Ақ Жайық атырабының жылнамашысы

Сәрсенбінің сәтінде Орал қаласының іргесіндегі Подстепный ауылындағы саябақта Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл толуына орай қабырғалы қаламгердің мүсіні ашылды.
Жазушы Хамза Есенжанов қазіргі Теректі ауданының аумағындағы Шалқар көлінің жағасындағы шағын ауылда 1908 жылы 25 желтоқсанда жарық дүниеге көрінген. Ол кіндік қаны тамған ауылда 7 жылдық білім алған көрінеді. Кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтағы Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, Қазақ педагогикалық институтында орыс әдебиеті тарихынан дәріс берді. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланды.
1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Тар қапастан құтылып, бостандыққа шыққаннан кейін, дәлірек айтқанда 1956 жылдан бастап жазушылыққа біржола ден қойды. Қаламгердің «Ақ Жайық» трилогиясына қоса, «Көп жыл өткен соң», «Ағайынды Жүнісовтер» романдары мен «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар» сенімді көптеген әңгіме-очеркі – оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген туындылар. Әрине, жазушы Хамза Есенжановтың ең басты шығармасы – «Ақ Жайық» трилогиясы. Бұл сүйекті туындысына қаламгер Батыс Қазақстанның тұтас бір кезеңін арқау еткен.
Триология патшалық отарлық езгіден күйзелген қазақ халқының бостандығы мен бақыты үшін күрескен Хакім, Әлібек, Әділбек, Шолпан, Мүнариа, Нұрым сынды әдеби кейіпкерлер арқылы сол дәуірдегі қайраткер тұлғалардың жиынтық бейнелерін сомдайды. Сонымен қатар «Ақ Жайық» романында тарихта нақты болған Әбдірахман Әйтиев, Бақытжан Қаратаев, Петр Дмитриев, Иван Белан сияқты кейіпкерлердің өмір жолы, дүние дүрбелеңіне қатысты көзқарастары мен іс-әрекеттері нанымды суреттеледі. Үш томдықтың заңды жалғасы іспетті «Көп жыл өткен соң» және «Ағайынды Жүнісовтер» романдары Кеңес үкіметінің қалыптасу кезеңіндегі Жайық бойы қазағының «жаңа заманға» қатысты тұрмыс-тіршілігі, әділет үшін күресі, адам баласының тұлға ретінде қалыптасуының қыр-сыры шебер суреттелген. Ихсанның Хамзасы әдеби тәржіма саласында да өнімді еңбек етіп, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының бірінші және төртінші томын,
И.Тургеневтің «Рудин», И.Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А.Пушкиннің «Дубровский» повесін және тағы да басқа шығармаларды ана тілімізге аударды.
– Хамза Есенжанов – қазақтың ұлы жазушыларының бірі. Әрине, ол кеңестік дәуірде өмір сүріп, қаламгер болып қалыптасқандығына еш кінәлі емес. Бүгіндері бізде әдебиет пен өнер қалғып кетіп, қайта оянғандай кейіпте. Хамза ағамыздай ақберен жазушыға ескерткіш 100 жылдығында орнатылса да болатын еді. Сөйте тұра, «Ештен кеш жақсы» деген бар ғой, шүкір делік. Қалың бұқараның санасында ұлы тұлғалардың есімдері, жарқын бейнелері қайта жаңғыруда. Осының өзі – қоғамдық сананың рухани жаңғыруы, ел-жұрттың дүр сілкініп, қайта түлеуі. Хамза ағаны ол кісі көп жыл айдауда болып келгеннен кейін көрдім. Алматыда көрші тұрдық. Ағаның асыл жары София апайдың қайраткер қаламгерге өмір бойы сүйеніш болғанын көре қалдық.
Сор болды-ау отыз жеті мынау елге,
Далада ару қаңғып, жылады ер де.
Өзіңді пірдей тұтқан дәрігер қыз.
Қартайды, еріп жүріп лагерьде, – деп келетін бірнеше шумақ жыр жолдары осы қос аяулы жанның тағдырларына арналған. София апай Хамза аға сотталып, айдауда жүргенде қақаған Сібірде бірге болды. Апай Мағжан Жұмабаевпен аталас, текті жердің қызы еді. Халықтың мұңын жазған жазушы халыққа жау бола ма? Қазақ халқы басынан не кешті, неге олай болды деген сауал жастарды ойлантуы тиіс. Салтанатты шараға кішкентай балалар келіп тұр. «Аталарыңның ісі сіздерге аманат, айналайындар! Қазаққа қызмет еткен қаламгердің мүсініне дақ түсірмеңдер, осы жерді аялаңдар. Бұл жер саналылардың, ойлылардың, ел қамын көксейтіндердің келетін орны болғай» деді ескерткіштің ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Мүсіннің ашылу салтанатында сөз алған Теректі ауданының әкімі Кәрім Жақыпов, жазушы жайлы зерттеп, жинақ шығарған тарихшы ғалым Сайлау Сүлейменов қаламгер туралы ой тербеп, Жайық жұртын мүсіннің ашылуымен құттықтады. Мүсінді ашу құрметін Хамза Есенжановтың жиені Сәуия Виленқызы мен ақын Ақұштап Бақтыгереева атқарды.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы