Тауды қалай трендке айналдырамыз?

510
0
Бөлісу:

Шыңына көз, көркіне сөз жетпейтін, басынан қар кетпейтін Алатаудың баурайына әсем қала Алматы «қонжиып» жайғасып алған. «Орналасқан жері керемет. Табыс табуға қолайлы мекен» дейді туризм саласының мамандары. Бұл қалада, әсіресе тау туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Өйткені жабайы табиғат, асқар тау, бәрі – эко-туримзге сұранып-ақ тұр. Қалаға жақын болғандықтан, таңертең тауға шығып, кешке қаланы аралап қыдыруға болады. Турист үшін бұдан артық не керек? Мемлекет басшысы Қазақстанда туризмді қолға алуға тапсырма берді. Он нысан ерекше атап өтілді. Соның бірі – Шымбұлақ. Дәл осы жерде ІІІ Almaty Mount Forum халықаралық тау форумы өтті. Тау туризмі мен бұқаралық спортты дамыту бағыттары сөз болды.

Әсел ЖҮНІСОВА,
Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

Алматының табиғаты
шет елдіктерді қызықтырады

– Елбасымыздың қолдауының арқасында Алматы ірі мегаполис ретінде қалыптасты. Жыл өткен сайын мұндағы тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Экономиканың басты драйверлерінің бірі де – Алматы. Алға қойған мақсат көп. Соның бірі – туризмді дамыту. Соңғы үш жылда туристер саны 14 пайызға артқан. Былтыр EXPO – 2017 көрмесі мен Универ­сиаданың арқасында келушілер саны 20 пайызға көбейген. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында Алматы әуежайы арқылы 232 мың шетелдік турист келген. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп көрсеткіш.
«Туристерге не қызық, олар не тамашалауға келеді?» деген сауалдарға жауап іздей келе, зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, Еуропа мен Азиядан келетін қонақтарымыз (шамамен, 60 пайызы) Алматы табиғатына тамсанады екен. Атап айтқанда, адам қолы тимеген жабайы табиғат қызықтырады. Эко-туризмге қызығушылық жоғары. Қазақстандық туристердің 55 пайызы белсенді демалысты құп көргендіктен, Алматыны таңдайды екен. Бұдан шығатын қорытынды – бізде туризмді қолға алу керек. Тағы бір байқағанымыз, әлемдік TripAdvisor платформасында Алматы жайлы мәлімет қараушылар көбейген. Соңғы екі жылда микросайтымызды қолданушылардың саны 140 есе артқан.
Алматыға ат басын бұратындардың басым көпшілігі Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германиядан келеді. «Туризмді дамытудың 100 қадамы» қалалық жоспарында эко-туризмге ерекше мән беріп отырмыз. Қарап отырсақ, қаламыздың орналасқан жері керемет. Жарты сағаттық жерде тау бар. Бұл – туризмді дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда Алматы облысына қарасты Іле Алатауы паркі мен Kazakh Tourism компаниясымен бірлесе отырып, тау туризмін жолға қоюға қатысты жоспар әзірледік. Соның аясында бірқатар істер атқарылады.

 

Ержан ЕРКІНБАЕВ,
«Шымбұлақ» тау курортының бас директоры:

