Тьюторға неге тәуелдіміз?

1643
1
Бөлісу:

Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру ісіне ден қойыла бастады. Біздің мемлекет ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып білім алуы үшін ерекше жағдайды қажет ететін балаларға тең дәрежеде оқу оқытуды заңнамалық деңгейде бекіте алды. Ауылды, ауданды жерлерде болмаса, ірі қалаларда инклюзивті білім беру мәселесі біртіндеп жолға қойылуда. Біртіндеп болса да, бұл саланың бір жүйеге келтіріле бастағаны көңіл қуантады. Өйткені ерекше баланың арнайы мектептен гөрі, жалпы ортада білім алуы оның дамуына әлдеқайда тиімді ықпал етеді. 

Алматыдағы №75 мектепте үш түзету сыныбы жұмыс істейді. Мұнда 12 ерекше бала білім алады. Бұл білім ошағының мұндай жауапкершілікті өз мойнына жүктеуіне «Болашақ» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асатын «Равный равному» жобасы септескен. Осы мек­теп­те білім алатын ерекше бала­лар­дың дамуындағы прогресс жайында әлеу­меттік желілерден жақсы білеміз. Ерте жастан дамуында аутизм диагнозы анықталған Амина Ташиева осымен екінші жыл жалпы мектепте білім алса, Даун синдромы бар Асад Шакибаев та биыл №75 мектептің бірінші сыныбын бітірді. Әдетте, арнайы мектептерде бір сыныпта 10-15 ерекше бала оқыса, жалпы білім беру ошақтарында қалыпты балалардың қатарына тек 1-2 ерекше бала қосылады. Дамуында ерекшелігі бар бір-екі баланың жалпы ортада отырғаны мұғалімнің сабақ өтуіне қиындық туғызбайды әрі мектеп оқушыларының да назарын аса аудара қоймайды. Есесіне, ерекше баланың дамуына ықпалы орасан. Ол үшін мектептегі ұстаздар құрамы бірқатар әлеуметтік маманмен толығуы қажет. Мәселен, №75 мектептегі түзету сыныптарында балалармен дефектолог, психолог, логопед пен тьютор жұмыс істейді. Алғашқы үш маман­ның аты мен заты таныс. Бізге таңсығы – тьютор. Ол кім? Басқа маман­дар­дан айырмашылығы неде?
№75 мектепте төрт тьютор жұмыс істейді екен. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Қанат­қызы: «Қазіргі кезде пилоттық жоба ретінде 12 баланы оқытып жатыр­мыз. Анықтама құжаттарында тьютор қажет деп саналатын балаларға тәрбиеші қостық. Мұндай төрт бала бар, сәйкесін­ше төрт тьютор жұмыс істейді. Олардың ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне тигізетін септігі мол», – дейді. Тьютор ерекше баланың жалпы сыныпта білім алуға бейімделуіне көмектеседі. Мәселен, дамуында ерекшелігі бар оқушылар 45 минуттық сабақ барысын бірден қабыл­дай алмауы мүмкін. Тьютор осыны қадағалап оты­рады, қажет жағдайда сыртқа алып шығады.

