Нұржан Алғашов: Қазақ географиясы әлі үлкен зерттеулерді қажет етеді

496
0
Бөлісу:

Нұржан Алғашов,  QazaqGeography бірлестігінің жобалар менеджері

– Нұржан, сізді ел-жер көруден тартынбайтын саяхатшы, жаңа­лыққа ұмтылғыш адам ретінде сырттай білемін. Жалпы, сіздің миссияңыз қандай? Өзіңізді кіммін деп таныстырасыз?
– Біз қызмет етіп жүрген орта­лықтың бұрынғы атауы – Қазақ­стан ұлттық географиялық қоғамы еді. Қазір ол өзгеріп, QazaqGeography деп аталады. 5 жыл бұрын, яғни 2013 жылы республикалық қоғам­дық бірлестік ретінде құрылдық. Қамқорлық кеңесін Кәрім Мә­сімов басқарады. Қазіргі таңда біздің бірлестік 5 сала бойынша жұмыстар атқаруда: география ғылымы, қоршаған орта, биоәр­түр­лілік, өлкетану және саяхат, ал бесіншісі – этномәдени, тарихи бағыт. Біздің мақсатымыз – осы бес сала негізінде Қазақстан тұр­ғындарының білімін арттыру. Қоғамға географиялық ахуалдарды етене жақын ете түсу. Бұл салалар бойынша зерттеу жүргізудің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, кейбір мәселелерді экспедиция ұйымдастыру арқылы зерттеп, саралаймыз. Не болмаса ғылыми бағыттағы кітап шығарып, оны та­ратуымыз мүмкін. Мысалы, қа­зір Іле-Балқаш резерваты құрылды. Сол арқылы Іле өзенінің ар­насын сақтау, ондағы құстар мен аңдар популяциясын көтеру басты мақсат етіп қойылып отыр. Біз осын­дай жұмыстарға тікелей ара­ласып, көмек жасаймыз. Ол жерге барып табиғи жағдайын көзбен көреміз, ғалымдармен бірге олар­дың түрін, санын анықтаймыз. Болжамды дүниелер емес, нақты нәрселерді көзбен көріп, қолмен ұстап, қағазға түсіреміз. Сондықтан мені саяхатшы деп те, географ деп те атауға болады.
– Жақында экспедицияға шығып келгендеріңізді әлеуметтік желі арқылы көрдік. Оның мақсаты не? Қандай шаруаларды жүзеге асыр­дыңыздар?
– Біраз уақыт бұрын Арал теңізіне 20 күндік экспедициямен барып қайттық. Ондағы басты мақсатымыз – солтүстік және оңтүстік Арал теңізінің экожүйесін зерттеу. Оның ішінде фитопланк­тондарды басты нысанаға алдық. Фитопланктон дегеніміз – судың ішінде өмір сүретін кішкентай ағзалар. Олар зоопланктондарға азық болады. Зоопланктоннан балықтарға тамақ болады дегендей. Сол себепті, суда фитопланктондар көп болса, балықтардың да түр-түрі ол жерде өмір сүре бастайды. Өйткені ондай кішкентай ағзалар балықтардың жемі ретінде қарас­тырылады. Бұл сапарға Назарбаев университетінің гидробиолог ға­лымдары да бірге аттанған бола­тын. Олар өздерімен бірге лаборо­ториясын апарып, зерттеулерін жасады. Екінші мақсатымыз – туризм саласы бойынша өңірдің қандай потенциалы бар екенін анықтау болды. Соның аясында Арал өңірінің туристік картасын жасау міндетін де мойнымызға алдық. Міне, осындай екі үлкен жауапты міндетпен барған едік. Экспедиция барысында ойға алған шаруаларды ыңғайлап, бәрі сәтті атқарылды. Жылдың аяғына дейін ғалымдардың осы сапарға байла­нысты ғылыми жұмыстары жарық көреді және Арал өңірінің туристік картасын да шығару жоспарланып отыр. Экспедиция қорытынды­ларының барлығы өзіміздің сайты­мызда жарияланады. Ынта білдір­ген адамдар сол жерден оқып, өзіне керек ақпаратты ала алады. Ғалым­дардың алдын ала шығарған ана­лиздері бойынша оңтүстік Арал­дың тұздылығы 130 промилле. Яғни, бұл дегеніңіз – дүниежүзілік мұ­хит­пен салыстырғанда тұзды­лығы 4 есеге артық деген сөз. Оң­түс­тік Арал – Қазақстан мен Өзбекстан­ның шекарасы маңында орналас­қан. Ал солтүстік Аралдың тұзды­лығы 3 жарымнан 10 промил­леге дейін жетеді. Бұл жақта мөл­шер мүлде басқа. Соның арқасында балықтар келіп, экожүйенің жағ­дайы жақсара бастады. Дегенмен осы сапарға қатысты түрлі қызық­ты ғылыми жаңалықтар мен то­лыққанды анализді жылдың со­ңына таяу жариялаймыз.