«Шымбұлаққа» бәсекелес керек

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы тауларын дамыту мәселелері қозғалған отырысқа қатысқанбыз. Барлығы демесек те, көпшілігі дамытуды неден бастау керегін түсіне алмады. Толық ақпарат болмағандықтан, сондай мәселе туындаған секілді. Бүгінде жағдай өзгерді. Қалалық муниципалитет жыл сайын туризм мәселелерін талқылайтын жиын өткізуге мүмкіндік беріп отыр. «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты 65 жыл бұрын тау-шаңғы базасы ретінде негізі қаланған. Ол жерде спортшылар жаттығып, дайындалатын. Орналасқан жері де ыңғайлы. Десе де, туристік база ретінде 90 жылдардан бері қалыптасқан секілді. Осы кезден бастап халық бірте-бірте демалыс үшін келе бастады. Содан бері келушілер саны жыл санап артып келеді.
Осы жылы 600 мыңға жуық адам Шымбұлаққа шыққан. Бұрын қыс бойы адам үзілмей, жаз келісімен босап қалатын. Қазір екі мезгілде де келетіндер теңесті. Бір қарасаңыз, бұдан артық не керек? Келушілер бар, жылда саны артып жатыр. Бәсекелестік жоқ. «Шымбұлақ» әкімшілігі осылай еркелей берсек те болар еді. Келесі жылы көрсеткіш кем дегенде 20 пайызға артады. Шыны керек, Шымбұлақты ары қарай соза алмаймыз. 100 шақырымдық трасса салуға келмейді. Бізде бары сол – 20 шақырым, бір шатқал. Демалыс күндері тұншығатыны содан. Соның салдарынан кептеліс пайда болады, қызмет көрсету сапасы төмендейді. Біз шынымен, үлгере алмай қиналамыз. Басшы ретінде бұлай айтқаным біреуге біртүрлі көрінер. Жақсы табыс түсіп жатқан соң бұл жерге өзгелердің қосылғанын қаламай, қызғануымыз керек еді. Бірақ көлемдірек ойлап қарасақ, бізге бәсеке қажет. Сонда ел ретінде шет елдіктерді қызықтыра аламыз.

Шымбұлақта демалыс күндері 10-15 мың адам демалса, жұмыс күндері бос тұрады. Өйткені адамдардың жұмыстары бар, бұл – қала курорты. Таңдау да, трасса да көбеюі керек. Демалыс та қолжетімді бола түсуі тиіс. Бізге керегі – қаладағы туризмнің дамуы. Мұндай белсенді демалысқа әркімнің-ақ таласы бар. Мысалы, «Көкжайлауға» денсаулығы жеткендер ғана шығады. Қарттар, балалар не арба сүйреген аналар қайтеді? Физикалық тұрғыдан әлі жетпегесін тауға шықпайды. Міне, осы мәселені қолға алу қажет. Бәрін оңтайландырса құба-құп.


Операциялық қызметте не нәрсеге мән беру керек?
• Қонақтар – тұтынушы емес. Оларға өнім сатып жатырмын деп ойламаңыз. Туризмде жан жүрегіңмен беріліп жұмыс істеу керек;
• Күткенінен де керемет әсер сыйлаңыз. Келген қонақ демалған орнын ұмытпауы үшін ерекшелену керек;
• «Қонақ өзі барып аралайды. Өзі біліп алады» деуге болмайды. Еліңізді танытуға көмектесіңіз;
• Уақыт пен тренд талабына қарай қимылдау керек. Үнемі даму қажет;
• Жаңашыл, бастамашыл жандарды жаныңызға жиып алыңыз. Операциялық қызмет дегеніңіз – жақсы команда.


Йохан Нильсон,
танымал саяхатшы, Халықаралық табиғатты қорғау одағының елшісі (Швеция):

