МЫСТЫ ҚАЛАНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

457
0
Бөлісу:

Қазіргі таңда еліміз бойынша «Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларын жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде, әр өңірде ІТ орталықтар мен сынып­тар ашылып, халықтың цифрлы сауат­ты­­лы­ғын арттыру бағытында игі істер қолға алынуда. Отандық кітапханалардың да жұмысы жаң­­ғыртылып, ондағы қызмет көрсету сапасы­ның жаңа деңгейге көтерілгенін де аңғару қиын емес. Мұндай тың бастамалар Қарағанды облысында да табысты іске асырылып жатыр. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның Бірінші орынбасары облыстың Жезқазған және Сәтбаев қалаларына арнайы барып, өңір­дің осы бағыттағы тыныс-тіршілігімен танысты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев об­лыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге қазіргі заманғы энерготиімді жабдықпен қамтамасыз етілген кәсіпорында болды. Сондай-ақ оқушы­ларға бағдарламалау мен робототех­ни­каның негіздерін үйрететін IT орталықтар мен IT сыныптарға барды. Партия Төраға­сының Бірінші орынбасары арнайы ат басын бұрған нысандардың қатарында Сәтбаевтағы Орталық кітапхана да бар. Жаңа партиялық бастамалар шеңберінде онда заманауи «Co-working орталығы» ашылған.

Бәсекеге қабілетті наубайхана
«Нұр Отан» партиясының жаңа жоба­ларының негізгі бағыттарының бірі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырумен байланысты екені белгілі. Соған байланысты, партия Елбасының цифрлан­дыру мен экономикалық жағынан білімді мамандарды дайындау жөніндегі бастамасына қолдау білдіруді көздейді.
Облысқа сапары кезінде партия Төраға­сының Бірінші орынбасары алдымен ТМД мен Еуропа елдерінің аумағында алдың­ғықатарлы кәсіпорындардың бірі саналатын «Ұлытау нан» зауытына барды. Мұнда барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Су физикалық, химиялық және ультракүлгін сүзгілер арқылы тазартылады. Ұнның сапасы да арнайы қондырғылар арқылы тексеріледі. Әр өнімге қажетті шикізатты компьютер есептеп, керек ұнның, тұздың және қанттың мөлшерін автоматты түрде береді. Осыдан кейін жұмысқа автоматты қамыр илегіштер, кесуге, жаюға, қамырды айналдыруға арнал­ған машиналар қосылады. Жасалған өнімдер қажетті температура мен дымқылдық сақтала­тын көтерілу қондырғысына, одан әрі рота­циялық немесе жалпақ пештерге жөнелтіледі. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 35 тоннаға дейін нан өнімін шығарады. Дайын өнім Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Қаражал мен Ұлытау аудандарына жеткізіледі. Зауыт Елбасы айқындап берген цифрландыру жөніндегі барлық талаптарға толық сай келетінін де ерекше атап өткен жөн.
«Ұлытау нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Елена Полеонованың айтуынша, наубайхана нан өнімдерінің 50-ден астам түрін дайындайды. Ашылғанына бір ай ғана болған зауытта қазірдің өзінде 225 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев мұндай заманауи өндіріс ошағының ашылуы және алдыңғықатарлы инновациялық технологиялардың енгізілуі жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық ахуалын жақсарта түсетінін атап өтті. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орын­басары енді нан комбинатында да ІТ маман­дар мен программистерге деген сұраныстың артатынына назар аударды. Өйткені зауыт жұмысы толықтай компьютер арқылы жүр­гізіледі. Бұл талаптарға сай мамандар алдағы уақытта партияның қолдауымен қолға алынған IT орталықтар жобасы бойынша дайындалмақ.

