Магистратурадан мән кетті ме?

1120
0
Бөлісу:

Соңғы кезде магистратурада білім алатын адамдарға қатысты дау жиіледі. Бұл жолы «Дайрабайдың көк сиыры» міндетін – әнші Мейрамбек Бесбаевтың магистрлік дипломды алуы атқарды. Осыдан соң әлеуметтік желі ұлардай шулап, сан алуан пікір айтылды. Ішінде естісі де, есері де бар. Оның бәрін оқырман оқып, санаға түйіп те алған шығар. Ақыры дау басталған екен, біз де бұған үн қосып: әр тараптың пікірін тыңдап, сөлін сығып, газет ұстаған ағайынға ұсынбаққа бекіндік.

Магистратура, яғни жоғары ғылыми-педагогикалық білім туралы ереже 2000 жылы 1 қарашада Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген. Содан бері талай студент бұл білім сатысынан өтті. Бірақ соңғы 2-3 жыл бедерінде магистрлік білімнің тым қолжетімді екені, оны екінің бірі бітіріп шығып жатқаны туралы ақпарат жиі тарады. Ал былтырдан бері бұл салаға әншілердің жаппай құлаш сермеуі қоғам ашуын тіптен өршіте түскендей. «Табысы таудай өнерпаздар жастардың несібесіне таласпасын» деп өре түрегелді белсенділер. Осы жағдайларды сараптай келе, біржақты пікір емес, сан тараптың көзқарасын білдік.
Жалпы, елімізде магистратурада оқу тиімді ме? Жастар неге бұл білім дәрежесін шетелде меңгеруге құмар? Ал елде қалып жатқандары ше? Білім сарапшылары мен оқытушылар не дейді? Ендеше, осы сауалдарға жауап іздейік.

Кемшілік көп
Сүлеймен Демирел университетінде еңбек ететін білікті маман Мұхтар Сеңгір­байдың айтуынша, магистратураға оқуға қабылдау ережелерінің бірқатар кемшін тұсы бар.
– Түсу емтихандарын тапсыру кезінде оқу орындарына, сондағы декандар мен кафедра меңгерушілеріне көп билік берілген. Комиссия құрамы көбіне сол оқу орнында, кафедрада сабақ беретін оқытушылардан құралғандықтан, олар басшылардың айтуымен әрекет етеді. Меніңше, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары белгілі бір формада орталықтандырылса, біраз мәселе шешілер еді. Бакалавриатқа түсудегі көп кемшілік ҰБТ мен республикалық конкурс өткізу арқылы реттелген. Екіншісі – әлеуметтік себеп. Магистрлік білім – жоғары білімнің екінші сатысы. Оған келген адам сол салаға ден қоямын, тереңдетілген білім аламын, сол саланың білікті маманы боламын деп рухани дайындықпен келуі керек. Бұлай келетіндер бар, әлбетте. Бірақ магистратураға стипендия алып тұру үшін, жатақханада тұра тұру үшін, жұмыс табылғанша «оқи тұру» үшін немесе атағына атақ қосу үшін түсетіндер бар. Олар бұл салада жұмыс істеймін деп мақсат қоймаса да, әйтеуір дипломды қалтаға салуға тырысады. Үшінші – бі­лім беру базасы. Ма­гис­тра­турада оқитын ма­гистрантқа ғылыми зерт­теу, педагогикалық білік­ті­лікті меңгеру үшін оқыту­шы көбірек көңіл бө­луі керек. Ғылыми база күш­ті болуы тиіс. Өкі­нішке қарай, көп оқу орнында оқытушылардың жүктемесі көп, олар бакалаврға да, магистратураға да, докторан­тураға да дәріс беріп жүруі мүмкін. Оның үстіне, кітапханаларда ғылыми еңбектер базасына кіру мүмкіндігі аз. Сондықтан «Қа­­зақстанның магистратура­сында
білім сапасы нашар» деген түсінік қалыптасқан, – дейді ол.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Мырзантай Жақып індеттің тамыры тым тереңге кеткен дейді.
– Шын дарынды жастарға емес, тамыр-танысы мықты, қалталы адамдарға бұйырып кететін магистрлік білімнің түйткілді тұстарының түбірі жоғары оқу орындары мен факультет басшыларында жатыр. Жоғары оқу орнынан кейінгі Білім беру саласын жаулап алған жемқорлыққа тікелей кінәлі лауазымды тұлғалар – ректорлар, проректорлар және декандар деп ашық айтар едім. Олар Білім және ғылым министрлігіне қағаз жүзінде керемет жақсы жазылған мәліметтерді жібереді де, іс жүзінде өздерінің ойларына келгендерін істеп жатыр. Мемлекеттің қаржысы мен білім гранты есебінен ай сайын стипендия беретін оқуға түсіп алған соң ондай «күл­шелі балалар» сабаққа мүлдем кел­мейді. Өздеріне сабақ беретін оқытушыларды менсінбейді де. Былтырғы жылдары магистратураға оқуға қабылданған талапкерлердің көрсеткіштеріне назар аударсақ, олардың ағылшыннан 80-98 балл, мамандықтар бойынша 100 балл алғанын байқауға болады. Егер «жұлдыздарымыздың» өзі ағылшын тілінен берілетін 100 сұрақтың 80-98-іне дұрыс жауап бере алса, онда «Мектептерге ағыл­шын тілін күш­теп енгізіп жатыр­сыңдар» деп Үкіметке өкпе артуымыз мүлдем орынсыз ғой, – дейді филология ғылымдарының кандидаты.

