте көп. Олардың ба­ғасы да арзандау. Өйткені, тур топ­­пен ұйымдастырылады. Ең соң­ғы сәтінде қалған бірнеше орын­дар­­ға адам табылмаса, арзан баға ұсы­­нады. Біз тур жиынтығын өзіміз құрас­­тырдық. Қонақүйді, ұшатын күн­ді, әуекомпаниясын еркін таң­да­дық. Бір айта кетерлігі, мұндай тур сәл қымбаттау. «Жанып» тұрған тур алмаған себебіміз – орын бол­май қалуы мүмкін, қай күні кете­ріңіз белгісіз. Барлық құжаттар ұшар­­дан бір күн бұрын дайын бо­ла­ды. Сондықтан туристік ком­п­а­ния­лар құжаттардың дайын емесін ай­тып жатса, уайымдамаңыз.
Алматы мен Дубайдың арасы – 5 мың шақырымнан астам. Ұшақ­пен 5 сағат. Бізде таңғы 9:00 болып жат­­са, ол жақта – 7:00. Дубай әуе­жайы аумағы мен жолаушылар са­ны жөнінен әлемнің ең үлкен әуе­жайларының санатында бар. Тіпті Duty Free дүкендерінде жыл сайын 7 миллиард дирхамнан (1 дирхам – 94 теңге) астам сомаға сауда жаса­ла­ды екен. Әуежайдың ішінде мет­ро бар. Терминалдар арасына қо­ғам­­дық көліктің осы түрімен қа­ты­надық. Бір қызығы, метро жер­дің асты­мен емес, үстімен жүреді. Ел бас­қарушысы Шейх Мұхаммед бен Ра­шид әл-Мактум метроның ашылуын­да «Менің халқым көп жыл­дар бойы қараңғылықта өмір сүрді. Енді олардың көзі ашылды. Осын­ша сұлулықты жердің үстінен көр­генін қалаймын» деген екен. Мет­роның жүргізушісі жоқ, автомат жүйе арқылы басқарылады.
Тур жиынтығына трансфер де кі­реді. Дубай әуежайынан түскен соң, таксимен Шарджа қаласына ат­­­тандық. Жолдың тегіс болғаны сон­ша, жүрген көліктің дыбысы шық­пайды. Екі қаланың арасы – 15 ша­қырымдай. Екі бөлек әмірлік бол­ғандықтан, шекарадан өткенде қо­сымша құн төленеді. Бірақ қонақүй ұсынатын қызметтердің ішіне көбіне қалааралық тасымал кіреді. Біз Дубайдың әсем жерлерін та­ма­шалауға бір күндік тур алдық. Ба­ғасы – 10 500 теңге. Егер ең биік ғи­марат Бурдж Халифаның басына шық­қыңыз келсе, билетін бөлек ала­сыз. Әмірлікте туризмнің жақсы дамығаны көпшілікке мәлім. Ту­рис­тер тарту үшін жыл сайын түрлі ойын-сауық орталықтары, ерекше ғи­мараттар жаңбырдан кейін қап­таған саңырауқұлақтай бой кө­тере­ді. Гиннес рекордтар кітабына ен­ген жерлер жетерлік. Тіпті көп ре­корд орнатуымен де рекордсмен бол­ған деседі.
Дубайда бәрі жаңа. Шөл дала­дан осындай әдемі қала тұрғызу оңай емес. «Түйеден түсіп, мерсе­дес­­­ке мінген» деп те айтады. Әмір­лік­те тарихи дүниелер аз. Сон­дық­тан билік жаңа ғимараттардың өзіне дәс­түрлі, тарихи рең беруге тыры­са­ды. Мысалы, метро стансалары теңіз бақалшақтарына ұқсайды. Қа­ла қонақтарының жиі баратын жер­лерімен таныстырайын. Шейх Мұхаммед резиденциясының ішіне кіруге рұқсат жоқ. Бірақ аркаға дейінгі аралыққа барып, ауласын та­машалауға болады. Полиция көлігі тұрған жерден асуға рұқсат жоқ. Сарай классикалық араб стилін­де салынған. Триумф арка­сы­ның ба­сын­да бес сәйгүлік тұр. Араб­тар­дың ат­қа қызығушылығы жоғары. Со­ны­мен бірге, шейх әлемдегі ең жүй­рік аттардың иесі болуы­мен де та­ны­мал. Резиден­ция­ның ішіне кіру­ге тыйым салуға се­беп көп. Соның бірі – қызғаныш сезі­мі. Әйелдері мен дүние-мүлкіне кел­генде араб­тар өзгеге көрсет­пе­ген­ді жөн са­най­ды екен. Заң бойын­­­ша көп әйел алу­ға рұқсат беріл­­ген­діктен, кө­ше­ден соңына бір­­неше әйел ертіп жүр­гендерді жиі көресіз.