– Біздің елдегі адамдардың, жас­тардың географиялық көзқарасы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Бұл саланың маңызын түсінетін­дердің саны көп пе?
– Біз республикалық қоғамдық бірлестік болғандықтан 600-ге жуық адам мүше атанған. Бұл – цифр көп емес. Олардың санын арттыру үшін география туралы, оның пай­дасы жайлы жастарға жақсы на­сихат жүргізу қажет. Біздің өзен, көлдеріміз, табиғаты­мыз, эколо­гиялық жүйеміз әлі де болса ашыл­маған арал секілді. Онда қаншама ғажайыптар, қаншама құнды нәрселер толып тұр. Географияға мән бермей қоюға болмайды. Себебі, география, табиғат – біздің келешек өмірі­міздің кепілі іспетті. Экспедицияға шықпас бұрын әлеуметтік желіде хабарландыру жасаған кезде бізбен бірге барғысы келетін, үлес қосуға дайын адамдар өз ойларын айтып жатады. Бұл – әрине, бізді қуан­тады. Дегенмен алдағы уақытта олардың саны артып жатса, тіпті құба-құп. Осы бағытта еліміздегі жоғары оқу орындарымен үнемі байланысып, бірге жобалар іске асырамыз. Сонымен қатар орыс геогра­фиялық қоғамымен, Өз­бекстан мен Қы­тайдағы геогра­фия­лық орталық­тармен байланыс орнатып, тәжі­рибе алмасып тұрамыз.
– Білім жүйесі адамдардың бі­лі­мін көтеру үшін керек. Медицина – елдің денсаулық сақтау саласына жауапты. Футболдан алға шыққы­мыз келеді – елдің абыройын асқақ­тату үшін. Осы орайда география не үшін қажет? Егер бәріміз геогра­фияны жақсы біліп, жете түсініп кетсек, оның бізге қандай пайдасы тиеді?
– Жалпы, баяғыдан қалып­тасқан ұстаным – қай елде әртүрлі жерлер туралы мәлімет көп болса, сол мемлекеттің әлеуеті жоғары болған ғой. Сол үшін әртүрлі экс­пе­дициялар, жорықтар жасаған. Бұл ретте географ ғалымдар жер-су жағдайына көңіл бөліп, тиісінше басқа да мақсаттарды көздеген. Қазір климат өзгеріп жатыр. Оны бақылап, біліп, ғаламдық жылыну мен мұздықтардың қалыптасуына қатысты тиісті қорытындылар шығару, ғылыми талдауларды дүниеге әкелу – үлкен жұмыс. Бүгінде әлем осыған қатты көңіл бөлуде. Біз де соған ілесуіміз керек. Өзіміздің географиялық жағдайы­мызды жатқа білетіндей деңгейге жетсек, көп нәрседен ұтар едік. Топография саласы да өте ма­ңызды. Географиялық сараптама­лар­ды қажетсініп тұр қазір. Шекара бойындағы жерлердің топогра­фиясын дамыту да өте өзекті. Қалалардың қалай өсуін бақылап, болжайтын урбанистикалық география да дәл қазір назарымыз­дан тыс қалыңқырап тұрған жайы бар. Бұрын қалада тұратын адам­дардың саны көп емес еді. Қазір жалпы Қазақстан халқының 50 пайыздан астамы қалаларға қо­ныстана бастады. Бұл да зерт­теуді талап етеді. Қалада адам көбейген сайын жергілікті билік инфрақұ­рылымды дамыта түсуге мәжбүр болады. Түрлі талап пен қоғам тарапынан қажеттілік көбейеді. Кейбір табиғи нысандар мен табиғи аймақтардың өзгеріске ұшырауы басталады. Қазір елі­міздегі көптеген шаһар осы про­цес­терді бастан кешіруде. Сон­дықтан дәл осы сәтте урбанизация процесін лайықты зерттеп, оған тиісті баға беріп, қажетті көмек ұсына алатын географиялық зерт­теулер өте керек дер едім. Қала берді қай жердің суы қандай, аға­шы қандай, орманы қандай күйде екенін де негізінен географ­тар зерттейді. Ал табиғаттың жай-күйін біліп отыру – экономика үшін аса маңызды фактор. Геогра­фияға көңіл бөлмей, әлеуметтік-экономикалық жағдайды даңғыл жолға түсіремін деп ойлау – бекер нәрсе. География – заманауи даму мүмкіндіктеріне жауап беретін бірден-бір сала. Ал қазақ геогра­фия­сы әлі үлкен зерттеулерді қажет етеді. Біз сол жолда тер төгуге әзірміз.