Ғылыми қауымдастық деградацияға ұшырайды
Жас саясаттанушы Нұрболат Нышанбай қазіргі таңда магистратураны шетелде оқып жатыр. Одан жоғары ғылыми-педагоги­калық білімді Қазақстанда емес, неліктен шетелде алғысы келгенін сұрадық.
– Магистратураны оқу бірнеше жылдан бері ойымда жүрген негізгі мақсаттарымның бірі болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавр бойынша білім алып жүрген кезде Оңтүстік Корея мен Польшада бір-бір жылдан білім алуға мүмкіндік болды. Варшава мен Сеулде жүргенде қазақстандық білім беру жүйесі мен шетелдік универ­ситеттер арасында айтарлықтай айырмашы­лықтар бар екенін байқадым. Сол себепті, магистратуралық білімді шетелде алып, артық-кемшін тұсын меңгеріп, қазақстан­дық білім беру жүйесіне болашақта өзгеріс енгізсем деген ойым бар, – дейді ол.
Әрине, бұл ретте бізді магистратураны шетелде оқудың нақты қандай артық­шылығы бар екені де қызықтырады. Нұрболат бұл сауалды да жауапсыз қалдырған жоқ.
– Шетелде оқудың өзіндік ерекшеліктері бар. Әдетте қандай да бір салада базалық білімі бар азамат, магистратураны ары қарай ғылыми тереңдету негі­зінде оқиды. Ше­телдік ма­гистрату­раның ерекшелігі – қандай да бір нақты мәселе төңірегінде сала-салаға бөлін­ге­нінде. Мысалы, ха­лықаралық қаты­настар мамандығы бойынша бірінші се­местр басталар алдында оқу жоспарын академия­лық кеңесшімен бірге жа­сайсыз. Онда өзіңіздің еңбек өтіліңіз немесе қай салада жұмыс істеуге ниеттісіз деген секілді сұхбат арқылы болашақта қажеті болатын базалық курстар оқытуға тырысады (дипломатия, терроризм, халықаралық бейбіт­шілік, халықаралық саяси экономика т.б). Сәйкесінше, міндетті пәннен бөлек, өз салаңыз бойынша таңдау еркі болады. Келесі бір артықшылығы ретінде әртүрлі континенттен келген магистранттармен оқу барысындағы мәдени саналуандылықта болуын айтар едім. Себебі, қандай да бір пікірсайыс аясында кез келген мәселе әртүрлі ұстанымда қара­лады. Сонымен қатар бағдарла­маны барынша practice oriented ету мақсатында қонақ лекторлар дәрісі көбірек өтіп отырады. Бұл өз кезегінде, теорияны практикада қолда­нып жүрген кәсіби қызметкерлерден қажет­ті кеңестер алудың тиімді жолы. Үшіншіден, шетелде магистратурада оқудың артық­шылығы – ғылыми материалдық ресурстар мен ғылыми-консультативтік әртүрлілікте дер едім. Магистрантқа бағдарламаны толықтай меңгеруге жағдай жасалған. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана, жекелеген академиялық зерттеу орталық­тары толып жатыр, – дейді Квинсланд университетінің магистрі.
Нұрболат қазір Австралияның Квинсланд штатындағы Квинсланд универ­ситетінде «Саяси ғылымдар және халық­аралық қатынастар» мектебінде оқып жа­тыр. Бұл білім деңгейін осы жерде меңгеру үшін соңғы 2-3 жылын ағылшын тілін меңгеруге жұмсаған. Ол біздің білім сала­сына үнемділік керек дейді.
– Былтыр кейбір мамандықтар бойынша тіпті бос орындар қалып қойған жағдайлар тіркелді. Әрине, мемлекет білім саласына көп орын бөлу арқылы әлеуметтік капи­тал­дың артуына ықпал еткісі келетін болар. Алайда сан сапаға ұласпауда. Меніңше, біздегі магистратура бағдарла­масы аясында екінің бірі магистр атанып, дау туындау себебі – түсу талаптарының бірыңғай әрі жеңіл болуында. Қазіргі кезде, ағылшын тілі тұтас ғылым тіліне айналып отыр. Ағылшын тілінсіз, қай салада болсын ақпарат ағынына ілесіп отыру өте қиын. Сол себепті, магис­тратура бағдарламасына түсу үшін тек ILETS сертификаты бойынша шектік балы бар азаматтарға ғана мүмкіндік берілуі керек деп ойлаймын. Қазіргі жағдай қайталана берсе, кез келген азамат «ғылым магистрі» атанып, қазақстандық ғылыми қауымдастық деградацияға ұшырауы мүмкін.