ТӘЖІРИБЕЛІ ТЬЮТОРЛАР ҚАЖЕТ 

«Тьютор» сөзінің жалпы мағынасы тәлімгер дегенге саяды. Ағылшын тілінен алынған бұл термин бүгінде бірқатар салада қолданылады. Білім беру жүйесінде де кең танымал. Бірқатар Еуропа елдерінде тьютор мүмкіндігі шектеулі немесе дамуында ерекшелігі бар баланы әлеуметтік ортаға бейімдеумен айналысса, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония сынды дамыған мемлекеттердегі тьютор баланың тұлға болып қалыптасуына көмектеседі екен. Соңғы бес жылда біздің елде де тьюторлыққа ден қойыла бастады. Дамуында ерекшелігі бар балалардың құқығын қорғап, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеумен әлекке түсіп жүрген бірді-екілі қоғамдық қорлар өз бетімен бұл мамандықтың мәні мен маңызын түсінуге тырысып бақты.
2013 жылы «Ашық әлем» қоры «Қазақ­стан­да аутизмі бар балаларды жалпы білім беру ортасына бейімдеуді ұйымдастыру» жоба­сын құрып, әлі күнге дейін ерекше бала­ларға көмек көрсетуде. Осы қордың баста­масымен жалпы білім беру мекеме­ле­рін­де, яғни балабақша мен мектептерде ресурсты бөлме ашылып, сол жерден психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жұмыстары жүргізіле бастады. Мақсат – ерекше балалар­ды қоғамға шығару, әлеуметтендіру, қалыпты балалардың ортасына бейімдеу, сонымен қатар қоғамды да ерекше балалар­ды қабылдауға шақыру.
– «Мінез-құлықты қолданбалы талдау» (АВА) әдісі – аутизм ауытқуы бар балалар­мен жұмыс жасауда, оларды оқыту мен тәрбиелеуде ең тиімді тәсіл. Әр балаға жеке тьютор тағайындалады. Ерекше балалардың әрқайсысы бақылау тестінен өтіп, оларға жеке дамыту бағдарламасы жазылады. Бағдарламадағы әр тапсырманың орындалу қадамы кестеде белгіленіп отырды. Кесте­дегі сызба бойынша, бағдарламаның қан­ша­­лықты дұрыс немесе бұрыс құрыл­ғаны көрініп тұрады. Сонымен қатар жағымсыз мінез-құлқымен де белсенді жұмыс жасай­мыз. Бала көпшілік ортада, тітірген­ді­р­гіштерге сезімтал болуының салда­ры­нан, шошып, жылап, өзіне немесе жанын­дағ­ы­лар­ға агрессия көрсететіні мәлім. Сауатты құрылған бағдарлама осы мәселелердің шешімін табуға зор үлес қосады. Осылайша, АВА әдісін қолдана отырып, балалардың қарым-қатынасқа түсу дағдыларының, ортаға бейімделіп, сыртқы тітіркендіргіш­тер­ді қабылдау қабілеттерінің қалыптас­қа­нын байқадық. Балабақшаны аяқтаған балалар, 2016 жылы жалпы білім беру мек­теп­­терінің табалдырығын аттады. Әрине, мұғалімдер, ата-аналар мен бала­ларға оңайға түскен жоқ. Дегенмен балалар қоғамға сіңіп, мектеп өміріне бейімделді. Қалыпты балалар да аутизм белгілері бар балаларды қабылдап, жанашыр досқа айналды. Сондықтан аутизмі бар балаларға қоғам болып көмектессек, олардың бұл орта­ны қабылдап, оған бейімделуі бек мүмкін. Бастысы, ерекше балаларды кәсіби, сауатты, тәжірибелі тьюторлар жіті бақылауына алуы қажет. Ол үшін жалпы білім беретін мектептерде психологтардан бөлек, тьюторлардың штаты болуы аса маңызды, – дейді «Ашық әлем» қорының басшысы Әлия Архарова.


Каталина ДЕВАНДЕС, БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау жөніндегі өкілі:
– Білімге бәрі құштар. Оқытуға келмейтін бала болмайды. Кей (дамуында ерекшелігі бар, мүмкіндігі шектеулі) балаларды «оқи алмайдыға» санап, білім ошақтарынан тыс қалдырғанымыз дұрыс емес. Керісінше, бүгінгі мектептерді қоғамның әр мүшесін тегіс қамтитындай деңгейге жеткізіп, соған ықпал ететін, соны реттейтін құрылымдық өзгерістер енгізуіміз аса маңызды.


Әлияның ұлы Әлжан – 15 жаста. Ол бүгінде жалпы білім беретін физика-математика пәнін тереңдете оқытатын мектептің 8-сыныбында оқиды. Қоғамға әбден бейімделген. Анасының айтуынша, ешқандай кедергіге қарамастан, балаға медициналық-әлеуметтік, педагогикалық-психологиялық көмек көрсетсек, олар толықтай қоғамнан өз орнын табады.

ТЬЮТОР-АНАЛАР ТОБЫН ҚҰРДЫҚ 

2008 жылы Алматыда үш аутист баланың анасы бірігіп, қауымдастық құрады. Өз балаларын қарапайым адам қатарына қосуға бекінген үшеуі бірлестік аясында бірқатар зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді. Бес жылдан бері Аружан Саинның «Дом» қоғамдық қорының қарамағына кірген ассоциация «Тьютор-аналар» бағдарламасын да жасаған. Мұнда ерекше балалардың ата-аналары өз тәжірибесімен бөліседі. Бұдан бөлек, ерекше балаларға арнап түрлі сауықтыру-дамыту үйірмелерін ашқан. Жоба үйлестірушісі Сайяра Мехирова: «Бүгінде біздің орталыққа аутизмі бар немесе ДЦП диагнозы қойылған балалар­дың ата-аналары көмек сұрап келіп жатады. Біраз уақыттан бері бізде жұмыс істейтін тьютор – аналар өз тәжірибесімен бөлісіп, оларға психологиялық қолдау көрсетуге тырысамыз. Әрине, бұл орталықта кәсіби психологтар да бар. Бірақ ерекше баласы бар ата-ана ғана осындай жағдаймен бетпе-бет келген басқа адамның жан-жарасын анық түсінеді. Біз өз балаларымыз қоғамға бейімдеу жолында атқар­ған әрбір зерттеу жұмысы­мыз­ды қағаз бетіне түсіріп, медицина қызметкерлері, әртүрлі әлеу­мет­тік мамандармен бірле­сіп, талдап-сараптап отыр­дық. Сол жұмыстары­мыз кейінгі ата-аналарға көмек­те­суімізге көп септігін тигіз­ді», – дейді тьютор-ана.
Саяраның 12 жастағы ұлы Рифат­қа аутизм диагнозы қойыл­ған. Осы күнге дейін үй жағда­йында білім алған жас жеткін­шек биыл 5 сыныпты №48 жалпы білім беретін мектепте оқуға ниеттеніп отыр. Анасының айтуынша, Рифат мектеп­ке өзі барып-келетін деңгейге жеткен. Яғни, белгілі бір уақытқа дейін тьюторлар жан-жақты көмек көрсетіп жіберсе, қоғамға еті үйрен­ген­­нен кейін ерекше бала­лар өзі үшін жауапкер­ші­лік сезіне бастайды.


Дамуында ерекшелігі бар балалардың ата-анасы 1411 нөміріне хабарласып, тегін психологиялық көмек пен маман кеңесін алуға болады.


