Астана циркінің ерекше тартуы

160
0
Бөлісу:

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде «Азия жаңғырығы» XI халықаралық цирк өнері фестивалінің лауреаттары мен жүлдегерлері бірегей қойылымын тарту етті.

Қойылымды Астана циркі елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырды. Бағдарламаға Астана мен Алматы цирк артистерімен қатар Никарагуа, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан елінен келген өнерпаздар қатысып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қойылым режиссері Қорлан Жанмыр­заева қойылымның Алматы тұрғындарына жасалған ерекше сый екенін тілге тиек етіп, бағдарлама жаңадан бой көрсетіп келе жатқан артистердің қатысуымен ерекшеленетінін айтты. Бағдарламаның ерекше нөмірі деп Никарагуадан келген Филип ван Дайк­тың басшылығымен дайындалған «Магия және иллюзия» қойылымын айтуға болады. Отты шашу­мен би билеген артистер тордың ішіне кіріп, әп-сәтте ғайып болды. Бұл нөмір фестиваль барысында Саха Республика­сының Марфа және Сергей Расторгуевтар атындағы мемлекеттік циркі директо­ры­ның арнайы жүлдесін еншіледі. Өзбек­стан­­­нан келген Рустам Хаметовтың бас­шы­­­лығымен өнер көрсет­кен жұп әуеде қалқып, көпшілікті тамсан­дыр­ды. Өнерлі жұп «Ассоциация артистов цирка» қоғам­дық ұйымының құрылтай­шысы Лолита Липин­ска және Түркімен мемлекеттік цир­­кінің директоры Аннам­мухам­мет Ила­ма­нов­тың арнайы жүлдесі­нің иегері атанған.
«Фаербёрд продакшн» компания­сының президенті Петр Дубинскийдің (АҚШ) арнайы жүлдесінің иегерлері ресейлік «Аверюшкины» клоундық дуэті жиналған қауымды мәз қылып, әрбір нөмір сайын өнер көрсетіп отырды. Цирк өнерінің бір ерекшелігі, үнемі көрерменді таңғалдырып, жаңа дүниелер ұсынып отыруында. Цирк қателікті кешірмейді. Осыны біле тұра сақтан­ды­ру­сыз әуеде қалқыған белбеудегі әуе гимнас­тшысы, фестивальдің қола жүлдегері Анастасия Демидованың өнері көпті сүйсіндірді. Анастасия Монте-Карлодағы «Новое поколение» халық­ара­лық цирк фестивалі­не шақырту алды.
Беларусь Республикасынан келген фестивальдің күміс номинанты Алена Климович «Антипод» нөмірімен шықса, украиналық артист Владислав Морандель жонглерлік қойылымымен көптің ықыласына бөленді. Фестивальдің алтын жүлдегерлері Кирилл Столбовскихтың басшылығымен астаналық цирк артис­тері «Встречные качели» нөмірімен акробати­калық жанрдың кереметін көрсетті. Ержан Қоңырбаевтың басшы­лығымен өнер көрсеткен астана­лық цирк артистері Ёка Қоңырбаева мен Назерке Мерекеқызы «Эквилибр на Сигвее» нөмірімен рекорд орнатты. Артистердің айтуынша, бұл нөмірді үйренуде екі ортадағы балансты ұстай білу маңызды екен. Осылайша, олар қойылымға 2 жыл бойы дайындалған. Кейбір ауыр нөмірлерді көрсетуге манеж­дің тегіс болмауы кедергі келтіре­ті­нін де алға тартты. Заманауи қойылым кішкен­тай бүлдіршіндердің көңілінен шықты. Фестивальдің қола жүлдегері атанған олар Монте-Карло­дағы халық­аралық цирк фестивалінің вице-прези­денті Урс Пилстан және «Латина» халық­аралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтикодан арнайы шақырту алды.
Фестивальдің Гран-при иегерлері Астаналық цирк артистері Чингиз Урманбетовтың басшылығымен өнер көрсеткен «Барыс» атты-акробатикалық ансамблі ат құлағында ойнап, әрбір іс-қимылымен жиылған қауымды елең еткізіп отырды. Артистердің қойылым соңында көк тумен әуеде қалқығаны әсерлі болды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

Пікір жазу


*