Ed-Tech индустриясының қарқыны қандай?

1702
0
Бөлісу:

Біз білетін тінтуірдің арғы атасын сонау 1968 жылы Дуглас Энгельбарт есімді өнертапқыш ойлап тапқан. Өзіңіз ойлап қараңызшы, 1968 жыл. Перфокарталар. Бір өзі бір бөлмені алатын электронды есептеуіш ма­шиналар. Сол кездің өзінде-ақ ол алақандай тінтуір туралы айтып қана қоймай, терезе интерфейсін, гипермәтін, видеоконференция, мәтіндік редакторлар хақында презентация жасап, қорғап шыққан. Десе де, өнертапқыштың ұсыныстары технологиялық индустрияға бірден ене қоймады. Жаңа дүниені ойластырып, ұсыну оңай-дағы, оны күнделікті тұрмыспен қабыстыру әлдеқайда қиын. Бүгін білім беру саласындағы Ed-Tech тақырыбын қозғағалы отырмыз. Әлемдегі және елдегі қарқын қандай? Білім беру саласына жаңа технологияларды енгізіп, одан қалай жағымды нәтиже алуға болады? Білім беру саласына қандай өзгерістер керек?

Одри Уотерстің заманауи технологияларды білім саласында қолдануға қатысты «Білім беру технологияларының құбыжықтары» деген кітабы бар. Әлқиссаға содан үзінді келтіріп кетейік. «Мек­теп кабинетіне iPad әкелу қиын емес, қиыны – соның көмегімен бірдеңе істей алу. Білім беру технологияларының бабасы деп Алан Кейді айтып жүрміз. Ол балаларға арналған Dynabook ком­пьютерін жасап шығарған. 1972 жылы Алан «Барлық балаларға арналған дербес компьютер» дейтін манифестін жариялады. Кей оны қалай көргенін айтайық па? Сипаттамасы шамамен мынадай еді: көлемі қазіргі ноутбуктерден кішірек, салмағы 2 келіден аспайтын, желімен байланыстырылған, бағасы 500 доллардан арзан. 1972 жылы (iPad-тың шығуынан 40 жыл бұрын) Алан «Біздің техно­логиялар барлық балалар мен ата-аналарға Dynabook-ті қалаған жерінде қолдануға мүмкіндік береді» деген екен. Білім беру технологияларының тарихы да, компьютерлік технологиялар тарихы секілді тамырын тереңге жайған. Бұл екі саланың бір-бірімен тығыз байланысты болуы – технологияға құрылуында. Екеуі де білім беру мекемелерінде жасалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тәуелді».
Саяси-экономикалық, мәдени тұрғыдан алып қарағанда технологиялық индустрия мен білім беру секторының айырмашылығы – жер мен көктей. Мысалы, технологиялық компаниялар жаңа, түрлі өзгерістерге дайын деп қабылданатын болса, білім беру орындары қағазбастылыққа белшесінен батқан, тұралап қалған, қатқан жүйесінен танбай­тындай көрінеді. Заман алға жылжыған сайын бұрын-соңды миға қонымсыз көп дүниені еріксіз қабыл­даймыз. Мәселен, XIX ғасырда бәрі көк сиямен жазғанға мәз болса, бір ғасыр өткен соң калькуля­тор пайда болды. Қазіргі уақытта смартфон­дардың өмірімізге еніп кеткеніне таңғалмаймыз.

Батыстың салмағы басым

Әлемдегі жағдай түрліше. Бірі көш ілгері жылжып кетсе, енді бірі жаңа бүршік атып жатыр. Былтыр білім беру саласына бөлінген қаражаттың басым бөлігі америкалық стартаптарға берілген. Олар жеке білім беру несиелері, онлайн-білім беру, емтиханға дайын­дық, сыни ойлау курстары, түрлі біліктер үйретуге бағытталған. 2011-2016 жылдар аралығында АҚШ-та жал­пы әлемдік көрсеткіштің 67 пайызын құрайтын 1300 келісім жасалған екен. Яғни, инвес­тор мен стартаптар арасындағы бірлескен жұмыстар жүр­гізілген. Бүгінде Udemy, Udacity және PluralSight сынды онлайн-білім беру платфор­маларының бағасы 1 миллиард долларға бағаланады. Бұл салада салмағы басым елдердің ішінде Ұлыбритания да бар. Ed-Tech UK мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда елде 1200-ге жуық компания белгілі. Еуропадағы барлық инвес­тициялардың 34 пайызы Ұлыбрия­танияға тиесілі. Жыл сайын Ed-Tech-ке 300 миллион фунт стерлинг жұмсалады. Мәселен, ең белгілі білім беру қосым­шаларының бірі – Kahoot. Бір айдағы қол­дану­шылар саны 50 миллион деседі. Осының ар­қасында компания 20 миллион фунт стерлинг табыс тап­қан.

