«АСТАНА ОПЕРАДА» – ЗАМАНАУИ ХОРЕОГРАФИЯ КЕШІ

292
0
Бөлісу:

«Астана Опера» 21-22 шілде күндері көрермен назарына «Заманауи хореография кешін» ұсынбақ.  Әлемге әйгілі қоюшы балетмейстерлер – Раймондо Ребек (Германия) пен Ксения Зверева (Ресей/Швеция) би тілі арқылы уақыт ағымы мен ғашық жандар жайлы таңғажайып оқиғаны өрнектейді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында өтетін бұл жоба бесінші театр маусымының соңғы тұсаукесері болмақ. 

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асыл­мұра­то­ваның театр репертуарын әлем­дік хореография жауһарларымен толықтырсам деген арманы осылай орындалып жатыр.
«Заманауи хореография кеші» екі бөлімнен тұрады. Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» деп алатын балеті уақыт пен оның жеке­ле­ген сәттері туралы пәлсапалық ой толғайды. Бұл балетте бишілердің үш жұбы адам өмірінің әр кезеңін бейнелей­ді. Дарынды хореограф уақыт ағымы мен оны сезіне білу мәселесін хорео­гра­фия­лық әдістер арқылы зерттеуге талпынған.
«Мені біздің өмірімізде қандай дүние­лер сақталып, естеліктерге айна­лады, ал қандай сәттер жай ғана өтеді де кетеді деген ойлар толғандырды. Сәтті сезіну, «қазіргі» шақты сезіну – әр адам­да әрқалай. Маған нағыз шабыт берген деменциямен сырқаттанған әжем бола­тын. Қазір менің анамның бойында да осы ауру белең алып келеді. Адамның «жоғалып» бара жатуы, ал туыстары оны жақсы көріп, ол үшін қайғыруы – адам­ның «өзін-өзі жоғалтуынан» да күш­ті сезімдерді оятады. Әркімнің уақыт­ты сезінуі әртүрлі. Мейірлене сүю сіздің жадыңызда мәңгілікке сақталып қалуы мүмкін, ал жағымсыз оқиғалар туралы естеліктерден бірден құтылуға тырыса­мыз. Мен адам өмірінің үш түрлі сәтін сезінуді тұжырымдауға тырыстым: жас­тық шақтағы махаббат, кемелденген махаб­бат және егде жастағы махаббат. Осы­ның бәрі бір әйелдің өмір жолын­дағы мысалдарға негізделді» дейді балет­ті қойған неміс хореографы Раймондо Ребек.
Оның айтуынша, бұл балет «Астана Опера» труппасы үшін арнайы қойылды.
«Әрине, осы спектакль шеңберінің кең ауқымды болғанын қалаймын. Қазақ­стандық артистер қазірдің өзінде үлкен жұмыс атқарды, мен олардың орын­­дауына ризамын, әлемде осы балет­­­ке деген қызығушылық олардың шебер­­­лігіне байланысты болады» дейді ол.
Хореография кешінің екінші бөлі­мінде Ақтоты Райымқұлованың музы­касы мен Адам Капановтың «Аспан көші» либреттосының желісімен қойыл­ған Ксения Звереваның «Заман тыны­сы» ұсынылады. Бұл балеттің негізінде қос ғашықтың тарихы жатыр. Олардың әкелері кәдімгі қарапайым адам болса, аналары – аспан көшін кезген арулар. Көне сиқыр күшіне ие екенінен бейха­бар бас кейіпкерлер Аңсар мен Нұрия таңғажайып оқиғаларды бастап кешіріп, алдарынан жақсылық пен жаман­дықты, махаббат пен өшпен­ді­лік­ті, қайсарлық пен өзімшілдікті кездестіреді. Дегенмен сиқыр құдіреті мен уақыт тынысына толы осынау ғаламат оқиға қазіргі кезге ауысады. Қаһармандардың тылсым күші мен сиқырлы бойтұмарлары басқа пішінге еніп, кейіпкерлердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері бүгінгі таңдағы көрерменге әбден түсінікті болады. Спектакль қазіргі заманғы өмірді, оның өзекті мәселелері мен адамдардың өзара қарым-қатынасын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен олардың құндылықтарын бейнелейді. Осы арқылы қиял мен шынайылық шиеленіскен балеттің қанық сюжеті, қандай жағдай болса да, уақытқа бағынбайтын ең басты әрі маңызды идеяларға жетелейді.
Ксения Зверева бұл балетті қоярдан бұрын қазақ ұлтының мәдениетін көп оқып, зерттегенін айтады.
«Көшпелі халықтың тұрмыс-тірші­лі­гін бойыма сіңірдім. Осының барлығы «Заман тынысы» балетін өмірге әкелуге ықпал етті. Іс-әрекетті қазіргі заманға ауыстырдық, осы арқылы әрбір адам өзін тани алады. Либреттода сиқырға толы бөлшектер, тылсым дүниелер көп кездеседі, ал сахнада бәрі барынша шына­йы өмірге жақындастырылды. Спек­такль қазіргі заманғы өмірді, оның өзекті мәселелері мен адамдардың өзара қарым-қатына­сын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен олардың құнды­лық­т­арын бейне­лейді. Көрермен қиял мен шынайы­лықтың шиеленісуін тама­ша­­лайды» дейді ол.
Айта кетерлігі, Ксения бұған дейін де астаналық труппамен жұмыс істеген. Ол қазақстандық артистер жайлы жылы лебіз айтып отыр.
«Бұған дейін «Астана Опера» солис­тері­мен жұмыс істеген болатын­мын, сондықтан труппа жаныма жақын. Біз көп дайындалып жатыр­мыз, бишілердің құлшынысы керемет, нақты бір қимыл-қозғалысты қалай жасап, эмоцияны қалай жеткізу керек екенін айтып, бөлісіп жатыр» дейді хореограф.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*