Ақындар аманатын арқалаған

697
0
Бөлісу:

Қазақ халқы асыл сөзіне ерекше мән берген. Содан да болса керек, «тегі асыл ғой», «асылдың сынығы» деген тіркестерді кез келгенге айта бермеген. Өйткені жара­тылысы аса бай табиғаттың бір сыйы – асыл. Асылдың қыры көп деседі. Осы асыл­дық қасиетті бойына дамытқан азаматтың бірі – ақын-журналист Ғайса-Ғали Сейтақ.

Бұдан алпыс жыл бұрын тарихы тереңде жатқан қазыналы өңір – Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында кіндік қаны тамған Ғ.Сейтақ Орал педагогикалық институтын 1980 жылы бітіргеннен бері баспасөз саласында қызмет етіп келеді.
Таңдаған мамандығының қыр-сырын терең игерген Ғайса-Ғали Сейтақ журналистика саласындағы қызметі үшін 1989 жылы Бисен Жәнекешев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Оған қоса Мәдениет және спорт министрлігінің ұйғарымымен спорт тақырыбындағы жарияланымдары үшін 2015 жылдың қорытындысымен Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықты иеленді.
Журналистік кәсіппен қатар ақындық өнердің тізгінің тең ұстаған Ғайса-Ғалидің поэзия сапарындағы еңбегі де жеміссіз қалмады. 1987 жылдың қорытындысы бойынша үздік өлеңдері үшін респуб­ликалық «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше мәрте мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ақын қаламынан туған туындылардың жинаққа айналып, жарық көргені жеті кітапты құрайды. 1987 жылы «Жалын» бас­­па­сынан жарық көрген «Қарлығаш» атты ұжымдық жинаққа ақынның 12 өлеңі кірді.
Ғайса-Ғалидің тұңғыш жеке өлеңдер жинағы «Маңдай» деген атпен «Жалын» баспасынан 1990 жылы жарық көрді. Бұл кітап 4 мың дана таралыммен шықты. Айта кету керек, алғашқы кітап үшін
4 мың үлкен тираж саналады. Содан кейін әр жылдары «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел» атты жыр жинақтары жарық көрді.
Ғайса-Ғали Сейтақтың ақын ретіндегі жеке қолтаңбасы, өзіндік үні өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында кең таныла түсті. 1995 жылы заманымыздың ұлы шайыры, ақын-қайраткер Қадыр Мырза Әлидің мерейтойына орай озды­рыл­ған ақындар­дың об­лыстық мүшәйра­сында Ғайса-Ғали бас жүлдені жеңіп алды. Басқа да ал­ған жүлделері бар­шылық.
1998 жылы Жанғали Нәбиуллиннің ақын іні­сіне қалам сыйлағаны бар. Бұл қаламмен кезін­де Қадыр өлең жазып, кейін замандасы Жан­ға­лиға тарту еткен екен. Осы­лайша, аға ақындар аманатын арқалаған Ғайса-Ғалидың жаман жазуға тіптен қақы жоқтай көрін­гені және рас. Содан да болса керек, өлеңде қалғу бол­майтынын, ұдайы сер­гектік пен сезімнің ар алдындағы жауап­кершілігі жоғары болатынын ақын жаны терең түсінгендей:

Жолбарысты іздеп ем,
Мысық жылай бастады.
Жазыла ма күзде өлең,
Ұйқының да қашқаны.