Эверест қоқыстарынан көрме жасадық

– Тау туризмі саласында жұмыс істеп келе жатқаны­ма – 25 жыл. Қалай бастағанымды қысқаша айтып өтейін. Бір күні үйде отырып, мынадай ой келді: велосипедпен Сахараны аралап шықсам қалай болады? Басыма идея келген бетте жүзеге асыруға кірістім. Содан бері қызығы таусылған емес. Жалпы саны 169 мемлекетте 52 экс­педиция жасаппын. Барлығындағы басты мақсатым – қоршаған ортаны қорғау, зиян келтірмеу. Байқағаным, біз тазалық сақтамаймыз. Небір құздың шыңына шығып көрдім. Көргенім – қоқыс. Осы ретте Алматы жайлы ойымды да айта кетейін. Қалаға келгелі аса лас жер көрмедім. Жүрген жерімді қоқыстан тазартып жүретін әдетім бар. Мысалы, Жана Гвинеяда болғанымда пластик бөтелкелер үйіліп қалыпты. Шыдамай, тазалап шықтым. Бәріңізге белгілі, пластик жүздеген жыл бойы ерімей, жата береді. Көрдіңіз бе, қаншама залал келтіріп отырмыз? Табиғаттың сұлулығын жаман нәрсемен қалайша ластауға болады? Осыны түсіне алмаймын. Эверестке бір шыққан соң, бұл жерге тағы да келуім керек деп ұйғардым. Сол жоспарымды жүзеге асырдым. Қайтар жолда шашылған қоқыстарды ерінбей теріп келдім. Бірақ бір адамның тазалауы жеткіліксіз. Оған арнайы жоба әзірленуі керек. Эвересттен үш жылда 15 мың тонна қоқыс жинадық. Сұлулығына көз тоймағанымен, ластығынан көз сүрінеді. Ойлана келе, табиғатты аялауға шақыру үшін танымал адамдарды тартуымыз керек деп шештік. Сонымен бірге, қоқыстардан көрме жасадық. Мұны жұрт көрсін, ойлансын деген месседж жатты.
Екі жыл бұрын Непалдағы құзға шықтық. Бір айда 240 жер сілкінісі болыпты. Қанша қауіпті болса да, тәуекел еттік. Өйткені миссиямыз бар еді. Мақсатымыз – сол жерде тазалау. Жер сілкінісі салдарынан 100 мың үй қираған екен. Қалдықтарды жинап, халыққа көмектескіміз келді. Асылы, табиғатқа қарсы шығуға, ренжітуге болмайды. Туризмді дамытуды мақсат етсеңіз, барлығын қамтуға тырысу керек. Әсіресе, жұлдыздармен көбірек жұмыс істеген абзал. Сонда танымалдылығы арта түседі. Әлбетте, тазалықты ұмытпай, табиғатты аялауға шақыратын үндеу болуы тиіс. Сонда барлығы үндесіп, біте қайнасады.


Непалда мынадай қызық ереже бар. Әлемнің ең биік шыңы Эверестке шығатын әр адам 600 евро көлемінде депозит төлейді. Төменге түскенде үш үлкен қап қоқыс әкелген адамға ғана ақшасы қайтарылады. Бұл да бір ерекше әдіс екен. 


Лукас МАРШАНД,
Les Portes du Mont Blanc тау-шаңғы шипажайының бас директоры (Франция):