Моноқалаларды көтерудің маңызы зор
Жезқазғанда бағдарламалау негіздерін үйрететін IT орталық UTARI KZ өндірістік инновациялық компаниясының базасында ашылды. Ол жерде балаларға арналған тегін IT сыныптар да жұмыс істейді. Мәулен Әшімбаев аталған орындарға да арнайы барып, компанияның жұмысымен танысты.
Бұл жерде химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ, дәрі-дәрмек, автомобиль өндірісі, коммуналдық шаруашылық, транспорт пен құрылыс саласының жұмысшылары үшін арнайы киімдер шығарылып, күнделікті өмір мен демалуға арналған киімдер тігіледі. «Кәсіпорын компьютерлік бағдарламамен басқарылатын арнайы қондырғымен жаб­дықталған. Сондықтан бізге ІТ саланың ма­ман­дары ауадай қажет. Тіпті тігін машиналары да цифрлы технология арқылы жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, тігіншілердің де осы салада сауатты болуын талап етеді. Сол себепті, «Нұр Отан» партиясының бастамасын жүзеге асырып, тігін цехынан осындай орталық ашып отырмыз» дейді UTARI KZ компа­ниясының басшысы Сәуле Шәуенова.
Аталған ІТ орталық YBYRAI жас програм­мистер лигасы» қоғамдық қорының қатысуымен ашылғанын айта кеткен жөн. Онда келушілер «Алгоритмика» озық білім беру бағдарламасы бойынша ІТ технология­ның қыр-сырын меңгермек. Бұл бағдарлама қазірдің өзінде Ресей, Әзірбайжан және тағы басқа бірқатар Еуропа елдерінде сәтті қол­данылып келеді.
YBYRAI жас программистер лигасының құрылтайшыларының бірі, «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Әзиза Шөжееваның сөзіне қара­ғанда, орталық негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, кәсіпорын қызмет­керлерінің цифрлы сауаттылығын арттырып, олардың өмір сапасын жақсарту көзделіп отыр. Екіншіден, жергілікті жастар­дың ІТ технологияны еркін меңгеруіне барлық жағдай жасап, олардың «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік қарастырылады. Үшіншіден, бұл орталықта жезқазғандық ұстаздар балаларға сапалы білім беруі үшін біліктіліктерін арттыратын болады. Сол үшін «Болашағыңды бүгіннен баста» атты арнайы жоба да қолға алынған.
Тігін цехының жұмысшыларымен кездескен Мәулен Әшімбаев соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөліп, ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.
– Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы осы бағыттағы бірқатар жаңа жобаларымызды бекітіп, нақты тапсырмалар берді. Сондықтан қазір аталған бастамаларды жүзеге асыру партия жұмысының басым бағыты болып табылады. Олардың қатарында еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпақтың дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жағдай жасау ісі де бар. Соған орай балаларымызды алдағы уақытта сұранысқа ие, заман талабына сай мамандықтар бойынша оқытып, сапалы білім алуын қамтамасыз етеміз. Сондықтан партия еліміз бойынша ІТ сыныптар ашуды қолға алды. Осы ретте аталған сыныптарды Астана, Алматы сияқты ірі шаһарларда ғана емес, Жезқазған сияқты моноқалалар мен аудан­дарда ашып, орталықтан шалғайда жатқан елдімекендердегі балалардың цифрлы сауаттылығын арттыруға, бәсекеге қабілетті болуына, болашақтың мамандықтарын игеруге жағдай жасауымыз керек. Осы тұрғы­дан келгенде Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Облыс бойынша қазірдің өзінде бірнеше ІТ сынып ашылып, жергілікті жастар заманауи білім алуда деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазақ­стандық IT компаниялар мен өңірлік жоғару оқу орындарының базасында 20 IT орталық және тегін 1000 ІТ сынып ашуды қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін атап өткен жөн. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, партия ІТ сыныптарды ашу арқылы жастарға бағдарламалау негіздерін үйретіп қана қой­май, робототехника мен 3D модельдеуді де меңгеруге жағдай жасайды. Осы ретте мектеп оқушылары үнемі өзін-өзі жетілдіріп, ізденіп, инновациялық жаңалықтармен танысып отыруы тиіс. ІТ орталықтарда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат­тар­дың цифрлы сауаттылықтарын арттырып, бәсекеге қабілетті маман болуына да мүмкіндік мол.