Азиядағы ахуал

Жоғарыда атап өткен мықтылардың өкшесін Қытай және Үндістан басып келеді. Қарқыны қатты. Goldman Sachs деректері бойынша, 2016 жылы қытайлық Ed-Tech компанияларға 1,2 миллиард доллар құйылған. Индустрияның өсу қарқыны жыл сайын 20 пайыз болады деген болжам бар. Үндістандағы нарықты KPMG сарапшылары 1,96 миллиард долларға бағалап отыр. 2020 жылға қарай әлем бойынша Азияның үлесі 54 пайыз болуы мүмкін дейді. Бұл болжамға негіз болатын факторларды атап өтейік:
• Азияда 600 миллион оқушы бар;
• Халық жақсы білім алуға құштар, ата-аналар балаларының білім алуына бар жағдай жасауға әзір. Айталық, Сингапурде ата-аналар бір бала үшін жылына 70 мың доллар шығындайды. Бұл дегеніңіз – орташа жалпы көрсеткіштен екі есе көп;
• Қытай тұрғындарының 53 пайы­зына интернет қолжетімді;
• Alibaba, Baidu, Tencent сияқты қытайлық алпауыттар салаға қаражатты аямай құйып жатыр. Мысал үшін, Yuanfudao компаниясы Tencent-тен 1 миллиард доллар көлемінде қаржы алған;
• Шетелдіктер де нарыққа еніп жатыр. Айталық, Үндістандағы Byju’s онлайн-білім беру стартабын Марк Цукер­бергтің инвестициялық қоры қаржылан­дырған;
• Қытай билігі 2015 жылы 1,07 миллиард доллар салса, 2020 жылға қарай 30 миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр;
• Үндістан диджитал қоғам қалып­тас­тыру үшін Digital India және Skill India сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр.

Өзге нарықтардағы өзгешеліктер

Алдыңғы қатарлы көшбасшылардан бөлек, әупірімдеп қадам басып келе жатқандары да бар. Мәселен, Африкадағы онлайн білім беру нарығы 2013 жылы 355 миллион доллар болған. Бұған себеп – халық­тың тек 29 пайызына интернет қол­жетімді. Сондай-ақ 128 миллион баланың 17 миллионы мүлдем мектепке бармайды. Қалған 37 миллионы бала еңбегі мәселесіне байланысты бастауыш білімді де ала алмайды. Десе де, мобайл білім беруге күш салуға болады деседі. Өйткені телефон нарығы Африкада қарқынды өсіп келеді. Айталық, балаларды SMS арқылы оқытатын Rethink Education деген мобайл білім беру платформасы жұмыс істейді. Посткеңестік елдер ішінде басты драйвер – Ресей. Білім беру нарығы 2016 жылы 29 миллиард доллар болса, оның 1,1 пайызы немесе 334 миллион доллары – онлайн оқыту. 2021 жылға қарай 2,6 пайызға көбейеді деп жоспарланып отыр.

Қазақстанның халі қалай?