– Бірлестіктеріңізге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау бар ма?
– Біздің республикалық қо­ғамдық бірлестіктің негізгі қаржы көзі – жекелеген демеуші­лер. Сон­дықтан мемлекет тарапынан бір тиын алмаймыз деп сенімді түрде айта аламын.
– Біздің елдің география ғылы­мын басқа елдермен салыстырғанда қандай деңгейде деп айтуға болады? Олардан қалып келе жатырмыз ба, әлде тең дәрежедеміз бе?
– Біз қалып тұрған жоқпыз. Алда бара жатырмыз деп те айта алмаймын. Атқаратын жұмыс әлі өте көп. Соған сай көп жұмысты атқаруға жететін күшіміз, мүмкін­дігіміз де бар. Қазір бізде ақсап тұрған бір шаруа – ол GIS жүйе­сінің толық дамымай отырғаны. Бұл жүйе қазір тек Астана мен Алматыда ғана қолданылады. Адамдардың керек мекенжайын табуы үшін бұл – өте керек нәрсе. Енді басқа қалалар да дамуы қажет деп білемін. Себебі, Қазақстанның территориясы өте үлкен. Бізге электронды карта қажет және оның қолданыс аясы кең болғаны жөн.
– Өзіңіздің саяхатшы атанып, экспедицияға шығу туралы ойыңыз қалай пайда болды? Неліктен дәл осындай саланы таңдап алдыңыз?
– Қызығушылық бала кезімнен басталды. Мектепте оқып жүрген кезімде саяхатты, өлкетануды жақсы көретінмін. Географиялық карталарды жинап, соларды салыстырып қарап, күн өткен сайын ықыласым арта түсті. Бірақ оқуға түскен кезде тарих маман­дығын таңдап, Тарих факультетін бітіріп шықтым. Содан кейін басқа салаларда да жұмыс істеп көрдім. Бірақ кейін ойлана келе өзімнің география саласынан, саяхаттаудан алыс кете алмайтынымды түсініп, өзімнің сүйікті салама, яғни Qazaq­Geography ұйымына келдім. Бұл жақтағы басты міндетім – ғылыми, тарихи экспедицияларды, жоба­лар­ды ұйымдастыру. Өз жұмысым өзіме ұнайды. География мен саяхат – жанымның бір бөлшегі сияқты. Сондықтан бала кездегі арманым орындалды деп ойлай­мын.
– QazaqGeography бізді биыл немен қуантады?
– Бұл республикалық бірлес­тіктің ұйымдастыруымен 16 шілде мен 31 тамыз аралығында «Менің Қазақстаным» атты фотоконкурс өтеді. Конкурста негізінен төрт номинация қарастырылған: Қала, Адам, Табиғат және Астана туралы. Жүзден жүйрік шыққандарға жақсы жүлделер тағайындалуда. Жарысқа фотоға түсіруді жақсы көретін, сәтті кадрлар таңдауды сүйікті ісіне айналдырған жандар қатыса алады. Осы сайыста үздік шыққан жандардың фотоларынан фотокөрме ұйымдастыратын боламыз. Сонымен қатар күзде Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форум болады. Сол жиын аясында орыс географиялық қоғамымен де бірлесе отырып, фотокөрме өткізу жоспарымызда бар. Осы жылы Шоқан Уәлиханов туралы кітап шығады. Бұл да географияны жақсы көретін, жалпы қазақстан­дық­тар үшін жақсы тарту деп есеп­т­еймін. Сондай-ақ жыл аяғына дейін Қазақстан бойынша тағы екі экспедиция ұйымдастырып үлгергіміз келеді. Әзірге нақты қай өңірлер екенін айта алмаймын. Бірақ қай аймаққа барсақ та туризм саласының мүмкіндіктерін зерт­теп, сол салаға айшықты үлес қосатын сараптама жасаймыз деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*