Клиентке қарай бейімделген абзал

– Қазақстанда бір жыл жұмыс істедім. Сондықтан мұндағы туризммен тікелей таныспын десем, артық болмас. Бұл аймақты дамыту керек, бәсеке қажет. Туризм әлем бойынша ірі кәсіп көзі саналады. Соның ішінде соңғы онжылдықты ерекше атап өтуге болады. Әр мемлекет өзінше жобалар ойластырып, іске асырып жатыр. Бірақ мынаны ескеру керек: саяхатшылардың дені осыған дейін біраз жерлерді көріп тастаған болуы мүмкін. Сондықтан жаңа жерге барғанда міндетті түрде алдыңғыларымен салыстырып, артықшылықтары мен кемшіліктерін бағамдайды. Сондай-ақ қазіргі заманның ағымы сондай – дереу әлеуметтік желіде пікірін жариялайды. Бұл – бірінші мәселе.
Енді екінші не нәрсеге мән беру керек? Басқаларға ұқсас, бірдей болған қызық емес. Сіздерге ең алдымен, тарих қажет. Туристерге не айтқыңыз келеді? Олар сіздің еліңіз туралы не білуі тиіс? Осы сауалдарға жауап алу қажет. Саяхаты барынша қызықты өтуі үшін әр келушіге жеке қызмет көрсетіліп, мән берілгені жөн. Осыларға ден қойылса, өз позицияңызды көрсетуге мүмкіндік аласыз. Дәл осы тұрғыда Францияны үлгі ретінде алуға болады. Курортты алар болсақ, онда бассейн болуы міндетті. Яғни, барлық ұсақ-түйекке назар аудару керек. «Біздің курортты таңдаңыз» дейтін болсаңыз, «Неге?» деген сұраққа дәл жауап бере біліңіз. «Өйткені өзгелерде мынау жоқ, анау жоқ» деп қасқайып тұра білген дұрыс.
Орташа, ел қатарлы болуды көздемеңіз. Тек қана жоғары деңгейді көздеңіз. Аз ғана қаражатпен көп істі тындыруға болады. Сол сияқты, көп шығындалып, бірақ ортаңқол дүниеге қол жеткізген мысалдар жетерлік. Шетелдік операторлармен бірлесіп жұмыс істеген жөн. Осыған дейін жобаларды атқарған тәжірибелерді қоса отырып, айрықша дүние жасауға болады. Демалуға келген адам көңіл-күйінің көтеріңкі болғанын қалайды. Ұрсысып, тайталасқысы келмейді. Жақсы әсер қалдыру маңызды. Клиентке деген көзқарас мәселесіне мән беру қажет. Барыңызды салып жұмыс істесеңіз, нәтижесіне көңіліңіз толары анық. Келуші адам кетерінде демалысының ойдағыдан да керемет өткенін айтып кетуі керек.
Жоғарыда айтқанымдай, тарихтан сыр шертілуі міндетті. Өзіңіз ойлап қараңызшы, басқа елге бардыңыз делік. Табиғат пен ғимараттан бөлек ойыңызда не сақталады? Тарихи деректерді адам жақсы қабылдайды. Кейін айтып жүреді. Бұл ескерілмей қалмауы тиіс. Клиент қалағанын өзі көріп алсын деген ұстаным – қате. Олай етуге болмайды. Алдын орап кетіп, айтып үлгеріңіз. Әлбетте, оңай іс емес. Бірақ тырысып көрсе, қолдан келеді. Бір қызық айтып берейін: Альпі тауларының баурайында дүниеге келдім. Тауларды өте жақсы білемін десем, артық емес. Бірде әйелім екеуміз Монблан облысына бардық. Жан-жағын тау қоршап жатыр. Көрінісі өте керемет. Әйеліме қарап: «Қарашы, табиғаты неткен тамаша! Таулары қандай әсем», – дедім. Ол дереу «Қане, тау қай жерде?» деп айналаға сол кезде барып көз салды. Жұбайымның ұлты – түрік, Ливан елінен. Нағыз қаланың қызы. Сондықтан болар, табиғатқа аса жақын емес. Тауды байқамағаны тау баласының миына сыймайды емес пе? Сол кезде оған асықпай түсіндіріп, көрсеттім. Табиғатпен танысты. Көрдіңіз бе, міндетті түрде біреу бағыттауы керек. Елдегі туризмді дамытқыңыз келсе, осыны ескеріңіз. Жан-жағындағы сұлулықты сезінуге, көруге мүмкіндік беріңіз. Махаббатын оятыңыз.
Заман өзгерген сайын адамның талғамы биіктей түседі. Мәселен, он бес жыл бұрын мейрамханада отырғаныңызда даяшы келіп айғайласа, қалыпты жағдай деп қабылдайтын едіңіз. Қазір өзіңізге дұрыс қызмет көрсетуді қалайсыз, талап етесіз. Клиент тартқысы келген кез келген компания бірінші ретте қызмет көрсету сапасын көтерсін. Біз соларға қарай бейімделіп, икемделеміз. Ол үшін жақсы команда керек. Оны реттеу де оңай емес. Кадр жасақтаудың да ерекшеліктері бар. Қызметкерлер қандай болса, табысыңыз да сондай болады. Жұмылған жұдырықтай іс қылсаңыз, жемісін көретініңіз анық.
Алматыға қатысты ойларымды да айта кетейін. Біріншіден, бұл жер – орталық. Әрі қазақ халқына тән ерекшелік – қонақжайлық. Бұл – өте жақсы қасиет. Қызмет көрсету саласына нағыз керегі – осы. Біз, еуропалықтар, бір-бірімізге жылу бере алмаймыз, суықпыз. Бірде ресейлік азаматтың маған: «Сендер ауызбен күлесіңдер. Біз жүрекпен күлеміз», – дегені бар. Жүрегі жұмсақ халықтардың қатарына қазақтарды қосар едім. Алматының орналасқан жері өте ыңғайлы. Қапшағай, Көлсай, Шарын – бәрі қаланың маңында. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Ең біріншіден, көлік мәселесі жолға қойылуы керек. Бұдан бөлек, тағы бірнеше дүниелер реттеуді қажет етеді.

