Чемпиондар лигасы: «Астана» Дания чемпионын айналып өтіп, келесі кезеңге шықты (видео)

863
0
Бөлісу:

Дания чемпионы «Мидтьюлланд» пен елордалық «Астана» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу раунды аясында қарымта матчта кездесті.

Хернингте өткен кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл жолы «Астана» қатарына жазғы трансферлік терезе кезінде ауысып келген үш бірдей жаңа ойыншы негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Олар – Сербия құрамасының қорғаушысы Антонио Рукавина, бразилиялық жартылай қорғаушы Педро Энрике және Конго ДР шабуылшысы Жуниор Кабананга. Рукавина Сербия құрамасымен бірге Ресейде өткен Әлем чемпионатына да қатысқан болатын.

Командалар алғашқы минуттан-ақ қызу тартысқа белсене кіріскен. Әсіресе, алаң иелері жылдам гол соғуға тырысып бақты. Бірақ «Астана» қорғанысы сыр берген жоқ. Қақпашы Эрич те алыс-жақыннан бағытталған соққыларды дәл аңдап, даниялық команданың шабуылшыларын аттап бастырмады. Григорчук шәкірттері де жиі шабуылдап, Хансеннің әбден мазасын қашырған. Сондай сәттердің бірінде 19 минутта Кабананга гол да соққан. Алайда испаниялық төреші Хуан Мартинес бұл таза голды есептемей тастады.

Астанада өткен алғашқы матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген еді. «Астана» сапынан венгриялық легионер Ласло Кляйнхайслер дубль жасап, командасына жеңіс сыйлаған. Енді «Астана» келесі кезеңде хорватиялық «Динамо» командасымен кездеседі. Загребтік команда израильдік «Хапоэльді» екі матчтың қорытындысы бойынша 7:2 есебімен жеңіп кеткен болатын.

Кездесу хаттамасы

«Астана»: Эрич, Постников, Аничич, Рукавина, Шомко, Мужиков, Маевский, Кляйнхайслер (Юрий Логвиненко, 90+2), Энрике (Роман Муртазаев, 78), Томасов, Кабананга (Алексей Щеткин, 62).

Ескерту: Марин Аничич, 65, Иван Маевский, 81, Серікжан Мужиков, 90, Евгений Постников, 90+6.

Бас бапкер: Р. Григорчук.

«Мидтьюлланд»: Й. Хансен, К. Хансен, Спарв (Авер Мабил, 59), Хенде, Поульсен,  Мунксгор, Санне, Святченко (Айо Окосун, 76), Онуачу, Огочукву, Викхейм.

Ескерту: Тим Спарв, 47, Авер Мабил, 80, Айо Окосун, 90+6.

Бас бапкер: Й. Торуп.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*