«Туған жерге туыңды тік»
Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының «Туған жер» жобасы бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның аясында Жезқазған қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған жатақха­налардың бірі UTARI KZ компаниясының басшысы Сәуле Шәуенованың демеу­шілігімен қайта жаңғыртылып, кәсіпорынның жас мамандарына берілген.
Бұл жатақхананың өзгелерден басты айырмашылығы ретінде онда бірқатар партиялық жобаның сәтті жүзеге асырыл­ғанын да айтуға болады. Яғни, Сәуле Бақтай­қызы бұл жерде жаңа партиялық бастама­лармен үндесетін бірнеше қызықты білім
беру жобаларын іске қосқан. Айталық, ғимараттың бірінші қабатында Open space library аймағы – ашық электронды кітап­ханасы орналасқан, ал жанында «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ашылған – Qazaq kluby мен English club жұмыс істейді. Жатақханада дербес Co-working орталығы, «Яркие умы» білім мен даму орталығы, «Лидерлер мектебі», Business mentoring және Magic kitchen орталықтары, шахмат пен тоғызқұмалақ ойынының студиясы бар. «Нұр Отан» партиясының балаларға арналған тегін IT сыныптар жобасы бойынша IT TECHNOLOGY FOR YOU орталығының базасында қазіргі заманғы IT сыныптар ашылған.
Бұл жерде бағдарламалау мен робототех­ника саласы әлемдік стандартқа сай оқыты­лады. Жылдың соңына дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңірдегі бизнес өкілдерімен бірге 2500-нан астам адамды қамтитын балаларға арналған тап осындай 40 IT сынып ашу жоспарланған.
Бұл жұмыстардың барлығы Сәуле Шәуенованың туған жерге деген тартуы екеніне ерекше назар аударған жөн. Осылай­ша, ол өз компаниясындағы қызметкерлердің жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың балаларының сапалы білім алуына, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына да жол ашып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкердің бұл бастамасы көпке үлгі болары сөзсіз.
Жатақханадағы жағдаймен танысқан Мәулен Әшімбаев партиялық жобалардың іс жүзіндегі жарқын көрінісінің куәсі болғанына баса назар аударды. Ол жастардың білікті маман болып қалыптасуы үшін орталықта барлық жағдай жасалғанын және әр жұмыс­тың шын ниетпен істелгенін де ерекше атап өтті.

Кемел білімнің қайнар бұлағы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде нұротандықтар еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықта­рына айналдыру бастамасын қолға алғаны белгілі. Мәулен Әшімбаев Сәтпаев қаласын­дағы осындай жаңа білім беру орталығына арнайы барды. Мұнда «Со-working орталығы» жергілікті кітапхана базасында ашылған. Онда жастардың жұмыс істеуі және демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, топ болып және жеке жұмыс істеуге арналған аймақтар, тегін wi-fi, қажетті техника және тағы басқа мүмкіндіктер қарастырылған. Жастармен кездесуінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары, осы жылдың соңына дейін «Нұр Отанның» қолдауымен Қарағанды облысында тағы да бірқатар білім орталығы­ның ашылатынын айтты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жүйелі түрде қатысу – партия қыз­метінің басым бағыттарының бірі. Елімізде білімге деген құштарлықты арттыру осы бағдарламаның негізгі мәні болып табылады. Жаңа «Со-working орталықтарында» жастар тек кітап оқып қана қоймай, бір-бірімен араласып, еркін пікір алмасуына жағдай жасалған. Кітаптардың өздері де электронды нұсқаға көшіріледі. Мұны жастар тиімді пай­даланып, білімі мен біліктілігін арттырулары тиіс. Қазір елімізде ағылшын тілін үйрену үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл жерде де бір тілмен шектелмей, басқа тілдерді меңгеруге талпыну керек. Жастар әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға бел­сенді қатысып, еліміздің дамуына өз үлес­терін қосуы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы балалардың дұрыс тамақтануына да ерекше көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде, еліміз бойынша мектеп асханаларының бірыңғай ас мәзірін қалыптастырып, жастар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруды көзделуде. Одан бөлек, партия мектептердің спорт алаңдарын да заман талаптарына сай жаңғырту үшін бірқатар тың бастаманы қолға алып, балалардың жыл он екі ай спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалмақ.
Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша нұротандықтар аға ұрпақты қолдауға бағытталған тағы бір маңызды «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асыруда. Одан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында партияның бастамасы бойынша «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» іс-шарасы да қатар жүргізіліп келеді. Жезқазғанға сапары барысында Мәулен Әшімбаев 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Степановна Виноградовамен кездесіп, майдангерді мерейтойымен құттықтады.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*