Қазақ өнерінің аяулы анасы

270
0
Бөлісу:

«Өнерді сүйдім алдымен,
Кейін сүйдім жарды мен» деп бар саналы ғұмырын қазақ өнерінің қарқын алуына сарқа жұмсаған актриса, қазақтың маңдайына біткен асылы, қазақ өнерінің хас шебері Зәмзәгүл Шәріпова 87 жасына қараған шағында дүниеден озды.

1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы ХХ партсъезд ауылында дүниеге келген Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы 16 жасын­­да Алматының Жоғарғы кино­актер­лер мектебін бітіріп, «Қазақ­фильм» киностудиясында және Қазақ радио­сын­да қызмет етеді. Кешегі Кеңес кезіндегі қазақтың қара домалақ ойын баласына Зәмзәгүл Нүсіпбайқызының қоңыр дауысы жақсы таныс. Олай дейтініміз, сол уақытта кеш қарая Қазақ радиосының эфирінде «Қайырлы кеш, балақайлар! Зәмзәгүл апаларыңның ертегісін тың­даң­дар. Ерте, ерте, ертеде…» деп баста­латын танымдық бағдарламаны тыңдап барып, ұйқыға кететін талай балдырған. Сол ертегілерді тыңдап, халық ауыз әдебиетінен сусындап, тағы­лым алып өсті. Бала көңілін баураған қоңыр дауыс иесі Зәмзәгүл апамыз болатын. Көркем­сөз оқудың хас шебері Зәмзәгүл Шәрі­пова Қазақ радиосы мен Қазақфильмде қызмет ете жүріп, радио мен теледидарда ұлттық классикадан көптеген шығарма жаздырды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енді. Оның «Аққудың айрылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге болады. Актри­са­ның балаларға базарлығы – кешкі ерте­гілері Қазақ радиосының алтын қорында жазулы.
1953 жылы 22 жасында жас актриса Зәмзәгүл Шәріпова М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры­ның актерлік құрамына қабыл­данады. Бұл турасында актрисаның «Қазақ КСР-ның халық артисі, актриса, әнші Рахия Қойшыбаева бірде «Сен Әуезов театрын­да ойнайтын актриса боласың, соған әбден лайықсың» деп осында ертіп әкелді. Сол кездегі шығармашылық кеңестің комиссия мүшелеріне сынақ тапсырып, 50 жылдардың басында театр құрамына қабылдандым» дейтін естілігі бар. Содан бері, 60 жылдан астам уақыт үзіліссіз осы театрда қызмет етіп, қасиетті қара шаңыраққа бар ғұмырын сарқа жұмсады. Актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүние­жүзі­лік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады. Алғаш ойнағанрөлі – Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем?» атты драма­сындағы Лағыл бейнесі. Ұлттық классика мен заманауи дра­ма­тур­­гия­да – М.Әуезовтің «Айман – Шол­па­нын­да» – Айман, «Қаракөзінде» – Қаракөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын траге­дия­сында» – Ақтоқты, Қ.Мұхамед­жа­новт­ың «Жат елде» драмасында – Ева Браун, Ә.Тәжібаев­тың «Көңіл­дес­те­рін­де» – Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғыт­баев­тың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында – Нұрсұлу, С.Жүні­совтің «Ажар мен Ажалында» – Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» – Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» – Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлима рөлдерін сомдады. Зәмзәгүл апамыздың жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны – М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын­дағы Қаракөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның таланты­ның лирика-драмалық қырын мейлін­ше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкін­дігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі
С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды. Ал Әбділдә Тәжібаевтың «Көңілдес­терін­дегі» Дәмешті сан құбылтып, нақышына келтіріп ойнағаны соншалық, ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі тәнті болып, бата­сын берген екен. Актрисаның «Зәмзә» атына «Кәусар» дейтін атақ арқалатып, «Зәмзәм-кәусар» деп атаған деседі. Зәмзәгүл Шәріпова әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекс­пир­­дің «Отеллосында» – Дездемона, «ІІІ Ричардта» – Патшайым, Горькийдің «Күннен туғандарында» – Елена, В.Дель­мардың «Өкінішті өмірінде» – Анита, Л.Зориннің «Вар­ша­ва әуен­дерін­де» – Гелена, М.Метерлинктің «Соқыр­ларында» соқыр әйел және тағы да басқа көптеген образды орындады.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы кино­актри­са ретінде де кең танымал. Ол режиссер Ш.Аймановтың «Дала қызында» – Нұржа­мал, «Біз осында тұрамызында» – Дина, режиссер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» – Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» – Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ режиссер Ә.Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен.
Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін Зәмзәгүл Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1959), Қазақ КСР халық артисі (1966) құрметті атақтары берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халық­тар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендері­мен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Асхат МАЕМИРОВ,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:
– Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова біздің театрға 60 жылға жуық өзінің шығармашылық қызметін, ғұмырын арнады. Осы жылдар ішінде ұлттық және әлемдік классикалық драматур­гияларда жүзден астам бейнені сомдады. Бір-біріне ұқсамайтын жүзден астам арудың «образдар галереясын» жасады. Сол сахналық кейіпкерлердің ішіндегі шоқтығы биігі – М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясындағы Қаракөз бейнесі. Қара­көз – Зәмзәгүл Шәріпованың сахна­лық бойтұмары, театр өнеріндегі «төлқұ­жа­ты». Қаракөздің ішкі психоло­гия­лық иірімдерін, қойылымдағы жынданар сәттегі эмоциялық жай-күйін Зәмзәгүл апай кәсіби шеберліктің шыңына көтеріп тұрып сомдай білді. Көрерменнің жүрегіне жеткізе білді. Сондықтан біздің қазақ театрының тарихына Қаракөз бейнесі алтын әріптермен жазылып қалды. Ұлы жазушы М.Әуезовтің өзі де Зәмзәгүл Шәріпованың дауысына, образ сомдаудағы шеберлігіне тәнті болып, «Трагедиядағы мен суреттеген, жазған Қаракөздің болмыс-бітімін Зәмзәгүл Шәріпова шынайы, өте биік деңгейде жеткізді» деп баға беруі, тегіннен-тегін емес. Тіпті дауыс мәнеріне, үніне, қоңыр дауысына тамсанып «Сенің атың Зәмзәгүл емес, Зәмзәм-Кәусар! Себебі, сенің даусыңда керемет кәусар үн бар!» деп баға бергені көрермендердің жадын­да. Оның шығармашылық қыз­меті, өнер жолы біздің жас ұрпақ үшін жарқын үлгі болып қалады. Зәмзә­гүл апай – менің ұғымымда өнер­дегі адалдықтың, таза­лық­­тың, жалпы қазақ аруларының эталоны. Егер біз театр кеңістігіндегі көрнекті актерлердің бағындырған биігі болады деп есептейтін болсақ, қазақтың ұлттық сахна өнерінде де Зәмзәгүл Шәріпованың өз биігі бар. Сол биік кейінгілерге шығармашылық импульс беретініне сенемін.
Зәмзәгүл Шәріпова – әмбебеп өнер шебері. Тек театр емес, сонымен бірге кино, дубляж, радио саласында тынды­рым­ды еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды.
Зәмзагүл апа – қазақ өнерінің аяулы анасы. Әрине, оның есімін бүгінгі ұрпақ, біз, әрқашанда жадымызда сақтаймыз! Театрымызда болашақта еске алу шараларын, дөңгелек үстелдер өткіземіз. Себебі, Зәмзәгүл Шәріпова – тәуелсіз еліміздің жасампаз ұрпағы мақтаныш ететін тұлғалардың бірі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*