ДЖУЛЬЕТТАНЫҢ ҮЙІ

657
0
Бөлісу:

Италия – ежелгі сиқыр мекені сияқты. Онда Санта-Мария Дель Фьоре соборы, Этна жанартауы, Гарда өзені, ең алғашқы опера театрларының бірі Сан-Карло бар.

Аталған жерлер Италияның 7 кереметінің ішіне кіреді. Шекспирдің атақты «Ромео мен Джульеттасын» оқыған бол­саңыз, сізге Верона аты таныс шығар? Веронада Ромео мен Джульетта тұрған үй бар. Каппелло (Капулетти) әулетінің үйі қазір қоғам игілігіне берілген. Ромеоның үйіне әлі күнге Монтиколи (Монтекки) әулеті иелік етеді.
Джульеттаның үйі XIII ға­сырда салынған. XVII ғасырға дейін үйде Даль Каппелло ұрпақ­тары тұрған. 1907 жылы үйді муниципалитет сатып алып, музейге айналдырады.
Бүгінде Джульетта үйі – Веронадағы ең атақты орын. Италияның басқа қалалары тәрізді Веронада да көрікті жер­лер жетерлік. Дегенмен жылына миллионнан астам турист Джульеттаның аңызға айналған балконында суретке түсу үшін Италияның солтүстігіне ат басын бұрады.
Веронада Джульетта үйін табу қиынға соқпайды. Үй – көне қала орталығында орналас­қан. Пьяцца дель Эрбе алаңынан кейінгі Via Capello көшесінде Juliet кәдесый дүкені бар. Дүкен жанында хаттарға толы арканы көресіз. Аркадан ары өтсеңіз, Джульетта үйінің бақшасына тап боласыз.
Туристер Джульеттаның қоладан құйылған мүсініне тәнті. Мүсін бақшада орналас­қан. Джульетта үйіне 1972 жылы Нерео Костантини жасап шыққан мүсін қойылды. «Егер мүсінге қол тигізсең, махаббат мәселелерінде жолың болады» деген аңыз бар. Сондықтан аңызға сенетіндер мүсінді ұстап көруді армандайды.
Джульетта мүсінінің біраз бөлігі зақым көрген. Муници­палитет мүсінді музейге өткізіп, аулаға көшірмесін қойған. Түпнұсқа 1972-2014 жыл аралы­ғында, яғни қырық жылға жуық бақшада тұрды.
«Ромео мен Джульетта» ойдан құрастырылғанына қара­мастан, келушілер хикаяда­ғы орындарды іздейді. Соның бірі – балкон. «Джульетта үйінде» кішкене балкон бар. Балкон 1936 жылғы жөндеу жұмыстары кезінде салынған. Келушілерге балконға шығу мүмкіндігі тек 1997 жылы берілген.
Жыл сайын 16 қыркүйек күні Веронада Джульеттаның туған күні тойланады. Туған күн қарсаңында мұнда неке қию салтанаты өтеді. Сол үшін әлем­нің түкпір-түкпірінен жас жұ­байлар «Джульетта үйіне» ағы­лады. Некелесушілерге Ромео мен Джульетта стиліндегі арна­йы киім беріледі. Ортаға­сырлық әуен ырғағында, балкон алдында қыз-жігіттер жүзік алмасады. Ұйымдасты­рушылар Монтекки мен Капулетти «қол қойған» неке қағаздарын тарту етеді.
Қала қонақтарының тағы бір сүйікті ісі – хат жазу. Туристер махаббат жазбаларын үй қа­бырғаларына жазып қалды­ратын. 2005 жылдан бері дәстүр өзгерді. Енді хатыңызды шығаберістегі аркаға қалдырып кетесіз. Одан бөлек аулада пошта жәшігі, тіпті компьютер бар. Электронды поштаңыз арқылы Джульеттаға жазба­ңызды жол­дай аласыз. Сіздердің хат­тарыңызға Джульетта клубының еріктілері жауап жазады. Ерік­тілер «Джульетта үйінің» жо­ғарғы қабатында жұмыс істейді.
2012 жылы туристер үй қа­бырғаларына хат қалдырамыз деп көп мөлшерде айыппұл төлеген. Себебі, 2010 жылы Голливудта «Джульеттаға хат» атты фильм түсірілді. Бұған дейін хат жазу аса танымал емес еді. Фильмді көрген жұрт «Джульетта үйінде» хат жазуға асықты. Аманда Сайфрид, Гаэль Гарсия Берналь сынды актерлер түскен фильмде «Джульеттаның үйімен» таныса аласыз. Верона табиғаты, Италия ғажайыптары, бастысы хикая кейіпкері үйінің ерекшелігі толығымен көр­сетілген.
Капулетти үйіне жыл сайын мыңдаған хат келеді. Хат иелері махаббат мәселерінде қыздан кеңес сұрайды. Еріктілер Джульетта атынан түрлі жұбату хаттарын кері жолдайды.
Джульеттаның бөлмесі – музейдің үшінші қабатында. Франко Дзеффиреллидің «Ромео мен Джульетта» фильмі дәл осы музейде түсірілген. Бөлме интерьеры ортағасырлық Италияны еске салады. Джульет­та бөлмесінде фильм суреттері мен Ромео, Джульетта киімдері қойылған.
Музейге 14 ақпан күні келсеңіз, жолыңыздың болғаны. Өйткені аталған күні Джульет­таға келген ең үздік романти­калық хаттар оқылады. Әрі ғашықтар өздерінің бастан кешкен махаббат хикаяларын жұртқа баяндайды.
Италияға жолыңыз түссе, міндетті түрде «Джульетта үйіне» барыңыз. Мұнда сіз ортағасыр­мен тілдескендей күй кешесіз. Аркадағы хаттарға көз жүгіртуді ұмытпаңыз. Мүмкін сізде дәл кинодағыдай, 60 жыл бұрынғы махаббат дастанына куә бо­ларсыз.

Айзат Айдарқызы

Бөлісу:

Пікір жазу


*