Осы орталықтағы 7 жасар Санжар да байсалды, сабырлы әрі ұқыпты. Тілі орысша шыққан қалалық жеткіншекті айналасындағы қалыпты балалардан ажырату тіпті қиын. Ойы зерек, өзі алғыр, айтқаны орынды. Санжар биыл 1-сыныпқа баруы керек еді. Қазір ол үй жағдайында жеке репетитормен дайындалады. Қалада­ғы мектептер оны қабылдауға, қарапайым балалармен бірге оқытуға даяр. Десе де, Санжардың ата-әжесі қалыпты ортаға өзін ғана жіберуге қорқақтап отырған жайы бар. «Кішкентай нәресте туғанда көбіне бөтен біреулерді жатырқайды, көп сөйлемейді, жылаңқы келеді. Оның үстіне ұл баланың тілі кештеу шығады емес пе? Сондықтан Санжардың бойындағы мұндай белгілері­нен аса қорыққан жоқпыз. Дәрігерлер де дамиды, әлі-ақ өседі деп сендірді. Бара-бара, басқа балаларға ұқсамайтынын байқай бастадық та, невропотологтың көмегіне жүгіндік. Олар баланың бойында аутизмнің неврологиялық белгілері барын айтты. Бәлкім, кішкентай күнінде бірнәр­се­ден шошып, секем алған болар деп түсін­дірді. Түрлі саладағы медицина қызмет­керлерінің көмегінен бөлек, оларды қорша­ған ортаға бейімдейтін орталықтар­дың да демеуі аса қажет болды бізге. Бар­лық медициналық және әлеуметтік көмек­тің арқасында бүгінгі нәтижеге қол жеткіз­дік. Баламыздың тілі анық, қатарлас­тары­­мен емін-еркін араласады, айтқанды түсіне­ді. Бірақ инклюзивті білім беретін мектепке беруге тәуекеліміз жетпей жүр. Қазір неше түрлі бала бар. Біреуі болмаса, екіншісі жекіп, итеріп қалса, қайтадан күйзеліске түсіп, бізден оқшауланып қала ма деген қорқыныш бар. Бұлардың бойын­да ерегесу, ренжіту, қарсы тұру деген қабілет жоқ. Сондықтан баламды мектепке ертіп апарып-әкелетін кәсіби тьюторлар болғаны дұрыс еді» дейді әжесі.

СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Жалпы, тьютор – педагогика саласы­ның бір сағасы. Білім беру жүйесіндегі мұға­лімнің міндеті – оқыту, үйрету болса, психологтың жұмысы – көмек көрсету. Ал тьюторға жүктелетін іс – баланы қолданыс­та­ғы білім жүйесіне, қоршаған ортаға бейім­деу. Шет мемлекеттерде тьютор бала­бақ­­шадан мектепке өткен, я болмаса жаңа мектеп ауыстырған дені сау, дамуы дұрыс балаларға жаңа ортасына бейімделуге көмектесіп жатады. Біздегі жүйеде мұндай жұмыстарды мектеп психологтары атқар­ды. Бірақ сарапшылар психолог жұмы­сы­ның тюторлықтан бөлек екенін айтуда. Сон­­дықтан жеке тьюторлар қажет. Бұл – бір.
Екіншіден, бүгінде тьюторларға деген сұраныс бар. jooble.org, headhunter.kz сайттарында дәл осы мамандарды іздейтін ата-аналардың қатары көбейген. Мұның себебін психолог мамандар «Кез келген ата-ана баласының толыққанды білім алғанын қалайды. Ерекше балалардың жалпы білім беретін ортада тез дамитынын білгеннен кейін, ата-аналар баласын орта мектептерде оқытуға ұмтылады. Әкесі де, шешесі де жұмыс істейтіндер балаларын ертіп жүретін тьюторды өз қаражатына жалдауға мәжбүр. Сол себепті, тьюторларға сұраныс бар» деп түсіндіреді. Олардың айлық жалақысы 100 мыңнан басталып, 300 мың теңгеге дейін барады. Арзан емес, әрине.

P.S. Дамыған шет мемлекеттерде, тіпті көршілес Ресейде ерекше балаларды қолдауға, қамқорлық көрсетуге, оларды қоғамға бейімдеуге көп жағдай жасалады. Олардың бұл әрекеті өз жемісін беруде. Өйткені ерекше балалардың түрлі салада жетістікке жетіп жүргеніне де куәміз. Ресей саясаткері, публицист Ирина Хакамаданың актриса, биші қызы Мария мен оның досы, спорт шебері, әлем чемпионы Владислав жайында біразыңыз білетін шығарсыз. Екеуі де Даун синдромы бар жастар. Бірақ қарапайым балалармен бірдей бәсекеге түсіп, жүлделі болған жайы бар.
Бұл – бір ғана мысал…

Aйдaнa НҰРМҰХAН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*