Бізде әрбір магистрант – жақсы жалақы мен тұрақтылықтың кепілі
Оқытушы Мырзантай Жақыптың айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінген қаншама грант игерусіз қалып жатыр. Бұл дегеніңіз – ен байлықты пайда қылып, кәдеге жарата алмағанмен бірдей деп күйінеді ол.
– Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы №204 бұйрығымен 2018-2019 оқу жылына магистрлерді даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ағылшын тіліндегі бейінді бағытқа – 500, ағылшын тіліндегі ғылыми-педагогикалық бағытқа – 897, ғылыми-педагогикалық бағытқа – 11 107, барлығы 12 504 білім гранты бөлініп отыр. Яғни, бұл – еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы үшін 12 мың 500 магистрге сұраныс бар деген сөз. Ал енді мемлекет тарапынан бөлінген осынау білім грантын кімдер иеленеді? Бұл сұраққа келгенде күмілжиміз. Магистратураларға қабыл­данып жатқан талапкерлердің барлығы бірдей талапқа сай деп айту қиын. Олай деп айту – шындықтың белінен басумен бірдей. Ғылым магистрі дәрежесін алып жатқан түлектеріміздің теориялық дайындығы мен ғылыми-зерттеу жұмыстары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына иненің жасуындай болса да үлес қосып жатыр ма? Дәл қазір бұған жауап таба алмаймыз, – дейді Мырзантай Қожабайұлы.
Магистратура – ғылым жолына бас­тайтын бағыт. Сондықтан оның жауап­кер­шілік жүгі де ауыр болары сөзсіз. СДУ ұстазы Мұхтар Сеңгірбайдың сөзінше, шетелде бұл мәселе жүйелі жолға қойылған.
– Әлемнің озық оқу ордаларына бұл тұрғыдан толық еркіндік берілген. Олар магистранттарды қабылдауды өз еркімен шешеді. Бірақ университеттер халықаралық білім және ғылым нарығында бәсекеге түсетіндіктен, білімгерлерді іріктеуде қатаң талаптар қояды. Ал біздің оқу орындары көбіне ішкі нарықты қамтуға бағытталған бизнес-жобалар ретінде жұмыс істейді. Сондықтан олар болашақ магистранттың дайындығы мен деңгейін екінші орынға қояды. Мемлекеттік оқу орындарының өз­дері оқуға көбірек студент қабылдауға ты­ры­­сып, жаппай үгіт-насихат жүргізеді. Олар үшін әр келген магистрант – жақсы жала­қы мен тұрақтылықтың кепілі, – деді ол.