Мұнда мұсылмандарға барлық жағдай жасалған.
Барлық жерден азан даусы естіледі. Мешіт не намазхана табу қиын емес. Таңғалғанымыз, кішігірім сауда орталығының намазханасы біздегі біраз мешіттерді жолда қалдырады. Арнайы киім, Құран кітап қаптап тұр. Дәретханалары да айнадай тап-таза.


Заманауи Дубай десе, көз ал­дыңыз­ға Бурдж Халифа, Бурдж әл Араб келері анық. Біріншісі – әлем­де­гі ең үлкен сауда және ойын-сауық орталығының ішінде орна­лас­­қан. Туристерден пайда көбірек келуі үшін, ерекше ғимараттарды қонақүй мен сауда орталықтарының жанына салу – әмірліктің үрдісі. Мы­салы, аквариумды көргіңіз кел­се, Дубай молдан өтесіз, ең биік ғи­маратты тамашалау үшін де сауда ор­талығының ішіне кіресіз. Dubai Mall 1 миллион шаршы метр аумақ­ты алып жатыр. Мұнда 1200-ден астам бутик бар. Сондай-ақ орта­лық­тың ішінде аквариум тамашалай аласыз. Бұл жерде 33 000 балық бар. Орталықта көретін дүние өте көп. Картасыз жүрсеңіз, адасып кетуіңіз де мүмкін. Келушілер саны көп еке­нін 14 мың көлікке арналған пар­кинг­тен байқауға болады.
Желкенді қайық түрінде салын­ған Бурдж әл Араб – жеті жұлдызды қонақүй. Теңіз деңгейінен 321 метр биіктікте орналасқан. Ішінде су ас­ты аквариум-мейрамханасы, гол­ливудтық фильмдердің бірқатар сах­налары қойылған жерлер бар. Мұн­дағы өмірдің тым айрықша бол­ғаны сонша, бетіне алтын тозаң­дары себілген капучиноға тапсырыс бере аласыз.


Әлемнің сегізінші кереметіне ба­ланатын Пальма аралдары сонау ғарыштан көрінеді. Аралдардың са­лыну мақсаты – туристер тарту жә­не Парсы шығанағы суының есе­бінен аумақты кеңейту. Екі жоспар да сәтті жүзеге асырылды. Архипе­лаг үш жасанды аралдан тұрады: Дейра, Джумейра және Джебел Али. Барлығы құрма ағашына ұқ­са­тып, құмнан жасалған. 11 шақы­рым­ға созылған Джумейра пальма ара­лына толқын басқы жасау үшін же­ті миллион текше метр құм кет­кен. Болашақта 1400 вилла, 32 қо­нақүй салынады деген жоспар бар. Джебел Али аралы туралы айтар бол­сақ, экзотикалық стильде са­лын­ған. 2020 жылға қарай бұл жерде 1,7 миллион адам тұрады-мыс. Араб ертегілерінде суреттелетін базарды өз көзімізбен көрдік. Соук Мадинат Джумейра – ескі стильде арнайы са­лынған заманауи базар. Ішінде жа­ныңызға керектің бәрі бар. Бірақ бағасы біз секілді ТМД халқына ға­на емес, жергілік халық үшін де сәл жоғары. Киім-кешек, түрлі ұсақ-түйектер мен тамақтанатын орын­дары жетерлік.
Шарджада «Ислам өркениетінің му­зейі» бар. 7 залдан тұратын му­зей­де 5 мыңнан астам экспонат қойылған. Екі қабаттан тұрады. Мұ­ны байқамай өтіп кету мүмкін емес. Өйткені, аумағы үлкен әрі сәу­леті де көз тартады. Төменгі қа­бат­та ислам тарихынан сыр шерте­тін Әбу Бәкір залы мен ислам ғы­лы­мының дамуынан хабар беретін Ибн әл-Хайтам залдары бар. Сырты шы­ғыс стилінде салынған, ішіндегі тех­нологиялық жабдықтары зама­науи. Жоғары технологиялық про­жек­торлар, мультимедиялық құ­рыл­ғылар іш пыстырмайды.