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру процесіне енгізу мақсатында мемлекеттік бағдар­ламалар қолға алынып жатыр. Барлығы ғылым мен білімнің дамуына бағытталған. 2019 жылға қарай аталған технологияларды білім беру үдерісіне 90 пайыз араластыру – мақсат. «Цифрлы Қазақстан» осыны көздейді. Десе де, осы ретте бірқатар мәселенің басы қыл­тияды. Соның ішінде инфрақұрылымның тиісті дәрежеде болмауы, кадрдың жетіс­пеуі, оқу бағдарламасының ескіруі, түлек­тердің білігі еңбек нарығы талабына сәйкес келмеуі және тағысын тағы. Осыларды шешу үшін Ed-Tech – индустрияны дамыту керегі шүбәсіз.
Инвестиция көлеміне қатысты нақты цифр­лар айту да қиын. Көлемі бойынша жекелеген кейсті көз алдыңызға келтіріп көрелік. Халықаралық қаржыландыруға қол жет­кізген жобалардың ішінде Robo Wunderkind бар. Бастапқыда 10 мың доллар көле­мінде «көмек» алған. Осылайша, 2015 жылы команда Kickstarter-ға шығып, 246,6 мың доллар инвестиция алған.

Жанат РАХМАНИ,
Ustudy білім беру жобасының негізін қалаушы, директоры:

Мемлекет пен жеке компаниялар бірігуі керек

– Қазақстандағы білім беру техно­логияларының дамуына «жақсы» деген баға беруге болады. Өйткені даму бай­қалады. Бізде енгізіліп жатқан техноло­гия­ларды алып қарайтын болсақ, оларды көрші елдер де қолданады. Мәселен, контент жағын қарастырайық. Елімізде Bilim Media Group деген компания бар. Олар жақсы интерактив сабақтар жүргізеді. Керемет білім беретін, цифрлы ресурстар ашып отыр. Бір қызығы, көршілес мемле­кеттерде ол ресурстар жоқ. Сондықтан сатып алып жатыр. Осы тұр­ғыдан алғанда, көңіл толтырарлық нәтиже бар деуге болады. Бұл айтқаным – контент жағынан. Бұдан бөлек автоматтандырылған жүйе­лердің арқасында қадам басып жатқан­дары бар. Мұндайда мемлекеттің қолдауы өте қажет. Неге? Өйткені барлық инфра­құрылым мен білім беру – мемлекеттің еншісінде. Сәйкесінше, бірлесіп қана дами алады. Мектепке, балабақшаға қабылдау барысы бүгінде жеңілдеді. Өйткені цифрландырылды. Бұл процесті іске асыруға жеке компаниялар білек сыбана кіріседі. Яғни, бірге жұмыс істеу керек дегенім – осы. Мемлекет демеп жіберсе, компаниялар «қағып» алады. Есікті ашып берсін, сонымен болды. Жекеменшік компаниялар жақсырақ нәтиже көрсете алады. Елбасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жасауды ұсынды. Осыны дұрыстап қолға алу керек. Сонымен бірге, білім саласындағы стартаптар туралы да айта кетейін. Шағын және орта бизнес ретінде стартаптар жақсы дамып жатыр. Курстардың неше түрі бар. Бірақ олардың көбі мектептен тыс жерде. Осы орайда олар көп қиындыққа тап болып жатады.
Себебі, балалардың барлығы – мектепте, мектептер – мемлекет меншігінде. Енді осыны мектептің ішінде өтетіндей қылып жағдай жасаса, тіпті керемет болар еді.

Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ,
Central Asian Garden Schools негізін қалаушы және бас директоры:

Мәселелер шешілмей,
бәрі бекер

– Бізде білім жүйесіне бірқатар өзгеріс қажет. Қазақстанда 3 миллион оқушы, 7 мың мектеп, 300 мың мұғалім бар. Осының бәрін қаржыландырудың нақты жүйесі, саясаты бар. Десек те, нәтижесі көңіл қуантпайды. Елімізде аймақтар бойынша қарайтын бол­сақ, оңтүстік жақта мәселе көбірек. Себебі, ол жақтағы туу көрсеткіші сынды факторлар проблеманың туындауына әсер етеді. Тиісінше, мектеп құрылысы, жалақы көлемі, жемқорлық және тағы басқа проблемалар орын алады. Сондықтан жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Енді нақты не істеу керегіне тоқталайық. Осы сауалдың жауабын алу мақсатында Финляндияға сапар шегіп келдік. Ең біріншіден, білім беру жүйесінің қаржыландырылуы тиісті дәрежеде болуы керек. Яғни, жан басына шаққанда оқушыны қаржыландыру жүйесі бізде дұрыс емес. Мысалы, бір балаға Шымкентте жылына 150-160 мың теңге ғана. Бұл – өте төмен. Салыстыру үшін Назарбаев зияткерлік мектебін алып қа­расақ, ол жерде бала басына қаржыландыру 10 есе көп, шамамен 1,7-2 миллион теңгеге жуық. Енді дәл 10 есеге көтермесе де, кемі 2-3 есеге арттыру қажет. Мұны тек Білім және ғылым министр­лігі ғана емес, депу­таттар, үкіметтегілер бірлесе отырып, эко­но­мика қаржысының бір бөлігін көбейтіп, енді бір бөлігін азайтып, білім саласына жіберуі керек. Әкімдіктер де бюджетінің белгілі бір бөлігін білім саласына бағыттаса дұрыс болады. Сол кезде ғана басқа мәселелердің шешімі шыға бастайды.
Екінші мәселе – инфрақұрылым. Орын жетпей жатады. Бір сыныпта 30-40 бала оқи­ды. Ол дұрыс емес. Бұдан кейінгі проблема – мұ­ғалімдер сапасы. Мойындау керек, бүгінде ұстаздардың беделі төмендеп кеткен. Финляндияға барғанымызда мұғалім абы­ройын арттырудың бірнеше факторын анықтап келдік. Оның ішінде, жалақы, жұмыс жағдайына баса мән беру керек. Ол жақта, мәселен, ұстаздар сенбі-жексенбіні қос­пағанда жылына 100 күн демалады. Бір жылда 365 күн болса, соның жартысына жуығын демалыспен өткізеді екен. Сонымен қатар жалақы мөлшері жоғары. Финляндияда мектептердің 99 пайызы – мемлекеттік. Ұстаздар екі мезгіл тамақпен қамтылады. Кітаптар беріледі. Қажет деген құралдары да мемлекет есе­бінен. Осыдан кейін жұмыс қалайша жақ­сар­майды? Беделі өседі, әлбетте. Бір айта кетерлігі, мұғалім мамандығына іріктеуден өту – қиынның қиыны. Бір орынға 15-20 адам таласуы мүмкін. Осы айтылғандар бізде де қолға алынуы керек. Мұғалімдер өздеріне қатысы жоқ шара­ларға жүктел­месін. Одан босату үшін мек­тептер уақытша әкімдіктің қарамағынан шыға­рылуы тиіс. Яғни, мемлекеттік мек­тептердің құрылтай­шысы – білім бас­қар­масы, оның құрыл­тайшысы – әкімдік. Сол себепті, әкім­діктің билігі жүреді. Олар қызметтерін асыра пай­да­ланып, әртүрлі массовкаларға тар­та­ды. Өзбекстан жақында мынадай ре­форма жасады. Мектептердің басым көп­ші­лігін тікелей министрлікке бағынатын қылды. Осы ретте жергілікті және мем­ле­кеттік басқару заңына өзгерістер енгізу қажет.
Мектептерді бір жолға қойған соң, педо­гогикалық оқу орындарының сапасын арт­тыру керек. Тағы жоғарыдағы мәселе – жа­лақы. Жақсы маман шықсын десек, жақсы төлемесе болмайды. Оқу бағдар­ламасы, инфрақұрылым күшейтілуі тиіс. Осындай өзгеріс енген соң, төрт жылдан кейін сапалы білімді талап ете аламыз. Олар өз кезегінде жақсы мектепке, жақсы жала­қыға, бюрокра­тиясы аз жерге орналаса бас­тай­ды. Түптің түбінде мұның пайдасын оқу­шы көреді. Білікті түлек әлемнің мықты оқу орында­рында оқып, нарыққа сай, сұра­нысы жоғары маман болып шыға келе­ді. Мұның бәрі елдің көркеюіне әсер етеді.
Жалпы, educational technology деген сөзді екіге бөлеміз. Біріншісі – білімнің өзі, екіншісі – білімнің берілуіне жақсы жағдай жасау. Түрлі технологияларды он жерден қоссақ та, білім беру әдістемелері жөнге қойыл­май, айтарлықтай әсер көре алмаймыз. Күзде Astana Garden School деген мекте­бі­міз­дің тұсауы кесіледі. Осы айтылған мәсе­лелерді қамтып, оқу процесіне халықаралық тәжірибені қосып отырмыз.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*