Махамбетәлі неге Қазақстанды таңдады?
Махамбетәлі есімді жігіт магистрлік білімді шетелде емес, керісінше Қазақстанда алуды қалаған. Өз саласын терең меңгеру үшін Еуразия ұлттық университетін таңдапты. Ол магистратураны Қазақстанда оқығанының үш себебін атап берді.
– Магистратураның оқу процесі менің көңілімнен шықты. Себебі, бакалавриатта екі шет тілі мамандығын оқыған бола­тынмын. Сондықтан оны қайтадан екі жыл оқығым келмей, шетел филологиясын таңдадым. Себебі, бұл мамандықтың аясы өте кең, екіншіден тек педагогикалық кәсіппен шектеліп қалмайсың. Ағылшын тіліне қатысы бар мамандықтар бойынша жұмыс істей беруге болады. Былай айтқанда әмбебап мамандық. Магистратураны Қазақстанда оқығандағы екінші себеп – өзім ЕҰУ-дың оқытушылық құрамын жақсы білемін. Ол жақта өзім күткендей нәтиже болатынын да сездім. Қазір Қазақстанның да білім саласы дамып келе жатыр. Ағылшын тілін меңгеріп, шетел асқысы келетін жастарға айтарым – қатты білімді болып жатса, Назарбаев универ­ситетіне барсын. Ол жақта да сол білімді алады. Үшіншіден, білімді алу, кәдесіне жарату адамның өзіне байланысты. Егер талпынысы, құлшынысы болса, жақсы маман болып шығады. Университет – тек бағыт беруші ғана, – дейді ол.
Екі жыл бойы сабаққа қалмай барып, әр пәннің маңызы мен мәніне терең бойлаған Махамбетәлі, қазір республикалық QazBilim орталығында ағылшын тілінен сабақ береді. Әрі сол орталықтың пиарымен де айналысады.
– Өзіммен бірге оқыған ұл-қыздардың барлығы дерлік сабақтан қалмай, қажетті білімді алып, жоғары деңгейде оқып шықты. Жалпы, магистратураны екі жыл оқып шыққаннан кейінгі әсерім – бі­лімімнің әлдеқайда толыққанын сезіндім. Бакалавриаттағы деңгейден біршама жо­ғары. Ал әншілердің білім алуына қатысты негатив пікірім бар. Өйткені ол кісілердің грантта емес ақылы білім алуға толық мүмкіндіктері жетеді ғой. 100 пайыз жала жаппаймын, дегенмен 80 пайыз ойым – әншілер атақ үшін оқиды. Өзіммен бірге де оқыған танымал адамдар болды. Менің ойымша, бұл қадам бір жағынан универ­ситеттің атағы үшін керек сияқты. «Бізде Головкин оқып жатыр», «Қайрат Нұртас оқып жатыр» деген әңгіме – оқу орнының сыртқы имиджі үшін маңызды. Шынымен де олар жастардың грантына таласпай-ақ қойса екен. 2-3 тойға шықса, бірнеше магистратураны оқып алуға жағдайлары жетеді ғой, – дейді Махамбетәлі.
Жалпы, тақырыптың төркіні әншілердің соңғы уақытта магистрлік білімге құш­тарлығынан туындады деп қалдық қой. Бұл тұрғыда университет ұстаздарының өз айтары бар.
– Мемлекеттік білім гранттарының арзанқол әншілер мен «тележұлдыздарға» сатылуы дарынды жастарымыздың бола­шағы үшін өте қауіпті екенін жұртшылық сезіне білгені жөн. Үкіметіміз жоғары оқу орындарының магистратурасы мен PhD докторантурасына мамандық бойынша түсу емтиханының арнайы ережелерін жасап, ондағы тамыр-таныстық пен жемқорлыққа жол беріп келген тетіктердің жолын жабуы тиіс, – дейді Мырзантай Жақып.
Әнеукүні әлеуметтік желіден «әнші­лердің де білім алуы – олардың азаматтық құқығы емес пе?» деген пікірді көзіміз шалған. Соны да сауал етіп қойдық.
– Бұл жерде мәселе – әлеуметтік әділеттілік тепе-теңдігінің қалай сақталып отырғанында. Білім мен ғылым қуып, ізденіс жолына түскен жастардың көбі күнкөрісі нашар, тұрмысы орташа отбасыларынан шығады. Олардың барлық сенетіні – арман-мақсаты мен білімі ғана. Бізді ерекше күйіндіріп отырған жайт –дарынды жастарға берілуі тиіс мемле­кеттік білім гранттарын күмәнді жолдармен «емтихан тапсырған» түрлі «тележұл­дыздардың» иеленіп кетуі. Бұл барып тұрған әділетсіздік емес пе?!
Осылай деген оқытушы отандық жүйеге шетелдік көзқарасты тықпаламау керек деген пікірде. «Әр елдің өзі жүргізіп отырған саясаты секілді білім беру сала­сында да өзіндік мүдделері бар екені құпия емес. Сондықтан шетел тәжірибесіне құ­мартудың қажеті шамалы. Ең бастысы – грант бөлістіруде әділет салтанат құруы тиіс» дейді ол.

