Аз сөзбен көп ойды білдіретін жазушы

4820
5
Бөлісу:

Ұлттық кітапханада жазушы-аудармашы, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты шараға ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ғалым-ұстаз Шәмша Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханов, Сәбит Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Әділғазы Қайырбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Ашири, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Рафаэль Ниязбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Нұрғали Ораз, ғалым-профессор Дандай Ысқақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Самал Соқпақбаева және тағы басқа зиялы-қауым өкілдері мен әдебиеттанушылар қатысты. Жиынды ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп, автордың көздеген мақсаты мен кітаптың көтерген жүгі туралы жан-жақты әңгіме өрбітті.

Жиналғандар Мәлік Отарбаевтың шығармашылық қыры мен аудармашылық еңбегіне және драматургиялық ізденістеріне тоқталып, жаңа туындының оқырман қауымның көңілінен шығарына сенім білдірді.

 

 

 

Кітапқа жазушы, драматург, аудармашы Мәлік Отарбаевтың қазіргі қоғам, өтпелі уақыт, ұлттық руханият туралы эсселері мен шағын әңгімелері топтастырылған. Адамдар арасындағы қарым­қатынас, өмірлік құндылықтар, асыл сезім, көркем мінез қалыптастыру тұрғысындағы гуманистік көзқарастары оқырманға терең ой салады, рухани әлемін байытып, Ақиқатты тануға жетелейді.

Тұсаукесер барысында әдеби әңгіме әнмен өріліп,  Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі өнердің дүлділі Нұржан Жанпейісов көпшіліктің сұрауымен екі қайтара ән салды.

Бұған дейін Мәлік Отарбаевтың қазақ және түрік тілінде жазған әңгімелері мен эсселері әзербайжан, орыс, қырғыз тілінде жарық көрді. Сүйінбай, Ш.Мұртаза, Н.Оразалин, Р.Отарбаев, Т.Медетбек, Р.Ниязбек, Е.Жақыпбектің шығармаларын түрік тіліне аударған. Сондай-ақ Юнус Эмре, Решат Нұри Гүнтекин, Халдун Танер сынды түрік ақын-жазушыларын қазақ тілінде сөйлеткен. 25 қазақ қаламгерінің әңгімесі мен О.Сүлейменовтің түркі тілдеріндегі өлеңдер жинағын құрастырған.

 

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бейнежазбаны түсірген: автор

Фото: Айтжан САЛЫҚҰЛЫ

 

Бөлісу:

5 пікір жазылған

  1. Жұмабек 30 Шілде, 2018 at 15:47 Жауап

    Талантты жазушы, дарынды аудармашы. Осындай жастарды ылайым қолдап отыру керек. Қолдау білдірген зиялы қауымға раxмет!

Пікір жазу


*