Кәсіпкерлікті дамытамыз

333
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия хатшысы Тамара Дүйсенова азаматтарды қабылдап, шараға «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және қалалық әкімшілік өкілдері қатысты.

Шарада жоспарланған алты азаматтан өзге, кезектен тыс екі кісі өз өтінішін жеткізді. Арызын айтып келген әр азамат кездесуден көкейлерінде жүрген сансыз сұрақтың шешімін тауып қайтты.
Алматы қаласынан видео-конференция режимі арқылы қосылып, арызын айтқан Б.Айжігітов Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы қоқыс өңдейтін зауыт жұмысы үшін «Цеснабанктен» қажетті мөлшердегі қаражатты ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Тиісінше, арызданушы құны 92 млн теңгені құрайтын зауыт жұмысын жүргізу үшін қажет 10 млн теңгені екінші деңгейлі «Цеснабанктен» ала алма­ған күннің өзінде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП және «Даму» қорының көмегіне жүгінуге болатынын білді.
«Нұр Отан» партиясына азаматтар әртүрлі мәсе­ле­мен келеді. Біреуі – әлеуметтік қорғау, екіншісі – біреуі құқығының тапталғаны, үшіншісі кәсіпкерлікті дамыту жөнінде қандай да бір көмек сұрайды. Оларға «Нұр Отан» партиясы бүгінгі қолданылып отырған заңдардың аясында көмектесіп, қолғабыс тигізіп келе жатыр.
– Мен алдыңғы қабылдауда 20 азаматтың арыз-шағымын қарағанмын. Соның он үшінің мәселесін толық шешіп бердік. Қалған 7 адамның мәселесін әлі күнге бақылауда ұстап отырмыз, – деді Тамара Дүйсенова.
Көптеген азаматтарға кәсіпкерлік бойынша толық көмектесуге мүмкіндік бар екені де айтылды. Енді кей азаматтар сот шешіміне риза болмай, «Нұр Отан» партиясына келіп шағымданады. Соған орай, сот шешімі шығып кеткеннен кейін де бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін деген кеңестер берілді.
Заңды және жеке тұлғалар арасындағы дау-дамайлы мәселелердің де қоғамдық қабылдау бөл­месіне дейін келіп қаралып жататыны рас. Сондай мәсе­лелердің бірі қалалық әкімдікке қарасты «Шапағат» базары мен жалға алушылардың арасында туындаған. Партия Хатшысы базар басшылығына тек жалға алушылар емес, базар әкімшілігі тарапынан да кеткен кемшіліктердің бар екенін қатаң ескертіп, мұн­дай қарым-қатынасты тез арада реттеуге кеңес берді.
Қызылорда облысынан байланысқа шыққан М.Тәшімов деген азамат өзінің «Нұр Отан» партия­сының мүшесі екенін, сонымен қатар аудандық тексеру комиссиясында қанша жыл жұмыс атқарып келіп, 2011 жылдан бері жұмыссыз отырғанын айтып шағымданды. Тамара Дүйсенова миллионнан астам мүшесі бар партияның әрбір мүшесінің партия Орта­лық аппаратында немесе аймақтардағы филиалдарда жұмыс істей беруі шарт емес екенін, өз мамандығы бойынша басқа салаларда да қызмет етіп, ел үшін тер төгуге болатынын түсіндіріп, партияның Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықо­жаевқа осы мәселе он күн ішінде шешімін табуы тиіс деп тапсырма берді. Сонымен қатар төрт бірдей мүгедек баланы асырап отырған ананың да мәселесі осы қабылдауда қаралды.
– Бүгін де, бүгінге дейін де көтерілген ең үлкен мәселе – үй мәселесі. Жаңа арызданып келген бір апамыз 1534-і кезекте тұр екен. Жасы – 82-де. Әрине, біз ол кісілердің ертерек үй алғанын қалаймыз. Екінші мәселе – әлеуметтік қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмектер беру мәселелері. Үшінші мәселе – қараусыз қалған азаматтар, олар да мемлекет тарапынан көмек сұрап жатады. Бір қуанарлығы, әсіресе кәсіпкерлікті дамытамыз деген азаматтар көп. Олардың өтініші бойынша «Атамекен» ҰҚП және басқа да қаржы ұйымдарымен бірігіп отырып көмектесуге даярмыз, – деді Тамара Дүйсенова.

 

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*