«ЖЕЗКИІК» ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕТІСТІГІ

566
0
Бөлісу:

Өткен апта қазақ руханиятының жаңғыру салтанатымен есте қалды. Сарыарқа төсін дүбірлетіп «Жезкиік» І Халықаралық музыка фестивалі өтті.
Семейде – Әміре Қашаубаевтың, Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы тойланды. Түркістан облысында «Самғау – 2018» кинофестивалінің үздіктері анықталды. Бурабайда
«Біржан – Сара» операсы ашық аспан астында таныстырылды.
Париждің төрінде әуелете ән салып, әлемді таңғалдырған Әміре Қашаубаевтың қазақ мәдениетіндегі алар орны ерекше. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, қа­раңғылық көгіне, күн болмағанда, кім болам!» деген сөзді айтып кеткен Сұлтанмахмұт Торай­ғыров есімін қалай әспеттесек те жарасады!
Түркістанда және Бурабайда өткен мәдени шаралар да Қазақстанның тарихи өңірлерін дамытуға жақсы серпін береді.
Қазір қазақстандық туризмді дамыту туралы жиі сөз бола бастады. Қарағанды облыстық әкімдігі ұйымдастырған «Жезкиік» музыка фестивалі –Жезқазған мен Ұлытау секілді қиыр шетте қағыс қалған өңірлерге жан бітірудің бір амалы. Ұлытаудың қазақ тарихында алар орны ерекше. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында өткізіліп, үш күнге созылған айтулы музыкалық оқиға Ұлытау жұртшылығын бір серпілткені анық . Фестиваль Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, қазақ фольклорын дамыту және классикалық музыканы насихаттау, туристік кластерді дамыту, халық мәдениетін жан-жақты танымал ету мақсатында жүзеге асырылды.
Ұлытау ауылының маңында орналасқан «Этноауыл» қазаққа біртабан жақын дүние. Туристік бизнеске сұранып тұр. Kazakh Tourizm ұлттық компаниясы, қоғамдық ұйымдар «Жезкиік» халықаралық музыка фестиваліне қатысты. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің шетелдік әріптестерімен серіктес Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан ақпараттық турға 60-қа жуық туристік оператор мен туризм қауымдастықтары келді. Ақпараттық турдың бағдарламасы тарихи-мәдени, киелі және туристік нысандарды қамтыды. Қоштауға, қолдауға тұратын нәрсе.
«Жезкиік» фестивалі шеңберінде Ұлытау ауданының Болатсай мекенінде фольклорлық музыка фестивалі өтті. Фестивальға Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Фран­ция, Шотландия, Жапония және Қазақ­станнан жиналған 11 кәсіби ұжым қатысты. Жезқазғандағы «Кеңгір» су қоймасы жаға­лауының бойымен этно-музыка фести­валіне қатысушылар шеруі, гала-концерт пен марапаттау рәсімі өтті. Отандық және шетелдік артистердің қатысуымен классикалық музыка концерті ұйымдастырылды. Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Австрия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдавия, Италия секілді елдерден келген және қазақстандық 17 солист өнер көрсетті. КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова ән шырқады. Ол Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындады. Классикалық музыка кешінде «Біржан – Сара» операсы, «Абай» операсынан ария, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» секілді қазақ классикалық музыкасымен қатар, дүниежүзіне әйгілі Джузеппе Вердидің, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың және тағы да басқа көптеген композитордың туындылары шырқалды.
Туризм болсын, басқа да кез келген мәдени шара болсын, бірінші кезекте қазақтың өнері мен тарихын, мәдениеті мен руханиятын паш ететін болса, еліміздің абыройы асқақтайды. «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалінің өткізілуі сонысымен де құнды.

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*