Кей күнімнен түн жарық,
Ашық Айдың қабағы.
Бас жағымда тұр жанып,
Қадыр ақын қаламы.
Өзім жазам от басып,
Жүректегі жараны.
Кетер сонда шоқ шашып,
Жанғалидың жанары.
(«Қалам мен жанар»)
Ақын поэзиясының төркіндеу өрісіне келсек, автор тарихи деректі, дәлдікті сүйеді. Олай етуге де себеп бар. Өйткені ақын туған Орда өңірі – тарихы тұнған бай өлке. Ал оның мың қатпар сырын ашу, тарихын түгендеп, таразылау – сол өлкенің ақын болып туған түлегіне және бір сын. Айталық, Исатай, Махамбет, Бөкей хан, Жәңгір хан, Орманбет би, Мұхамед-Салық Бабажанов, Дәулеткерей, Саржала т.т. тарихи есімдер –­ Ғайса-Ғали шығарма­шы­лығының төрінен құрметті орын алған тұлғалар.
Тарихи мекен атауларын тірілту, оның тағылымдық мәнін ашуда да ақын үлкен ізденіске барып жүр. Мәселен, Сақмар, Сарытау, Алтын Орда, Сарайшық, Қылыштау, Қарамола, Қараой, Сырым шыққан төбе, Орал, Тасқала, Жайық, Орынбор, Сарыөмір, Нарын, Қарашы­ғанақ, т.б. жалқы есімдер атауына екпін түсіре тың ойларға бастау ақын Ғайса шығармашылығының өзіндік бір ізденіс-тәжірибесі деуге болатындай.
Ақын өлеңдерінің идеялық-тақырып­тық ауқымына келсек, ол аса кең әрі бай ұлттық лирикаға тән тақырыптың баршасына қалам тартып көрді. Алайда халықтық, әлеуметтік мәселелерді ту еткен азаматтық лирикамен бірге көңіл-күй, махаббат, туған жер тақырыбы Ғайса-Ғали поэзиясында басты орын алады. Ғ.Сейтақ­тың өзі жасап, тудырған образды ойлары мен тың тіркестер дүниеге келді. Ақынның жарық көрген жыр кітапта­рының атауы­нан-ақ өзіндік, дербес, ешкімге ұқсамай­тын ерекшелікті байқай­сыз. Мысалы, «Маңдай». Бір қарағанда ештеңесі жоқ адамға тән он екі мүшенің бір бөлшегі, анатомиялық атау. Ал тереңірек үңілсеңіз, онда текті сыр бар. Мәре сызығын бірінші қиған жүйріктің де өлшемі сол маңдаймен таразыланбай ма?! Қазақта маңдайыңды соғып алма, байқа дейді, жақындықты, қимастықты, мейрім­ділікті танытқанда, маңдайдан иіскеп, маңдайынан сипайды. Яки, қазақ ұғымында маңдайда кие бар.
Мысалы, «Аман бол, атамекенім!». Қандай ыстық сөз, қандай ыстық тілек! Бұл тіркесте жүрек елжіретер ілтипат, тіпті ұлттық фон басым. Атамекеннен артық не болуы мүмкін. Біле білсек, атамекен құрамына ата-ана да, бірге туған бауыр да, сүйген жар да, дос-жора да т.б. баршасы кіріп кетеді. Өйткені атамекен – қазақпен бірге айтылатын үлкенге де, кішіге де ортақ, ажырамас біртұтас ұғым.
Келесі кітаптың атауы – «Нарынның нар ұлдары». Нарын топономикасына нар ұлды қосарлап тың тіркес түзу қазақ фра­зеоло­гиясында бұрын-соңды болған емес. Сөз жоқ, бұл да – ақын енгізген жаналық, тыңнан пайда болған эпитетті тіркес.
Келесі кітап «Ай-арудың алқасы» аталады. Осылай Ғайсадан бұрын кім айтыпты? Қазақ сөз қорын, сөйлеу маз­мұнын, ойлау өресін толықтырар, сөз­жасам байлығын арттырар сәулелі тіркестер Ғайса-Ғали поэзиясында мол ұшырасады. Оның баршасын түзу мүмкін болмас. Ғайса-Ғали лирикасында бейнелі сөздер, айталық, эпитет, метафора, теңеу, кейіптеу т.б. небір толайым түрі бар.
Автор оларды өлең-сөз өнерінің таби­ғатына сай көркемдік әдіспен оралымды қолданып отырады. Не нәрсені тілге тиек етсе де, оқырманның эстетикалық таны­мына әсер ете жыр қиялын шарықтатады. Мә­селен, жүрегімізге жақын «Жайық» атала­­тын өлеңінің бір шумағына назар аударайық:

Жайық,
Суың сыңғыр қаққанда,
Бұлқынарсың ақ таңда,
Жаным жылап жатқанда,
Жұлармын мен де төзімнің шашын.
Осындағы «төзімнің шашын жұлу» – дегеніңіз абстрактылы мағынаға ие – деталь. Осы сынды өрнекті сөз бен сұлу сурет тудырған әсем тіркестер шоғыры ақын поэзиясында бай көрінеді. Мәселен,
Жаныңа қатты батқанмен,
Ұмытылар реніштер.
Тек, әттең, қатар жатқанмен
Қосылмайды рельстер, – деп келетін шумақтар таза поэзияның өзі емес пе деп кім айта алар.
Ғайса-Ғали Сейтақ поэзиясын өзіндік айтар ойы бар, дербес стилімен танылған жыр күмбезі деуге толық мүмкіндік бар. Ақын тудырған жаңашыл­дық белгілерін өлеңдерінің құрылы­сынан да байқауға болады. Алдыңғы тармағы 2-3 буынды, соңғы тармақтары 8-10 буынды болып келетін немесе қа­зақ­тың он бір буынды өлшемін пайда­лана келе, өлеңнің соңғы екі жолының бас­тапқы бунақтарын ұйқастыру соңғы жылдары жазылған жырларында жиі байқалады.
Ақын қоғамда болып жатқан өзгеріс­терден шет қалмай, шындықты да шыр­қыратып айта біледі. Әсіресе, елдің тәуелсіздігі, қазақ ұлтының басындағы түрлі жағдайлар оның шығармаларына арқау болып келеді.
Зейнолла МҮТИЕВ,
Филология
ғылымдарының кандидаты,
доцент

Бөлісу:

Пікір жазу


*