Михаэль МЮЛЛЕР,
Қазақстандағы Австрия елшілігінің сауда бөлімінің басшысы:

Туриске барлық ақпарат
қолжетімді болсын

– Австрия қысқы спорт жақсы дамыған ел ретінде белгілі. Сондықтан көп жағдайда осы елдің үлгісі ұсынылып жатады. Десе де, жазғы туризмнің де даму қарқыны мықты. Рафтинг, велоспорт, альпинизм сынды спорт түрлерімен кәсіби мамандар ғана емес, әуесқойлар да белсенді түрде шұғылданады. Жазғы демалысты қалай өткізсем деп жүргендер үшін таптырмас идея десек болады. Мәселен, Австрияға жылына 40 миллионнан астам турист барады. Оларға қаншалықты қызық дүниелер ұсынып жатқанымыз жөнінде жиі ойланамыз. Айталық, қонақүйге орналасқан турист қызығушылығы бойынша қайда бара алатыны жөнінде толық ақпарат алуы тиіс. Велоспортпен айналысатын адам болса, жақын жерде қайдан велосипедті жалға алуға болатынын, бағасын және өзге де ақпаратқа қол жеткізу оған қиындық тудырмауы керек.
Әйтсе де, Қазақстан үшін дәл осылай жасау керек деп нақты кеңес айта алмаймыз. Барлығын сараптауға кірісу керек. Кей мәселелер 5 жылда, енді бірі 15 жылда толықтай жүзеге асады. Бүгін анықтау керек дүние – адамдарды тауға қалай тартуға болатыны. Шетелдік туристерді алып қарайық. Еуропалықтар мен қытайлықтардың талғамы, іздегені басқа. Алматы тауларының қалаға жақын. Сонысымен көп жерде ұта алады. Тауға шығып демалып алған соң, кешке қарай қала ішінде серуендеп, көңіл көтеруге әбден болады. Енді осыны қалай ұтымды пайдалануға болатыны жайлы бас қатыруымыз керек.
Өткенде Тайландтағы үңгірде болған оқыс оқиғаны көпшілігіңіз білесіздер. Жас спортшылар қанша күн үңгірде қамалып қалды. Бүкіл әлем шулады. Қорқынышты жағдай десек те, атағы жер жарды. Мыңдаған турист дәл сол үңгірді көруге құштар екеніне сенімдімін. Егер мұндай нұсқа жарамаса, баспасөз құралдары мен фильмдермен айналысу керек. Оның ішінде эмоцияның болуы маңызды.
Жақында Көкжайлауға бардым. Табиғаты өте сұлу. Халық жаппай бара алатын жер қылу керек пе, жоқ па оны мен шешпеймін. Бірақ Австрияда ондай жерлер баяғыда трендке айналған. Егер жақын маңда жақсы инфрақұрылым болса, неғұрлым көп адам тартатын, сұраныс тудыратын жер қылуға тырысады. Ондай жерлердің көбі түбегейлі зерттеліп қойған. Тіпті сізге түрлі таңдау ұсынады. Сізге қызық жағдайларға тап болған ұнай ма, әлде үтір-нүктесіне дейін зерделенген жер керек пе? Тұтынушының ыңғайына жығылып, оған не керегін сезіп отыратын түйсік қажет. Сонда қызығушылық одан сайын арта түседі.


ТІЗГІН ТАРТАР

Тауға барсаң, тынысың ашылады. Биікті бағындырсаң, өзіңе көңілің толады. Қаланың күйбең тіршілігін бір сәтке ұмытасың. Мөп-мөлдір суды аузыңа, таза ауаны өкпеңе толтыра жұтасың. Баурайынан емдік шөп теріп, гүлдерге қарық боласың. Тау туризмі дамыса, бұл айтқанның бәрі күнделікті әдетке де айнала жатар. Өйткені Алматы өңірінің таулы кластерін жыл-он екі ай қыж-қыж қайнату жоспарда бар. Алғашқы қадамдар жасалғалы қашан?!
Енді, аяғын нық басып, жүгіре жөнелетін кезді күтудеміз.
Сол күнге жеткізсін!


Жадыра АҚҚАЙЫР 

Бөлісу:

Пікір жазу


*