Аңыз ба, ақиқат па?
Ашық-шашық киінуге бол­май­ды. Мұсылман мемлекеті болған­дық­тан, баратын кезде гар­деро­быңыз­ды бір реттеп алғаныңыз жөн. Полиция ұстап әкетуі екіталай. Бірақ тым ашық киімге ескерту жасалуы мүмкін. Заңы жөнінен ең қатал әмірлік – Шарджа. Бұл жерде жабық киімге ғана рұқсат. Туристер көп келетін жер болғасын, Дубайда аса шектеу жоқ.
Ішімдік сатылмайды. Әмірлік­тер­­ге келсеңіз, арақ-шарапты қона­қүй­­лер мен ойын-сауық орталықта­ры­нан ала аласыз. Бірақ Шардждан таппайсыз. Басқа әмірліктерде рұқ­сат етілген. Қонақүй «бес жұл­дыз» алуы үшін алкоголь өнімі болуы шарт. Ішімдік сатпаған соң, көбі төрт жұлдызбен шектелуде. Бір айта кетерлігі, мұндағы үш жұлдыз­ды қонақүйлердің қызметі өзге ел­дердегі 4-5 жұлдыздан асып түседі де­седі. Супермаркеттердің сөресін­де ішімдік жоқ. Себебі, алкоголь сату­ға лицензияны қонақүйлер мен солардың жанында орналасқан кафе-мейрамханалар ғана иеленеді. Егер сіз Дубайдың тұрғыны бол­саңыз, ішімдікке жолау тіптен қиын. Арнайы лицензия картасын ие­ленгендер ғана емін-еркін алко­голь іше алады.
Өте ыстық. Мамыр мен қыр­күйек­­тің аралығы аптап ыстық. Ауа-райы температурасы ең
кемі – 45 градус. Туристер жазда көп бара бермейтіні де сондықтан. Көз алдыңызға моншаның буын елестетіңізші. Жаздағы ыстық соны­мен пара-пар. Кешқұрым сал­қын­дайды деген үміт те аз. Тем­пера­тура түседі дегенше таң атып ке­те­ді. Қалған уақытта Әмірлікте ауа-райы қолайлы. Қыста кешке қарай тоңып қалуыңыз да мүмкін. Қаңтарда барар болсаңыз, күрте апарғаныңыз дұрыс.
Тек мұнайдың күшімен дамып жатыр. Бұл аймақта қара алтын ал­ғаш рет 80 жылдан астам уақыт бұ­рын табылған. Бірақ қоры шектеулі бол­ғандықтан, билік жоспарды бас­қаша құрды. Мұнайдан түскен табысты дамуға жұмсап, аспанмен ас­тасқан ғимараттар салған. Нә­ти­же­сінде, сол сұлулықты көзбен көру­ге құштар адамдар көбейген. Бү­гінде мұнай ұлттық өнімнің бар бол­ғаны 20 пайызын құрайды. Ең көп табыс әкелетіні – сауда, өн­ді­ріс, қызмет көрсету және туризм са­лалары.
Бұл жер қымбат. Күнделікті ақ­ша жұмсауыңызға қарай, салыс­тырмалы түрде орташа деп баға беру­ге болады. Не нәрсенің де қым­­батын да, арзанын да таба ала­сыз. Еуропалықтар үшін баға қо­лай­лы десек, азиаттарға сәл қымбат бо­лып көрінуі мүмкін. Мәселен, Шард­жада қала ішінде 10 шақы­рым­дық жерге такси бағасы 3 мың тең­геге шықты. Таксилердің басым көп­шілігі есептеуішпен жүреді. Әр ша­қырым автомат түрде есептеліп, мо­ниторда көрініп тұрады.

Тақырыпқа тұздық:
Күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға сапарында «Қазақстандықтар шетелді аралап болды. Оның ішінде өзім де бармын. Ендігі мақсат – еліміздің әсем табиғатын өзгелерге көрсету, туризмді дамыту» деген болатын. Расымен де, туризм арқылы қаржының көзін әбден табуға болады. Осы орайда, Әмірлікті үлгі ете аламыз. Аз уақытта көркейіп шыға келген Дубай күллі дүниені дүр сілкіндіруден жалықпайды. Таңғалдыруын тоқтатар емес. Біздің де үйренеріміз осы тұста секілді.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*