ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ «ҚАРАГӨЗІМЕН» ҚОШТАСТЫ

411
0
Бөлісу:

Қазақстанның халық артисі, театр және кино актрисасы шығармашылық өмірінің 60 жылға жуық уақытын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына арнаған, өнер қайраткері Зәмзәгүл Шәріпованы соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг өтті. 

Оған Мәдениет және спорт минис­трі­­нің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев арнайы келіп, қайғылы қазаға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті атынан келген жеделхатты оқып берді. Қаралы жиынды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының дирек­торы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров жүргізді.
Бұдан соң Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттің академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық артисі Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімовке, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевке, апамыздың өнердегі әріптесі, сахналық партнері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаевқа сөз берілді.
Екі күн бойы Қазақстанның ұлан­ғайыр жерінің түкпір-түкпірінен театр­лар­дан, өнер ұжымдарынан жеделхаттар келді. Сонымен бірге, Шәріповтер отба­сына көңіл айтқан Мемлекеттік хат­шы Гүлшара Әбдіқалықованың атынан түсті. Үкіметтік жеделхаттың бірі Алма­ты облысының әкімі Амандық Баталов­тың атынан және Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың атынан келді.
Қаралы жиын соңында бүкіл ұрпағы­ның атынан ұлы Мұстай сөйлегеннен кейін, театрдың дәстүрі бойынша, көрнекті актрисамызбен сахнада қошта­сып, арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
Әмбебеп өнер шебері тек театр ғана емес, сонымен бірге кино, дубляж, радио саласында тындырымды еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Сан ұр­пақ Қазақ радиосынан Зәмзәгүл Шәріпова оқыған ертегілерді тыңдап, халық ауыз әдебиетінен сусындап, тағы­лым алып өсті. Сондықтан ұлан­ғайыр еліміздегі бірнеше буын ұрпақ үшін Зәмзәгүл Шәріпова – қазақ өнерінің аяулы анасы.
Тәуелсіз еліміздің жасампаз ұрпағы мақтаныш ететін ұлы тұлғалардың бірі, марқұм Зәмзәгүл Шәріпова екінші Кеңсайға жерленді.

Әділғазы КЕРЕЕВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*