 

Оқшау сауал:

Адамдардың осыншалықты оқу құмарлығы (дәлірегі – стипендия және атақ құмарлығы) қоғамды, елдің білім жүйесін неге әкеліп соқтыруы мүмкін?

Мұхтар Сеңгірбай:
Бұл отандық білім жүйесіне деген сенімсіздік тудыратыны рас. Оқуға түскен адам толық оқуға берілгені жөн немесе қызмет істейтіндерге шетел­дегідей part time оқуды енгізу керек.

Мырзантай Жақып:
Адам баласының білім алуға ұмтылуы ешқандай да айып емес. Дегенмен сол білімді алуға оның еңбегі сіңуі керек. Қазір магистрлік диссертациялар студенттер іздеп жүріп оқитын, оларға теориялық және тәжірибелік танымдарын арттыратын қосымша оқу құралдарына айналуы тиіс. Ал шын мәнінде, бізде олай емес. Магистратураға оқуға қабылдау мен магистрлік диссертация жазып беруді бизнестің бір түріне айналдырып алған жоғары оқу орындары да жоқ емес. Кейбір ағайындарымыздың барлық мәселені тек ақшамен шешуге, қажеті бар-жоғына қарамастан, академиялық және ғылыми атақ-дәрежелер алып алуға ұмтылуы ғылыми, рухани дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Махамбетәлі Әбдіхамитұлы: Магистратураның атағы мен ақшасы үшін жаппай оқудың тірелер соңы жұмыссыздық деп ойлаймын. Өйткені магистратурада оқып жатқан бірқатар студенттің бар мақсаты – жұмыс істеуден қашу сияқты. Олар мансап үшін оқиды, бірақ шындап ойланар болса, не үшін оқып жатқанын түсіну қиын. Оның соңы тағы да 4-курс бітірген кездегі деңгейге әкеліп соғады. Сол өмірді екі жылдан соң қайталайды. Яғни, ақша мен атақ үшін оқуға түскен магистрант өзінің өсу деңгейін екі жылға кешіктірді деген сөз. Ол ары қарай доктарантура оқимын ба, әлде жұмыс іздеймін бе деп абдырап қалады.

 

Түйін

Бір қарағанда болмашы мәселе болып көрінуі мүмкін. Шындап қарасаң – маңызы жоғары, мәні терең екенін аңғарасың. Мемлекеттен бөлінген әр гранттың артында – мемлекеттің қамқорлығы, тегін жатақханасы, жайлы жағдайы тұр. Болашақ ғалым сол жақсылықтың бәрін сезіне алса ғана жетістікке жетпек. Көп жағдайда. Әрбір білім гранты – ел келешегіне салынған инвестиция.
Оның шашау шықпай жұмсалуы – бейжай қарайтын дүние емес. Өйткені қазір әлем қаруды қойып, рухани мүддемен, ақылмен, ақпаратпен соғысуға көшті. Бұл «соғыс тәсілдерін» меңгеру үшін де бізге аса ақылды жастар керек-ақ…

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*